«B1R» Ğalamşary (проза)

Oinet.kz 08-02-2021 8491

планета.jpg

«B1R» Ğalamşary

Бұл ғаламшарда екі-ақ көше бар. Бірінші көше – əріптерге арналған көше. Екінші көше – сандарға арналған көше. Екі көше де ғаламшарды шеңбер жасай айнала орналасқан, жəне ғаламшардың екі тұсында ғана қиылысады. Бірінші қиылыс – ғаламшардың оңтүстік жартышарының орталығында. Екінші қиылыс – ғаламшардың солтүстік жартышарының орталығында. 

Мұнда өзен-көл де, тау-тас та, өсімдіктер де жоқ. Жел де тұрмайды. Жаңбыр да жаумайды. Күн де қызармайды. Борандатып қыс та келмейді. Жаймашуақ жаз да жоқ. Тек əріптер мен сандар зулап өтіп жататын, ғаламшардың екі тұсында ғана қиылысатын екі көше. Əріптер мен сандар соқтығысып қалмау үшін ғаламшардағы екі қиылысқа екі бағдаршам орнатылған.

Əріптер жүретін көше – толған əріптер. Бұл көшеде сан жүрмейді. Байқаусызда əлдебір сан əріптердің көшесіне түсіп кетсе, ыңғайсызданып, өзін жайсыз сезініп, маңдайы тершіп сала береді. Сандардың көшесіне жеткенше асығады сонсоң. Тиісінше, əлдебір əріп сандардың көшесіне түсіп кетсе, қызара бөртіп, қобалжи бермек. Əріп деп отырғаным – дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың таңбалары, кəдуілгі.

Бағдаршамның қызылы жанғанда тізілген əріптерге нүкте қойылып, кезек сандарға келеді. Ондықтар мен жүздіктер, көбейткіштер мен көбейтінділер көліктерін от алдырып, сапарын жалғастырады. Мезгілі келгенде сандарға да бағдаршамның қызылы жанып, əріптер қозғалысқа түседі. Бас əріп бастап беретін əріптер көші де асығыс.

Бір қызығы, əріптердің де сандардың да көліктері жанармайсыз жүрмейді. Қайсысының көлігінің жанармайы көбірек құйылса, сол ұзағырақ жүреді.

*****

Бұл ғаламшардың тіршілігімен таныстырып жатқан кім екен деп, қызығып отырсыз ба? Мен 7-мін. 7 – деген санмын. Мені «Жеті» - деп төрт əріпті қолданып жазсаңыз да болады. Бірақ, «7» - деп жаза салу өзіңізге тиімдірек...

Мен есімді білгелі бері «Сандар» көшесінде көлік айдап келем. Есімді біліп, айналамды танығаныма пəленбай мың жыл өтті. Көлігімнен түскен емеспін. Бұл ғаламшарда көлікті көшеден тыс жерге тоқтатып, мызғып, дем алып алуға болмайды. Өмірімнің соңына дейін осы көліктің ішінде, осы көшеде жүрем.

Сізге баяндап отырғандарымды да көлік ішінде отырып айтып отырмын. Міне, алдымда «6» кетіп барады. Көлігі менікінен жəне басқа сандардікінен аумайды. Бірақ бəріміз ол көлікті «6» айдап бара жатқанын білеміз. Себебі, бəріміз рет-ретімізбен жүреміз. 

«Сандар» көшесінің тəртібі осылай. «Əріптер» - көшесінің тəртібі мүлде басқа. Олар бір-бірінің орнын алмастыра береді, тек бас əріп көш бастап жүрсе болғаны. Мəселен, мен мінген көліктің артқы жағын көрсететін айнаға қараңызшы. «8» мінген көлікті көрдіңіз бе? Оның да көлігі біздің көлігіміз сияқты. Алайда, «8»-дің көлігі біздікіндей болғанымен, «8»-дің өзі бізге ұқсамайды. Одан кейін шексіз сандар тізбегі басталады. Тек бағдаршамның қызылы жанғанда ғана шексіз сандар тізбегі кідіріс жасап, жасыл жанғанда жалғасып кете береді. Сандар тізбегі тоқтап қалмау үшін «8» маған дейінгі сандар тізбегінен қалып кетпей, бағдаршамның қызылынан өтіп үлгереді.

*****

Қазір көлігімнің жанармайы жеткілікті. Асықпай, алаңдамай жүре беруге болады. Алдымдағы «6» да, артымдағы «8» де бірқалыпты, баяу жүріп келеді. Бағдаршамның қызылы жануға таяу. Жанды. «8» қалып кетпей, өтіп үлгерді. Енді əріптер көліктерін от алдыра бастады. Бұл жолы олар қандай сөйлем боп өтеді екен деп тұрмыз. Əріптер жүре бастады. Міне, бас əріп өтіп барады: «Б», артынша «ə», сосын «р», «і»... бір сөз өтті. «Бəрі» деген сөз екен. Сəл үзілістен соң «жақсы», «болады» - деген сөздер өтті. Бұл жолғы сөйлем – «Бəрі жақсы болады!» - екен. Осы сөйлемді оқып алдық та, сапарымызды əрі қарай зор сеніммен жалғастыра бердік. Алда ұзақ жол.

Нұркен НҰРҒАЗЫ

Аты аңызға айналған — «Оқырман ағай»
Несіпбек Дәутайұлы. Кісі киесі (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу