Ашық сабақ. Дене шынықтыру. ДЕНСАУЛЫҚ ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

Oinet.kz 26-01-2020 873

ДЕНСАУЛЫҚ ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МӘСЕЛЕ



Амангельдинов Алмас Амангельдинович
дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі
№56 мектеп-лицей, Астана қаласы



Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын құрастырады.
Салауатты өмір салтын насихаттауда, салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру мәселелерін жетілдіретін, осы саладағы басымдылықтарды анықтайтын ғылым да, өскелең ұрпақты оқыту, тәрбиелеу формалары мен жаңа әдістерді ұстанатын білім де қажет. Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы алған білімдері болашақ азаматтардың денсаулығын сақтап қалуға берік тірек болады.
Мектеп оқушыларының салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру бұл:
- Біріншіден, жеке тұлғаның өзін қоршаған жансыз және жанды табиғи ортамен жан – жақты үйлесім тауып, өз ғұмырын Отаны, елі, отбасы және өзі үшін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыру;
- Екіншіден, салауатты өмір салты – ол денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс – шараларды жүргізу.
Мектептегі оқушы денсаулығын сақтау мен қалыптастырудың басты мақсаты:
-тұлғаның психологиялық, дене – қимыл әрекеттерінің мүмкіндіктері мен жас ерекшеліктерін ескеріп, гигиеналық ұғымдарды, салауатты өмір салтының уәждамаларын, жеке бас тазалығын жете түсіндіру;
-олардың мінез – құлқында белгілі гигиеналық тұрақтылықты қалыптастыру, өзіне - өзі қызмет ету, денсаулығын сақтау, нығайту, мәдени – гигиеналық мінез – құлық дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру - бұл жеке адамның тіршілік етуге бағытталған мүмкіндіктерін қалыптастыру. Атап айтқанда, адамның әлеуметтік – психологиялық және биологиялық жақтан салауатты өмір салтын қалыптастыруға мына жағдайлар негіз бола алады:
- белсенді қозғалыс нәтижесінде организмді шынықтыру дене тәрбиесі немесе спортпен шұғылдану;
- физикалық еңбектің гигиеналық талаптарын жүзеге асыру;
- жеке және әлеуметтік гигиеналық талаптарын жүзеге асыру;
- қарым – қатынас және экологиялық мәдениетке жету;
- дұрыс жыныстық тәрбие алу;
- зиянды әдеттерден аулақ болу.
Салауатты өмір салтының бүгінгі маңызды мәселелерінің бірі – жасөспірімдер арасындағы ішімдікке салыну десек, қазіргі зерттеулерге қарағанда, оған салынудың әлеуметтік – патологиялық дамуы мына себептерге байланысты екені белгілі болып отыр:
- әлеуметтік – экономикалық жағдай;
- отбасындағы психологиялық орта;
- жұмыссыздық, мақсатсыздық немесе шектен тыс бос уақыт, т.б.
Сондықтан балаларды мектеп жасынан салауатты өмір салтына қалыптастыруға күш салып, зиянды әдеттерден сақтандыруымыз керек. Денсаулық тәрбиесі – ортақ мәселе. Халық санының өсуі, оның сапасы, деннің саулығы мемлекет әл – ауқатының дамуына мұрындық болады. Елбасы өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген еңбегінде соның 4 негізгі күшін атап көрсетті. Оның бірі – жер үстіндегі байлық деп отырғанымыз – адам, оның білімі мен іскерлігі, таланты мен мәдениеті, денсаулығы деген еді. Сондықтан қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау, білім мен салауатты өмір салтын қалыптастыру - біздің, ұстаздардың, алдымызда тұрған өзекті мәселелердің бірі. Дені сау бала оқу процесіне белсене араласады, әрдайым жайдары, көңіл-күйі жоғары болады.
Бүгінгі таңда біздің міндетіміз - әр оқушының денсаулығына нұқсан келтірмей, нығайта отырып, оқуға деген құштарлығын ояту, әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бала бойындағы қасиеттерін дамыту. Әр мұғалімнің өз сабағында дені сау адамның мүмкіншілігінің зор екенін, денсаулық ең құнды байлық екенін ескеріп және де салауатты өмір салтын ұстануға оқушыны бейімдеуі тиіс.

Ашық сабақ. Дене шынықтыру. 1 сынып. Ұзақ мерзімді жоспар
Ашық сабақ. Дене шынықтыру. Допты алып жүру жаттығулары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу