Сәкен Сыбабай. Микрофон алдындағы ойыншы

Oinet.kz 18-02-2019 943

Жанкүйерліктің жазылмас ауруы қанына сіңген жандар жақсы біледі: футболды дыбыссыз көру – түк те қызық емес. Стадиондағы көрермендердің құлақ тұндырар қуатты шуылы мен ойын барысына түсінік беріп отыратын комментатордың мәнерлі дауысы болмаса, мылқау кино көргендей мәңгіріп, ешқандай әсер ала алмайсыз. Сондықтан да репортаж басталмас бұрын «бүгінгі ойынды кім жүргізер екен?» деген сауалдың әркімнің де көкейін тесері хақ.

Screenshot_11.jpg

Комментатор көп, бірақ…

Құдайға шүкір, қазір теледидарда футбол аз емес (жалпы, арналарымыз спорттың қай түрін де кенже қалдырмауға тырысуда). «Қазақстан» мен «ҚазСпорт»» ел чемпионаты мен кубогының ойындарын көрерменге тұрақты ұсынып жүр. Одан қалса, «КТК» арқылы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы матчтарын да жиі тамашалауға мүмкіндігіміз бар. Ұлттық арнамыздың алдағы маусым айында Бразилияда өтетін әлем чемпионатын түгел көрсетуге рұқсат алғаны да қуантып отыр.

Яғни, футбол көруден кенде емеспіз. Ал сол ойындардан жүргізілетін репортаждар көрерменнің көңілінен шыға ма?

Бұл сұраққа әр жанкүйердің өз жауабы бары анық. Көпшілікті қазіргі кей комментаторлардың репортаж жүргізу әдісі, кәсіби деңгейі, біліктілігі қанағаттандыруы мүмкін, тіпті кейбірін ерекше іш тартып, жақсы көрулері де ғажап емес. Олардың біразы елге біршама танымал, қайсыбірі кейінгі жылдары ғана шыңдала бастады, енді ғана үйреніп жүргендер де бар (ешқайсысының атын атап, түсін түстеуді қажет санамай отырмын, себебі, бірен-сараны болмаса, көпшілігінің есімі арнайы атауға да тұрмайды). Рас, осыдан он жыл бұрынғы жалпы деңгейдің біршама өскеніне келісуге болар, алайда маған комментаторларымызға жетіспейтін нәрсе әлі де көп секілді көрінеді. Әсіресе жекелей алғанда мұндай кәсіп майталманының бойынан табылуға тиіс критерийлердің әйтеуір бірінен ақсап жататыны өкіндіреді.

Мәселен, олардың көпшілігіне тіл шұрайлылығы, сөз байлығы жетіспейді. Сөздік қор жұтаң болғасын, өзіне қолайлы азын-аулақ сөз оралымдарын қолданады да отырады. Рас, қазақ тілінде спорт терминдері түгел жүйеленіп, айналымға еніп үлгерген жоқ. Мұндай қордалы мәселенің бары айқын, бірақ, біріншіден, өмір оған қарап тұрмайды, ешкім де «әуелі тілдік уайымдарыңды шешіп алыңдар, сосын ойнаймыз» демейді, футбол болып жатыр, репортаж жүргізілуге тиіс; екіншіден, бұл – комментатордың білім-білігіне де байланысты мәселе, ізденімпаз, тапқыр адам кез келген тығырықтан шығудың жолын таба алады.

Тартымды дауыстан жұрдай, сөйлеу мәнері қалыптаспаған, әр сөйлемін «і-і-і...» деп ебедейсіз кідірістермен бастап, өте шабан ойлайтын, бір қақпаның маңындағы ахуалды айтып бітем дегенше, доп қарсы қақпадан бір-ақ шығатын «комментаторларымыз» да аз емес. Көпшілігінде табан астынан тауып айтар тапқырлық та жоқ, таптаурын тәсілмен аяңдай беруге үйренісіп алған. Тағы біреулері репортажды әлдекімнің (кешіріңіз, әрине) қазанамасын оқып отырғандай сезімсіз, эмоциясыз, әсерсіз жүргізеді. Мұндай «тәсілді» баяғыда жұртшылық «комментарийность» деп мысқылдаушы еді. Тақырыпты терең түсіне білмейтіндері де кездеседі. Ең бастысы, кәсіби біліктілік, көрерменнің талғам-талабын түсіну және тұлғалық қасиет, нақтырақ айтқанда, харизма жетіспейді. Жетіспейтіні – көпшілігінде өмірлік те, кәсіби де тәжірибе жоқ, өйткені, басым бөлігі – өрімдей жастар. Өзі кеше ғана футбол көріп бастап еді, бүгін микрофон арқылы бүкіл қазақ көрерменін «өз аузына қаратуға» мүмкіндік алды! Аузынан әлі ана сүті кеппеген бала ала доптың небір аламанына куә жасамыс жанкүйерге не жарытып айта алады?

Яғни, осы саланың бүгінгі ақсақалдарының бірі, ресейлік Юрий Розановтың: «Я против того, чтобы молодые люди без житейского опыта садились за микрофон», – деген сөзіне бек қосылуға болады. 

Жанкүйердің сырласы

Футбол репортажын топтанып алып, улап-шулап отырып көретін адамдарды өз басым онша түсіне бермеймін. Ондайда ойынның бүкіл сыры мен қырын аңдау қиынға соғады, өйткені, комментатордың әңгімесіне құлақ та түргізбей, бәріне түсініктеме беріп, жағы сембейтін жанкүйер кез келген ортадан табылады. Шын мәнінде, ойынның құдіретін де, оны баяндаушының қадірін де репортажды жалғыз (немесе екеу-үшеу боп) тамашалаған жан ғана ұғына алмақ. Нағыз комментатор ондайда сені өз әңгімесімен сиқырлап, жалғыз екеніңді де ұмыттырып жібереді. Мәселен, марқұм Владимир Маслаченко – мен үшін сондай сырлас адам сияқты еді: дауыс, образды тіл, жан-жақты білім, кәсіби өре (өзі бұрын атақты қақпашы болған), ойын қызуын дәл бере білетін эмоцияшылдық, қысылтаяң сәттен қалжыңмен-ақ шығып кете алатын тапқырлық, көгілдір экран алдындағы көрерменнің сезіміне әсер ете білу, тіпті әлгі харизмаңызға дейін осы кісіден табылатын. «Мен жасыл алаңмен баяғыда қош айтысқаныммен, ойнауды бір сәтке де доғарғаным жоқ, тек енді мен микрофон алдында ойнап жүрмін» деп еді ол бір сұхбатында. Расында да, қақпашы кезінде допты қандай ептілікпен қағып алса, комментатор боп жүріп те ұтқыр шабытпен сөйлейтін. 

Оның 1988 жылғы Олимпиаданың финалынан жүргізген әйгілі репортажы қандай ғажап! Матч соңында КСРО құрамасының шабуылшысы Юрий Савичев бразилиялық қақпашы Клаудио Таффарелмен жекпе-жек шыққанда, комментатордың «Савичев, убегай, забивай, я тебя умоляю!» деген айғайы жанкүйер жадынан мәңгі өшпес классикаға айналды. Ал 1999 жылы Мадридтің «Реалы» Киевтің «Динамосымен» кездескенде, үзіліске дейін тамаша ойнаған мадридтік Кларенс Зеедорф екінші таймда қайта-қайта қателесіп, өз серіктеріне емес, керісінше, киевтіктерге пас берумен болды. «По-моему, во втором тайме Зеедорф играет за киевское «Динамо» – мұндай мысқылды Маслаченкодан басқа кім айтуы мүмкін?

Әйгілі грузин комментаторы Котэ Махарадзе: «Сізді жанкүйерлердің өте жақсы көретінін қалай түсіндірер едіңіз? – деген сұраққа былай жауап беріпті: «Білмеймін. Мен әйтеуір комментаторлық кабинаға ешқашан ашулы келмеймін, бүкіл репортаж бойына бір команданың немесе ойыншының атына кекесін, келеке сөз айтып, білгішсініп отыру менде мүлде болмайды. Комментатор міндетті түрде әділ де мейірімді болуы керек. Сондай-ақ ол өз аудиториясының ерекшеліктерін де ескергені жөн. Елу жыл бойы бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған нью-йорктік бір таксистен сол табысының себебін сұрағанда, ол: «Бұған таң қалатын ештеңе де жоқ: мен алдымда келе жатқан немесе өзімді басып озып бара жатқан көліктердің жүргізушілерінің бәрін жынды деп есептедім де, соған сай әрекет еттім» депті. Біздің жұмыс та сол сияқты: репортажды миллиондаған «жындылар» тыңдайды, егер сүйікті командасының атына бір орынсыз сын айтылса, олар комментаторды түтіп жеуге шақ қалып отырады».

Қазір біз түгілі, Ресейдің өзінде «бұрынғыдай шебер спорт комментаторлары жоқ» деген пессимизм басым. Василий Уткин, Владимир Стогниенко, Виктор Гусев секілді мықтылары бар елдің жанкүйерлері өз комментаторларына көңілі толмай жатса, біздің тоқмейілсуімізге тіпті бола қоймас. «Қазақстан» ұлттық арнасы кейінгі жылдары спорт көрсетілімдерін тек қазақ тілінде ұсынып жүр (бұрын қос тілде еді). Басқа арналарымыз әлі де репортаждарды екі тілде жүргізіп келеді. Бұл да – тек біздің елде бар мәселе…

Қазақшасын Рабат Жәнібеков, Қынабай Аралбаев, орысшасын Диас Омаров, Қайрат Жантикиндер жүргізген кеңес заманындағы репортаждардың өзіне жұртшылықтың көзқарасы ала-құла еді. Сәтті шықса мақтап жүретін, ойдағыдай болмай жатса, наразылығын ашық білдіретін футбол әуесқойының бәріне бірдей жағу да мүмкін емес шығар. Дегенмен, көгілдір экран алдында көріністі тамашалап қана қоймай (кімнің кімге пас бергенін, кімнің гол соққанын, әрі-беріден соң, оның өзі көре де алады ғой), ойынның рухын сезініп, әсеріне бөленіп, құдіретін түйсіну үшін комментатор сөзіне құлақ түретін көрерменнің оған қашанда талапшыл келетінін есте ұстаған абзал. Себебі, жоғарыда аталған В.Уткин айтқандай, «Репортаж дегеніміз – сені топтанған тобырдың тыңдауы емес. Репортаж дегеніміз – сенің теледидар алдындағы миллиондардың әрқайсысымен сырласуың».

Жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері
Жұмат Әнесұлы: «Қуғынмен басталып, азаппен аяқталған ұлы ғұмыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу