Асанәлі Әшімов. Күнделігінен
14.02.13 жыл.
Нүкетай (Мышбаева) Сәбира апаға ұқсаған кемпір болып келеді.
11.03.13 жыл.
Сұлтан Қожықовтың 90 жылдығы. Жетім қыздың тойындай болып Кино үйінде өтті. Бұл не деген енжарлық, бейқамдық. Айналайын-ау, бұл "Қыз Жібекке" бәрін, тіпті денсаулығын берген Қожықов қой. Атақты Қожықовтар әулетінің бір ірі өкілі ғой. Енді "Қыз Жібектей" фильм туа ма, соны неге ойламаймыз?
12.03.13 жыл.
Театр. Планерка. Сәбираға Қызылорда театрының атын беру жөнінде хат жаздырып, біраз қайраткерлерге қол қойдырып, Қызылорда әкімі Қырымбекке жіберуім керек.
15.04.13.
Үлкендер азайған кез.
26.06.13 жыл.
Хабар телеарнасында "Сіз кімсіз, Ка мырза?" фильмін талқыға салды. Қуат Ахметов екеуміз болдық. Жақтаушылар бір топ, қарсылар екінші топ. Қарсылар тобында орыс тілді екі қазақ, бір орыс. "Фильм не туралы?" деп сұрақ қойды. Ең соңында "Мұндай сұрақ қоюдың өзі сауатсыздық" деп бастап, біраз түсініктеме бердім. Актер, адам тағдыры, патриотизм туралы түсірілген фильмдерді қазіргі жастар түсінбейді, түсінгісі келмейді, т.б.
2.07.13 жыл.
Қарқаралыға экскурсия жасадық. Мәдидің мазарына, ескерткішіне, Құнанбай мешітіне, Абай тоқтаған көпестің үйіне бардық. Жұпыны. Көңіл бөлінбей, қараусыз қалған өңір. Жаның күйзеледі. Орыстанудан да әлі арылмағанбыз. Ақ жол деген жерде Қалибек Қуанышбаевқа арналған музейсымақ бар екен. Екі қабатты. Жаңадан салынған. Одан да тұрған үйіне салынса одан да тартымды болар еді. Аса жұпыны. Формально! Оншақты жылдан кейін түк те қалмайды.
22.07.13 жыл.
Хабиба Елебекова (97 жаста) апамыздың ұлы Біржан қайтыс болған. Бағдат екеуміз соған көңіл айттық. Апамыз өте жақсы қартайған. Көп әңгімелестік. Жақсы әңгіме болды. Мағжанның өлеңдерін оқыды. Маған бата берді. Бағдатқа орамалын тәберікке берді. Тарихи адам ғой, көпті көрген, осы кісілерден көп жағдайды сұрап қалу керек қой. Соны ойлап жатқандар бар ма екен десейші.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды