Наурыз келді. Өлең
Наурыз келді, халайық, наурыз келді,
Кең дала да құлпырып сала берді.
Тіршілікке жан бітіп, енді, міне,
Жаңа жылым береке ала келді.
Таң бозарып келеді қырдан асып,
Көктем күні келеді нұрын шашып.
Жан-жануар, адамзат түрленгендей,
Жеміс ағаш құлпырды гүлін ашып.
Қыз-келіншек үлбіреп, гүлдей жайнап,
Тамылжыды бау-бақша, бұл-бұл сайрап.
Егін егіп, жер жыртып кең далада,
Еңбекшінің еңбегі кетті қайнап.
Келді бүгін аңсаған наурызың,
Бәйшешектер ашады ақ қауызын.
Жаңа жылдың лебінен ел жаңарды,
Наурыз тойдың ұзаққа сақта жырын.