Мырзагелді Кемел. Достық пен махаббат.

Oinet.kz 13-09-2020 1988

"Тым болмаса бір нағыз досы жоқ адам өмір сүрмей-ақ қойса болады",- дейді Демокрит.

image.png

Мінсіз дос іздеген адам доссыз қалады.

"Жұрттың бәріне бірдей дос боламын дегендер ешкімге де дос бола алмайды",- деген Аристотель.

"Өз достарыңды бағалай біл, бірақ әкеңнің достарын құрметте",-депті Омар Хайям. Оның мәнісі: ол әбден сыналған достық дегені.

"Дос - жаманшылықта, батыр - шайқаста, адал - қарызын қайтаруда, әйел - кедейлікте, туған-туыс - кемдік тарлықта танылады" - дейді үнді нақылы.

Тегі түрік Анахарсистің анасы грек қызы болған: Өз тілімен қатар грек тілін жете меңгерген ол елінен терезесі тең адам таппай Грекияға, Солон атты философты іздеп барып: "Мен саған дос болайын деп келдім",-дейді. "Досты өз елінен іздер болар",- депті бөтенді қабылдағысы келмеген Солон. Сәл тосылып: "Сен өз еліңдесің, өз сөзіңе өзің жауап беріп тұрсың, бұл менімен достасқың келгені болар",- деген Анахарсис. Келушінің тегін адам емес екенін сезген Солон Анахарсисті жылы қабылдапты, соңы өмір бойғы достыққа ұласыпты, екеуі де сол замандағы жеті ақылманның тізіміне еніп, тарихта қалған.

Адамдардың өзара жақындасып, үйлесіп кетуі бір-бірінің пікір-көзқарастарына деген құрметтен, жолдастық жолымен басталады. Базбіреу жолдастық дегенді достық деп ұғады. Жолдастықтың достыққа ұласатыны бар, бірақ бәрі бірдей достық дәрежесіне жетпейді. Бір біріне әбден үйренісіп, сіңісіп, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтындай боп кеткен ерлі-зайыптылар мен туыстар да кездеседі. Жолдастықтан да, махаббаттан да, туыстықтан да туындайтын бұл сезім - достық сезімі, ол бәрінен биік, шынайы. Бірақ өте сирек.

Кейде достық деп жүргеніміздің көбінің есепке құрылғанын көреміз. Кей досыңның есептеп жүргенінен шықпай қалған күні теріс айналады, соның өзі жақсы. Өз тарапыңнан адал болсаң, пейілің түзу болса, мойыма. Қанша әдемілегенмен шындық сондай. Иманжүсіп: "Дос болып, қас қылғаннан сақта, Құдай",- деген.

Досыңның кемшілігіне төзе берсең өзіңе жұғады. "Ат пен есектің ақыры бір болса, мінездес болады",- дейді Мәшhүр Жүсіп. "Достарыңның арасындағы келіспеушілікке шешім айтқаннан жауларыңның келіспеушілігіне ара түскенің жақсы, өйткені екі досыңның арасына билік айтcаң, бірінен айрыласың, ал екі жауыңа төрелік айтсаң, біреуімен достасасың",-депті жеті ақылманның бірі Биант.

"Бүгінгі достарыңа ертеңгі дұшпаныңа қарағандай қара, өйткені ертең сондай болып қалуы мүмкін", - депті Б.Грасиан.

Осыған орай лак елінің мынадай аңызы есіме түседі: Түлкі жыланмен дос болыпты. Бір күні олар өзеннің арғы бетіне өткісі келіпті. "Мен жүзе білмеймін, мені мойныңа орап өт",- депті жылан. Өзеннің ортасына келгенде жылан түлкінің мойнынан қыса бастапты. "Қой" деп қойдыра алмаған түлкі қулыққа көшіпті: "Біздер жақсы дос едік, су түбіне кетерде бет-жүзіңе бір рет қарайыншы"-депті. Жылан түлкінің қарсы алдына басын тіктеп қарай қалғанда, түлкі жыланның басын қыршып үзіп тастапты. Өзеннің арғы бетіне өткен соң жыланның жансыз денесін жолға ұзынынан жатқызып жатып түлкі:"Адал дос осылайша түзу болуы керек", - депті.

Достың жалған бола беруі мүмкін, бірақ дұшпанның жалған болуы мүмкін емес. Достық қолын созғандардың көбісі келеді де кетеді, ал дұшпандар топтала, көбейе береді.

Марзбан намада: "Дұшпандарыңның көптігінен қорықпа, олардың бірігіп кетуінен қорық",- депті.“

Егер жау табам десең, өз достарыңнан асып кетуге тырыс, дос іздесең, достарыңа өзіңнен асып түсуге жағдай жаса",- деген Ларошфуко. Мұның ақиқат болатын себебі не? Егер достарымыз өзімізден асып түссе, бұл оларға салиқалы ретінде сезінуге мүмкіндік береді, ал егер сен олардан асып түссең, бұл оларды кемсітеді, көре алмаушылық және қызғаныш сезімдерін туғызады.

Сондықтан, сенің достарыңның барлығы болмаса да, кейбірі табысыңа қарағанда, сәтсіздіктеріңнен көп қанағат алары рас.

"Өзіне лайық, немесе өзінен асып түсерлік серік таппаған жолаушының сапарға жалғыз шыққаны жөн",- дейді Будда.

Қарға қарғаның көзін шұқымайды,- деген бір мақал бар. Әкем айтқан еді: соғыс кезінде өлген адамдардың қарға алдымен көзін шоқып жегенін көрдім деп. Сөйткен қарға өз қарғасының көзін шоқымаса, адамдардың осы қасаң мінезден де үйренерлік бір нәрсесі бар екен-ау деп ойладым.

Жауыңды жеңе алмасаң, онымен одақтас. Жауыңды жеңу үшін оны әлсізірек етуге тырысудан гөрі, одан күштірек болуға тырыс. Ақтабан-шұбырынды кейбір тарихшылар айтатындай тұтқиыл шабуылдың нәтижесінде болған төтенше бақытсыздық емес, жоңғарлардың жеңісі мылтық атуды үйреніп, оны өздерінде жасап шығарып, қаруланғанның нәтижесі.

Дұшпандадасқан кісіңе жақсылық жасау арқылы да өш алуға болады.

«Дұшпандарың сенің көлеңкең. Билігіңнің көптігін көлеңкеңнің ұзындығымен өлшей бер»,- деген Акбар деген билікшінің сөзі бар.

Жауларым жоқ дегенің - жетістіктерім жоқ дегенің.

"Өзіне өзі дос адам, жұрттың бәрімен дос бола алады",- деген Сенеканың сөзін Н.Рерих жиі мысалға келтіреді екен.

Махаббат өте биік ұғым, сирек кездесетін нәрсе. Оны бір ауыз сөзбен түсіндірсек: саған жақсы болуын қалаймын... Егер: «бізге жақсы болса екен» делінсе, онда теңдік бар, бірақ саудаласу да бар, ол махаббат емес.

Любовью заболеть каждый сможет,

Любовью исцелять не каждый способен,- депті ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген өзбектің ақын қызы Увайсий. Қазақшасы: Махаббатпен ауыру қиын емес, Махаббатпен емдегенге не жетер.Жан қалауынан - махаббат, сана қалауынан - достық, тән қалауынан -құмарлық туады. Демек махаббат пен құмарлық екі басқа. Қайың отпен достасуға құмартыпты. От қайыңға өзінің жалындаған гүлін ұсыныпты. Жас қайыңның күлі ғана қалыпты.

Жұбайлар бірінің-бірі көңіл күйі уақытша болмай қалу құқығын сыйлағаны дұрыс, үйлену өз құқығыңды басқаға беріп, оның міндеттерін бөлісу деген сөз.

Тең теңіне өте сирек кездесетініне еркегінің билігі мен байлығын әйелінің жүріс-тұрысын көргенде көзің жетеді. Әйеліне қарап еркегін бағала,- дегенді осыған да жатқызуға болады.

Ақиқат пен бақыт

Шындық қолға ұстап келе жатқан алау секілді, ұстағанның қолын күйдіреді.

Адам шындыққа кездеспей тұрмайды, бірақ көбісі оны айналып өткісі келеді.Шындық жек көргізеді.

Шындық майысуы мүмкін, бірақ сынбайды.

Шындықты айт, ашуланба, сұрағанға азғантай болса да бер. Осылай ғана Құдайтағаланың дегеніне жақындауға болады,- дейді Будда.

Шындық көп, ақиқат біреу.

Тұмаудың жұқпалылығы, тез тарайтыны, денсаулықтың жұқпалы еместігі, бос сөз оңай тарап, ақиқаттың тарауының қиын екендігі сияқты.

Қателесіп, қайғы шекпеген, қиындық көрмеген кісі ақиқаттың да, бақыттың да не екенін білмейді.

Ақиқат жол-жөнекей жұлып ала салатын гүл емес, ол ұзақ жолдың түпкі мақсаты,- деген Гераклит.

"Саған ұнамағаны үшін ақиқатты жоққа шығарма",- депті Чернышевский.

Таң қалу үшін бір сәт қана жетеді, ал таң қалдыру үшін бір өмір де жетпей қалуы мүмкін.

Картаға қарасаң, бүкіл бір құрылық алақандай жерде екенін көресің. Бірақ сен тұрған қала сол картада бір ақ нүкте. Содан қорытынды жасай бер.

Піл мен масаның суретін бір жерге салсаң, пілді кішкене, масаны үлкен етіп салуға мәжбүр боласың.

Ит құйрығын бұлғаңдатса, сүйек тастаймыз; үрсе, таяқтағымыз келеді.

Оңбағандарды іздеме. Оңбағандықты жақсы адамдар да жасайды. Мың қарғаны бір кесекпен үркітуге болатынындай, ойсыз тобырды бір ауыз сөзбен ертіп кетуге болады.

Көзсіз берілу - сатқындықтан онша алыс емес.

Алдымен дастарханның төрінде тұрып, босаған соң лақтырып тастайтын бөтелкеден, төменде жылы орны бар, пайдаланып болған соң тазалап жоғары алып қоятын шәйнек жақсы.

Әр ісің қағида бұзады, біреуі - адамгершілік қағидасын, біреуі -Құдай сөзін, біреуі - өз қағидаларыңды.

Оттың ертеңі - күл. Қатты жанған алау тезірек сөнеді.

Шөпті арнайы, жұмсақ, құнарлы топыраққа ексең, түгел шықпайды да, асфальттың жарығына түсіп кеткен бір-екі дән өседі.

Бір кеселге көп дәрі қолданып жатса оның жазылуы қиын болғаны.

Үлкен тасқа сүрінбейді, айналып өтеді.

Әкке сөндіру үшін су құйса, жанады.

Жай тұрғанда сені бағындырып тұратын адамдар болады.

Ұжымда жұмыс істегенде, бір жұмысты басқалардан гөрі тәуірірек атқарсаң, алдағы кезде сол секілді жұмыс сені табатын болады.

Өзіңе жәрдем беретін сөзді өзіңе-өзің айта алмайсың.

Шөлдеп тұрғанда көзенің әсемдігін көзің көрмейді.

Теңіз ойыншық бола алмайды, ал аквариум керісінше. Кішкене нәрселерге қызығасың, үлкен нәрселерге құрметпен қарайсың.

Жаман адамдар бізде көп деген бекер сөз. Бірақ жақсы адамдар азы рас.

Өмір түрлі заңдылықтар мен ережелерден тұрады. Ол күнделікті тәжірибеден жинақталады. Артур Блох деген американ жазушысы 1977 жылы "Мэрфи заңы" кітабын бастырды, сонда мынадай ойнақы тұспал бар: "Егер бір жайсыздық болуы тиіс болса, ол міндетті түрде болады". Бұл ой өмірде Мэрфи заңы аталып қалып қойды. Осы секілді заңдылықтар мен ережелер әртүрлі.

Питердің принципі: Адам қызмет сатысында өзінің қабілеті жете алмайтын биікке дейін көтеріледі.

Тыңдау аксиомасы: Әсершіл адамдар бірнәрсеге көңілі толмағанда, сөйлескен адамынан ақылшыны емес түсіне білетіндерді көргісі келеді.

Көзқарас иллюзиясы: Адам басқа біреуге өзі қандай көзбен қараса, оның да өзіне сондай  көзбен қарауын тілейді.

Зимерги заңы: Қажет болмай қалған жұмысты істеп тастауға дайын адамдар көптеп табыла кетеді.

Шайтанның суретін салу ережесі: Шайтанның суретін салу қораздың суретін салудан оңай, өйткені шайтанды ешкім көрген емес, сондықтан ұқсамайды деп ешкім айта алмайды.

Лерманның байқауы: Сізге әрқашанда я уақыт, я ақша жетпей тұрады.

Тоддтың алғашқы екі саяси принципі:

- Сізге не айтып жатса да, барлық шындықты түгел ақтарып айтпайды.

- Не туралы айтылса да, сайып келгенде, әңгіме қашан да ақша туралы болып шығады.

Уотергейт принципі: Үкіметтегі коррупция қашан да ол үкімет орнынан түскен соң хабарланады.

Алинскийдің радикалдарға арнаған ережесі: Мәселеге араласудан аулағырақ тұрған адамның өз пәктігін сақтап қалу мүмкіндігі көбірек.

Мейердің заңы: Күрделендіру оңай, жеңілдету қиын.

Люст заңы: Барлық әйел жалғыз ғана данасы қалған затты сатып алғысы келеді.

Ширлидің заңы: Адамдардың көбісі бір-біріне лайық.

Бір бөлмеде жату ережесі: Қорылдайтын адам алдымен ұйықтап кетеді.

Таныстардың кездесіп қалу принципі: Егер сен көшеде біреумен келе жатып, мені ешкім көрмесе екен деп тілесең, таныстар кездесе беретін әдеті бар.

Гейтс заңдылығы: Біреуге қиналғанда жәрдем берсең, кейін ол қарамай кеткенмен, қинала қалса, алдымен есіне сен түсесің.

Деннистон заңы: Қайырымдылықтың өзі - жаза.

Эдельштейннің ақылы: Сіз жайында өзгелер не ойлайтынына бас ауыртпаңыз. Олар сіздің өздері туралы не ойлайтыныңызда білгісі келіп мазасызданып жүр.

Мидер заңы: Егер бір оқиға кездессе, ол тек менің басымда ғана болған екен деп ойлайсың.

Свипл ережесі: Кім қаттырақ айғайласа соған сөз беріп құтылады.

Паркинсонның тоқтата тұру заңы: "Кейінге қалдырайық" деу орындамаудың ең шошынарлық түрі.

Паркинсонның аксиомасы: Әрбір бастық қарсыластардың емес бағыныштылардың санын көбейтуге тырысады.

Джейдің басқарудағы бірінші заңы: Жағдайды өзгерту - басшының басты қасиеті, ал жағдайды басқалардан бұрын өзгерту - білікті басшының белгісі.

Мэтчтің нақылы: Жоғары қызметке ие болған ақымақ адам, таудың басында тұрған адам сияқты: төмендегілер оған ұсақ болып көрінеді, ал төмендегілерге өзі ұсақ болып көрініп тұрғанын сезбейді.

Хансеннің баяны: Адам мезгіл-мезгіл шындыққа сүрініп тұрады, бірақ әрқашан ұшып тұрып, ештеңе болмағандай әрі қарай жүре береді.

Менкен заңы: Қолынан келетін адам жұмыс істейді. Қолынан келмейтін біреулерге үйретеді. Үйрету қолынан келмейтіндер - басқарады. Басқару да қолынан келмегендер - билік етеді. (соңғысы - Мартиннің қосымшасы).

Ерегістің бірінші заңы: Ешуақытта ақымақпен ерегіспе, адамдар екеуіңнің айырмашылығыңды байқамай қалуы мүмкін.

Букер заңы: Ең кішкене тәжірибе үлкен теориядан артық.

Бридж ойынының бірінші заңы: Айыпты қашанда әріптесің.

Рейберн ережесі: Келісіммен өмір сүргің келсе - келіс.

Басшылықтың толыққанды еместігінің бірінші заңы: Бастыққа өзіңнің ақылдырақ екеніңді білдіре көрме.

Перкинс заңы: Төмен отырған сайын таяқты көп жейсің.

Стюарттың кері әсер заңы: Келісіп алғаннан сұрап алған жеңіл.

Уитцлер заңы: Кімдікі дұрыс екені білінбейтін жерде кім жауапты екені көрініп тұрады.

Шредер заңы: Бір шешімге келе алмаудың өзі жұмсақтықтың белгісі.

Хлейдтің заңы: Күрделі мәселені шешуді жалқау қызметкерге тапсырса, ол ең оңай жолын табады.

Купердің метазаңы: Жаңа заңдарды орындамауға болатын жаңа жолдар табылады.

Осы айтылған заңдылықтардың бәрі өмірлік тәжірибеден алынған және әмбебап.

Өмірге байсалды көзқарас принципі біздің организмімізге күніне тым болмаса жиырма минут тыныш жалғыздық керегін айтады. Ішкі дүниенің тыныштығы бізді ең негізгілерді қосалқылардан айыруға, жүйкені қалпына келтіруге, кездейсоқтыққа дайын болуға, көрегендікке, байқағыштыққа, түсіністікке және ақылға келуге үндейді.

Африкандықтардың ұлттық поэзиясының алты шарты -бүкіладамзаттық постулаттардың жиындығы мынау:

Бірінші - жастай жер жастанбау;

Екінші - кедейшілікке ұрынбау;

Үшінші - қиындықты көп көрмеу;

Төртінші - өмірдің дәмін ұғыну;

Бесінші - балалардан бақыт сезіну;

Алтыншы - соңғы ұйқыға алаңдамай, жаныңның қиналмай аттануы.

"Бақыт - бостандықта, байлық - еңбекте",- дейді қазақтар. Бальзак: "Бақыт - өжеттік пен еңбек арқылы келеді",- дейді. Американ экономисі Ю. Стэнли бақыттың мынадай формуласын ұсынады:

Бақыт = Игілік : Қалау.

Демек, үсті көп болып, асты азая берсе, қорытынды ұлғаймақ. Басқаша айтсақ: бақытқа қол жеткізу игілігіңнің көбейіп, көңіл қалауыңа кететін бейнет пен шығын азайғанда жүзеге асады.

"Бақыттың мәні - парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, адамның мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында",- дейді Әл Фараби.

Ақиқат пен бақыт бір біріне байланысты. "Басқа бақыт қонғанда сенен асқан данышпан жоқ, бақыт бастан тайған күні өзіңнің кім екеніңді сезесің",- дейді біздің қазақта.

Бақытқа қол жеткізгісі келгендер күнделікті рахат пен қажеттілігін шектей білу керек, өйткені рахат сезімнің көбейіп кетуі бақытқа кедергі келтіреді.

Сенека бекер айтпаған: "Бақытты деп біздер рахатқа жирене қараудан рахат ала білетіндерді айтамыз",- деп.

Мырзагелді Кемел. «Отбасы»
Мырзагелді Кемел. Уақыт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу