Мұзафар Әлімбаев: Хат жазып тұр…

Oinet.kz 24-08-2020 826

Мұзафар Әлімбаев Alashainasy.kz

Бар болғаны:

татар малай Нұримен

Екі жылдай көрші тұрдым бір үйде.

Бар болғаны:

жұрт қатарлы күнелтіп,

Диктант жазсақ, ұқсас қате жібердік.

Бар болғаны:

Бір партада отырып,

Екі жылдан екпінді бол оқыдық.

Бар болғаны:

Бірге бардың киноға,

Мен сияқты отырмайтын үйде о да.

Бар болғаны:

барсам, әни жырғайтын,

Пәрәмішпен, бәлішпен* де сыйлайтын.

Бар болғаны:

менің апам Нұр келсе,

«Қазы же!» деп, қиылатын өлгенше…

Бар болғаны:

сатып алып әр қолдан,

Жаңа марка алмасушы ек альбомнан.

Бар болғаны:

ешкім бермей жеңістік,

Футбол үшін, Пеле үшін керістік.

Бар болғаны:

Тек шахматтан ол ұтып,

Сан бұртидым, бостығымды ұмытып……

Әуреге сап, бізге үйренген баланы,

Екібастұзға үйі көшіп барады.

Ұзатқалы келдім, міне, перронға,

Әни солда,

Нұри, міне, оң қолда.

Қайта-қайта қысты Нұри қолымды:

Жанарынан неге моншақ көрінді!

Қандай ток кеп шымшып өтті жүректі,

Қоңыраудан кейін

неге шым етті?!..

– Хат жазып тұр, хат жазып тұр, Нұриім!

Біле білсең, біздің үй де – бір үйің…

Мұзафар Әлімбаев: Мінажат
Мұзафар Әлімбаев: Жаңғырық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу