Сәкен Сыбанбай. Бұ жұртқа не көрінген?
– Отағасы-ау, оянсаңшы. Жұмысыңнан қалып қоярсың.
Мұндай сөзді әсте ұмытқан мен құлағыма сенуге қорыққандай қыбырсыз қаттым да қалдым. Тоңған иыққа жапқан тондай жып-жылы лебіз шынымен-ақ қылымсуға қыры жоқ Қатыштың аузынан шықты ма? Әншейінде «Біреу атып кеткендей тырайып қашанғы жатпақсың? Елдің еркегі елең-алаңнан тұрып, есіней-құсынай жұмысына жөнеді, үйді бұзғалы келе жатқан бульдозердей дуалды дірілдетіп қорылдаудан қолы тимейтін маубас сен ғана!» деген ойбайымен оятатын оған бүгін бірдеме көрінген бе? О, тоба!
Ұйқым ұшты-күйлі ғайып болғасын әлдекім белінен басып кеткен резеңке ойыншықтай басым қағжаң етіп атып тұрдым. Асығыс киініп, ауызғы бөлмеге өтіп едім, ас үй жақтан шыққан араныңды ашар ғажап иіс таңқы танауымды тарс еткізіп жарып жібере жаздады. Таңырқаған мен тапырақтап жетіп бардым да, жайнап тұрған дастархандағы дайын асты көріп, дағдарып қалдым. Жай-жапсарды түсіндіре ме деп жарыма қарасам, сүйіп қосылған сәулемнің де сүйкімі бүгін айрықша арта түсіпті. Әдетте тылтиған триконы тырыстырып киіп, үстіне ағылшынша алабажақ жазудан көрінбейтін футболка іле салатын әйеліме мына қызыл гүлді халат керемет жарасады екен ғой! Жел жұлқылаған селеуше қобырап жүретін қолаң шашы да бүгін бұзау жалағандай бып-биязы.
«Құдай біледі, бұл құбылу тегін емес!» деп түйген мен:
– Немене, бүгін үйге қонақ келуші ме еді? – деп, барлау жасап көрдім.
– Қайдағы қонақты айтасың, үйге сенен жасырып адам шақырады деймісің?
– Онда мынаның бәрі не? – деппін құдды ас үй астаң-кестең боп жатқандай.
– Немене, соншама таң қалып? Бәрі осылай болуы керек емес пе? Қызықсың! – деп, ол жайдары жымиды.
Түк түсіне алар емеспін.
– Жаңа мені оятқан сен бе?
– Енді кім болушы еді? Жай ма сенікі?
– Жай…
Әйелдің әзәзілдігіне бойлап бола ма, бәрібір осы өзгеріс атаулының шынайы екеніне сене алмадым. «Дені сау қатын қараптан-қарап таң атпастан даладай дастархан жасай ма? «Әй!»-ден басқа әйбат сөз айтып көрмеген байына «отағасы» деп, ойын-күлкіге айналдыра ма? Зіркілге үйренген зілді дауысты зым-зия қылып, жыланның өзін жылататындай жылы үнге көше ме? «Осы бәлені басына ақ құйғандай ғып шығарып сап, мейманымды мейлінше мелдектетіп, жақсылап күтейін» деген зымиянның тірлігі ғой мынау. Тілдері сүйреңдегенде талай бейшараның етін жеп, сүйегін ғана қалдыратын өсекші құрбылардың құрылтайы өтетін болды-ау бүгін» деп тұжырдым ақыры.
Шайынып болып, шайға отырғаным сол еді, бесіншіде оқитын бұзығым күнделігін алып арсалаңдап жетіп келді. Бұлар бүгін өзара келісіп алған ба, немене өзі? Осыған дейін «екі» мен «үштің» мәңгі егесер майдан даласы боп келген, «бес» түгілі, «төрттің» төбесін көру мүмкін емес күнделікте қос бірдей «өте жақсы» деген баға тұр! Бас салып баламның дымқыл мұрнынан дым қоймай сүйе жаздап, өзімді-өзім әрең тоқтаттым. Ұлымның «Қатарымнан қалатын болдым, қашан белесебет әпересіңдер?!» деп қақсап жүргеніне біраз болып еді, мына «бестер» сол арманға жету үшін ғана алынған арзан бағалар сияқты сезіліп кетті де:
– Әзірге белесебет алуға ақша жетпейді! – дедім, сөз әуенімнен «әуре болма»-ны ұқтырып. «Құтты болсынның» орнына «құрып кет» дегендей болғанымды өзім байқамадым. Мені ол да жетістірген жоқ, шешесіне:
– Көкем ауырып қалған ба, немене, «бестерімді» көрсетсем, белесебетті айтып, лағып отыр! – деп жатқанын құлағым шалып қалды.
Таңғы асты таңдана отырып ішкен соң, тездетіп аялдамаға аяңдадым. Кеңседе отырғанда кесір бұзаудай кергіп, орнынан еш тапжылмай қоятын уақыттың зарығып автобус күткенде албастыдай заулайтыны бар. Құдай жарылқап, бұл жолы көлігі бар болғыр «Жедел жәрдемше» лезде жетіп келді. Бірақ автобустағы адамдар да бүгін маған біртүрлі көрінді. Бәрі көңілді сияқты ма, қалай?.. Жұрттың өзінен-өзі жадырап-жайнап жүргеніне, бір жағынан, қуанып тұрғанымен, екінші жағынан, олардың себепсізден-себепсіз күлімсірей беруі де күдік тудырады екен. Шетінен жынданайын дегеннен сау ма, әйтеуір? Не болса да, бекерден-бекер емес...
Жол-жөнекейгі аялдаманың бірінен қолына буыншақ-түйіншек ұстаған кәрі әжей мініп еді, үш жас жігіт суға тастаған бөренедей бірден атып-атып тұрып, жік-жапар бола кетті. «Келіңіз, отырыңыз!», «Жоқ, мұнда да орын бар, бері келе қойыңыз!», «Сен жаңа ғана отырдың ғой, орындығың әлі салқындау шығар, мен алғашқы аялдамадан бері отырып келе жатырмын, менің орным жып-жылы, қане, бері жақындаңыз!» деп үшеуі үш жақтан жамырап, жолаушы аңдыған Шымкент-Алматы бағытындағы автобустардың кондукторларынша өзара таласып қалды. Таласқаны құрысын, ешқашан мұндайды көрмеген кемпір байғұс таң қалғанынан талып қала жаздады.
«Талып» демекші, жоғарыдағы тұтқадан ұстап тұрған сол қолым талып кеткен соң, оны сәл демалдырмақ боп, оң қолымды көтере бергенде, шынтағым ту сыртымда тұрған жігіттің ішіне тиіп кетіп, «ыңқ» еткізді. «Бітті, қазір «бауырым, байқасаңшы, бұл тұтқа қос қолыңмен асылып ойнайтын турник емес қой!» деген сияқты тәжіке басталатын болды-ау» деп қауіптеніп үлгергенімше, әлгі жігіт маған жымия қарап:
– Ағасы, айып етпеңіз, менің ішім абайсызда сіздің шынтағыңызға тиіп кетті, ауырып қалған жоқ па? – деді.
Сасқанымнан:
– Жо-жоқ, о не дегеніңіз, ондай-ондай бола береді ғой, – деппін.
Жұмысқа келсем де, бәрі жымиып жүр. Бұ жұртқа бірдеме көрінген бе, түге? Сойған түлкідей неменеге ыржия береді? Әлде... Дереу үсті-басыма қарадым: жоқ, галстугым түзу, бәтеңкем таза, шалбарымның сырмасы жабылған...
«Айтпақшы, сені жаңа ғана бухгалтериядан іздеп жатыр еді» деді тар дәлізде қалбақтай қарсы ұшырасқан қызметтестің бірі. «Ойпырмай, не боп қалды екен?» деп амалсыз сонда бұрылдым. «Амалсыз» дейтін себебім, жұртты қайдам, мен үшін бухгалтерияға кіруден асқан азап жоқ. Маған одан гөрі тордағы арыстанға барып амандасу, тіс дәрігерінің алдынан тірі шығу оңайырақ. Өйткені, біздің мекеменің есепшісі сенің ай бойы арқа етің арша, борбай етің борша боп еңбектеніп таптым деген ақшаңды өз қалтасынан қарызға беріп отырғандай қабағы кіржиіп, қиналып, қолы дірілдеп, әрең беретіні сонша, соны алмай-ақ қойғың келеді. Амал жоқ, қажет болған соң, қиналсаң да аласың... Әйтсе де, есепшіміздің бүгін есебі түгел ме, әйтеуір:
– Келіңіз, төрлетіңіз! – деп күлімдей қарсы алды. – Мына қағазға сойдақтатып қолыңызды қойып жіберіңіз де, алыңыз сыйақыңызды!
– Сыйақы? Қандай сыйақы? Сіз қателесіп тұрған жоқсыз ба? – дедім мұндай тосын қуанышқа сенер-сенбесімді білмей.
– Кәдімгі сыйақы. Сіз кейінгі уақытта мекеме жұмысын тура өз шаруаңызды істегендей өлермендене атқарып жүрсіз. Жаныңыз қалмай, жанығып жүргеніңізді бастық екеш бастық та байқап, үздік қызметкерлерге берілер арнайы сыйақы тізіміне сізді де қосып отыр. Осы құлшынысыңызды құрдымға жібермей, құлағымен ін қазар дәніккен қарсақша дәйім жалғастыра берсеңіз, біздің бөлмеге бұдан былай да жиі келіп тұратын боласыз.
– Шын айтасыз ба?
– Әрине, – деді есепші ешқашан өтірік айтып көрмеген адал адамның кейпімен риясыз ыржиып. Айттым ғой, бүгінгі күн – айрықша күн!
Әлгінде қалтырап әрең кірген есіктен қалықтап ұшып шыққандай болдым. Жұмысты да, есепші айтпақшы, жеке тірлігімдей жең түріп, ерекше көңіл-күймен істедім. Сыйақысы құрғыр қалтамды қыздырып, сыймай бара жатқан соң, кешке үйге қайтарда базарға соғып, анау-мынау алайын деп шештім. Алма сатып тұрған мұрны қолағаштай жігіттен:
– Алмаларың қай жақтікі? Өзіміздікі ме? – деп сұрадым.
– Жоқ, Қытайдан әкелінген, – деді ол мұртынан күліп.
– Дәмі жақсы ма?
– Дәрімен піскесін қайдан дәмі болсын, сөл атаулыдан жұрдай, солғын бірдеме.
– Шірік емес, таза ғой, әйтеуір?
– Қайдағы? Көріп тұрған жоқсыз ба, көбі шірімек түгіл, құрттап кеткен. Сәл тәуірлеуі астыңғы жағында, міне, алыңыз...
Құдай-ау, бұл да жымиып тұр. Бұл да шынын айтып жатыр! О, тоба! Бүгін адамдарға бірдеме көрінгені анық!
Дорбамды ащы алма, шіріген картоп, ұрылған қызанақ, солған сәбіз, соғылған қиярға толтырып, үйге қайттым. Аялдамадан түсіп, қараңғы тротуармен келе жатыр едім, алдымнан үнді киносындағы еріккен қарақшыларша қарқ-қарқ күліп еңгезердей үш жігіт шыға келді де, бірі:
– Ағасы, темекі табыла ма? – деді даусы гүр етіп.
«Біткен жерім осы шығар» дедім ішімнен. «Әдетте бұзақылар адамға тиісуді осылай бастайды» деп естігем. Әуелі темекі сұрайды, сосын қалтасынан пышақ шығарып қорқытып, ақшаңды, ұялы телефоныңды, тәуір киіміңді тартып алады да, өзіңді итше тепкілеп, сабап кетеді. Дереу біреуге хабарласып, көмекке шақырар ем, қас қылғанда қалта телефонымдағы бірлігі түскірдің біте қалғанын көрмейсің бе? Қас қарайғанда кімнен бірлік сұрайсың? Қарақшылардың өзінен сұрау – ыңғайсыз, әрине. Мұндай пәлелерге талай рет кезігіп, тәжірибе жинақтаған таныстарым «Ондайда, ең абзалы, қарсыласпаған жөн. Саған өмір қымбат па, әлде ақша қымбат па? Не айтса да, мақұл деп келісе беру керек» дейтін. Бірақ бағана ғана әжептәуір сыйақы алғанмын, үнемі үйде ұмытып кететін ұялы телефоным да қас қылғанда бүгін қалтамда жүр, ол аз болғандай, су жаңа күртемді киіп шыққанымды қарашы! Осының бәрінен бір-ақ сәтте айрылатынымды ойлап, ішім удай ашып, жыларман болдым да:
– Мә, ақша! Мә, телефон! Мә, күрте! Бүгінгі күн таң атқалы таңқалдырып келе жатыр еді, бәсе, осыған көрінген екен ғой, әкеңнің!.. Мә, қарық болыңдар! – деп, бәрін ызалана алдарына лақтырып жібердім де, «ал ұра беріңдер!» дегендей жүрелеп отыра кеттім.
Қарақшыларым қимылсыз қатты да қалды. Шөлдеген тауықтай аузы аңқиып тұрған біреуі өзгелерінен ертерек ес жиса керек:
– Аға... сізге бірдеме көрінген бе? Әлде әртіссіз бе? Не ойнап кеттіңіз? Біз сізден темекі сұрадық қой. Темекіңіз жоқ болса, «жоқ» деп, жөніңізге кете бермейсіз бе? – деді.
– А? Сонда сендер маған тиісіп тұрған жоқсыңдар ма? – дедім аң-таң боп.
– Жоға, о не дегеніңіз? Біз қазір ешкімге тиіспейміз...
– Неге?
– Кеше бір кітап оқыдық. Өмірімізде бірінші рет... Кім еді жазған адам?
– Абай ғой деймін. – Әңгімеге екіншісі араласты. – Әлде Жабай ма еді... Әйтеуір екеуінің біреуі. «Біріңді, братан, бірің дос, Көрмесең, өмірдің бәрі бос!» деп жазыпты ғой. Бізге сондай ұнады! Біз бәріміз дос екенбіз ғой!
– Керек еді бізге мына дүниелерің! – Үшіншісі мырс етті. – Адам темекі іздеп тентіреп жүрсе...
Үшеуі қарқ-қарқ күліп ұзай берді. Жел ұшырған кірлерін жинаған әйел құсап, жердегі ақшаларымды, ұялы телефонымды, киімдерімді алып, зытып отырдым. Айттым ғой, бүгін адамдарға бірдеме көрінген! Қарақшыларға да...
Неге бүгін жұрттың бәрі жайдары, сыпайы, шыншыл, қайырымды һәм адал? Шын мәнінде өмірде бәрі де осылай болуға тиіс қой, бірақ... бұған дейін неліктен осылай болмады? Бұл өңім бе, әлде түсім бе?..
...Дарылдаған дауыстан оянып кеттім. Әйелім екен: «Біреу атып кеткендей тырайып қашанғы жатпақсың? Елдің еркегі елең-алаңнан тұрып, есіней-құсынай жұмысына жөнеді, үйді бұзғалы келе жатқан бульдозердей дуалды дірілдетіп қорылдаудан қолы тимейтін маубас сен ғана!»