Шытырманға толы 5 бірдей мистикалық әңгіме
Әдебиеттегі мистика — қызық әрі заманауи жанрдың бірі. Мұндай шығармаларда таңқаларлық оқиға мен түсініксіз құбылыс, ойламаған жерден пайда болатын тіршілік иелері кездесіп, оқырман бойына қорқыныш тудырады.
Жазушылар да оқырманның жүрегін жаулап алу үшін ойлануға, оқиғалар желісін қиыстыруға біраз күш салады. Мысалы, ондай көріністі жазу үшін қорқыныштың адамға қалай әсер беретінін түсіну керек. Сол себепті де кітап ішінде елес, құбыжық пен зираттардың сипаттамалары жиі кездеседі.
Дәл осындай шытырман оқиғаға толы 5 мистикалық әңгімемен бөлісеміз
Төлен Әбдік «Оң қол»
Әңгіме аурухана ішіндегі жұмысын жақсы көретін дәрігердің арпалыс ойымен басталады. 17 жастағы Алма есімді бойжеткеннің ата-анасы оны психатериялық ауруханаға әкелген кезде өзін бірнеше рет қылқындырмақ болғанын айтып, көмек сұрайды.
Әңгіме бұл әлемнің мейірімсіз жандардан тұрмайтынын дәлейдейді. Себебі Алманың тағдырында шынайы жанашыр дәрігер кездеседі. Қыз қалың ұйқы құшағына кеткен шақта оң қолы әрдайым өзін қылқындыруға ұмытылады. Дәрігер қолына бақылау дәптерін алып, Алманың бөлмесінде күнделікті ұйқтар алдында кітап оқып отырады. Ғашық болып қалғанын сезген дәрігер ешкімге білдірмей Алманы далаға, киноға алып шығып, ауруынан айығуына бар күшін салады. Алайда, соңында дәрігер ешқандай көмек көрсете алмай, күш-жігері таусылып өзінің де есі ауа бастағанын байқайды.
Оқырмандар осы кітапты оқығаннан кейін «оң қолына» үрейлене қарайтынын айтады. Бұл шығармада жазушы әңгімені қызықтырып, оқырманды жазу стилі арқылы ұстайды. Шығармадан махаббат, мистика, драма элемметтері байқалады.
Жүсіпбек Аймауытов «Елес»
Түн ішінде, ел ұйқыда жатқанда мақала жазуға отырған кейіпкерге белгісіз бір дауыс естіледі. Көз алдында портфель қолтықтап, автомобиль мінген комиссар үйіне кіріп келеді. Кейіпкердің шығармашылығына көмектесіп, ішкі толқынысын жайып салғандай болады.
Сол кезде ашаршылық заманы еді, қанша ер азамат қайғысы, өмірі қалай өткенін, ауыртпалығын жазушыларға осы тақырыпта ой қозғауын елес арқылы жеткізеді. Диалог аяқталуға жақындағанда елес мылтығын кеудесіне тақап, «Ендеше, жазғаныңды қоясың ба?» — деген сұрағына, қояйын, — деп жауап береді». Селк ете қалып көзін жұмып, қайта ашқан кейіпкердің үстелінде ақ парақтан басқа түк жоқ.
Оқырмандарға ерекше стильмен жеткізген бұл әңгімеде де психология, қоғамдық қатынас, философиянық жиынтық білінеді.
Сайын Мұратбеков «Қылау»
Әңгіме шырт ұйқының құшағындағы баласын қақаған күннің суығында Тастөбеге барып шананы алып келуді тапсырған әке бұйрығынан басталады.
Кішкентай балақай ұйқысын қимай әкесіне ренжіп әрең тұрады. Жолда алдынан зираттар кездеседі. Сол кезде өлім, өмірдің тәттілігі туралы ойлайды. Өз ойынан өзі шошып, басқа дүниеге көңілін бөлмек болып келе жатқанда межелі жерге де жетеді. Жапан далада жалғыз келе жатқан қызға көзі түсіп, жол-жөнекей апарып тастайтынын айтады. Қыз келісіп, жолда екеуі танысады. Кенет алдарынан қасқыр кезігеді, бірақ қорыққанын білдірмей әңгімелерін жалғастыруға тырысады. Межелі жерге жеткізіп салғаннан кейін балаға «Неге үйіне дейін апарып салмадым?» деген ой келеді. Аман екеніне көз жеткізу үшін қызды қайтып іздей бастайды. Бірақ қасқырдан басқа ешкім көрінбейді.
Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі оқырманды біраз уайымға салып, оқиға кейіпкерлері Сатай мен Рабиға арасындағы қарым-қатынас өрбейді. Соғыс жылдарынан кейінгі тұрмыс-тіршілік суреттелген. Шығармада мистикалық элементтерден бөлек, сезімталдық, адалдық, таза ниет де бар.
Мұхтар Мағауин «Қуыршақ»
Әңгіме кейіпкердің танысы Құрманның ғажайыпқа сенетінін растайтын сөздерінен басталды. Өзінің басынан өткен оқиғаларын әңгіме етіп, жас кездегі ғашық болған сәтін еске түсіреді. Үшінші курста би кешінде танысқан Арумен болған оқиғасы жайлы баяндап бермек болады.
Құрман бірінші курсқа оқуға түскенде бір қызбен танысады. Ол өзін «Қуыршақ» деп таныстырады. Қуыршақтай қыз Құрманның қасына келіп вальске шақырды. Екеуі де бір-біріне ғашық болып, өздерінен басқа ешкімді байқамайды. Бастапқыда ғұмыр бойы бірін-бірі танып, бірге жүріп, жеңіл қолын ұстап танитын адамдай бауыр басып қалады. Кейін кездескен сайын жігіт әлсіреп, қыз жайнай бастайды. Жігіт қыздан құтылу үшін оқуын Новосибирскіге ауыстырады. Барлығы аяқталып енді тыныш өмір сүремін деген кезде, соңғы кездесуде сыйлаған қыздың қуыршағы Құрманды түнімен мазалайды. Қуыршаққа түн ішінде жан бітіп, құшақтап, сүйеді. Құрманың бар ойы қуыршақтан құтылу, сондықтан лаулап жатқан отқа өртейді. Кейін біраз уақыт өтіп Алматыда қызбен кездеседі. Әңгіме барысында «аяқ-қолымды байлап, аямай отқа салдың емес пе?», — дейді. Жігіт бұл жолы тағы да құтылады, бірақ қартайған кезінде түсіне қайта еніп, жүрегі жарылып қайтыс болады.
Мұхтар Мағауин қуыршақты тірілтіп, Алматылық қуыршақ лақап атты қызды жансорғыш (вампир) ретінде көрсете отырып, оқырманды бір демде ұстап отырады. Әңгіме басталғаннан-ақ мистикалық элементтер байқала бастайлы.
Қойшыбек Мүбәрәк «Егіз тұмар»
Ауыл ішінде тек бір үйдің баласы ғана ауылдан қалаға барып оқиды. Сондықтан туысқандары ауылға келген сайын сыйлық дәметіп отырады. Жеңгесінің үйіне кіріп шығып әкелген сыйлықтарымен бөлісіп, әңгіме барысында он жыл бұрынғы оқиға есіне түседі.
Көшеміз деп дайындалып отырған үйдің бұзауы жоғалып кетеді. Атасы ол бұзаусыз ешқайда барар ойы жоқ. Қасиетті малға тіл тигізбеуін өтініп, іздеуге шығады. Біраз жерге келгенде үлкендер әңгіме барысында сайтандар жүретінін айтып отыратыны есіне түсті. Зәре-құты қашып, қорқып келе жатқанда құлағының түбіне әйел дауысы естіледі. Жан- жағына қараған сәтте жас үлкен әйелді көреді. Екеуінің арасында да біраз диалог орнайды.
Ол уақыттан біраз уақыт өтсе де, ақ көйлекті қыздарды көрсе денесі түршігіп кететінін айтады. Қалалық достарына болған оқиғамен бөлісіп айтайын десе келеке қылады. Жеңгесі тамақ салып алып келетінін айтып шығып кеткенде, артынан бұрынғы ақ киімді қызды қайта көреді. Осы секілді Қойшыбек Мүбәрәк өзінің әңгімелеріне жиі мистикалық элементтерді қосып отырады.