Жынның әйелін босандырған семейлі акушер әже
16-11-2024
Есімді білгеннен біздің ауылдағы Орал есімді жігітті танимын. Жас шамасы 27-28 ге келіп қалған деседі білетіндер. Сырт келбетіне алыстан көз салсаңыз алтыншы сыныптың оқушысы сынды. Тек жақындай түссеңіз ғана отызға жетіп қалғандығына көзіңіз жетеді.
Ауылдағылардың айтуынша Орал көп балалы үйде өмірге келген екен. Дене бітімі ғана емес, ақыл-есі де жетіліңкіремей қалған. Бастауыш кластық білімі бар. Төрт жылдан кейін мектепке де бармаған. Оның себебі де жоқ емес.
Ең алғаш дүниеге келгенінде ақыл-есі бүтін болыпты. Тіптен тілі де ерте шыққан екен. Сол себепті де ата-анасы оны алты жасқа толысымен ойланбастан бірден бірінші сыныпқа апарады. Мектепте озат оқымаса да қатарынан қалмайтын. Балалардың ішінде атаманы да өзі болыпты. Ойын десе ішкен асын жерге қоятын. Сабақтан келе сала, асық ойнап немесе шана теуіп кетеді екен. Қолды аяққа тұрмайтын баланың пайдасы шамалы болғаннан соң, үйіндегілері де аса жұмасамайтын.
Бірде әдеттегідей сабақтан алып-ұшып жетеді де, жеңіл-желпі бірдеңені жей сала далаға шықпақшы болады. Үйде анасының кір жуып жатқандығын байқады. Орал үшін үйдегі тірліктің не болып, не қойып жатқандығы маңызды болмайтын. Кенет далаға шығуға оқталған сәтін байқаған анасы, әкесінің жұмыста екендігін айтып, кір жуған лас суды төгіп беруін өтінеді. «Туууу, мааам, Русланға төккізе салсаңшы несі кетеді, ең құрығанда бір шелекті көтере алатын шығар!». Оның жауабы осындай болды. Дегенмен мектепке әлі бара қоймаған Русланның су төгуге шамасы жетіңкіремейтін. Амал жоқ, бұл жұмыс кіші інісіне қалды. Көтергенінше көтеріп, шашып-төгіп апарып Руслан ол суды үйдің маңайына шаша салады. Әкесі жұмыстан келгеннен соң, анасы екеуі жақын достарының үйіне қонаққа кетеді. Әдеттегідей Оралдың бауырларының сырттарынан үлкен қара құлыпты іледі. Ал ойыннан күнделікті әдетінше түн батқанда келген Оралға ешкім есік аша қоймапты. Қараңғыда кілтті ары іздеп, бері іздеп таппаған ол үйдің бұрышына қалжырап құлай кетеді. Ойын баласының шаршап құлағанын көрген әке-шешесі түнгі екілер шамасында балаларын оятып, үйге кіргізіп, жатқызады. Ертеңінде Оралдың сабаққа баруға шамасы келмейді. Сірә, қатты шаршаса керек. Алайда, ол сол ұйықтағаннан кешкі ақшам уақытында бір-ақ оянады. Дел-сал күй кешкен ол әлсіреп, сандырақтай беріпті.
Ауруханаға жеткізілгенімен ешқандай дәрігер нақты диагноз қоя алмады. Амалдары қалмаған ата-анасы қазақы емге жүгінеді. Ал емшінің айтуына қарағанда балаға көз де тимеген, сөз де өтпеген кәдімгі жындар соққан. Лас, нас жерлерде шайтанның араласатынын көп еститінбіз мүмкін содан ба екен, немесе беймезгіл уақытта ұйықтағаннан болды ма кім білсін... Емшінің, имамдардың айтуынша кеш түсе бастаған уақыттарда яғни ақшам мезгілі жеткенде жындар оянады екен сол уақыттарда жалпы адам баласына ұйықтауға болмайды деседі. Қанша уақыт өтсе де баласын емдете алмаған ата-ана үміттерін біржола үзіп, мектептен де шығарып алды. Осыдан кейін оның ақыл-есі де, дене бітімі де сол қалпында жетілмей қалып қойды. Бір қызығы – Орал осы уақыттан бастап, біртүрлі күйге ене бастаған деседі. Қанша жерден жынды десек те, көріпкелдік қасиетке ие болған. Ауылда орын алатын оқиғаны алдын ала сезіп қоятыны бар. Әуелде оған ешкім мән бермейтін. Кейіннен келе көздері жете бастады. Оған мысал – біздің үйден төрт үй ары тұратын Көкшебай ағаның қорасы, малы, машинасы түгел өртеніп кетерде Орал сезген. Көкшебай ағаға келіп, «машинаңды сыртқа шығарып қойсаңшы, өрт шықса, ішінде бензин бар атылып кетесің ғой»,- деп ескертсе керек. Далада сандырақтап, сөйлеп жүргеніне мән бермеген болатын, шынымен де мал өрістен қайтып, үйде алаңсыз тамақ ішіп отырған сәтте өртке оранған қораның куәсі болады. Сондай-ақ, жаздың күні отбасымен алаңсыз кәуап дайындап жатқан Дидардың есік алдына келіп Орал, «Дидар, қой сойғанбысың? Неге әуре болып жатырсың, ертең тағы да соясың ғой малыңды»,- дегені бар. Расымен де, ертеңінде Дидардың жасы жетпіске келіп қалған анасы дүниеден озды.
Бала күнімізде атам мен әжем кірдің суын адам аяғы баспайтын жерге төгуімізді айтып отыратын. Солай қалыптасып өстік қой. Әжемнің айтуынша, кірдің суы – жынның суы екен. Тазалық болмағандықтан ол жерді жын – шайтандар мекен ететін көрінеді. Ал, көріпкелдерді де жындармен сөйлеседі де болашақты біліп отырады деседі. Мүмкін Орал да сол түні інісі шашып жіберген кірдің суының үстінде ұйықтап қалды ма екен? Кім білсін...