Бәдіз деген не?
Бәдіз деп тастан жасалған мүсінді айтады. Ол жәй мүсін емес, көне адам бейнесіндегі мүсіндер. Көне маңғол, манжұр тілдерінде ол «дене, тұлға» деген мағынаны берген.
Алайда, бірнеше ғасырларға ұласқан аталмыш атау қазіргі түрік, моңғол тілдес халықтарында алуан түрлі аталып кетті. Мысалы, алтайлықтарда «көжөгө таш» (ескерткіш тас), хакастарда «иней тас» (қарт тас), «көзее паласы» (ескерткіш баласы), моңғолдарда «хүн чулуу (адам тас)», «хөшөө чулуу (ескерткіш тас)», «хүн чулуун хөшөө» (адам тас ескерткіші), қазақтарда «сынтас (сымбатты, келбетті тастар), кісі тас, тас алып, тас батыр, тасмүсін, мүсінтас, тас ескерткіш» секілді атаулар да бар. Мұның барлығы көне түрік дәуірінде қалыптасқан аталмыш бәдіз қашау салтының әр түрлі кезеңдердегі түрлі атаулары. Қазіргі қазақ тілінде «бәдіз – тастан шауып жасаған мүсін», бәдізші- зат. көне. «тас қашаушы, тас өрнектеуші, безеуші, шабушы шебер» , «тастан мүсін жасап, тас өрнектеуші адам» деп түсіндірген.
Қазірде бәдізден мойынға алқа да жасап тағынатын болған. Бәдіз кез келген тастан қашалып жасалуы мүмкін. Бәдізді мүсіншілер арнайы тапсырыс бойынша жасайды.