Сұлтанмахмұт Торайғыров: Алаш ұраны

Oinet.kz 21-08-2020 1135

Жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында ағартушы, ақын  Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойына орай Торайғыров  оқуларының қорытындысы - izdenis.kz

Алаш туы астында,

Біз алаштың баласы.

Күніміз туып көгерді,

Сарыарқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған.

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Қолдайтын алаш бабамыз.

"Туысқандық", "теңдік" деп,

Туын қолға ап шабамыз.

Берілгенде тілектер,

Жарылмай ма жүректер?!

Заң жасайтын орынға,

Жұртпен бірге барамыз!

Қатардан орын аламыз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Куә болсын арымыз.

Көркейтуге алашты,

Құрбандық біздің жанымыз!

Былай тұрсын малымыз,

Алаш деген ел үшін

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз!

Аялмасын жанымыз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Өлсек бірге өлдік біз.

Не жақсылық, не қайғы,

Көрсек бірге көрдік біз!

Ішкі жанжал таласты,

Күншілдікпен қарасты,

Мына жерге көмдік біз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!

Адамдықтың жолына,

Бастаған ерлер соңыңда,

Басқаға көңіл бөлмейміз,

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына көнбейміз.

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды алаш, өлмейміз!

Жасасын, алаш, жасасын!


1917 жыл


Қасым Аманжолов: Сабыр етші
Мағжан Жұмабаев. Ертеңгі сәулелер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу