«MECENAT.KZ» әдеби сыйлығының 2023 жылғы жеңімпазы анықталды
“Mecenat.kz” әдеби байқауының екінші маусымына қатысуға өткен жылдың қыркүйек айынан биылғы мамыр айына дейін 103 адам тіркеліп, 58 роман жүктелген болатын. Оның ішінде қазақ тілінде жазылған ҚХР елінен қатысқан бір роман бар.
Биыл байқағанымыздай, байқауға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған, техникалық талаптарға қатысты тәртіп бұзушылық айтарлықтай азайған. Кәсіби филолог – ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Бұл – алғашқы іріктеу. Екінші іріктеуге танымал жазушылар Әлішер Рахат пен Илья Одегов суперридер ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман, орыс тіліндегі 5 романды оқып, сараптап шықты. Нәтижесінде үш қазақ тілінде, үш орыс тілінде роман іріктеліп алынды. Ридерлер мен суперридерлердің іріктеу жұмысына ешкім араласқан жоқ, ұйымдастырушылар толықтай анонимділік сақтап, қағазға шығарылған туындыларды оқуға дайындап берді.
Сонымен мына шығармалар оқырманға дауыс беруге ұсынылды:
1) «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев
2) «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова
3) «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев
4) «И два бокала на столе», авторы Жангүл Амангелдіқызы Байдәулетова
5) «В ожидании Кайроса», авторы Кемен Құдайбергенқызы Байжарасова
6) «ПетроКок», авторы Мұрат Ислямұлы Увалиев
2023 жылдың мамыр айының 29-ы мен маусым айының 31-і күндері аралығында “Mecenat.kz” әдеби байқауының маңызды кезеңі, яғни оқырмандар ең үздік деген романға дауыс беретін кезеңі басталды. Дауыс беру https://www.mecenatkz.com/vote.php сайтында жүргізілді. Дауыс беруде қандай да бір құйтырқы әрекеттердің алдына алу үшін ұйымдастырушылар екінші кезеңде тек қазақстандық ұялы телефон нөмірі арқылы дауыс беріп, оқылған роман туралы өз пікірін қалдыру талабын қосты. Оқырман шығарма туралы бос орынды есепке алмағанда 300 бен 500 символ аралығында пікір қалдыруы керек. Бұл пікірлер модератордың тексеруінен өтіп, жалған дауыс жинау, адамның ар-намысына тиетін сөздер мен мағынасыз пікірлер алынып тасталды. Одан кейін шілде айында арнайы тексеру тобы әр тіркелген нөмірге хабарласып, тек шынайы дауыстар қана есепке алынды. Тексеру нәтижесінде Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаевтың “Тау асқандар” романы біздің байқау талаптарына сай емес екені анықталды. “Тау асқандар» романының көлемі 65 бетті құрайды, ал өздеріңіз білетіндей біздің талап бойынша роман 80 беттен жоғары болуы тиіс және оқиға Қазақстан жерінде болуы керек. “Mecenat.kz” әдеби байқауының ережесі https://mecenatkz.com/ordinance.php сайтында жарияланғанын еске саламыз. Өкінішке қарай, әдеби сыйлықтың негізін қалаушы Ерлан Аскарбековтың қателесіп кеткеніне байланысты, 12 кегльмен қағазға басылып шығуы тиіс роман 14 кегльмен басылып шыққан. Сол үшін де ридерлерге оқуға ұсынылған. Сондықтан да бұл романды «Ережені» сақтамағаны үшін байқаудан шығаруға тура келді. Дейтұрғанмен, «Тау асқандар» романының авторы – талантты жазушы және жаңа романымен бұл премияны жеңіп алу мүмкіндігі жоғары екенін айтқымыз келеді.
Қоңырау шалып, дауыс берушілерді тексеру нәтижесі мынадай:
1. «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 407
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 311
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 448
2. «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 194
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 252
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 373
3. «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 79
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 38
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 82
Телефонмен хабарласып, тексеру жұмысы толықтай видеоға түсірілген және Қазақстанда тіркелген кез-келген жазушылар ұйымына тексеруге беруге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта мұндай өрескел қателіктерге жол бермеу үшін «Ережеге» мынадай өзгерістер енеді: романның көлемі бос орынды есептемегенде 150 000 мен 300 000 символды құрауы керек.
ІІІ маусым – 2023 жылдың 1-қыркүйегінен басталады. Қолжазбаларды қабылдауды 2024 жылдың сәуір айының 14-і күні кешкісін тоқтататын боламыз.
Ал, оқырмандардың дауыс беру нәтижесінде Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романы жеңіске жетті. Енді ол “Mecenat.kz” әдеби байқауының ІІ маусымының жеңімпазы ретінде өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Мұндай форматтағы сыйақы әлемнің еш жерінде жоқ екенін естеріңізге саламыз. Жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Русланұлы Турлов.
Әдеби байқаудың басты ұстанымдарын тағы да айта кетейік:
Мемлекеттік бюджеттен толық тәуелсіз болу. Біз мемлекеттік мекемелерден тек ақпараттық қолдау күтеміз;
Ашық және жасырын мүдделер қайшылығын тудыратын қазылар алқасынан бас тарту, оның орнына оқырман дауысы арқылы жеңімпазды анықтау;
Біз барлық қатысушыларды зор жауапкершілікпен әдеби байқауға қатысқаны үшін алғыс білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңізге оқырман тарапынан қызығушылық тудыратыныа сеніміміз мол және осы шығармаларыңыз арқылы отандық әдебиеттің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғандарыңыз сөзсіз.
Ұйымдастырушылар ұлттық әдебиетті дамытуға арналған жобаға атсалысқан министрліктерге, барлық мемлекеттік БАҚ және Amanat партиясына ақпараттық қолдау көрсеткені үшін үлкен алғыс білдіреді.
Сонымен қатар, бізге қолдау көрсеткен серіктестерімізге алғыс білдіреміз:
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
“Қазақстан” Респубикалық телерадиокорпорациясы” АҚ
“Хабар” АҚ
"Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені" ҮЕАҚ
“NUR Media” медиахолдингі
“QazContent” АҚ
“Amanat” партиясы
“Қазақ газеттері” ЖШС
ҚХР қазақтар қауымдастығы (https://mp.weixin.qq.com/s/uxbMthnHGSg4i9xgkkOM7A)
Моңғолиядағы “KazNews.mn” ақпарат агенттігі
Моңғолиядағы “Баян Өлгий” радиосы
Өзбекстандағы қазақ тілінде жарық көретін “Нұрлы жол” газеті
“Mecenat.kz” жобасының мақсаты - қазақстандық көркем әдебиетті дамыту және кітап оқырмандарының ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби деңгейін көтеру және олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару.
БАҚ өкілдері pr@mecenat.kz электронды мекен-жайға немесе +7 775 854 0068 телефон нөміріне хабарласуға болады.