«Гипер» папа

Oinet.kz 05-04-2020 605

image.png

Осы күнде не көп, телеарналардағы бағдарламалар көп. Ал жүргізушілері одан да көп. Шынымды айтсам, көбінен ауызға тұщымды, ойға қонымды нәрселер көре де алмайсың! Сосын, «қойшы...» дейсің ғой...

Жақында, әлгі, алдыңғы бір әңгімемде айтқан, менен жазбалары туралы кеңестер алып тұратын, жақын, аталас-ағайындас, журналшы қарындасым телефон шала қалды:

- Аға, тез студияға келіңізші! Сізді бір бағдарламаға ұсындым! Сенесіз бе, Астанадан Кутургановтың өзі келіпті! Бастығым соны маған тапсырды. Тамаша болды! Енді, Сізді бүкіл Республика білетін болады... тез жетіңізші, аға!

... Кімнің Республикаға белгілі болғысы келмейді? Бардым. Мәз болып қарсы алған қарындасымнан сұраймын ғой:

- Ол не деген бағдарлама? Бұған менің қатысым не? Мен, жалпы, не істеуім керек? Әлде, тарихи-өлкетанушылық туралы сұхбат-интервью беремін бе? Келген мына жігіт пе, бұл өзі қай арнадан?

- Иә, аға! Осы жігіт, танысып қойыңыз! Бұл кісі – қазіргі күндегі отандық шоу-бизнестің алдында келе жатқандардың бірі! Тіпті әлемдік цирк-эстрада ареналарында өнер көрсеткен!

- Ммм... жақсы екен! Бір жерден, мүмкін, телевизордан ба, көрген де сияқтымын! Әйтеуір, сендер, Россияның әлдебір қаласында 2-3 жыл тұрған болса, «әлемдік» деп, әлеу-жәлеу етіп шығасыңдар ғой! Өзі депутатқа да, клоунға да ұқсайды екен! Мейлі, бопты, бүкіл елге клоундар ақыл айтқан заман ғой! Жә, бопты! Айтпақшы, бағдарламасы не туралы, мені неге таңдап тұрсың?

- Туу... аға, Сіз де! Неужели, популярный «Гипер папа!» бағдарламасын көрмедіңіз? Оп-оңай! Сізге, сұрақтар беріледі, соған жауап бересіз, сосын, сол айтқандарыңызды іс жүзінде дәлелдейсіз! Орын алып жатсаңыз, күшті приздері де бар! Ал Сізді таңдағанымыз, Сіз енді.. енді, шынымен мықтысыз ғой! Елу жасқа келгенде «папа» атандыңыз, өлең де жазасыз, үйдегі жеңгеймен мүлде ұрыспайсыз...

- Хмм... иә шынымен, енді ол айтқандарыңның да рас екені рас қой. Бірақ, елу жасқа келгенде «папа» атанғандар тек қана мен емес шығармын?! Тіптен ата-бабаларымыз елу тұрмақ, талай сұлуларды, алпыста – арқыратып, жетпісте – желкілдетіп, сексенде – сылқымдатып, тоқсанда – тоңқ... Айй.. не деп кеттім? Иә, барша жерде жазатындай, талай-талай, «жетпісбай-сексенбайлар» бізде бұрын болып та жатқан ғой! Міне, солар емес пе, нағыз «гипер-папалар»!

- Туу, көке! Қойыңызшы... одан да жұмысымызды бастайық. Иә, айтпақшыдай, айтқандарыңызды артынан түгел іспен дәлелдеуіңіз керек екенін, ескерттім ғой! Еш өтірік айтпаңыз.

- Мақұл, сұрай беріңдер онда. Саған өтірік айтып не көрініпті?!

... Байқаймын, ана келгеннің, маған деген қызығушылығы арта түскендей! Айтқандарымды, шала-пұла болса да (қанша айтқанмен, қазақ деген қаны бар шығар?!) аздап түсінген сияқты. Екеуі сұрақтарды қарша боратты:

- Сіз тағы да «папа» болғыңыз келе ме?

- Е... ода тұрған не бар екен? Құдай бұйыртып жатса, тағы да... тағы да... «папа» бола берерміз!

- О! Круто! Сіз балаларыңызды өсіруге әйеліңізге көмектесіз бе?

- Ммм.. не десем екен ә? Енді былай ғой, қолдан келгенше көмектесіміз де... Негізі, бала күту, бағу, әйелдің бірінші міндеті екені анық қой! Ол – алдыңғы кезекте ана! Оларға сол үшін «декретный» демалыс берілмей ме?

- Ммм... мысалы, Сіз жұмыстан келгенде, әйеліңіз тамақ дайындап үлгермеді делік! Ал бөпе жылап жатыр, мазасызданып! Сіз бесікті тербетіп тұрасыз ба, көмектесіп дегендей?

- Шынымды айтсам, онша түсінбедім! Күні бойы үйде отырса, сонда неге тамақ дайын болмау керек? Иә, тіптен, сендер айтқандай жағдай болса, әйелдің қолы бар ғой, тамақ істейтін! Ал, аяқтары тіптен бос! Міне, бесікті, сол аяқтарымен кезек-кезек тербетіп отыра берсе де болады...

- Жақсы... просто ужас! Әйеліңіз дүкенге кетті делік! Сіз сол кезде баланың жаялығын ауыстыра аласыз ба?

- Бұл да қызық сұрақ екен?! Оның жаялығын неменеге «срочно» ауыстырасың? Ол не үшін? Әйелім келген соң ауыстырса не, болмайды ма? Тіптен, атам қазақ сондай жағдайларға арнап, бесікті шүмегімен ойлап тапқан! Ал қазір памперс бар емес пе?

- Ааа... Түнде, мысалы, балаңыз ауырды ма, кім білсін, тоқтамай жылады! Сонда Сіз не істейсіз?

- О иә! Ондай жағдайлар болып тұрады. Кейде, оййй... басқа салмасын... маза бермей шырылдап жылайды ғой, сендер айтқандай! Ондай кезде, құдайға шүкір, үйде басқа бөлмелер де бар ғой! Міне сонда барып жатам, есікті жауып алып. Ұйқы тыныш болады...

- О боже!.. Әйеліңізге кейде болса да, кір жуып, үтіктеп көмектесіз бе?

- Ммм... қалай десем екен?! А иә... былай ғой! Оған менің уақытым жоқ...

жетпейді! Жұмыстан келіп, тамақ ішіп, біраз газеттер қарау керек! Телевизордан, интернеттен жаңалықтарды қарап шықпасаң тағы болмайды! Сосын ертеңіне жұмыс, дем алу қажет дегендей. Ал демалыс күндері достармен кездесіп, әңгімелесіп, бір жерлерге барып, аздап сыра ішіп, көңіл көтергенге не жетсін! Мен де адам баласымын ғой! Сосын, үтіктеуге келсек, сол пәлені де, тіптен үйрене алмадым! Өздерің ойлаңдаршы, үтіктеймін деп, көйлегімді, шалбарымды күйдіріп алсам, қып-қызыл шығын емес пе! Өзі де шашылып жатқан артық ақшамыз жоқ.

- Аха... мақұл, еден жуу, шаңсорғышпен тазалау туралы сұрамай-ақ қойсақ та болар! Айтпақшы, Сіз мамасын ертіп, бөпеңізді көтеріп қыдырасыздар ма

- Хмм... сол қыдырғанда қайда бармақсың? Әсіресе, тізбектеліп?! Әйелім бопаны көтеріп барып, көрші әйелдермен әңгімені соғып тұратындары бар, кейде қол босағанда, талай көргем! Ал мен сонда олармен бірге не әңгіме айтпақшымын? Дүкендегі заттардың бағасын ба, әлде, әлдебір әйелдің көйлегі қанша тұратынын ба? Әй қайдам, ондай информацияларды аса білмеуші едім...

- Ммм.. Сіз сонда не, тіптен бала тәрбиесіне араласпайсыз ба?

- Ой сендер де бір! Әрине, араласам! Бала 2-3-кеп тілі шыға бастағанда, «папамның баласымын», «қай елсің?» десе, өзімнің елімді айтып үйретемін!

- Мамасының елімін десе болмай ма не?

- Сендер қызықсыңдар! Қай қазақ, баласына мамасының елін айтқызған?!

- Сіз осы айтқандарыңыздың бәрін қайдан шығардыңыз? Неге солай

істейсіз, неге басқаша емес? Кім Сізге солай үйреткен?

- Жандарым-ау! Не десем болады? Қарындасым, мына тұрғанды... қойшы, мүлде түсінбес, ал саған не жоқ? Қаланікі болсаңдар да, қазақи салттарды, тілді білесің ғой! Сондайларды сұрап? Кім үйретті? Қызық екен?

Шешелеріміз үйретті де! Сенбейсіңдер ме, олай болса, менің апам (әжем) маған не дегенін айтып берейін!

... Бір ауылға бас маман болып ауысып жаңадан барған кезім еді. Менің де 26-27-лердегі жас кезім. Әйелім жаңадан босанып отырған, басқа ауылдан апам да келіп үйде болатын. Бірде әйелім, «бопаны жуындырып, қолым тимей жатыр, тамақты араластыра салшы...» деді! Мақұл! Тағы бірде жұмыстан келген бетімде: «На вынеси...» деп шылапшындағы күлді бере салды. Ойымда ештеме жоқ, көшеге апарып «бұрқ» еткіздім! Ол кезде солай, көшеге тастай беретінбіз, кейін көктемде 1-Мамыр мерекесі қарсаңында «совхоз» арнайы техникалар бөліп, тиеп, шығарып алып кететін. Соны көрген апам жарықтық, кінәлі сарбаздай тік тұрғызып қойып тұрып, «ант-присяга» қабылдатты:

- Әй, сен не, соншама өбектеп?! Тумай кеткір! Намысың жоқ! Мына ауылға жаңадан кеп жатсың! Ел көрсе не болғаны? Кәдімгідей басшысың! Қай әулеттен шыққаныңды ұмытып қалдың ба?! Ойбай-ау, ана атаң көрсе не дейді! Бірінші кезекте мені құртады ғой! Сені солай тәрбиелеппіз бе?! Ертең апарып таста мені, тұрмаймын мұнда! Тіпті, кішкентай кезіңде ұмытып қалдың ба, атаң мені сабап жатқанда да, кешке тамағын пісіріп қоюшы едім ғой! Жоқ, содан жаман болдық па, балаларымның ғана емес, сендер – немерелеріміздің де қызығын көріп отыр емеспіз бе?! Ел аман, жұрт тынышта саған не көрінді? Қай ата-бабаң қатын тұрып, қазан-ошақпен алысып еді, ә? Қай атаң күлмен алысып еді, ә...

- Сенесіңдер ме, апамның айтқаны, менің есімде өмір бойы қалып қойыпты! Ата-бабадан келе жатқан салтымыз, әркім өзінің жұмысымен айналысса, дәп содан ешкім де, шынымен жаман болмас! Қарындасым, бағана айтқаныңдай, мен әрине, әйелімді өте жақсы көрем, сыйлаймын! Оны балағаттап, ұрып-соғып жатқаным жоқ! Бірдеме айтар болса, өзіме тиісті міндеттерімді адал атқаруға тырысамын. Табысымды жасырып, тығып көрмедік, сосын жалпы, үйімізде тыныштық, деуіме әбден болады...

... Бұл жарысты жеңдім бе, жеңбедім бе, әлгілерден әзірге жауап келмеді. Мен болсам, толық жеңіске жеткеніме сенімдімін, өйткені, бір нәрсені де жасырмай түгел айттым! Бас жүлдені тосып жүрмін...

Азкен Алтай

Серікжан Қажытай. Әй, дүние-ай, доңғалақ
Киіктің монологы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу