Сәкен Сейфуллин. Тау ішінде

Oinet.kz 22-01-2020 1067

image.png

Мен келем тау ішінде түнделетіп,

Аймақты күңірентіп елеңдетіп,

Астымда ақ боз атым сылаң сағым,

Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.

Ақ боз ат менің, тұлпарым,

Шалқыған көңіл сұңқарым.

Көкірек керіп жұттым мен

Ауаның жазғы жұпарын.

Ә-әй, сүмбіл шаш,

Тәтті сөзің, Қара көзің

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

Ән салдым есіп майда жаяулатып,

Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.

Толқындай мың, құбылған әнімді естіп,

Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып.

Ақ боз атым қояндай,

Еркелеп басар аяндай.

Тербеді дауысым ауаны

Дыңылдап қалқып баяулай.

Ә-әй, сүмбіл шаш,

Тәтті сөзің Қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,

Маужырап төсегінде керілмессің.

Ақырын үйден шығып уәделі

Жеріңе келуге сен ерінбессің.

Ақ боз ат қарар елеңдеп,

Үйіңнен шығып көлендеп,

Асығып келсең мөлдіреп,

Бүркенген шапан желендеп.

Ә-әй, сүмбіл шаш,

Тәтті сөзің, Қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

Торғындай перде болар түнгі мұнар,

Ерніңнен ішкен балға қанбас құмар.

Құшақтап қанша сүйсең келген сайын,

Шалқыған шіркін көніл емес тынар.

Ақ боз ат қарар елендеп, Үйіңнен шығып көлендеп,

Асығып келсең мөлдіреп,

Бүркенген шапан желендеп.

Ә-әй, сүмбіл шаш,

Тәтті сөзің. Қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.

Ілияс Есенберлин: Көңіл — дастан
Сәкен Сейфуллин. Ақсақ киік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу