Бек Жылқыбаев: Жүзіп келем ақ кемеде, теңізде
Кәдімгідей күшейеді жел кейде,
Жайлап қарап, көк аспанға, желкенге.
Жүзіп келем ақ кемеде, теңізде,
Бір күдікпен,
Бір үмітпен ертеңге.
Бір күдігім - жауыны мен дауылы,
Бір үмітім - долы судың сабыры.
Оу, алыста өткен күннің сағымы,
Жетер алда,
Жеңілі мен ауыры.
Жалықтырыр, жәй тыныштық көркем бе?
О, жүрегім,
Өз-өзіңнен өртенбе!
Абайлайды, қарайлайды әр адам,
Бір күдікпен,
Бір үмітпен ертеңге.
Қайғы дағы, қуаныш та әлі бар,
Бақыт үшін күш-қуаттың бәрін сал!
Дейді бұлттар,
Тағы айтты, ақырын:
Жеңілістің, жеңістің де дәмін ал.
Тасып тұрып, талай күйді шертем де,
Құшағымды жайып қойып мен кеңге...
...Тамашалап таңын, кешін батырам,
Бір күдікпен,
Бір үмітпен ертеңге.