Ұлы тұлғалардың оғаш әрекеттері
19-01-2023
Бейімбет Майлиннің қызы Рәзия Майлинаның естелігінен:
Әкем көп жазатын. Қашан көрсем де жазады да отырады. Бір күні түн ортасында оянсам жазу үстеліне төніп, қолынан қаламы түспей отыр.
— Папа, демалмайсыз ба? Не жазып отырсыз? – дедім.
— Қалқам, бұл жұмысты тезірек бітіруім керек. Мәскеуде орыстың жазушысы Максим Горькиймен кездескенмін. Сонда ол әңгіме арасында "Қазақтың арасында батыр жігіттер болды ма?" деп сұрап еді. Мен Аманкелді Иманов жөнінде айттым. "Онда оны халыққа кеңірек таныту керек" дегендей ой айтты. Аманкелді туралы біраз деректер таптым. Соларды қағазға түсіріп отырғаным ғой. Таяуда Аманкелді туралы кино шығады, — деді.
Қазанның алтысы күні таңертең әкем келді үйге. Жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Біздің үйдегі дағды — жазда саяжайда боламыз. Оқу басталар алдында ғана үйге қайтатынбыз. Шешем осы уақытта баламен саяжайда еді.
Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер.
— Майлиннің пәтері ме?
— Иә.
— Папаң қайда?
— Папам үйде жоқ.
— Жоғы қалай?
— Мамамның қасында. Саяжайда.
— Алдама, – деп мені ысырып тастап кіріп келді. Олармен жағаласып папам жатқан бөлмеге мен де кірдім.
— Азамат, Майлин. Тұрыңыз. Сіз тұтқындалдыңыз, — деді екеуінің бірі.
Папамның екі қолын көтергізіп қойды. Қалтасынан партбилетін, паспортын алды.
— Қазір үйді тінтеміз, – деді әлгілер.
Біз өзі — дүние-мүлікті көп жинамаған адамдармыз. Әкем ақшаны кассаға салатын. "Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам" дейтін. Келгендер диванды, шкафты ақтарды. Әлгі екеуі папамның жұмыс кабинетіне кірді. Онда негізінен кітаптар бар. Екі-үш қабырғаны алып жатыр. Әлгілер кітаптарды шашып, ақтарып жатыр.
— Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, — деді. Жаңағы екеуі жүк машинасын шақыртты. Кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Содан кейін "черный ворон" шақыртты.( Түсі қап-қара, кішкентай машинаны жұрт осылай атайтын). Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: "Сен баланың үлкенісің. Анаңды күт. Мына бауырларыңа қамқор бол" деді. Сол жерде ботадай боздап қалдық. Пәтеріміз екінші қабатта еді. Балконға жүгірдік. Әкем төменге түскеннен кейін төбеге қарап біраз тұрды. Сол кеткеннен әкемді көрген жоқпын...
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды