Мырзагелді Кемел. «Отбасы»
Іскер азамат үшін қиын нәрсенің бірі - үй-ішімен, туыстарыңмен қарым-қатынас. Ата-анаңа сенің жан-жақты жеткілікті етіп қойғаның аз, оларға сенің жақсы сөзің, көңілің де керек. Соған бір мезгіл уақыт тап. Уақыт жоқ деп жүре беріп, алшақтап кетпе.
Анаңды әйеліңнен кейін қойма.
Әйелің ісіңнен хабардар болсын. Опасыз әйел болмаса, сенің ісіңе әйеліңдей жаны ашитын адам аз. Сен іскерлікпен айналыса жүріп жетілесің, ойың ілгері озады, өмірге көзқарасың өзгереді. Ал, әйелің үйде отырып қалса, онымен ой бөлісіп тұрмасаң, бара-бара әйелің сені, сен әйеліңді түсінбейтін боласың, араларыңа сызат түседі, әйелің саған тәуелді секілді болып қалады, керексіз адамға айналады, ол, сөз жоқ қауіпті. Ел басқарып отырған адамдардың әйелдері қоғамдық жұмыстармен айналысатыны, бірдеңе жетпегендіктен емес, ерінің көлеңкесінде қалып қоймау тілегінен туындайтын нәрсе.
Ағайынға жағамын десең қазанды бол, ол үшін әйелің жақсы болуы керек.
Әпсана: Бір жігіт серілік қуып, үстіндегі жанат ішігінен айырылып үйіне келіп, түрлі себептер айтқанда, әйелі көргенді елдің қызы екен, былай деп басу айтыпты:
- Ішікті атқа айырбастағаның жақсы болған екен, ат жігіттің қанаты ғой. Атты сиырға айырбастағаның да жөн болыпты, сүтке сүт қосылсын, елге-ел қосылсын деген шығарсың. Сиырды тымаққа айырбастағаның да дұрыс болған, жігіттің басы түзелмей, ісі түзелмейді, басыңды түзегенің орынды ақ. Тымығыңның суға кеткені - басыңа төнген бір қауіптен құтылғаның, шығасы шықпай, кіресі кірмейді, енді ісің оңалар,- деген екен.
Туысқандар - табиғаттың өзі сыйлаған достарың. Досың өзгеруі мүмкін, тіпті әйелің де өзгеруі мүмкін, бірақ туысыңды өзгерте алмайсың, оның аты сенімен мәңгі бақи бірге аталады.
Өмірде туған-туысқансыз, ағайынсыз адам кемде-кем. Тағдыр тауқыметімен балалар үйінде тәрбие алған адамдар да, өз елінен түрлі себеппен сырттап кеткендердің өзі де есін жинай келе тым болмаса жамағайын туыстарын іздеп табуға тырысатыны біздің халыққа тән қасиет. Кім де болса адамнан тараған, ал адам көп тамырлы, жапырақ-бұтақты ағашқа ұқсайды, туыстар дегеніміз сол ағаштың бұтақтары.Туыстарға негізінен бауырмалдық тән. Туыстық сезімі ерекше, бауырлас адамдар бір-біріне асығып, бірін-бірі сағынып тұрады. Өмірдегі қызық-қуаныштарда, түрлі жағдайларда бірінің жанынан бірі табылады.
Бауырмалдық сезім татулыққа алып келеді.
Туыстық қарым-қатынас рушылдық емес, екеуі екі басқа. Рушылдық - ағайындас немесе ірі рулардың адамдарының бірігуінің нәтижесі. Рушылдық немесе соған ұқсас қасиет-пиғылды барлық халықтар басынан өткізген, өткізіп те жатыр. Ежелгі Рим мемлекетінде де бұдан үш мың жылдай бұрын рулық бөлініс болған. Сананың жетілуіне байланысты рулық намыс ұлттық намысқа, сөйтіп бірте-бірте жалпыадамзаттық мәселелер үшін күресетін парасат деңгейіне дейін жетеді. Рушылдықты төңкеріс жолымен ешкім тоқтата алмайды. Санамыз рушылдықты мақұлдайтын деңгейден көтерілгенде, оның керегі жоқтығы анық болады, сонда ол өзінен-өзі, ұрансыз-ақ жойылады.
Өткен өмірінде талай-талай өзгерістерге ұшыраған халқымыздың туыстарға тән бауырмалдық қасиеті түсінбестікке, кейде қатыгездік пен тасбауырлыққа алып келетін жағдайлар кездесіп қалады. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде құдайдың екі түрлі адамға қиямет күнінде рахым етпейтіні айтылады. Соның бірі - жаман көрші, екіншісі - туған-туысқаннан мүлдем қол үзіп кеткен тасбауырлар.
Елден қол үзіп кеткен, жаңа қонысқа да сіңісіп кете алмайтындарға Андрей Вознесенскийдің "Құмырсқа" деген кішкене ғана өлеңінің оқиғасын мысал етейін: Бір құмырсқа өзеннің арғы бетіне өткендермен бірге, сондағы өмірді көргісі келіп, қайыққа жармасып, бірге өтіпті.
Арғы беттегі құмырсқалар оны бөтенсіп, жабыла талапты. Қайық қайтқан кезде, қайтпасам болмас деп қайта тырмысып қайыққа мініп, бергі беттегі өз құмырсқаларына келсе: бізді неге тастап кетіп едің,- деп олар да талаған екен.
"Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала шықпайды",- депті Ахмет Байтұрсынұлы.
Туыстарға байланысты ұсақ-түйек ұғыспастыққа ешуақытта барма, ниеті бұзықтар мен сөз тасушылар жетерлік, оған ерме. Дүние-пұлға қарамай, әрқашан береке-бірліктің өзегін сақта. Бауырмалдық сезімі жоқ адам өзгелерге мейірбан бола алмайды. Туысқанның арын өз арыңдай ардақтау, қайғы мен қуанышын бөлісу, қиындығына ортақтасу мен бірге қызықтау, тарыққанда мүмкін болса қол ұшын беру - туыстар арасында бұлжытпай сақталатын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы қасиет, соны сақта, жалғастыр.
Кейбір адамдар "таза жүремін, ешкімге қарыз болмаймын, ешкімді қарыз қылмай ақ қояйын",- деп ойлайды да, төңірегінен байланысын үзіп алады. Өмір сүрудің құпия мәнінің бірі - айналадағылардан қара үзіп қалмаудың сыры - тұрмыстық деңгейдегі байланысты үзбей, ағайын-туыс, дос-жаранның қызығы мен қиыншылығында бірге болу, хабар алып тұру, шақырғанда бару, сұрағанда аз да болса беру, ақыл-кеңес сұраса жөнін айту. Әрине, жол көрсету адалдыққа, арлылыққа бағытталсын.
Туыстарыңмен қатынаста қиыны: бар болып бере алмау (ондай жағдай да кездеседі), немесе, жоқ болып қалса, жоқ екенін түсіндіре алмау. Қанша рет жағдайын реттеп беріп, бір бір рет қараса алмай қалсаң, сені жек көретін туыс та табылуы мүмкін. Адамның қызметі немесе байлығы өскен сайын туыс-жекжаты көбейеді. Олардың қажеті таусылмайды, бірін реттесең, бірі шығады. Ащы болса да ақиқат осындай. Сондықтан, оны да бір іске үйрет, мына қағида есіңде болсын: "ашты бағамын десең балық бер, аш болмасын десең балық аулауды үйрет". Жас парторг кезімде Лениннің ескерткішіне көп роза көшеттерін ектіріп, ертеңіне адамдар ұрлап түгелдей суырып алып кеткен кезде бір тәжірибелі ағаның айтқаны есімде: ұрламау үшін төңіректегі үйлерге гүл көшеттерін тегін таратып беру керек,- дегені. Өзгенікіне сұқтану заманнан-заманға қалмай көшіп, ертеден келе жатқан нәрсе. Сұқтанбасын десең өзбетімен күн көретін жолды нұсқа.
Ер жігіттің басында он пәле бар, соның тоғызы ағайын мен қатыннан,- деген сөзді бір биден естіген едім деп Мәшhүр Жүсіп айтып жүреді екен.
Әйеліңді ісіңе араластырма. Мен жоғарыда әйелің ісіңнен хабардар болсын дегем, екеуі екі басқа. Ақылды болса жақсы, ақылсыз болса абыройыңа нұқсан келеді. Жалпы, әйеліне иелік ете алмаған еркектен нағыз азамат ешуақытта шықпайды, жақсы болғанда үйде басқа, түзде басқа, екіжүзді өмір кешеді.
Үйінде бақытты адам - ең бақытты адам.
Өзіңді қоршағандарды таластырмай, ұрыстырмай, нала қылмай жүргенде ғана жігітсің. Жігіттік те оңай емес. Жігіт деп онымен пікірлескенде өзіңді жігітше сезіне алатын адамды айтуға болады.
Ер жігіттің қадірін
Жақыны білмес, жат білер,- деген ескіден қалған сөз бар. Жат білген қадіріңді жақының да білгені жақсы. Білмесе жақындарыңмен арыздас, мойындат немесе мойында. Мойындасаң жөндел, жақының да қадіріңді білетін болсын.
Берекең кетпесін.
Бетеге кетсе - бел қалады,
Бектер кетсе - ел қалады,
Берекең кетсе, нең қалады? - деген сөз бар қазақта.
«Бірлігі жоқ ұлыстың
Көптігінен не пайда?
Ұстары жоқ қылыштың
Өткірінен не пайда?
Бір-біріне от шашқан
Ерлеріңнен не пайда?
Құлқын үшін топтасқан
Ездеріңнен не пайда?» - дейді Фариза ақын.
"Бірлік жоқта байлық та берекесіз,
Бауырмалдық болмаса, бақ та келте". Бұл да Фаризанікі.
Ағайын-туысқа бір әулеттің жалғасымыз деген сезіммен қарау, соған лайық жақындық жасап, ілтипат көрсете жүру, хал-жағдай сұрасып, қажет жәрдем-көмек көрсету, сөйтіп бауырластық сезімді нығайта беру басты парызымның бірі де.
Жан жағыңды тең ұста - ата-анаңды, әйел-балаларыңды, туыстарыңды, достарыңды, қызметтес әріптестеріңді. Олардың қызығын бірге қызықта, олардың барлығы сенің тіректерің, егер бүгін тірек болғысы келмей тұрса - айыпты өзіңнен ізде. "Ошақтың үш бұтының біреуі құласа -қазандағы сүт төгіледі",- деген қырғыз мақалы бар. Сол ошақтың үш аяғын тең ұстай тұра, жанатын оты бол. Әкенің үлгісіздігі - балаға, баланың нашарлығы - әкеге сор. Тегіңнің нашарлығын ойласаң арғы-бергіңді, туыс-нағашыларыңды қатар күйтте.Мен үлкенмін, мені сыйлауға үйдегілер міндетті деп есептеме. Сені сыйласын десең, сыйлы болатындай үлгіде бол. Жұмысқа барып келуді ғана білетін, отбасында ақшаның тапшылығы ғана ортақ сөз болатын, көңіл-күйінің көтеріңкілігі тек арақ-шарапқа байланысты бір әке келініне Зейнеп Ахметованың "Шуақты күндер" деген кітабын көрсетіп: "Көрдің бе, Бауыржанның келіні атасы туралы кітап жазыпты, сендер қашан сондай болар екенсіңдер? - десе керек. "Келіні атасы туралы кітап жазу үшін, атасы Бауыржандай болуы керек қой",- деген екен келіні.
Эрих Мария Ремарктың: "Что может дать один человек другому кроме капли тепла. И что может быть больше этого",- деген сөзі бар. Бұдан дәл айту қиын шығар. Тарата жүретін жылуың мол болсын.
Мырзагелді Кемел, "Абзалдық әліппесі"