Мырзагелді Кемел, Ар-иман

Oinet.kz 10-09-2020 1941

"Жақсы ниет - ниет қана қарасаң,

Дұрысы оны іс қылуға жарасаң".- дейді Жүсіп Баласағұн. Ниет тазалығы дегеніміз арлылық, имандылық. Інжілде мынадай сөз бар: "Ниетіңе орай жаза аласың, өлшеміңе қарай үлес аласың".

image.png

"Есті адамдардың мынадай үш үлкен қасиеті болады: біріншіден жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден -ешуақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден - төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді",- дейді Лев Толстой. Сол үш қасиет те адамның ішінен шығатын ар-иман үкімінен болады. Сондықтан да Менандрдың: "Әр адамның құдайы - өзінің ары" дегеніне мойынсұнамыз.

Адамға ащы татпай тәтті қайда?

Тер төгіп тапқан абзал адал пайда.

Әркімді жаратпаған тәңір жайға

Өлшемі адамшылық, туралықта!- деп Қожа Ахмед Иасауи ақылман ертеде-ақ айтып кетіпті. Біз оқушы кезімізде орысша киімі мен жан жағы келісті етіп қырылған сақалын көріп атеист деп ойлайтын Ыбырай Алтынсарин айтады: "Әрбір жақсы амалдардың асыл түбі иманнан, яғни иланудан келеді. Иманнан бұрын намаз, ораза мәнісін үйретіп мұсылман етемін деуші кісі күнәhар болар",- дейді. "Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі тексермей кеткен кісі тәуір жігіт түгілі, әуелі адам ба өзі",- дейді Абай.

Мейірімді болу үшін әдепті болу керек. Әдепті болу үшін ақылды болу керек. Ақылды болу үшін оқу, оқығаныңды тоқи білу керек. "Адамдағы нысап, әділет, мейірім - үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша ождан деген ұғым туады. Мұны орысша совесть деп атайды",- дейді Шәкәрім "Үш анықта". Тағы да:

"Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды".

Және:

"Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан", - дейді.

Үмітіңді үзбе. Үміт түнгі аспан сияқты, қай жағынан қарасаң да жаңа жұлдыздар көргендей боласың.

Жақсылық пен жамандықтың тағдыры бір Алладан деп мойынсұнып, шүкіршілік ете отырып, болашақтан үміт ету, өзіңнен артылып өзгеге жақсылық жасай алатын дәрежеге жетуге тырысу, ол үшін білім алуға, ізденуге, заңдарға бейімделіп, қолға алған кәсібіңді мықтап меңгеруге ұмтылу керек. Азға тоқмейілсігеннің алар үлесі аз болады. Адам үмітсіз өмір сүруі мүмкін емес, бірақ үміттену талаптылыққа, жетілуге ұмтылуға негізделмесе, үміті қиял күйінде қалып қояды. Жалған сеніммен құры қарап отырған адам өз өмірін жақсарту үшін күрестен аулақтайды.

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып,"көппен көрген ұлы той" деп,

Береді бұл надандық кімге пайда?- деп қазаққа Шәкәрім 100 жыл бұрын айтып кеткен.

Күнәдан арылудың жолы - тәубеге келу. "Қай елде діннен безу және Құдайдан баз кешу бел алса, ел-жұрт түрлі азғырушыларға еріп ынтымақ-бірліктен айрылса, ол елдің ақырзаманы жақын",- деген екен Әмір Темір.

"Мұсылманшылық кімде жоқ,

Тілде бар да, ділде жоқ",- деп Базар жырау дінге шын сену мен жай әдетке айналып кеткен, жұрттың бәрі жасағаны үшін жасайтын рәсімге айналдыру екі басқа екенін айтқан.

Аңыз: Адамдық ақыл-парасат, шариғат, хадистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған тұрмысқа шықпақ болған патша қыз Мәликенің барлық сұрақтарына жауап берген Әбділдәға Мәлике басын иген. Соның бірі: "Өзіңде бар, оны беруге асықпайды, өзінде жоқты алуға өзгеге жұмсайды, ол қандай адам,- деген сұрақ еді. Оған Әбділдә: Бұл ақырзаманның дүмше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лайық қасиеттерді өзінің бойына сақтамайды,- деп жауап берген екен.

Екіншісі: - Шыққан тесігіне қайтып сыймайтын не?

- Бұл - жаман сөз, ауыздан шықты, қайтып кіргізе алмайсың.

Әбунасыр Әл-Фарабидың "Азаматтық саясат" деген еңбегін оқысаң, оның дүние жайлы ойларын, адам өмірі, оның рухани өмірі жолдарын қалай түсіндіретінін білесің, адамға сенім қажеттілігін, өзіне-өзі сену керектігін, сол арқылы ішкі рухани патшалықтың көктегі күшпен тілдесе алатынын, адамның ғаламдық дәрежедегі көре білу қабілетінің қасиетін сезінесің. Сөйтесің де рухани тазарасың, ішкі дүниең босап, жаның рахаттанып қалады.

Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде: "бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу - үш ай ораза тұтқаннан жақсы",- дейді. Пайғамбардың өзі де құр күтіп отыра беретін соқыр сенімді емес, оқуға, ілім-білімге, ізденуге үндегені осыдан-ақ көрініп тұр.

"Сенімнің үздік белгісі - төзімділік, екі жақты шыдамдылық",- дейді тағы да. Жақсылық пен жамандықтың бәрі Құдайдан болса мен ізденгенмен, ұмтылғанмен не болар дейсің демей білімге, өнерге ұмтылу арқылы жетілу иманның басты қағидасы деп тану керек. Жеңіске өзінің ақтығына, адалдығына, сонымен бірге, қабілеті мен жігер-күшіне сенген адам ғана жетеді. Сондықтан адам иманға сенім келтіре отырып өзінің танымдық қабілеттерін жетілдіріп отыруы керек. "Таным мен сенім -кісінің қос қанаты",- дейтін ұлағатты сөздің астары осы.

Түгел алғың келсе өмірдің ырысын

Таза болсын сөзің, ойың, жұмысың,- деп Жүсіп Баласағұн жырлағандай діни сенім ой тазалығы, сөз тазалығына жетелесе, ғылым-таным, оқу, іздену, өзін-өзі шыңдау арқылы жұмыс ілгері жүреді, осылайша ілгері баса бергенде ғана өзгелерден қалмай өркениетке жетеміз.

Сенім туралы бір мысал: Мәшhүр Жүсіпке бала көтермей жүрген бір әйел: "Тұмар жазып беріңіз, септігі тиер ме екен",- деп өтініпті.

Тұмарды алған соң екі ұлды болған әйел, оны қастерлеп сақтапты. Қартайып, өлерінде тұмарды балаларына тапсырып жатып, осы тұмарды алған соң олардың дүниеге келгенін айтыпты. Бірнеше жылдардан кейін екі ұл тұмарды ашып оқыса, ондағы дұға араб қарпімен жазылған: "Я, Алла, мені Мәшhүр Жүсіп етіп жаратқаның рас болса осы әйелге бала бер",- деген сөздер екен. Сенімнің күші деп осыны айтпаймыз ба?!

"Қиянаты бардың иманы жоқ", - депті Шәкәрім қажы.

"Қазақ тілінде "таза" адам деп үсті-басының тазалығын ғана емес, ар ұятының тазалығын айтады",- деген екен Ғабит Мүсірепов.

Өмір - ылғи жұпарлы жеміс, гүл ме

Ой - жырасы болады тегістің де

Адал, мөлдір қалпыңда қалу деген

Оңай емес құбылған жер үстінде,- дейді Фариза Оңғарсынова.

"Арлы бол, жарлы болма",- дейді қазақ: "Малым - жанымның садағасы, жаным арымның садағасы",- дейді тағы да. Алдымен керегі - ар, одан кейінгі керегі - жан, ал мал осылар үшін садаға, ол тек аштан өлмеу үшін керек дегені. Демек, адамдықтың ең жоғарғы өлшемі - ар. Ол - жан қиюға болар қасиет. "Өлімнен ұят күшті" дегенде қазақ осы арды айтқан. Арыңа, атыңа, атаңа, тегіңе лайықсыз нәрсе жасап өмір сүргенше, өлген артық дегені. Ауыр айтылған, бірақ әділ айтылған.

Адамдықты ойласаң,

Мал мен бастан ар жақсы",- деген екен Майлықожа ақын. "Малының көптігін иманын жоғалтқан мақтан етеді",- дейді Бөлтірік шешен.

"Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын",-деген екен Сенека.

Ақтабан-шұбырынды дәуіріндегі Жоңғар шапқыншылығында алты алашқа аты жайылған данагөй Әнет баба тоқсаннан асып, жүзге жақындаған шағы екен. Жолындағыны жаппай қырғыншылыққа ұшыратып келе жатқан жаудың тегеурініне шыдамай ел кері шегініп, ауа жөнелгенде, әлі бұғанасы қатып үлгермеген екі баласын үріккен елмен бірге аттандырып: "Өсер кіндігім өркен жаяр еліммен бірге болсын, өз сүйегім туған жерімде қалсын, қайта оралар кейінгі ұрпаққа тілеулес болып ата мекенінде жатар!" деп көшкендерге ілеспей жұртта қалып қойған деседі. Үлгі деген осылай болар.

Әйтеуір анадан тәуірмін ғой деме. "Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жаман болады-дағы",- дейді Абай.

Мырзагелді КЕМЕЛ, "Ақыл қалта"

Мырзагелді Кемел. Мінез
Мырзагелді Кемел. «Отбасы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу