Жаралы құс (ертегі)

Oinet.kz 29-07-2019 2238

Көктем мезгілі. Айдос пен оның қарындасы Айжан көктемгі шуақты күнде аулада ойнап жүр. 

Ал атасы олардың ойынын бақылап, талдан-талға ұшып қонған көктемгі құстарды тамашалап отыр. Кенет, атасы тал түбінде ұша алмай жүрген жаралы құсты байқады. Атасы немерелеріне:

 — Балаларым, анау тал түбіндегі ұша алмай жүрген жаралы құсты байқадыңдар ма?-деді. Айжан бейне ойыншық көргендей жаралы құсты қуалай жөнелді. Денесі дір-дір етіп қорыққан қорғансыз құс ағаш түбіне тығыла түсті. 

Осы кезде Айдос Айжанға “тоқта”-деп айқайлап, жаралы құсты қолына алды. Құстың бір қанатының қауырсындары қайрылып, қанап тұр екен. Айдос: “Енді не істейміз” дегендей атасына сұраулы жүзбен қарады. Атасы: “Бұл жаралы құсқа екеуің жақсылық жасасаңдар ертең-ақ ұшып кетеді”-деді. 

Айдос пен Айжан “жақсылық”- деп таңқалысты. Айдос көп ойланбастан оған “қамқорлық” қажет екенін түсінді Айжан екеуі құстың қанатына дәрі жағып, дәкемен байлап қойды. Олар оған күнде жем беріп, жарасын емдеп, өздеріне кішкентай дос тапқандарына қатты қуанды. 

3-4 күнде қанаты жазылған кішкентай достарын бұдан әрі үйде ұстауға болмайтынын сезіп, олар оны еркіндікке ұшырып жіберді. Сонда атасы немерелерінің бойындағы құсқа деген қамқорлық сезімдеріне сүйсініп, нағыз «жақсылық» деген осы,- деді.

Шудукай (авар ертегісі)
Балаларға базарлық: Қызықты ертегілер топтамасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу