Жұмат Әнесұлы: «Қуғынмен басталып, азаппен аяқталған ұлы ғұмыр»

Oinet.kz 19-12-2019 1363

Screenshot_14.jpg

1. ҰЛТЫН ОЯТЫП, ЖИЫРМА ЖАСЫНДА ҰРАНДАҒАН

«Алыстан алаш десе, аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда атам қазақ, шешем қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын».

М.Дулатов

«Алаш» қозғалысының көсемдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, жалынды ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың ұлты үшін жасаған қызметтері, шығармашылығы бүгінгі қазақ әлеміне жақсы аян. Оның өткен ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Оян, қазақ!»(1909 ж) кітабы ұлт қозғалысы дәуірінің басында тұрғаны да белгілі. Ал, «Бақытсыз Жамал»(1910ж) романы қазақ прозасының бастауы болса, «Есеп құралыда»(1911ж) математикалық оқулықтың ең алғашқысы еді. «Оян, қазақ!» кітабы Уфадан басылып шығып, бүкіл қазақ еліне аты шыққанда Міржақып Дулатов небәрі жиырма төрт жаста еді. Мұның бәрі бүгінгі қазақ тарихында жақсы мәлім деректер.

Менің бұл мақалада кеңірек айтайын дегенім мүлдем басқа. Яғни, менің аталмыш мақалам болашақ қайраткер, ақынның ХХ- ғасырдың бас кезінде небәрі   19 жасқа толған жас та, қайратты оқыған жігіттің отаршылардың езгісін көріп, қиналған ел жұртының азаттығы үшін, бостандығы үшін күресуге бел шешіп, жедел кірісіп кеткені, жастық жалыны мен бар қайратын ұлт болашағы үшін жұмсап, сол ұлы жолда көрген қуғындары мен азаптары туралы болмақ.

Торғайда орыс қазақ училищесін айяқтап, екі үш жыл мұғалім болған кезде ержетіп, азаматтық және саяси танымы қалыптасып қалған Міржақып Дулатов 1904- жылы  Омбы қаласына есімін ертеден естіп жүрген ағасы Ахмет Байтұрсыновты іздеп келіп, танысқанда Ахаң он тоғыз жасар жігіттің көзқарасына, сөз саптасына таңғалған еді. А.Байтұрсынов М.Дулатовтың өлеңшілдікке бейім екенін бірден аңғарған. Екеуі сол күннен ағалы інілі бауырдай табысып кеткен. 

Оларды әсіресе жақындастырған елшілдік ойлары еді. Содан Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Қарқаралыға келеді. Ахаң Қарқаралыда, Міржақып Зайсан жақта мұғалімдік қызмет атқарады. Дегенмен, өзара жиі кездесіп тұрады. Ахаң мен Жахаңның саяси белсенділігі күшейгені осы кез. Ахаң мен Жахаң Қарқаралы базары кезінде, басқа уақытта да қалың отырған ауылдардың арасында отаршылардың қарашекпенділерді қазақ жеріне заңсыз қоныстандырып жатқаны, жайылымдық және қыстаулық жердерді тартып алып жатқаны, қазақтың олардың тарапынан езгі көріп жатқаны жайлы белсенді насихат жүргізеді.  Содан қазақ зиялылары қостай келе, 1905-жылы Қарқаралыда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов қосылып,  патшалық жергілікті өкіметке петиция жазады.(Петицияға бір деректе  42 адам қойған десе, басқа деректерде 14 мың адам қол қойған деп жазып жүр). Бұл талап арызда орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруды тоқтату, қазақ жерлерін заңсыз тартып алуды тоқтату, жер мәселесін шешу үшін земство ашу, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ мұсылмандарын мүфтиятқа қарату  және т.б.мәселелер талап етілген. Петиция бойынша жергілікті губернатор қылмыстық іс қозғатып, жандармерия тыңшылықты жолға қояды. Соның нәтижесінде  осы петиция ісімен әуелі Жақып Ақбаев (соған дейін, патша өкіметімен қуғындалған, белгілі заңгар) түрмеге жабылады. (М.Құлмұханбеттің жазуынша Ж.Ақбаев 1906- жылы түрмеге жабылған.) Ал, кейбір жазбаларда «А.Байтұрсынов пен Ж.Ақбаев петиция ісі бойынша түрмеге бірге жабылған» деп жазылып еді, оның авторы қазір есімде жоқ. Одан кейін, осы іс бойынша  1909-қыркүйекте Ахмет Байтұрсынов түрмеге қамалады. Ахаң бұл түрмеден тоғыз айдан кейін ғана шығып, Орынборға жер аударылады. Ал, М.Дулатовтың да петиция ұйымдастыруға қатысқанын , оның алдында Семейдегі қазақтың оқығандарымен, көзі ашық белсенділермен, байларымен кездесіп, патша отаршыларының қазақ елі мен жеріне тізесі батып бара жатқанын жиі әңгіме етіп, ел арасында насихаттық қызмет істегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Менің ойымша, патша жандармериясының бұл жолғы жазасынан «құдай сақтап қалған» деп қана айтуға болады.  Аймақтық үкіметке петиция жазылғанда онда М.Дулатовтың да еңбегі болғанын М.Дулатов туралы жазғандардың бірі Ж.Ысмағұлов та атап кетеді.Олай болса, келешекте жазылатын «Алаш қайраткерлері», немесе, «Алаш қозғалысының тарихында» «Міржақып Дулатовтың  ұлты үшін жасаған саяси белсенді қызметі қазақ зиялылары мен қайраткерлерінің 1905-жылы аймақтық үкіметке жазған петициясынан басталды» деп жазылса жөн болар еді. Өйткені, М.Дулатовтың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі зерттеушілер М.Дулатов саяси ұшталып келген кезін 1906- жыл деп көрсетеді. Өйткені, осы жылы кадет партиясының , анығын айтқанда Бөкейхановтың тапсырмасымен Петерборға барады. Онда М.Шоқай және басқада қазақ зиялыларымен кездесіп, саяси көзқарасының аясы кеңейе түседі. Осында татарлардың «Ульфат» газетінің қазақша қосымшасы «Серке» газетіне М.Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы мен «Жастарға» деген өлеңі басылып шығады. Газеттегі мақала мен өлең  Міржақыптың бүркеніш есіммен жарияланған. Өлең мен мақала басылған «Серке» газетін қала жандармериясы сол күні кәмпескелейді және газеттің әрі қарай шығуына тиым салған. Өлеңнің авторын іздеп, әуреге түседі. Бірақ, бұл кезде Міржақып Дулатов елге жүріп кеткен еді. «Серкедегі» өлеңі қанаттандырған  М.Дулатов елге келе шығармашылықпен айналысты. Қазақтың отаршылардан көріп жүрген қорлығы, езгісі, жас ақынның көкірегінде бірге қайғы, күйік болып, біте қайнады. Міржақыптың өлеңдері жанындағы достарынан, әсіресе, ұстазы әрі ағасы Ахаңнан  рухани қолдау тапты. Ақыры, М.Дулатовтың осы аралықта өлеңдері Уфадағы Каримов  баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен кітап болып басылып шықты. Дәл осы уақытта А.Байтұрсыновтың  «Қырық мысал» атты кітабы да жарық көрген. Екі кітап та қазақ арасына қазірде тез тарап кетті. Ауыл арасындағы сауаты барлар кешке қарай бүкіл ауылды жинап алып, «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалды» оқып беруді әдетке айналдырған. Оныншы жылдары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімдерін білмейтін қазақ болмады. Кей еске алушылар «Ауылдарда«Оян, қазақ!» пен «Бақытсыз Жамалды» оқығанда көздерінен жастары пар парлап ағып, жылап отырушы еді» дейтін. Осы сөздерден кейін маған «Оян, қазақтағы!» 

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетіп, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты..» деген жолдарын құлағымен естіп көкірегіне тоқып, намысын қайрап отырған жан елестесе,

«Бақытсыз Жамал» романын көзі қарақтылардың  әсіресе, мына жолдарды 

«Қыз байғұс қолға түске сандуғаштай,

Торында өмірі өтер кілтін ашпай.

Сатады мал көп берген кісі болса,

Кетеді жылап сорлы қарсыласпай...» деген жолдарды оқығанынан  естіп, егіліп, жылап отырған, қазақтың небір сұлу қыздарының күйікті бейнесі көз алдыма келе қалады.

Міржақып Дулатовтың 1909-жылы кітап болып шыққан «Оян,қазағы» мен АхметБайтұрсыновтың «Қырық мысалы»  қазақ жұртына үлкен серпіліс әкелді. Отаршылдыққа қарсы ұлттық күрес дәуірінің екінші толқыны болды десек те, қателеспейміз. 

Ендеше осының алдында айтқан сөзімізді  еске түсіре кетсек, ХХ ғасырдың бас кезіндегі, тап басып айтсақ , 1905-жылғы А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтың және т.б. қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен жазылған және аймақтық патша өкіметіне жолданған ПЕТИЦИЯСЫ қазақ тарихындағы жалпы қазақ ұлтының отаршылдыққа қарсы білдірген алғашқы саяси қозғалысының бастауы болды десек, артық емес. 

Шешендігімен, шығамашылдығымен, елшілдігімен қазақ арасында зор еделгі ие болған Міржақып .Дулатовты сонау  петиция жазылған 1905-жылы ақ «ел арасына іріткі салушылар» тізіміне қосып, патша жандармериясы қудалауды бастағанын қадап айтқым келеді. 

2. М.ДУЛАТОВТЫҢ ТҮРМЕГЕ АЛҒАШ ҚАМАЛУЫ

Біздің әңгімеміздің негізгі түбірі- М.Дулатовты патша өкіметінің қуғынға салуы туралы еді.  Міржақып Дулатов патша жандармериясы тыңшыларының назарына   

1905-  жылы іліккенін жоғарыда айтып кеттім. Аймақтық өкіметке петиция жазуды ұйымдастырғандардың бәрі жандармерияның бақылауында болған. Сол себепті және тыңшылардың деректеріне орай, Ж.Ақбаев, одан кейін А.Байтұрсынов түрмеге қамалған. Ал, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтың сол кезде жауапқа алынбауы дәлелдердің аздығы немесе аталған кісілердің Семейден шалғайда болуынан деп ойлаймын. (М.Дулатов ол кезде Зайсанда, ауылдық жерде мұғалім болған.)1906- жылы М.Дулатов Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Петерборға барады. Онда Мұстафа Шоқай тәрізді қазақ біраз оқыған зиялыларымен кездескен. 1907-осы қалада шығып тұратын «Серке» атты газетке өлең мен мақаласы (жоғарыда айтып кеттім) жарияланып, сол үшін патшаның бас жандармериясының  «іріткі салушылар» тізіміне ілігіп, іздеу, нақты есімін анықтау және тұтқындау тапсырылған. Бірақ, Петербор жандармериясы өлең авторын іздегенде, М.Дулатов Омбы поезына отырып, жол тартып кеткен. 

1909- жылы Уфада Каримов деген баспагердің баспасынан « Оян,қазақ!» атты кітабы шыққаннан кейін, М.Дулатовтың атағы қалың қазаққа кеңінен жайылып кетеді. 

1910-жылы Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романы Орынбордан басылып, ел арасына тез тарайды. Міржақыптың есімі халық арасында аңызға айналады. Бұл аймақтық жандармерияны қатты алаңдатады. Тыңшылары арқылы ел ішінен Міржақыптың үстінен нешетүрлі жала ұйымдастырады. Соның негізінде  1911-жылы Міржақып Дулатовқа айып тағып, Семей түрмесіне жабады. Жалпы, М.Дулатовтың осы жылы түрмеде отырғаны туралы деректер зерттеуші  

Ж.Ысмағұловтың және Міржақыптың ағасы Асқар Дулатовтың қызы Ботагөздің естеліктерінде  бар. Сол жолы М.Дулатов түрмеден біржарым жылдан кейін ғана босап шыққан. Шетте жүрген Міржақыптан көп уақыт хабар болмай, ауылдағы туыстары М.Дулатовтың тұтқындалғанын «Айқап» журналының тоғызыншы нөмірінде жарияланған хабардан білген. Онда М.Дулатовтың Қызылжардан Семейге барғанын, соңында полицейлер қалмай жүріп, сол жерде тұтқындап, үйін тінтіп, ондағы «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал» кітаптарын кәмпескелеп, түрмеге 

жапқанын жазған екен. Сол қамалғаннан М.Дулатов түрмеден бір жарым жылдан кейін ғана шығыпты.

Ол туралы М.Дулатов Асқар ағасына Орынбордан жолдаған хатында «...Семеймен хош айтысып, ізімді білдірмеуге тырысып, Түркістан қаласына жеттім.Жасырын күнкөрісте болғандықтан сіздерге уақытында хабар бере алмадым...» деп жазыпты.

Міржақып Дулатов патша жандармериясының қуғындауынан қашып,  Түркстандағы  қазақ оқығандарының бірі Садық Өтегенұлының үйінде төрт бес ай тұрады. Мірякуб (бүркеніш аты) осы аз уақыттың ішінде Түркістандағы өзбек, дұнған ағайындарының арасына өз замандастарындай сіңісіп кетеді. Оларды Мірағамыз өлеңдерімен, айтқыштығымен, әзіл қалжыңдарымен, өнерімен тәнті еткен. Солар Міржақып Дулатов Орынборға қарай жолға шығарында Садықтың үйінде шығарып салу дастарханында отырған кезде достасып кеткен өзбек саудагерлері Міржақыптың алдына бір бума ақша тастайды, Міржақып оны сыпайылықпен алғысы келмесе де, Садық болмай алғызыпты. Ол кезде үш төрт сомға ірі қара, не жылқы алатын кез. 

Сонымен, біраз қаржымен М.Дулатов Орынборға келеді.Сонда Міржақып Дулатовтың өзінің жазған хатында

« 1913-жылдың бас кезінде Орынборға келдім. Сондағы жазушы ғалым, өзімнің ұстазым, әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып, сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап, газет шығармақ болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бөкейханов қолдады. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Өкімет орындарын жағалап жүріп, әрең дегенде рұқсат алдық. Түркістанда жиналған мол ақшаны, «Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірттері қосқандарын осы іске бағыштадық...» дейді. 

Ұлттық газет шығаруды Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов сонау 1904-жылы Омбыда кездескен кезде армандаған.  Сол армандаған «Қазақ»газетінің бірінші саны 1913-жылы 2-ақпан күні Орынборда басылып шыққан жолы, Ахаң мен Жахаңның осыдан тоғыз жыл бұрын сөз қылған қиялдарының жүзеге асқанына өз көздеріне өздері сенбей, керемет халде болғанына таңғалуғада болмас. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов осы «Қазақ» газеті арқылы елін ояту үшін, санасын жаңғыртып, көзін ашу үшін, ел, ұлт болып, бірігуі үшін бар ерік қайраттарын жұмсады. Екеуі де қазақ басына байланысты кез келген мақаланы ерек құлшыныспен, «елім»деген ерекше махаббатпен жазды. Газет авторларының сол

жақындығын, жанашырлығын қазақ елі бірден ақ сезді. Содан «Қазақ» газеті ел арасында беделі өсіп, халықтық газет болып кетті ғой. «Қазақ» газетіне алғашқы шыққан кезінен бастап, Ә.Бөкейханов, Е.Омаров, Т.Шонанов, Х.Домұханбетов және т.б қазақ оқығандары өзекті мақалалар жазса, М.Жұмабаевтың, БМайлиннің, С.Торайғыровтың өлеңдері де жарияланып тұрған. 

Патшалық өкіметтің бақылаушы өкілдері «Қазақ» газетінің шығуын қатаң бақылауда ұстап отырды. Цензор болды. Газетке талай штраф салынып, бір рет Ахмет Байтұрсынов түрмеге жабылды. Ол жерден ел болып, Ахаңды босатып алды. Газетке салынған штрафты төлесті. 

«Елім» деген қазақ оқығандарының барлығын  патша өкіметі үнемі қатаң 

бақылауда ұстап отырды. Сол бақылаудың ішіндегі ең қаталы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың үстінде болды. Қазақ ұлтшылдарын жандармерияның арнаулы тыңшыларының бақылауы сонау жылы патша билігі жойылғанға дейін тоқтаған жоқ. Патша билігінің орнына Уақытша өкімет келіп, патшалық билік жүйелері бет -бетіне тарап кеткеннен кейін ғана қуғында болған қазақ зиялыларының біраз тыныстары кеңейіп, ұлт мәселесін кеңірек қозғауға мүмкіншілік алған кез еді.

Қазақ  жері 1917-жылдан 1920- жылға дейін аласапыран оқиғаларға толы кезең болды. Елді бірде Уақытша өкімет, сосын ақгвардияшылар, большевиктер билеген шақтар болды. Соған қарамастан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған қазақ оқығандары  Қазақ елінің мемлекеттігін құру үшін күресті. Қазақ жұртының алғашқы сиезін және екінші сиезін өткізді, Алаш партиясын құрды. Большевиктермен қолдарына қару алып, шайқасты. Осы өтпелі кезең 1919-жылға дейін созылды. Бұл жылы Кеңес өкіметі осы күнгі кеңістікте билікті тегіс қолдарына алған уақыт еді. Соған байланысты Ә.Жангелдин мен А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ленинмен, Ұлттар кеңес комиссиясының басшысы И.Сталинмен Қазақ елінің автономиясы мен шекарасы жөнінде келіссөз жүргізілген. Оның нәтижесі 1920- жылы қол қойған  Қазақ автономиясының құрылу жөніндегі Қаулысы еді. Сол кездегі Қазақ автономиясының шекарасы осы күнгі тәуелсіз Қазақстан шекарасымен ептеп сәйкес келеді. (Заман талабына сәйкес, кезінде сәл пәл шекаралық өзгерістер болған). Одан кейін, А.Байтұрсынов большевиктердің көсемі Ленинге хат жазып, Алаш партиясының  қайраткелеріне кешірім жасауды өтінген еді. А.Байтұрсыновтың бұл өтініші де ескеріліп, бүкіл ел алдында  ресми кешірім жарияланған. Бірақ, 1920-жылы Қазақ автономиясы құрылғаннан кейін, бай- кедей болып бөліну, тап- тап болып өзара күресу  күшейіп кетті. Жиналыстарда Алаш қайраткерлерін ашық тілдеу, үстерінен жалалы арыз жазу көбейген.  Большевиктердің ресми кешіруінен кейін Алаш азаматтарының жай- күйі біршама 

жеңілдегендей болғанмен, 1921-жылдан кейін Кеңес қызметіндегілердің жағдайы,беделі біршама төмендей бастады.Қызметтен шығарып тастау, жауапқа тарту көбейді. Ақырында, сол жылы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты  Семейде тұтқындайды. Одан әрі екі тұтқынды Орынборға жіберген. Олар түрмеде бір жылға жуық отырған. М. Дулатовтың жары Ғайнижамал  1922-жылы елге жазған хатында Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтың  «1919-жылғы Ленин мен Калинин қол қойған ұлтшыл партиялардың мүшелеріне кешірім жарияланған қаулысына сәйкес босатылғанын және Кеңес үкіметіне адал қызмет етуге мүмкіндік берілгені» айтылыпты.

3. СОҢҒЫ ТҮРМЕ, СОҢҒЫ АЗАП

Алаш қайраткерлеріне кешірім жасалғаны және мемлекеттік қызмет атқаруға мүмкіндік берілгені» туралы анықтама М.Дулатов пен ағайын туыстарының көңіл күйін біршама жайландырған. Жақаң (Міржақып) босанғаннан кейін Орынборда, Қазақ автономиясының жаңа орталығы Қызылордада, одан кейін Ташкенде, Семейде түрлі қызметтер атқарды. Жоғарғы оқу орындарында сабақ берді. Бірақ, жан тыныштығын таба алмады.

Бірнеше жылға созылған аласапыран азамат соғысы 1921-1922-жылдары ашаршылыққа әкеліп, елді күйзелтіп жіберді.  Ел енді еңсесін көтере бергенде, тап күресі, дінге қарсы күрес күшейе түсті. Қазақ еліне келген ең үлкен ауыртпалық Қазақ үкіметінің басына Голощекин келгеннен кейін басталды.  Ең әуелі ол А.Байтұрсынов негізін қалаған төтенше ғаріпті латыншаға көшіру мәселесін көтерді. Одан кейін байларды кәмпескелеу науқанын бастап кетті. Голощекиннің  осы әңгүдік саясатынан кейін статистикалық деректерге қарағанда, қазақтың жалпы саны екі есеге жуық кеміген. Мал басы ең төменгі көрсеткішке жетіп, нәтижесі ел 1932-1933-жылдары тағы да аштыққа ұшыраған. Голощекин алқалы жиындарда тап күресін ушықтыра түсті. Әсіресе, Алаштың оқыған азаматтарына қысым көрсетуді, қуғындауды күшейтті.

Ақырында 1928-жылы М.Дулатовты  Қызыордада қызмет істеп жрген жерінен тұтқындады. Бірер күннің ішінде А.Байтұрсынов, Х.Досмұханбетов, М.Әуезов, Ж.Ақбаев  және басқада көптеген Алаш қайраткерлеріде түрмеге жабылған. А.Байтұрсынов бастаған бір топты сосын  Алматы түрмесіне жөнелткен. М.Дулатов, Юсупов, Ж.Аймауытовты Мәскеудің Бутырка түрмесіне апарып, М.Дулатовты жалғыз кісілік камераға қамаған. Аяулы Жахаңа (Міржақып) қағаз қалам бермеген, хат жазуға рұқсат етпеген. М.Дулатовтың Алаш партиясының белді көсемдерінің бірі болғанын, Қазақ автономиясын басқарып тұрған Голощекинде, НКВДның комиссары Дзержинскийде жақсы білген. Бутыркада М.Дулатовтың  өте қатаң жағдайда ұсталуыда осылардың тікелей бұйрығымен істелген деуге болады. Тек, екі жылдан кейін, 1931-жылы  Мәскеуде үштік сот болып,

М.Дулатовты Ақтеңіздегі Сосновец аралына айдауға жібереді. Тағдырдың қаталдығы -ай, Жахаң сол жерде айдауда жүрген туған ағасы Асқармен кездеседі, жүдеп, әбден қалжырап кеткен. Ахаңның ағасына көмектесер қолында қайраны  жоқ еді. Өзі Бутыркада жатқанда астма ауруына ұшыраған, Сосновецкінің ылғалды ауасы ауруын асқындата түскен.Содан М.Дулатовты лазаретке жұмысқа қойып, ағасы Асқарды Котлас деген жерге айдап жіберген. Содан А.Дулатовтан хабар болмаған екен. 

Ғайнижамал Жахаңның сүйіп қосылған жары. Ғайнижамал (Досымбекова, бұрынғы тегі) қызылжарлық Сыздық Өтегенұлы деген оқыған кісінің қызы. Ғайнижамалда оқыған, қатарының алды, сұлу қыз болған. Міржақып Дулатов Горькийдің әйелі Е.Пешковаға хат жазып жары Ғайнижамалмен кездесуге рұқсат алып беруге көмектесуін сұрайды. Екі айдан кейін кездесуге рұқсат қағаз келіпті. 1934-ЖЫЛЫ Ғайнижамал Сосновец аралына үлкен қиындықпен жетеді. Қасында ұлы Әлібек болған. Жахаң өзінің ауыр жағдайын сезгеннен бе, Ғайнижамалға елге қайтуға кеңес береді. 1935-жыл қайғы үстіне қайғы жамаған жыл болды.  Жахаңның ұлы  Әлібек аурудан қайтыс болады.  Сонау Алаш заманынан бері Ахмет пен Міржақыпты  мұқым қазақ «Ахаң мен Жахаң» деп құрметпен атаған.  Ахаң мен Жахаңның шығармашылықтары да үндес, идеялары да үндес, елшілдік ұрандары да үндес ұлтының болашағы үшін күрескен тұлғалар еді. Жахаңның ұлы Әлібек қайтқанда (Алматыда) Ахаң (өзі де Архангелскіден айдаудан оралған кезі)  Ғайнижамалға келіп, қатты толқып отырып«Гая, шырағым,қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп  түсті...Арты тек қайырлы болсын.Қалғандардың, Міржақыптың амандығын тілейік. Ақырын сұра. Әлібектің қайтыс болғанын Міржақыпқа естіртіп, хат жазбаңдар. Өзі ауырып жүргенде қиналып қалар. Артымда ұл- қызым бар деп үміті үзілмей жүрсін» деп жүрегі қақ айрылып, көңіл айтқан екен. Көп ұзамай 1935- қараша  айында М.Дулатов туралы НКВДдан қаралы хабар келгенде Ахаң « Айналайын, Ғайнижамал, не айтарымды да білмей отырмын!» деп егілген екен.Екі көзі жасқа толып, еңкілдепті. ( Г.Дулатова «Шындық шырағы"»кітабынан). НКВД хабарламасында «М.Дулатов лазаретте аурудан көзжұмды» делінген.

Қайран Жахаң! Елу жасына толмай, өкініште өмірі үзілді. Небірі жиырма жасында қайнаған қанымен, жалындаған жанымен А.Байтұрсыновпен тізе қоса отырып, Қазақ елінің келешегі үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, күресті! 

Жиырма жасынан бастап, ұлтына жасаған қызметі үшін патша жандармериясының қуғынына ұшырады. М.Дулатов небәрі елу жасының отыз жылын қуғын сүргінде өткізген. Өмірінің соңғы жеті жылын түрмеде, сосын Сосновец аралында  өткізген Міржақып Дулатов ұзақ азапты күндерден кейін  1935-жылы бұ дүниеден өткен.

Міржақыптың сүйкті жары Ғайнижамалда көп ұзамай, қайтыс болған. Артында Гүлнар атты қызы қалды. Сол Гүлнар Дулатова  ХХ-ғасырдың  бас кезіндегі Алаш тарихы мен қазақ  өмірін бейнелеген тамаша «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес оттары»атты естелік кітаптар жазып қалдырды.

Міржақып Дулатовтың ұстазы, ағасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1935-жылы Алматыда НКВД ғимаратында атылып, Алматының шет жағына белгі қойылмай жерленген. Ұлт шырағданы Жахаңның мүрдесі Сосновкадан туған жеріне әкелініп, қайта жерленді. Торғайда ескерткіші қойылып, мұражай ашылған.

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері,қоғам қайраткері , халқына мәңгілік мұра қалдырған көркемсөз шебері, ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың жалын мен қайратқа толы бейнесі ұрпақтан ұрпаққа үлгі болмақ. Маған:

«Арғы атам ер түрік,

Біз қазақ еліміз.

Ат мінсек ерленіп,

Дуылдап шабамыз.

Лап десек, ерленіп,

Лапылдап жанамыз!...» деп Жахаңның өлеңімен жігерленіп ұрандатып бара жатқан келешектің жастары көз алдыма келеді.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, жазушы

Сәкен Сыбабай. Микрофон алдындағы ойыншы
Менің жазғы демалысым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу