Қанмен серттескен мәңгілік достық

Oinet.kz 01-04-2022 1521

Диана мен Сирена бір аулада өсіп, мектепке бірге барып, бір сыныпта оқып, жастайынан дос болады. Олар үлкейгенде де бір-бірімен дос болып қалғысы келеді. Көп жағдайда адамдардың есейген шақта бір-бірінен қол үзіп кететінін айтқан Диана Сиренаға мәңгілік дос болып қалуды ұсынады. Сирена мен Диана мәңгілік дос болуға ант етеді. Сирена «қанмен серттесейік» дейді. Екі құрбы бір парақ қағаз алып, жоғары жағына «мәңгілік достар» деп, астына аттарын жазады. Сонан соң ине алып, майшам жағып, иненің ұшын қыздырады. Қызған инемен сұқ саусақтарын тесіп, қанын аттары жазылған қағазға тамызады. Солай екеуі қандас дос болады.

Screenshot_12.jpg

Арада жылдар өтеді. Қос құрбы мектеп бітіреді. Диана басқа қалаға жоғарғы оқуға түседі. Ал Сирена туып өскен қаласында қалады. Алғашқы кездері апта сайын телефон арқылы хабарласып, жиі-жиі хат жазысып тұрады. Уақыт өте Диана оқуын бітіріп, жақсы жұмысқа орналасады. Көп ұзамай дәулетті жігітке тұрмысқа шығады. Жұмысына байланысты басқа қалаға көшеді. Екі қабатты үлкен үй сатып алады. Бір жылдан соң ұлды болады. Жұмыс, үй, бала деп жүріп Диана Сиренамен хабарласуды мүлде естен шығарады. Десе де, оқта-текте құрбысы Диананың есіне түсіп қояды.

Осылай, уақыт екі достың арасын ажыратады. Олар мектеп бітірген соң бір-бірін көрмейді. Жылдар өте олар бір-бірімен мүлде хабарласпай кетеді. Бір күні Диана жаман түс көреді. Түсінде тас жолда көлігімен келе жатады. Кенет алдынан үлкен жүк көлігі пайда болады. Диана көлігін қай жаққа бұрса, жүк көлігі де солай бұрылып, әп сәтте екі көлік бетпе-бет соғысады. Диана шошып оянады. Қара терге түсіп, су болып жатыр екен. Түсі екенін білген соң аптығын басып, қайта жатпақ болады. Сол кезде біреу сыртқы есіктің қоңырауын басады. Қабырғадағы сағат тілі үш болғанын көрсетіп тұр. Күйеуі қасында ұйықтап жатыр. «Мұндай уақытта кім келуі мүмкін?» деп ойлайлағанша, есік қоңырауы қайта шырылдайды. Диана ұйқылы-ояу барып есікті ашады. Өз көзіне өзі сене алар емес. Есік алдында Сирена тұр. Бірақ оның үстіндегі киімдері ұйпа-тұйпасы шыққан. Маңдайындағы жарақаттан аққан қан бетін жауған. Арадан қаншама жыл өтсе де Диана жан құрбысы Сиренаны бірден таниды. Алайда Диананың басынан «түн ортасында Сирена мұнда қайдан жүр?» деген сауал сырғып өтеді. Десе де, ұзақ жылдар көрмеген құрбысының келгеніне қуанады. «Саған не болды?» деп құрбысына қарай ұмтылады. Бірақ Сирена орнынан тапжылмай, зомби секілді Дианаға тік қарап тұра береді. Диананың «үйге кір» деген сөзіне мән бермейді. Бір кезде «көптен көріспедік қой, Диана. Мен антымызды орындадым. Саған өлгенімді есіттіргелі келдім» деп Сирена тіл қатады. Қан тамшылаған сұқ саусағын Дианаға қарай созып, «өмір бізді ажыратты, бірақ біз өлімде бірге боламыз. Мен сені күтемін» дейді. Сиренаның сөздерін естігенде Диана есінен танып құлайды.

Диана таңертең өз төсегінде оянады. Көзін уқалап аша сала түнде көргені есіне түседі. «Өз орнымда жатырмын, демек түнде көргенім қорқынышты түс болған екен» деп ойлайды. Таңғы ас ішіп отырып теледидарды қосқанда, Диана шошып кетеді. Бағдарлама жүргізушісі түнгі үштер шамасында күре жолда жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысқанын, жеңіл көлікті басқарған Сирена атты әйелдің оқиға орнында қаза болғанын хабарлайды.

Сол бір жағдайдан кейін Диананың өмірі тозаққа айналады. Сирена Диананың ойынан бір сәтке де кетпей қояды. Диананың ештеңеге зауқы болмайды, тамаққа деген тәбеті қашады, тіпті кейде ұлын бақшадан алуды да ұмытып кетеді. Күнде қорқынышты түс көреді. Түсінде үнемі біреу есік қоңырауын басады. Диана барып есік ашады. Есік алдында өзіне қарай сұқ саусағын шошайтып «мен сені күтем» деп тұрған Сиренаны көреді. Диана күнде сол түсті көріп, қара тер болып оянады. Бірде, Диана таңертең орнынан тұрғанда тосегінде қан ізін байқайды. Артынша, сұқ саусағының басы шым ете қалады. Қараса, саусағының ұшынан қан тамып тұрады.

Диананың денсаулығына алаңдаған күйеуі оны жүйке аурулар дәрігеріне көрсетеді. Бірақ дәрігерлер бұл жағдайға түсінік таба алмайды. Күн санап Диананың жағдайы қиындай түседі. Көзі ілінсе болда, Сирена төсегінің басына келіп, сұқ саусағын Диананың бетіне бағыттайды. Сиренаның саусағынан аққан қан Диананың бетіне тамады.

Бір күні түнде Диананың күйеуі сақырлап сынған шыны дауысынан оянып кетеді. Қасында Диана жоқ. Жүгіріп дауыс шыққан жуыну бөлмесіне барады. Терезе сынған. Терезеден тысқа қарағанда, тас еденге құлап жатқан Диананы көреді. Жүгіріп далаға шығып, Диананың жанына жетеді. Диананың айналасы қан болып жатады. Тас еденнан қанмен жазылған «Мәңгілік достар» деген жазуды көреді.

(Мақала орыс тілінен аударылған)

Айнадағы құбыжық кім?
Тірідей көмілген адам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу