Абай Құнанбайұлы. Антпенен тарқайды

Oinet.kz 28-08-2019 984

content-2.jpg

Антпенен тарқайды, 

Жиылса кеңеске. 

Ор қазып байқайды

Туа жау емеске.


Анттасып алқайды1

Сен тентек демеске.

Кім анттан шалқайды

Амал жоқ жемеске.


Аз адам шаршайды,

Ебіне көнбеске.

Бас ыңғай қайқайды,

Амал жоқ өлмеске.


Ел састы, аңқайды,

Би тартты егеске.

Жұрттағы мал жайды

Ой қылар бермеске.


Өсімге қол жайды,

Тай алып серкешке.

Алмаса ол тайды,

Дап-дайын көрмеске.


Кедей би жантайды

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке.


Қайғы қып болмайды,

Өкпелеп білмеске.

Сүйтсе де оңбайды,

Бұрынғы түсті еске.


Пысықтар шалқайды,

Таласып теңдеске.

Қағысып шонтайды

Өзімен жемдеске.


Таласып тарқайды

Ақшадан төрт-беске.

Бірлікті шайқайды,

Араз боп өнбеске

Абай Құнанбайұлы. Альбомға
Абай Құнанбайұлы. Асқа, тойға баратұғын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу