Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Соңғы мәліметтер бойынша, еліміздегі дәрігерлер саны 63 881-ге, ал орта буын медицина қызметкерлері 151 178-ге жеткен. Демек, жүз елу мыңнан астам орта буын маманы күн сайын, сағат сайын, минут сайын тұрғындармен етене аларасып, тиімді медициналық көмек беріп келеді.
Қазақстанда бүгінде ресми тіркелген 68 медициналық колледж бар екен. Соның ішінде Шымкент қаласындағы «Авиценна» медициналық колледжі он жылға жуық мамандарды даярлап келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы халық көп қоныстаған аймақтардың бірі. Ал халық көп жерде медициналық мекемелердің көп болатыны сөзсіз. Оның үстіне жыл сайын аудан, қалаларда жаңа емхана, медициналық пункттер салынып, ел игілігіне берілуде. Осыған орай медицина қызмететкерлеріне деген сұраныс та күннен күнге артып келеді. «Бұрынғы жылдармен салыстырғанда жаңа оқу жылында бізге құжат тапсырып жатқандардың саны едәуір көбейген. Себебі қазір орта буынды медицина мамандарына сұраныс жоғарылап келеді. Оның үстіне біздің оқу орнымыз заманға сай оқу базасымен жасақталған. Студенттерге дәріс беретін оқыту-профессорларымыз да жетерлік»,– дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Лейля Үмбетәлиева.
Еңбек нарығына сауатты, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатында негізі 2005 жылы қаланған колледжде бүгінгі таңда республикада сұранысқа ие «мейірбике ісі», «емдеу ісі», «лабораториялық диагностика», «стоматология», «фармация», «гигиена және эпидемиология», «күту бойынша мейірбике» секілді мамандарды оқытады. Соның ішінде «лабораториялық диагностика», «стоматология» «гигиена және эпидемиология» мамандықтары бойынша білім алған студенттер өткен жылы колледж қабырғасынан алғаш түлеп ұшты. Түлеп ұшқан бойда жас мамандарға кей мекемелер «сырға салып» та қойыпты. Бізде көп жылдардан бері медбикеге екінші «сорттағы» маман деген көзқарас қалыптасып қалған. Тек дәрігердің «барып кел, шауып келі», одан басқаны талап етпейтін орындаушысы деп түсініп келдік. Алайда , медбике медицинадағы ең ауыр жұмысты атқаратынын естен шығармағанымыз ләзім. Олар уақытының 70 пайызын науқастың қасында өткізеді. Әрі оларға емдеумен қоса, күту міндеттері де жүктелген. Бірнеше жұмысты қатар атқаратын медбикелерге бүгінде көзқарас өзгеріп, олардың мәртебелері де, сұраныстары да жоғарылап келеді. Мұны осы мамандықты алып шыққан колледж түлектерінің толығымен жұмыспен қамтылып отырғанынан аңғаруға болады. Жалпы колледж түлектерінің 60 пайызға жуығы қолдарына диплом ала салып, екі қолға бір күрек таба кетеді. Бұған бірден-бір себеп оқу орнының облыстағы 100-ге тарта медициналық мекемелермен келісімшартқа отыруы. Оқу процесі кезінде осы мекемелерге іс-тәжірибеге жіберілетін студенттер барлығын көзбен көріп, науқастарға ем көрсете жүріп, өзінің білімділігі мен бейімділігін танытады. Ал білікті маман ешқашанда жолда қалмайды.
Жомарттығымен де ерекшеленіп жүрген «Авиценна» колледжінің ұжымы жыл сайын Шымкент қаласындағы «Қарттар үйі» мен «Мүгедектерді оңалту орталығының» емделушілеріне киім-кешек, тағы да басқа қажет заттарын алып беріп, жарымжан, кембағал жандардың көңілін сергіту үшін ұстаздар мен студенттердің әзірлеген концерттік бағдарламасын өткізіп жүр.
Осындай сапалы шәкірттерді даярлап отырған колледжде бес бірдей лаборатория және компьютерлік сыныптар бар. Сондай-ақ жаңа интерактивті құралдармен, гимнастикалық, сауықтыру залдары, кітапхана, асханамен қамтамасыз етілген. Колледж басшылығы білім қуып келген жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққан, мүгедек студенттерге көмегін аянып қалған емес. Олардың ішінде тұл жетімдері тегін оқуға мүмкіндік алса, мүгедек және тұрмыс жағдайы төмен білімпаздарға оқу ақысының 50 пайыздық жеңілдігі қарастырылған және дәрігерлік бақылауға алынып, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Сапалы маман даярлау үшін сапалы білім беретін ұстаздар болу керек. Осы қағидаға аса мән беретін колледжде былтыр 20 шақты ұстаз өз біліктілігін арттыртқан. Ұжым арасындағы білім мен татулықты артыру мақсатында мұнда «Бүгінгі жас маман – ертеңгі ұлағатты ұстаз» және жастардың белсенділігін артыру үшін ғылыми конференция, пәндік олимпиадаларды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бір айта кетерлігі, колледж студенттері спорт саласында өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп келеді. Айталық, «Авиценна» колледжінің қыздардан құралған волейбол командасы қала бойынша өтетін жарыстан қатарынан жүлделі бірінші орынды және гандболдан Республика көлемінде өткен сайыста алтыннан алқа тағып қайтты.
Биылғы жаңа оқу жылын колледж ұжымы жағымды жаңалықпен бастағалы отыр. Яғни, колледждің қанаты кеңейіп, студент санының артуына байланысты қосымша оқу ғимараты тұрғызылды. Жаңа корпус қыркүйектен бастап білімгерлерді қабылдауға дайын. «Оқу корпусымыздың кеңейгеніне әрине, қуаныштымыз. Жаңа оқу ғимаратымызда жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып отыр. Енді бұрынғы кезеңге қарағанда көбірек талапкерлерді қабылдауға мүмкіндігіміз артты. Оның үстіне биыл қазан айында мемлекеттік аттестациядан өткелі жатырмыз. Өздеріңізге белгілі еліміздегі барлық оқу орындары әр бес жыл сайын аттестациядан өтуге міндетті. Біз алғаш рет аттестациядан 2009 жылы өткен едік. Колледжің алға қойған мақсаттары өте көп. Алдағы уақытта бүгінгі жетістіктерді одан әрі толықтырып, дами түсеміз деген ойдамын», – дейді Лейля Өтегенқызы.
Адам өміріне араша түсетін ақ халатты жандарды даярлап, президенттің талап етіп отырған медициналық қызметтің сапасы мен оның қажеттілігінің артуына үлес қосып отырған «Авиценна» колледжіне келер жылы 10 жыл толғалы отыр.
Мұрағаттан: 14.08.2014