Қазақ боксының ақыл-ойы
23-01-2024
1. Көшпелі және отырықшы елдердің экономикалық-мәдени байланыстары. Қазақстанның ежелгі тайпаларында энеолит, қола және ерте темір дәуірінде көшпелі өркениеттің пайда болып, қалыптасу кезеңінде малшаруашылығы, егіншілік пен қолөнер сияқты шаруашылық бөлініс біртіндеп орныға бастаған еді. Ежелгі тайпалар көшпелі және жартылай көшпелі әмбебап шаруашылық кешенін құрады. Егіншілік өнімі жеткіліксіз болғандықтан, оларға сұраныс артып, далалықтар астықты көрші отырықшылардан және қала тұрғындарынан малға айырбастап алды. Көшпелілер мен отырықшылардың мәдени және дүниетанымдық құндылықтармен алмасуы қатар жүрді. Шаруашылық-экономикалық байланыстар арқылы бір-бірінің мәдениетін байытты. Бұл үрдіс көшпелілер мен отырықшы халықтардың киімдері мен күнделікті өмірінде айқын көрінді.
VІ–VІІІ ғасырлардағы Орта Азия халықтарының киімдері
Отырықшы-егіншілік мәдениет дамыған аймақтарда аз көлемде болса да, малшаруашылығы орын алды. Қазақстан жерінде ежелден мәдени-шаруашылық дәстүрдің екі түрі қалыптасқанын білеміз. Біріншісі – көшпелі малшаруашылығы Қазақстанның негізгі бөлігін қамтыды. Екіншісі – отырықшы-егіншілік оңтүстік аймақтарда тараған. Суармалы егіншілік, қала мәдениеті, қолөнер осы өңірдің негізгі шаруашылық түрін құрады.
Оғыздардың еңбек құралдары: күрек, шалғы; Қола құман
2. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы мемлекеттердің шаруашылық-мәдени дәстүрінің жағдайы. Ерте темір дәуірінде Жетісу жерін үйсіндер, Арыс, Талас, Сырдария бойында қаңлылар мекендеген. Оларда көшпелілікпен қатар, отырықшылық тұрмыс та өркендеген. Қала мәдениеті, малшаруашылығы, егіншілік пен қолөнер кәсібі дамыған.
Дала мен қала сауда, шаруашылық және әскери-саяси тұрғыда бір-бірімен қарым-қатынас жасап отырды. Қазақстан қалалары, қаңлы мен үйсін заманынан бастап түркі мемлекеттері – түргеш, қарлұқ, оғыз, қыпшақтар билеушілеріне бағынып келді. Қалалардың ішкі өзін-өзі басқару жүйесі туралы Сюань Цзянь былай деп жазады: «Олардың әрқайсысының өз бастығы бар. Олар бір-біріне тәуелді болмаса да, бәрі қағанға бағынады». Ірі қалаларда түркі билеушілері және ақсүйектер (бек, тархандар) отбасымен тұрды.
Ойлан
Неліктен Оңтүстік Қазақстан аумағында жер шаруашылығы қарқынды дамыды?
Түркілер Еуразия халықтарының этникалық құрамына да ықпалын тигізді. Болгар (бұлғар), венгр т.б. халықтар ұлт ретінде түркілердің араласуымен қалыптасты. Ат әбзелдері – темір үзеңгі, ер-тоқым және басқа түркілердің бұйымдары мен жетістіктері бүкіл Еуразияға тарады.
Орта ғасырларда түркілер көрші елдермен елшілік, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Алтын Орда кезінде жергілікті тұрғындар түркі тілінде сөйлеген. Түркілердің «алтын», «теңге», «жәмшік», «қазына» т.б. сөздері әлем халықтарының сөздік қорына қосылды.
Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар халықаралық сауда және көшпелілер мен отырықшы тұрғындар арасындағы сауда-саттық орталықтарына айналды. Сондықтан осы қалалар үшін ерте орта ғасырларда түркі билеушілері (түргеш, қарлұқ, оғыз) мен араб және қытайлықтар өзара күресіп отырды. 1219–1220 жылдары Сыр бойындағы қалалар моңғол билігіне өтіп, Шыңғысхан империясының құрамына енеді. ХІV–ХV ғасырларда қалалар Ақ Орда мен Әмір Темір мемлекеттері арасында талас-тартыстардың нысанына айналды. ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ хандығы Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбан ұрпақтарымен, Қашғардың моғол билеушілерімен, Аштарханилермен, Ташкент әміршілері және Маңғыт әулетімен қиян-кескі күрес жүргізді.
Есіңе түсір
Қазақтар Сыр бойындағы қалалар үшін қай кезеңде кімдермен күрес жүргізді?
3. Отырықшы халықтар мен көшпелі малшылар арасындағы шаруашылық және сауда байланысы. Қазақстан жеріндегі көшпелі мемлекеттерде дала мен қала өзара қарым-қатынасқа түсіп отырған. Көшпелілер отырықшы тұрғындар өнімінің тұтынушысы болса, ал егіншілер өз кезегінде көшпелілерден мал өнімдерін алып отырған. Араб тарихшысы әл-Омари былай деп жазады: «Оларда (қыпшақтарда) егістіктің көлемі өте шағын және бидай мен арпа аз егіледі. Негізінен тары өсіріледі, сонымен тамақтанады…». Оңтүстік Қазақстан, Жетісу мен Сыр бойы қалалары көшпелілер даласын Орта Азия, Иран, Қытай және т.б. елдерімен байланыстырып тұрды. Көшпелілер отырықшы қала тұрғындарына мал, ет, жүн, киіз, май, тері, арқан, былғары және ағаш ыдыстар, темір бұйымдарын, күміс пен алтын әшекейлер, қару, ат әбзелдері, бағалы аң терілері, мүйіз, қыран құстар, аңшы иттерді ұсынып отырған. Бұларды отырықшы халық Жібек жолы тармақтары арқылы көрші елдерге де тасымалдаған. Мысалы, қыпшақ жылқылары шығыс елдерінде жүздеген динарға дейінгі бағамен сатып алынды. Әл-Макдиси былай дейді: «Шаш қаласынан басқа елдерге сапалы тері бұйымдары, ер, жебе салатын қорамсақ пен шатырлар әкетілді». Шығыс және еуропалық авторлардың пікірінше, түркі көшпелілерінде жайылымдардағы жемшөптің мол болуына байланысты малдың саны өте көп және онымен әлемдегі бірде-бір мемлекет бәсекелесе алмайды.
Ойлан
Ортағасырлық деректердің көбісі неге араб-парсы тілдерінде жазылды деп ойлайсың?
Түркі дәуірінде Ұлы далада көшпелілер металды игеріп, темір, қорғасын, болат балқыту ісі қарқынды дамыды. Металл өндіру түркілердің ата кәсібі саналды. Түркілер қару-жарақтың ең үздік үлгілерін жасады. Бұл түркілердің әскери қуатын арттырды, сауда мен дипломатиясының дамуына зор ықпал етті.
Испиджаб қаласы орнынан табылған мыс теңгелер (қалпына келтiрiлген)
Испиджаб қаласы орнынан табылған мыс теңгелер (қалпына келтiрiлген)
Ұлы Жібек жолы бойында металл бұйымдары да тасымалданып, тауар ретінде темір жоғары бағаланды. Сондай-ақ Талас өзенінің жоғарғы ағысында күміс кенінің ашылуы Қазақстан қалалары мен көршілес елдерде оған сұранысты арттырды. Отырықшылар айырбасқа егіншілік өнімдерін: бидай, арпа, көгөніс, жеміс, шарап, кептірілген жемістер, дәмдеуіштер, нан, қолөнер бұйымдарын, қыш және қалайы ыдыстарын, кілем, мата, әшекейлер мен зергерлік өнер туындыларын ұсынды. Көшпелілер мен қала арасындағы сауда өзара тиімді еді. Сауда қала мен даланың екеуіне де пайда келтірді. Ол туралы тарихи деректердің бірінде былай деп жазылған: «Көшпелілердің тауарлары мен өнімдері отырықшы тұрғындардың игілігі мен пайдасын арттырудың бір көзі болып табылады».
Көшпелілер мен отырықшылар арасында сауда айырбасы қала төңірегіндегі жәрмеңкелерде өткізілді. Сауран, Алмалық, Янгикент, Испиджаб маңындағы жәрмеңкелерде көшпелілер ет, жүн сияқты мал өнімдерін ыдыс, мата, жеміс-жидекке айырбастап отырды.
Янгикент (Жанкент) қаласының орны
4. Көшпелілер мен отырықшы тұрғындардың өзара мәдени қарым-қатынастары. Қала мен дала тұрғындары саудаға, қолөнер мен ауылшаруашылығы өнімдерін өткізуге өзара мүдделі еді. Далалық аймақты мекендеген малшылар мен отырықшы және қала халқының арасындағы тауар айырбасы егіншілік пен малшаруашылығының өркендеуіне жағдай туғызды. Қалалар арқылы дала тұрғындарына тіл, дін, жазу, салт-дәстүрлер, өнер мен қолөнер үлгілері тарады.
Сауда дамуында соғдылар мен түркілер маңызды рөл атқарды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға көшіп келген иран тілдес соғдылар аралас тұрып, бірте-бірте түркілердің киімін және әдет-ғұрпын қабылдаған. Орталық Азия тұрғындарының өзіндік киім үлгісі қалыптасты. Қалаларының негізгі тұрғындары түркілерден басқа, соғды, араб, парсылар болды. ІХ–ХІІІ ғасырларда отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны көбейген. Түркілер отырықшы қала мәдениетіне көшіп, қолөнер, сауда, бақташылық, егіншілікпен айналыса бастаған. Көшпелі түркі қоғамында оларды жатақтар, яғни «көшіп-қонбайтын», «бір жерде тұратындар» деп атады.
Отырықшы қала өмірі Орталық Қазақстан және Ертіс аңғарында да дамып, егіншілік мәдениет өркендеді. Көшпелілер отырықшы халықтан егістікті суару жүйесін меңгеріп алған. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Орталық Қазақстан өңірлерінде ірі каналдар, су қоймалары, суды көтеруге арналған қондырғылар табылған. Егіншілік, негізінен, суармалы түрде жүзеге асырылған.
Тұрғын үй мен діни құрылыстар салуды үйреніп, күйдірілген және күйдірілмеген (саман) кірпішті қолданысқа енгізді. Түркілер құрылыс материалдарын, бояу, сәндік бұйымдар дайындауды меңгерді.
Өзіндік сәулет құрылысының бір түрі – киіз үйге ұқсас етіп өңделмеген тақтатастан салынған дың ескерткіштері болды. Ислам дінінің таралуына байланысты қайтыс болған көшпелі ақсүйектердің бейітіне мазарлар салу орын алды. Түркі ұсталары теңдесі жоқ сәулет өнерінің туындылары Жошы хан, Алаша хан, Айша бибі кесенелерін тұрғызды.
Дың ескерткіші. Қостанай облысы
Көшпелілер мен отырықшылар арасындағы мәдени байланыстар діни сенімдер таралуынан да көрініс тапты. Дала көшпелілеріне ислам, несториандық христиан, буддизм, манихейлік, зороастризм діндері таралды.
Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта және төменгі ағысында Византия мен Иранда қудаланған несториандық және манихейлік діни ілімдер таралды. Несториандықтар мен манихейлер Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларда қауымдар құрып, ғибадатханалар салды. Бұған дәлел ретінде Таразда манихейлік шіркеу мен зират табылған.
Пікірің қажет
Ұлы Жібек жолы бойымен келген діндердің ішінде не себепті ислам діні басым болды?
Орта ғасырда қазақ жерінде ислам діні кең етек жайды. Қалаларда ашылған мектеп-медреселерде ислам негіздері, араб жазуы, философия, математика т.б. ғылымдар үйретілді. Түркілер арасынан бүкіл мұсылман әлемі мен Батыс Еуропаға белгілі көптеген атақты ғұламалар – Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи т.б. шықты.
Қазақстанның кең-байтақ жерінде отырықшылық және қала мәдениеті дамуының ірі-ірі тарихи-мәдени аймақтары ежелден ерекшеленген. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағы болды. Ол бір жағынан Орта Азия, екінші жағынан Орталық Қазақстан, Сібір мен Орал аралығындағы аумақты алып жатыр. Онда үш аудан – Оңтүстік Қазақстан (Сырдария алқабы), оңтүстік-батыс Жетісу (Талас және Шу өзендерінің аралығы), солтүстік-шығыс Жетісу (Іле алқабы) аудандары өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады. Аймақ егіншілікті жазиралар мен көшпелілік даласының тоғысқан жерінде орналасқан. Мұндай жағдай мәдениеттің дамуына ежелден ерекшелік беріп келді.
Қазақстанның егіншілік пен малшаруашылығы жанасып жатқан өңірлерінде жер өңдеу мен малшаруашылығының, отырықшылық пен көшпеліліктің, қала мен даланың өзара әсері мейлінше айқын көрінеді. Бұл алуан түрлі: саяси, экономикалық, мәдени, этникалық өзара әсер болатын. Бұл қарым-қатынастың сипатына зерттеушілердің көзқарастары бірдей емес. Мәселен, XX ғасырдың бас кезінде көшпелілер туралы: «отырықшы егіншілермен тұрақты күрес жағдайында, олар өз жолындағының бәрін жайпап кетеді және гүлденген жазираны өлі шөл далаға айналдырады» деп жазылды. Шығыстың, соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның көшпелілері көбінесе көнерген мәдениетті таратушылар, ал олардың өркениет дамуына ықпалы тек бүлдірушілік тұрғыда ғана болды деп қарастырылады. Мысалы, Орта Азияның тарихы отырықшы Иран өркениетін көшпелі түріктердің бірте-бірте жаулап алып, күйретуінің тарихы деп саналады.
Алайда бүгінде көшпелілер мен егіншілер арасындағы тығыз, етене байланыс болғаны туралы пікір басым. Әдетте қазіргі ғылымда жалпы тұрғындардың отырықшы бөлігін де, көшпелі бөлігін де қамтитын біртұтас экономикалық жүйе, шаруашылық өмірдің екі бағытының өзара тығыз байланысы туралы айтылып жүр. Бұл экономикалық бірліктің бұзылуы көшпелілердің де, отырықшы жазиралардың тұрғындарын да асқан ауыр зардаптарға ұшыратты.
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010, 347-бет