Жұмекен Нәжімеденов: Көремісің, көз?
24-08-2020
Жапа шеккен жалғыздыққа осынау,
Сен де араша бола алмадың досым–ау.
Жеңе білген қиындықтың қандайын,
Адамдардың жаны тіптен асыл–ау.
Жапа шеккен жалғыздықта осынау,
Күлкіден де күрсінулер басым–ау.
Адам болып жаралған соң
Ол баста —
Лайық емес, жаным, толқып, тасымау.
Жапа шеккен жалғыздыққа осынау,
Сен де араша бола алмадың досым–ау.
Кейде тасып,
Кейде жасып жүргенің,
Ерліктен де, еркелігің басым–ау.
Жалын барда жүрегіңе от өрер,
Арман, үміт —
Ұдайы алға жетелер.
Жалғызбын деу —
Жараспайды, жарқыным,
Еркелігің ел болғасын көтерер.