Әпкемнің бейнесіндегі елес қыз

Oinet.kz 22-06-2022 2054

Ол кезде мектептің жоғары сыныбында оқимын. Бірде үй-іші нағашымның үйіне баруға қалаға жиналды. Әкем: «ал балам, біз кешке дейін келерміз, оған дейін үйге бас көз бол» деп жолға шығып кетті. Мен үйде жалғыз қалдым. Кеш болды. Қас қарайды. Олар кешке қайтып келеміз деген соң есікті жаппай төсекте жатып, ұйықтап кетіппін. Бір кезде «Еркін тұр» деген дауыстан селк етіп оянып кеттім. Қарасам үйдің іші қаракөлеңке, ал бетіме бетін тақап маған үңіле қарап тұрған әпкемді көрдім. «Е, бұлар қонақтан келген екен ғой» деп ойладым да:

Screenshot_8.jpg

- Не болып қалды?- деймін.

- Үйдің есігін, желдеткішін жап, үйдің жанында біреулер жүр,- деген әпкемнің сөзін құп алып есікті ілгекке ілдім. Ашық қалған желдеткіштерді жаптым. Бөлмеме келсем әпкем көрінбейді. Бөлмесіне кеткен ғой деп төсекте елегізіп жатып тағы ұйықтап кетіппін. Бір кезде шырт ұйқымды бұзған «Еркін тұр» деген әйел даусынан оянып кеттім. Қарасам әпкем жанымда тұр. Таң атып қалыпты.

- Не болды,- деймін.

- Оян. Сабақтан қаласың,- деген әпкемнің сөзін құп алып тез тұрып, жуынып, таңғы асты ішуге отыра беріп, жүрегім солқ ете түсті. «Егер үй-іші келсе, есіктің ілгегін кім ашты? Мен үйде жалғыз емес пе едім?» деп ойланып қалдым. Асығыс әкем мен анам жататын бөлмеге барсам, олар жоқ. Әпкем де бөлмесінде жоқ болып шықты. Сонда мені оятып жүрген әпкем бейнесіндегі қыз кім болды? Айран-асыр болдым «Елес қыз болғаны ма? Онда елестер мені тағы мазалай бастаған ба?» деп денем тітіркеніп кетті.

Осылай ойланып тұрғанда үйдің жанына тоқтаған машина дауысын естідім. Далаға шықсам үй жандары қаладан келген екен. Әкем кінәлі кейіппен: «Балам, біз нағашыңның үйінде қонып қалдық, қорыққан жоқсың ба?» деп жатты. «Жоқ, бәрі жақсы» деп күмілжідім. Енді оларды алаңдатпайын деп әпкеме ұқсас «елес қызды» үйде көргенімді айтпай бүгіп қалдым... Содан былай «елес қыз» түн жамылып келе беретін болды...,- деген еді досым Еркін.

Ерсін Ерғалиев 

Өзімді де, іштегі баламды да дуалап немесе қарғап тастаған
Сіңлімнің ішіне жын кіруі мүмкін бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу