Өтебай Тұрманжанов. Арша дейтін ағаш бар
Арша дейтін ағаш бар,
Тасты жарып шығатын.
Бір қарысын аталар
Тіс тазартқыш қылатын.
Жанап кетсең жанына,
Жұпарын сыйлап себетін,
Қайсарлық құйып қаныңа,
Батырлық дәнін егетін.
Аталар сүйген ағашты
Қалаға әкеп егейік.
Жанынан өтсе жарасты
Жұбайға жұпар себейік.
Жас аршадай жұпарлы,
Жігерлі болсын жасымыз.
Оқуға салып құмарды
Білімге толсын басымыз.