Мұхамеджан Қаратаев. Жары Мархуманың естелігінен
Отызыншы жылдардың басы - еліміздің оқыған жастарға зәру шағы ғой. ҚазПИ-дің 1933 жылы бітірген бір топ түлегін Санкт-Петербургке аспирантураға оқуға жіберді. Оның ішінде Хамза Есенжанов, Мәулен Балақаев, Белгібай Шалабаев, Тайыр Жароков және Мұқаң (М.Қаратаев) бар. Арманы көкірегінде алып-ұшқан Мұқаң мені жетелеп, құндақтаулы он айлық сәбиін көтеріп, қиялымыздағы ғажайып қалаға жетті. Қала маңынан пәтер жалдап тұрдық. Ол жақта Тайыр Жароковтармен көршілес тұрдық. Бізге сірә, пәтерді сол кісілер іздестіріп тауып берсе керек.
Мұқаң ғылыми жұмысын сол кезде-ақ бастаған болатын, сабақтан босаса, сарылып кітапханада отырады. 1935 жылы Санкт-Петербургте Мирасымыз туды. Мұқаң аспирантурасының мерзімі бітер кезде елден: "Тезірек келіңдер" деген хабар алды.
Алматыға 1937 жылы - ең бір қиын уақытта келдік. Келген бойда Мұхаңды Жазушылар Одағының І хатшысы етіп сайлады. Ол жылдары адамдар да бір-біріне суық, әрі сенбей, үрке қарайтын болыпты. Біз сол кезге тап келіппіз. Санкт-Петербургтен елді сағынып, алып-ұшып келген көңіліміз су сепкендей басылды. 1938 жылы тамыз айының бір түнінде Мұқаңды ұстап, алып кетпесі бар ма? Жас балаларыммен жылап-еңіреп қала бердім. Үйімізді астаң-кестеңін шығарып тінтіп, бір бөлмеде ғана отыруға рұқсат етіп, қалған бөлмелерді сүргілеп, жауып кетті. Бір әскери адам келіп тексеріп кетеді. Мұхаңның Кәрім деген інісі сол кезде ҚазПИ-де оқып жүрген. "Халық жауының інісіне арамызда орын жоқ" деп, оны да оқудан шығарып жібереді.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды