Сәкен Сыбанбай. Ымды білмеген дымды білмейді

Oinet.kz 03-04-2019 1231

Қазақтың осы сөзі, бір қарағанда, екінің бірінің қиялына келе салатын таптаурын ой сияқты көрінуі мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, біз осы сөздің қадірін білеміз бе? Әлемде қалыптасқан ым, ишара, белгі атаулының мән-мағынасын айыра аламыз ба?

Screenshot_24.jpg

Америкалық арабты қалай қорлады?

Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) болғанда естіген бір әңгіме еске түсіп отыр. Ұзаққа созылған келіссөздерден соң әрең келісім-шартқа қол қойған америкалық бизнесмен мен араб мұнай магнаты осы қуаныштың құрметіне бокал қағыстырады: мұхиттың ар жағынан келген мейман – виски, біздің мұсылман бауыр – шабдалы шәрбатын ішеді. Сәтімен біткен іске сүйінішін жасыра алмаған «янки» айналмалы орындыққа шалқая жайғасып, әзелгі әдетімен аяқтарын айқастыра салып, теңселіп отырады: мұқият тазаланған бәтеңкесінің ұшы қарсы алдындағы әріптесінің қолағаштай мұрнына тиіп кете жаздағанын о жазған байқамайды да. Сол-ақ екен, бұлқан-талқан ашуланған араб шұбатылған ақ дишдашасын сүйретіп, бөлмеден шығып кетеді. Артынша оның көмекшісі келіп, толқыған көңілін баса алмай, орындықта әлі шыр айналып отырған америкалыққа... «келісім-шартқа тым асығыс қол қойылғанын, қожайынның әуелгі ниетінен айнып, оны бұзғалы жатқанын» жеткізеді. Америкалық бизнесмен ештеңеге түсінбей, аң-таң боп отырып қалады: бұл қалай?

Расында да, ол әріптесінің алдында неден жазықты болды? Бұл сауалға екінің бірі жауап бере алмайды. Тек арабтардың ым-ишара, әдет-ғұрпынан хабары бар жан ғана байғұс америкалыққа кешірілмес қателік жібергенін – сұхбаттасына аяқ киімінің табанын көрсеткенін түсіндіріп бере алар еді. Ал БАӘ халқын, тек БАӘ ғана емес, күллі араб әлемі жұртшылығын адамды қорлаудың бұдан асқан түрі бар деп сендіру тіпті мүмкін емес! «Ымды білмеген дымды білмейді» деген сөздің байыбына енді барған болар әлгі бейбақ?!

Үндінің басын шайқағаны – келіскені

Біз әдетте сұхбаттасымыздың пікіріне келіссек, оны қолдаған сөзімізден бөлек басымызды изеп қоштап қоятынымыз бар. Басқа халықтардың көпшілігінде де осы үрдіс қалыптасқан. Ал егер сіз үнді ұлтының өкілімен әңгімелесер болсаңыз, сақ отырғаныңыз абзал: қанша көкейге қонар уәж айтсаңыз да, ол басын шайқай беруі мүмкін. Сіз «айтқаным дұрыс емес пе сонда?» деп оған ренжи көрмеңіз, себебі, оларда келісу ишарасы, керісінше, басты шайқау арқылы білдіріледі.

Америкалыққа «жағдай қалай?» десеңіз, оның бас бармағы мен сұқ саусағының басын біріктіре шеңбер жасап, «о’кэй» дері анық. Ал осы ишараны сіз америкалықтарға еліктеймін деп Грекияда немесе Бразилияда қолдана қалсаңыз, онда құрыдым дей беріңіз: өйткені, бұл елдерде аталмыш белгі нағыз балағаттау нышаны саналады. Сауд Арабиясы мен Египетте бұл ишараңыз «мені сені құртамын» деп, доқ көрсетуді білдірсе, Жапонияда ол... «ақша төлеңіз» деген мағына береді! Бас бармақ пен сұқ саусақтың «бас біріктіруі» сөйтіп сізді әр елде әртүрлі жағдайға ұшыратуы мүмкін.

Азияда «ақтісті ақжарқын жымиыс» жоқ

«Жапония» демекші, Азияның шығыс бөлігінде, құрлықтың басқа аймақтарымен салыстырғанда, адамдар арасындағы қарым-қатынас қимыл-қозғалысқа мейлінше аз бейімделген, себебі, бұл өңірлерде сабырлылық пен байсалдылыққа баса мән беріледі. Күншығыс елінде және онымен қоңсы қонған Корея түбегінде жасы мен жолы өзінен үлкен адамға деген құрметті иілу арқылы білдіруді жөн көреді: неғұрлым төменірек иілсе, құрмет те соғұрлым молырақ деген сөз. Ал бізге, яғни, ортаазиялықтарға тән қол беріп амандасу бұларда өте сирек, тіпті жоқ десе де болады. Ол дәстүр көбіне ресми басқосулар кезінде ғана көрініс табады, онда да амандасушы адам қос алақанымен қонағының шынтағынан демеп ұстайды да қояды. Қарқылдап күлу, сампылдап сөйлеу мұнда онша кездесе бермейді, кездессе де өйткен адамның қылығын дарақылыққа балайды. Байқасаңыз, жапон, корей әйелдері күлгенде үнемі алақанымен аузын бүркемелейді, себебі, оларда отыз екі тісін түгел көрсетіп күлу әдепсіздік саналады. Яғни, голливудтық әйгілі «ақтісті ақжарқын жымиыс» мұнда тіпті де танымал емес.

Жапония университеттерінде студенттерге тіпті әңгіме барысында сұхбаттас адамның жанарынан көзіңді қалай әдепті түрде тайдырып әкетуге болатыны жөнінен де дәріс оқылады екен! Әңгімелесуші кісінің (әсіресе ол өте құрметті һәм қарт адам болса) көзіне тура қарамауға тырысу – Батыс және Орталық Азия халықтарына да тән әдет. Мұндай әдеттен бейхабар еуропалықтардың «мынау өзіне өзі сенбейтін ынжық біреу ме, әлде маған қарсы бірдеңе ойластырып отыр ма?» деп кейде қате түсінетіні де бар.

Шығыс Азияда және Үндістанда адамдар екі алақанын маңдайына түйістіріп қана сәлемдессе, мұсылман елдерінде, керісінше, қос қолдап амандасу дәстүрі басым. Кейбіреулердің қолы амандаса сала ажырауы мүмкін, кейде жолығысқан адамдар бір-бірінің қолын ұзақ уақыт қысып немесе сілкілеп тұрып алуы да ғажап емес. Мұның бәрі амандасушылардың бір-бірін қаншалықты сағынғанына байланысты. Арабтар мен түркі халықтарында көптен көрмеген жандар тіпті құшақтасып та көрісіп жатады.

Өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынаста тағы бір сақ болатын нәрсе – сүйісіп амандасу мәселесі. Солтүстік халықтарында мұндай әдет өте сирек кездеседі, ал Латын Америкасы, Оңтүстік Еуропа, Азия елдерінде жұрт жолыққан сайын сүйісуге әзір тұрады. Және бір есте ұстайтын жайт: арабтарда еркектер тек еркектермен, әйелдер тек әйелдермен ғана сүйісіп амандасады. Көпшілік орындарда ер адамның әйелді немесе, керісінше, әйел затының еркекті сүюі мұсылман әлемінде шектен шыққан әдепсіздік боп есептеледі.

Санау да әр жақта әрқалай. Көптеген елдерде санау бас бармақтан басталса, Үндістан мен Жапонияда, керісінше, шынашақтан бастап санайды. Егер сіз Дубайда немесе Мединеде сатушыға «үш газет беріңіз» деп ымдап, үш саусағыңызды – «бас бармақ, балаң үйрек және ортан теректі» көрсетсеңіз, онда ол сізге екі-ақ газет береді, өйткені, араб елдерінде санау кезінде бас бармақ есепке мүлде кірмейді...

Мамырбек көкем «отставкаға» қалай кетті?
Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу