«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Біздің қалада бір ерекше отбасы тұрыпты. Ерлі-зайыптылардың 14 жасар Айман атты жалғыз қызы болыпты. Әкесі үнемі күн ұзақ жұмыста болады екен де, үйге түн ортасында оралатын көрінеді. Ал Айманның шешесі жұмыс істемейді, бірақ үйден шықпайды. Анда-санда дүкенге шыққанда болмаса, көршілері Айманның анасын айлап көрмейді екен. Есейіп қалған қыз анасынан неліктен тысқа шықпайтынын, көршілермен араласпайтынын, үйлеріне неліктен ешкім келмейтінін сұраса, «сен әлі баласың, уақыты келгенде бәрін түсінесің» деп ашық жауап бермейтін көрінеді.
Күндердің-күнінде анасы Айманға «мен тығыз шаруамен бір жаққа барып қайтам. Кеш оралам. Есікті ешкімге ашушы болма. Үйден ешқайда шықпа» деп тапсырады. Анасы шығып кеткен соң арада біршама уақыт өткенде үйде телефон шырылдайды. Айман тұтқаны көтереді. Арғы жақтан біреу «үйден шығушы болма» дейді де тұтқаны қоя салады. Айман алғашында бейтаныс дауыстан қорыққанмен, сәлден кейін ол жайлы ұмытып кетеді. Әкесіне хабарласып, үйге қай уақытта келетінін сұрайды. Әкесі жұмыстан әдеттегіше, түн ортасында оралатынын айтады. Үйде әке-шешесі болмайтынын білген Айман би билеп, көңіл көтеру үшін үйге достарын шақырады. Достар сағат 3-те бас қосатын болып келіседі.
Уағдалы уақытта Айманның достары үйге келеді. Тек ең жақын құрбысы Айжан келмей қалады. Жиналған достар екі-үш сағат көңіл көтеріп, сонан соң үйлеріне қайтуға жиналады. Сол кезде достардың бірі «кеш қараңғысы түскенге дейін бірге аулада ойнайық» деп ұсыныс айтады. Алайда Айман «Айжан келсе, бізді таба алмай қалады, мен үйде отыра берейін» дейді. Бірақ достары «осы уақытқа дейін келмеген Айжан енді келмейді» деп Айманды далаға шығып бірге ойнауға көндіреді. Айман достарына «сендер шыға беріңдер, мен қазір үйді сәл ретке келтіріп, бес минуттан кейін шығам» дейді.
Балалар пәтерден шықанда дәліздегі «абайлаңыздар, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тысқа қосалқы есіктен шығыңыздар» деген хабарландыруды көреді. Сондықтан балалар тысқа қосалқы есіктен шығады. Олар есік алдында Айманды күтіп тұрғанда қастарына Айжан келеді. Айжанға достары жан-жақтан «неге кешіктің» деп шуласады. Айжан үйден уақытында шыққанын, жолда бір ер кісі кезігіп «мына хатты Айманға бер» деп бөгеп қалғанын айтып, қолындағы конвертке салынған хатты көрсетеді. Бірақ сол арада қалай үш сағат өтіп кеткеніне түсінік бере алмайды. Айжан достарынан «Айман қайда?» деп сұрайды. Достары Айманның бес минуттан кейін шығам дегенін, бірақ кешігіп жатқанын айтады. Айжан «онда Айманды терезеден айғайлап шақырайық» дейді. Достар үйді айналып өтіп, Аймандар тұратын пәтердің терезесіне жақындай бергенде, есік алдында басы жарылып, құлап жатқан Айманды көреді. Сөйтсе Айманның басына жоғарыдан арматура түсіпті. Достардың бірі көршілерге кіріп жедел жәрдем шақырып, қайта шыққанда, содан сәл ғана алдын қабырғада ілулі тұрған «абайлаңыздар, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тысқа қосалқы есіктен шығыңыздар» деген хабарландырудың жоқ екенін байқайды. «Тағы біреулер оқыс жағдайға ұрынып жүрмесін, қайта іліп қояйын» деп ойлап, жан-жақты іздейді, Бірақ таба алмайды. Хабарландыру жазылған тақтайша ұшты-күйлі жоқ болып шығады.
Айман алған жарақаттан есін жимай, ауруханада көз жұмады. Айманды соңғы сапарға аттандырғалы жатқанда Айжан қасына келіп «бір кісі саған мына хатты табыста деп тапсырып еді. Бәлкім сен мені есітерсің. Саған оқып берейін» деп хатты ашады. Ішіндегі бір парақ қағаздан «мен саған айттым ғой үйден шықпа деп» деген жазуды оқиды.
Мәдина, Маңғыстау облысы
alashainasy.kz