Жұбайымның жан досына есім кетті
10-06-2022
Ауыздығымен алысқан асау да арынды арғымақ – өмір кімдерді арқасынан аударып тастамай жатыр. Алды арманға, жан-жағы үмітке толы тынымы жоқ шылбыр қашаған тірліктің тәтті елесінің соңынан зымырап келе жатқан қанша ғұмыр өзі де, өзге де ойламаған тұстан оқиятта омақаса мерт болды. Ол – біреудің арқа сүйер әкесі, ол – біреудің мейірімді анасы, ол – біреудің бауыр еті баласы, ол – біреудің жүрегінің жартысы еді ғой...
«Ол енді жоқ!». Қасқа маңдайын қақ жарып миына кірген дәл осы сөзден талай пенде есеңгіреп жығылған, тұрған жерінде талып құлаған. Жанындай жақын аяулысынан айырылу қашанда, қандай мықтыға да оңай соқпаған. Айтпағымыз – қазаның жайы. Анығы – арғы әлемге аттанып кеткен жанның артында аңырап қалған жақындарының жаны жайлы. Естірту, көңіл айту, көңілқос, көңілшәй және тағы да басқа «рецебі» ғасырлар бойы қалыптасқан халық ішіндегі қайғының емі жайлы мақаламыздың алғашқы бөлімінде естірту төңірегінде сөз қозғалды.
Ғылымның анықтамасын алға тартсақ, жақынының қазасын естіген сәтте адам бойында кенет көтерілген өзгеше құбылыстан белгілі ауру тудыратын бактериялар пайда болу қаупі аса жоғары екен. Ол біртіндеп ұлғайып, күндердің бір күні өзін де құлатып тынбасына кім кепіл? Кенет естіген қаралы хабарды көтере алмай жүрегі қысылып, қайтыс болып кеткен адамдар туралы да деректер аз емес. Ал біз сол қазаны естіртуде қазақтың ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрінен мүлде алыс кетіп, ол қандай жақыны, жанында адам бар ма, жоқ па, ештеңемен есептеспей атанның белін үзердей ауыр қазаны солқ еткізіп айта салатын болғанбыз. Өкінішті. Өзекті өртеп кетердей өкінішті! Бұған мысал да өте көп. Үйде жалғыз отырған әйелге «мәйітханадан хабарласып тұрмыз, күйеуіңіз қайтыс болды» деп хабарлаған жағдайдың куәсі де болған едік, жұмыста қаперсіз отырған әйеліне телефон шалып «ағаң қайтыс болып кетіпті» деген шалақазақ жас жігітті де көрдік...
Тегінде, қазаны көп болып келіп естірту және дәл сол сәттегі жұбату айтудың қаралы жанға тигізер көмек, пайдасының аса зор екенін бірлі-екілі сөзбен жеткізе қою тіпті мүмкін емес. Медицина, психология ғылымдары түгел, еш даусыз мойындаған бұл ақиқатқа тағы да сол бабаларымыз басынан өткерген шынайы жағдайларды алға тарта отырып баяндасақ көзіміз анық жете түсер еді. Қайғы түгіл қуаныштың өзін жалғыз қарсы алу пенде шіркінге оңай соқпайтынын «қуанышым қойныма сыймай...» деп, оны бір жақынымен бөліскенде ғана барып байыз табатындығынан біле беріңіз. Енді тұздан ащы, жерден ауыр қасіретті жалғыз өзі қалтасына салып қоймайтыны тіпті де түсінікті.
Аталарымыздан естіген әңгіме. Баяғыда жасы жетпісті желкелеп қалған ақсақалдың аң аулауға кеткен жалғыз ұлы далада қайтыс болыпты. Астындағы аты тастан құлап мерт болған жігіттің мәйітін көрші ауылдың жігіттері көріп, ауылдағы ақсақалдарға жеткізіпті. Үлкендер жылдам ақылдасып жігіттің қазасын естіртуге осы ауылға жолаушылап келіп жатқан ақсақалдың қасына бір жігіт қосып екі кісіні аттандырады. Екеуі түс ауа ақсақалдың үйіне келіп түседі. Бейтаныс жолаушылардың сәлемін алып, төрге оздырған ақсақал «ал, қайдан жүрсіздер?» дегендей бұрылып қарағанда естіртуге келген кісі:
«Біз бір алыс жақтан келе жатқан жолаушы едік, жолда әңгімелесіп келе жатып бір сұраққа жауап таппай, жолдағы ауылға түстік. Ол ауылдың ақсақалдарынан сұрап едік, алға жүре берсеңіздер, таудың етегінде жалғыз үй отыр, сол үйдегі ақсақалдан сұраңыздар деп бізді осылай жіберді», дейді. «Ол қандай сұрақ екен?» дейді ақсақал әлденеден сезіктеніп. – Сіз бір күні керуен жолында келе жатып ат басындай алтын тауып алдыңыз дейік, қуана қойныңызға салдыңыз, үйге алып келіп үй ішіңізді қуанттыңыз, айнала туыс мәз болысты, ептеп шетінен жұмсадыңыз. Алайда бір күні сол алтынды жоғалтқан керуен иесі келіп, алтынын таныса, сол алтын иесінікі бола ма, кімдікі болады?», - деген екен.
Сонда бұл сөзді тегін айтып отырмағанын анық білген ақсақал, ауыр күрсініп, кемпірін қасына шақырып:
«Әй кемпір, кел жақында, қолымыздан жасап алғанымыз рас, баламызды иесі алған екен, алтын иесінікі болады, иесінікі болады ғой»,- деп кемсеңдеп жылап жіберген екен.
Естіртіп отырған ақсақал ары қарай тоқтау айтып, сабырға шақырғанша іргені дүбірлетіп көрші ауылдың қадірлі ақсақалдары аттан түсіп, сау етіп кіріп келеді. Бет көрісіп, көңіл айтады...
Ақсақалдың баласын берген Алланың оны өзі алуға да хақысы бар екенін дәл осы сәтте (басқа уақытта әрине мойындайды) қабыл алуы қазаның қасіретін ішке жібермей, тосқауыл болып қалған жоқ па? Одан кейінгі қаптап келген қалың ел жерден ауыр қайғысын бөлісіп жеңілдетпеді ме?!.
Өмірдің өзіндей өлімнің салмағы да әртүрлі екені заңдылық. Шындығында Шыңғыс ханның Жошының өлімін сезе отырып, ол қазаны басқаша жолмен естігісі келуінде де адам жанының ауыр қазада сүйеніш іздер сырлы құпиясы жатса керек... Үмбетейдің Абылай ханға Бөгенбайдың қазасын естіртуінде «қазаны естудің алдында мынаны тыңдап ал» дегендей: «Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп бастап батырлармен болған небір қанды жорықтарды есіне салып, дүниеден кім өткенін өзіне болжата жырлай, батырдың қадірін, ордадай орнын жетесіне жеткізе айтып келіп: «... Сексеннен аса бергенде, Қайырылмас қаза келгенде, Батырың өлді – Бөгенбай!» деп сөз тізгінін сәл іркіп, ары қарай:
«Жыламай тыңда, Абылай! Жараға жақсы қасқарар, Ойбайлап жаман бас салар. Көріспей айтты демеңіз, Осы еді біздің келген жай», - деп жұбату айтады.
Бұл – ханға естірту. Сірә, жер шарындағы өзге де билеушілер өмірінде небір естіртулер болғаны анық, алайда дәл осындай өлім ісін өнер дәрежесінде өмірмен өре отырып шыңына шығарып естірту, қадіріне жете жеткізу сирек екені тағы рас...
Біз жоғарыдағы айтқан «жоғалған алтын» оқиғасы Шоқанның қазасын Шыңғыс төреге естірткен Келдібектің аузынан: «... Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны өзі алды», деп те келеді. Бұл айтулы тұлғаларға байланысты болған соң да ел құлағында қалған деректер.
Бір жылдың алдында әкем дүниеден өткенде әлде қайдан сумаңдап жеткен суық хабар естіртуге келе жатқан адамдардың алдына түсіп құлағымызға жеткенде құлап қала жаздағанымыз есімізден әлі кетер емес. Ел жиналып болғанша сүйенерге таяқ таппай есеңгіреп кеткенбіз. Ауа жетпей алқынған аласапыран күйде тұрып «естіртетін елі қайда құрып кеткен?» деп қалшылдап қалған жағдай осылайша өзіміздің де бастан өтіп еді. Естіртудің қаншалықты маңызды дүние екенін тұла бойымызбен сезінген едік сонда... Бұл күнде қаралы хабарды алыста жүрген жақындарына жеткізуде әлеуметтік желінің жылдамдығы алға түсіп кететін жағдайлар орын алып жататыны да рас. Дегенмен, ең алдымен «қазаны топ адам барып естірту керек» деген ұғым жалпы жұртта болатын болса, оған да тосқауыл болуға болады. (Топ адамның ішінде сөз ұстаған, тоқтау айтар адамның болғаны ғанибет, әрине). Қазаны барлық жақындары естіп болды-ау дегенде барып үй иесінің рұқсатымен әлеуметке жариялау керек шығар.
Енді бір гәп дәрігерлерде. Шіркін, біз ұлттық менталитет салтанат құрған мемлекет болсақ, медициналық оқу орындарында осының бәрі сабақ ретінде оқытылып, қызметтік этика ретінде талап қойылып, бағалануы керек еді. Оның бүкіл тетіктері қарастырылып, қалай естірту керектігі нақты жолға қойылар еді. Өкінішке қарай, емханада «операция қалай болар екен, шіркін-ай, жаны қалса екен» деп үміт пен күдіктің ортасында сең соққандай сенделіп естанды халде тұрған адамға «ол өлді» деген сөзді өтіп бара жатқан дәрігер жол-жөнекей айта салардай сазарған күйге түскенбіз. Өлген адам құнының, тірі адам көңілінің осынша арзандағаны ма, бұл сірә қандай суықтық?!. Дәл уақытында (мүмкіндігі бола тұра) қасыңнан табылмаған соң жақының не, жатың не, бәрібір емес пе енді? Ауыр қайғыға ішің өртеніп аңырап қоя бергеніңде жамырап келіп көңіліңді аулар «естірту» деген ата дәстүрің аман тұрса, сұрқай өмірдің емханадағы сүреңсіз суреті болар ма еді, болмас па еді? Дәстүрден айырылудың қасіреті осылай болады, шыдағаннан басқа амал не, тіпті кейде ауыл болып арқалар ауыртпалықты жалғыз өзің қарсы алуға тура келеді, шыдайсың. Шыдағанның зардабы да шығар жерін өзі табады, амал кем...
Иә, кейде тіпті ең жақыны елді жұбататын кезде де болған. Астанада тұратын Мұсылманбек дейтін бір ағамызбен осы тақырып көлемінде сөйлесіп отырып мынадай бір әңгіме естідім. «Бұдан он шақты жыл бұрын қырыққа келген қайынбикем жол апатынан қайтыс болды. Өзі еті тірі іскер, мінезі, ақыл-парасатымен айналасына өте қадірлі кісі еді. Туыс-туған бәрі жақсы көретін. Қызмет, кәсіп, абырой дейсіз бе, жан-жағынан жарқырап көрініп келе жатқан шағында үзіліп кетті ғой. Қаралы хабарды ести сала жан-жақтан ағылдық. Келсек, тосыннан келген ажал жақындарына, әрине қатты тиген, кейбірі қатты дауыс салып, кейбірі тіпті талып қалып жатыр.
Бір кезде енеміз келді. Текті, затты кісі еді. Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін иіткен баласының қазасы үшін ана жүрегі қандай болушы еді, қарс айырылмай ма?..
Келді. Көліктен түсе алдынан шығып дауыс салып көңіл айтқан адамдарға ізет қыла, қолдарынан бір-бір ұстап алға қараған беті жүріп келеді. Көзінен жас төгіліп келеді. Үйге кірді. Келін-кепшік, қыз-қырқында ес жоқ, қатты жылап, айқайлап та жатыр енді. Мына кісіні көргенде онан сайын бақырды. Тіпті тоқтау берер емес. Сол кезде енеміз саңқ етіп дауыс шығарды:
«Әй, басылыңдар түге! Қызымның қазасы осы отырған барлығыңа маған тигендей ауыр соқпас. Тілдерің тиіп кетпесін, Құдайдан қорқып жылаңдар. Сабыр қылыңдар!», - деді. Және оны айтқан кездегі кескін-келбетін көрсеңіз, тіл жеткісіз шынайылық пен парасат, салмақты сезер едіңіз.
Басқа сынақ түскенде ең алдымен керегі – ес жию ғой. Сол бір ауыз сөз шынымен бәрімізге ес болды. Ондай сәтте әулетке ес боларлық, саналы түрде сабырға шақырар адамның дөп айтқан бір сөзінің өзі баға жетпес байлық екен...» дейді ағамыз. Солай, солай болатын, әлі де солай. Әттең...
/Ұларбек Нұрғалымұлы, «Дайағашшы» кітабынан»/