Орта жүздің шежіресі. Найман руы
Наймандар жоғарыда айтылғандай, Орта жүздің арғындардан кейінгі саны ең көп тайпасы болды (Қазір наймандардың саны арғындардан мол). Наймандардың жалпы таңбасы:
шөміш, ұраны «Қаптағай». Сонымен қатар әр рудың өзіндік таңбасы да болған, мәселен, Бағаналыда Балталыда Қаракерейде Матайда, Ергенекті найманда, Садырда Терістаңбалыда. Рулық ұрандары да әр түрлі болған. Қаракерей руында «Қабанбай», Матайда «Бөрібай», Садырда «Алдияр». Олардың шежіресінде де тайпаның өз атасы Найманнан тарауы туралы аңыз-генеалогияны атап өткен жөн.
Сондай аңыздардың бірінде: қартайған Найман ақсақалдың аң аулап, құс салуға құмар Тоққан есімді жалғыз ұлы болады. Ол бірде аң аулап жүргенде қазаға ұшырап, артында Айсұлу есімді әйелі қалады. Айсұлудың есімі кейбір мәліметтерде Назбура (Ұлы жүзден шыққан Дәулетбайдың қызы), Ақсұлу деп те аталады. Бірақ барлық шежірелердің арасында ол Қыз ене атымен кеңінен мәлім.
Баласы қаза тапқаннан кейін қарт Найман ұрпақсыз қалады. Ол үшін бұдан асқан қандай қасірет болмақ ?
Қарттың қабырғасын қайыстырған қасіретті көрген Қыз ене Найманға өзінің Қарақозы деген сіңлісін қосады. Найман Қарақозыдан ұлды болып, оны Белгібай деп атайды.
Белгібай 15 жасқа толғанда Қыз ене әмеңгерлік жолымен оның әйелі болады. Сол некеден Төлегетай туып, одан: Қаракерей, Садыр, Матай, Төртұл (төртуыл) деген төрт ру ел тарайды. «Төлегетайдың төрт бөрісі» деп те атайды.
Қыз ене Белгібайға тағы бір әйел тоқал алғызады. Бұл некеден Сүгірші туып, одан найманның үш руы: Ергенекті, Бағаналы, Балталы тарайды.
Найман қайтыс болғаннан кейін оның әйелі үй қызметшісі Елтеге тұрмысқа шығады. Ол некеден туған екі бала Төлегетайдың балаларымен сыйыспай, анасымен бірге өздерінің нағашы жұртына көшіп кетеді. Сондықтан халық арасында «тоғыз таңбалы найман» аталады, бірақ іс жүзінде (аңызға қарағанда) олар жеті ру.
Бұдан сіздер этнографиялық мәліметтер арқылы халық арасында айтылып жүрген кейбір жорамалдарды, найман руларының санын қалай анықтауға болатынын көріп отырсыздар. Бұнымен қоса, аңыз-генеалогиялар халық шығармашылығы ретінде тартымды тамаша туындылар бола отырып, кейбір құқық, салт-дәстүр мәселелерімен, матриархат дәуірінің сарқыншақтары арагідік (сіңлісін атасына қосу, нағашы жұртына көшіп кету) ұшырасып отырады.
Белгібай, Төлегетай деген есімдердің өзі де қызықты: біріншісі Найманнан қалған белгі, ұрпақ дегенді білдірсе, екіншісі «төлеу» деген сөзден шыққан, яғни қаза тапқан Тоққанның «төлеуі».
Төменде келтіріліп отырған рулық-тайпалық құрылым да халық арасынан, көнекөз қариялар мен шежірешілердің айтуы бойынша жиналған этнографиялық материалдарға негізделген. Бұл құрылымның жоғары буындарында, аңыздарға қарағанда, Найманнан тарайтын руларға қосымша аталар енгізілген.
Мұнда бірнеше таксономиялық жіктер бір құрылымға топтастырылған, өйткені белгілі бір рулардың (рулар бірлестігінің) шығу тегі туралы аңыз-генеалогиялардың бәрі бірдей халық жадында сақтала бермеген. Бұл арада бізге таксономиялық деңгейлердің дәйектілігі аса маңызды, мұның өзі белгілі бір адамның өмір сүрген кезеңін дәл анықтауға мүмкіндік береді, ал бұл болса, рудың өмір сүрген уақыты мен орналасу аумағын анықтауға көмектеседі.
Барақ сұлтанның билігіне мойынсұнған негізгі тайпа наймандар болды.
Бұдан бұрын айтылғанындай, Барақ сұлтан мекендеген негізгі аудан Сарысу өзенінің бойындағы жер. Сонымен бірге, Н. Неплюевтің Сыртқы істер алқасына хабарлауына қараганда (1745 жылғы қазан), Барак сұлтанның наймандары Қалдан-Церенге бағынатын «жоңғарлармен шектес жүреді». Ал Қалдан-Церен, сақмар қазағы Мансұр Асановтың хабарлауына сәйкес, өз әскерімен бірге Ямышев бекінісінен алты күндік жерде «Шах өзені басталатын Қамал-Табан тауында тұр… »
Демек, Барақ сұлтанның наймандары Ертістің оң жағасында көшіп жүрген. Мұны наймандардың Семей бекінісіне сауда жасауға келіп жүргені жәтте 1764 жылғы қазан айында Найман тайпасының Төртұл руынан (қараңыз: 3-кесте) 3000 шаңырақтың жоңғар жеріне көшін барып, сонда орналасқаны… , яғни Шығыс Қазақстанның шет аймағына орналасқаны дәлелдейді.
Барақ сұлтанның қарамағында наймандардан басқа Арғын тайпасы Атығай руының кейбір қауымдары болған.
Әбілмәмбет ханның ұлдарының бірі Әбілпейіз сұлтанның қарамағындағы Найман тайпасының Қаракерей руы Қаратал алқабында (Жетісу М. М.) көшіп жүрген. Бұл ру Іле өзенінде қытайлармен сауда жасаған.
Орта жүз хандарының бірі Күшік ханның қарамағындағы Найман тайпасының көптеген руы жоңғарлармен шектес (Қазақстанның шығысында, Ертіс бойында) көшіп жүрген. Мұндағы наймандардың саны құжатта (1745 жылғы қазан) былай көрсетілген: «3 он мың шаңырағы бар найман халқы Ұлы мәртебелі сізге ант беріп, құран сүйді».
Ағылшын көпесі Гоктің жазбасында (1742 жылғы маусым) Қонақай батыр (ақсақал) басқаратын Найман руының Елек бойында, «нақ елек тұзы шығарылатын жерге жақын маңайда… » көшіп жүретіні айтылған.
Қонақай батырға бағынышты Найман болысы туралы басқа бір құжатта да айтылады.
Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтан наймандар арасында беделді адам болды. Негізінен Қаратал өзенінің бойында сол аттас алқапта көшіп жүретін саны көп әрі ықпалды Қаракерей руы әлгі сұлтанның қарамағында болды. Жоңғарларды талқандаған кезде Оңтүстік-Шығыс Қазақстан шегіне басып кірген қытайлар қаракерейлерге көрші болған еді. Қаракерейлер қытайлармен жанжалға бармай, олармен Іле өзенінде сауда жасасты.
XVIII ғасырдың екінші жартысындағы кейбір құжаттарда Орта жүз қазақтарының орыс әкімшілігіне адал болып, «қытайлар жағына онша ықылас білдірмейді» делінген. Алайда халықтар арасындағы жатсынушылық та жиі-жиі болып тұрған құбылыс. Мысалы, 1764 жылғы тамыз айында Абылай сұлтанға барған М. Араповтың жазбаларына қарағанда, Найман тайпасы Төртұл руының 3000 шаңырағы қыстау үшін «жоңғар жеріне» (Ертістің оң жағасы, оны бұрын жоңғарлар басып алып, кейіннен қуып шығарылған М. М.) көшіп кеткен де, бұл Абылай сұлтан ды ренжіткен.
Капитан Андреевтің «Суреттемесінде…» жазылғанындай, наймандар Ертісті бойлай Семей бекінісінен төмен қарай мына жерлерге орналасқан:
2-Найманның Қаракерейлері (Қаракерей руы М. М.) Тоқымбет, Ақымбет, Сыбан, Мұрын, Байжігіт, Қыржы, Байғана, Бегімбет, Ақсеміз, Болатшы, Тұзақшы, Төртуыл, Садыр және Қожамбет болып бөлінеді. Қоныстары Шыңғыстауда.
4-Матай (Матай руы М. М.) Кешке, Шошқа, Бәкі, Самай, Қожанқұл, Қарауыл, Жасық, Қаптағай, КидіЕменалы, Қайнар, Қуантай және Тентек ұрпақтарына бөлінеді. Қоныстары Шыңғыстаудың арғы тау-тастары жағында, Бестамақ және Қызайелі алқаптарында, ал алыстағы Тентек, Құнантай рулары өз ақсақалдарымен бірге Ертіс бойында, тура Төменгі жартастағы Барашков станицасы тұсында көшіп жүреді.
5- Бура-Найман (найман тайпасының Бура руы М. М.)Таздар, Алтыбай, Жағатай, Қоңдыбай, Дүрбеуіл, Байғозы ұрпақтарына бөлінеді. Қоттыстары Семей бекінісінен Ертіс озені бойымен төмен қарай, Долонский форпостысынан бастап аралдар мен жайылмаларда.
6- Терістаңбалы болысы (Терістаңбалы руы М. М.) Қонақ, Шелек, Ақтағыс, Шүрейіт, Қожагелді ұрпақтарына бөлінген. Тура Долонский форпостысының тұсында, Ертіс өзені бойында көптеп жүреді.
Петропавл бекінісінен Преснегорьков бекінісіне дейінгі Горькая шебі төңірегінде небәрі бір-ақ Найман болысы мекендеді:
4-Садыр (Садыр руы М. М.) Тоң, ІІІүйе, Сарыжетім, Малатай-Қарлығаш және Жаршы ұрпақтарына бөлінеді. Қоныстары Бұқан, Құқан өзендері маңында, сондай-ақ Сарысу өзені мен Нұра өзенінің бас жағына да шығады.
Г. Волконскийдің наймандар туралы мәліметтерінде мынадай деректер бар: «Найман руының алты атасында 35000-дай шаңырақ бар. Барлық уақыттағы қоныстары Ертіс өзенінің бойымен Қожан-Қайнақ бекінісі тұсында және Тарбағатай тауларында, қытай шекарасы жағында.
Бағаналы найман руының бір атасында 9000-дай шаңырақ бар. Жазғы жайлаулары Есіл өзенінің бас жағы, қыстаулары Торғай өзені, Ақкөл, Жыланшық өзенінің сағасы маңайында.
Бағаналы найман руының он екі атасында 6000-дай шаңырақ бар. Жазғы жайлаулары Торғай, Есіл өзендерінің бас жағында, Ұлытау, Кішітау маңында және Мұрын тарағай, Сандық Кескен алқабында. Қыстыгүні Қарөзек өзенінің Сырдарияға ағатын бойындағы Қарақұмнан Қарабадал Қармақшы зиратының маңын, Қуаңға қараған Ақшабел жазығында және Сырдария үйінділеріне дейін қыстайды.
Найман руының төрт атасында 4000-дай шаңырақ бар. Олар негізінен Бұхарада қоныстанған».
Наймандар Орта жүздің саны жөнінен аса ірі тайпасы. Оның көптеген рулары Қазақстанның екі аймағындағы: Оңтүстік шығысы мен Оңтүстік Қазақстандағы кең байтақ алқапты қоныс еткен. Бірінші аймақ Алтай тауларынан басталып, оңтүстік батысында Оңтүстік Балқаш өңірі құмдары мен Қаратал өзеніне дейін созылып жатыр. Ол жерлер Таулы Алтай мен Тарбағатай сілемдері сияқты әдемі өңірлерді, Азияның аса үлкен өзендерінің бірі Ертіс пен басқа да арынды тау өзендерін (Қалжыр, Бұқтырма т. б.), Марқакөл, Зайсан, Алакөл секілді мөлтілдеген әсем көлдерді қамтиды.
Екінші аймақта су көздері де, жайылымдар да кемітін. Наймандардың шаңырақтары Ащыкөлге құятын Сарысу өзені мен оның, салалары бойында шашырай орналасқан.
Наймандар Ертістің сол жағалауында да, Семей бекінісі тұсындағы және одан әрі солтүстікке қарай Черемухов бекінісіне дейінгі далаға шағын топтарға бөлініп қоныстанған. Олардың батыс жағындағы Түндік өзенінің бойы мен Қызылтау беткейлерінде де, одан әріде, Ертіс бойында Чернояр бекінісі тұсында қоныс еткен.
Наймандар Сарысу өзені аңғарын мекендеген негізгі көпшілігінің солтүстік жағында Есіл өзенінің екі жағалауында да көшіп жүрген.
Шығыс Қазақстан тұрғындары арасында сақталған аңыздарға қарағанда, жоңғар шапқыншылығы жылдарында наймандар Арал теңізінің батыс жағалауына қоныс аударған. Олардың шығысқа қайта оралуы жоңғарлардың қуып шығарылуына қарай XVIII ғасырдың екінші жартысында басталып, сол ғасырдың аяғына қарай олар Алакөл ойпаты мен Аягөз өзеніне дейін жеткен.
XIX ғасырдың бас кезінде Зайсан ойпатына келген қазақ рулары онда Жоңғар хандығы құлағаннан кейін орын тепкен қытай бекеттерін (Орелде, Нарын өзенінде т. б.) ғана кездестірген. Қытайлар жаңадан қоныстанушылардың келуін заңдастыруды талап етті. Сол кезде Бұрхап ұлы Шәкеп Үрімшіге жіберіліп, кытай ұлығынан Қатын және Ертіс өзендері арасындағы жерді иеленуге грамота әкелген.
Шанақ Ауғанбаевтың (1889 ж. туған) айтуынша, Қатын, Бұқтырма және Ертіс жағалауына Қаратайдың балалары: Беске, Дәулет, Шеруші және Болат келген. Қаратайдың өзі Ертіске оңтүстік жағынан құятын Қызылсу өзенінде жерленген. Демек, наймандардың ірі тармақта руының бірі саналатын Қаратай XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген. Бұл наймандардың рулық схемасына талдау жасағанда өте маңызды. Және бұл Қаратайдан көп ұрпақ тарап, кейін олар «алты қаратай» деп аталатын алғашқы екі ұлының патрилиндждерін анықтағанда да мейлінше маңызды (3кесте).
Сақталып қалған аңыз бойынша, Қаракерей руынан шыққан Қабанбай батыр мен оның серігі әрі немере інісі Дәулетбай батыр (олардың екеуі де байжігіт атасынан қараңыз: 3кесте) қалмақтарды қуалай отырып, Қызылсу мен Шар (Ертіске оңтүстік жағынан құяды) өзендерінің аралығына жеткен де, байжігіттер бастапқыда сол жерге қоныс тепкен.
Олардың бұдан кейін Зайсан ойпатының оңтүстік жағына қоныстануы мынадай аңызға байланысты. Қабанбай батыр қырғыздарға қарсы бірнеше рет жорық жасап, солардың бірінде Барын атты жас жігітті қолға түсірген. Ол ақылды да ойлы адам болып шығып, бір жылы малдың жаппай қырылуына, ашаршылыққа, адамдардың өлім-жітіміне әкеп соққан жұттың жақындап қалғанын болжап айтқан. Сонда Барынға Қабанбай батыр: «Қалағаныңды істе, мал мен адамдарды құтқарып қал!» дейді. Барын бір адам ертіп, малды айдайды да, Қалба тауына, одан әрі боратшап мал мен жанға ық болар Манас деген жерге жетеді. Ол басқа жерлерді де шолып, жақсы жайылым тапқан. Содан осы Манас деген жер мен Терісарық өзенінің жоғарғы ағысына Жұмық балаларының қауымдары, ал Тарбағатай тауындағы Екіарғанақты деген жерге Тоғыстың балалары көшіп барады. Қабанбай батыр шыққан Мәмбет атасы Қызылсу мен Шар өзендері арасында қалған (Зкесте).
Зайсан мен Марқакөл көлдерінің төңірегіндегі жайылымдарға, Ертіс және Қара Ертіс, Күршім, Бұқтырма, Шар өзендері мен басқа да өзендердің бойына, Алтай, Тарбағатай тауларына және басқа жерлерге байжігіттермен бірге Ақнайман мен Қожамбет (шежіреге қарағанда, Қаракерейдің немересі қараңыз: 3кесте) ұрпақтары, сондай-ақ төртұл (3кесте) руларының аталары көшіп келген.
Наймандар көшінің екінші легі Сырдария жағалауы мен Арал теңізі жағасынан Шу өзені арқылы өткен.
Бұрын наймандардың өз жайылымдарын Түркістаннан Қарқаралы тауларына келген арғындарға беріп, өздері шығыс пен оңтүстік шығысқа кеткені жайында аңыз болған.
Жинап жасалған жазбаларға сәйкес, наймандардың көшу жолы мынадай: олар Шу өзенінен солтүстік Балқаш өңірін басып, Шұбартауға және Шыңғыстаудың оңтүстік беткейіне қарай бет алған. Арғын руларының қысымымен наймандар XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Аягөз, Көкпекті, Ақсу өзендеріне, Тарбағатай тауының етегі мен жоталарындағы жайылымдарға көшкенде, одан да асып, Алакөл мен Сасықкөл және Тентек, Шілікті, Лепсі, Ақсу өзендері төңірегіндегі жайылымдарға қоныс аударып, Қаратал өзеніне дейін жеткен. Ал оның арғы жағында Ұлы жүз тайпалары көшіп жүретін еді.
Оңтүстік Балқаш өңірі, Алакөл көлі, Жоңғар Алатауы және Қаратал өзені аралығында жатқан жер үшін Орта жүз бен Ұлы жүз көшпелілері арасында даудамай болып тұрған.
1848 жылы Ұлы жүздің сұлтаны Сүйік Абылайханов Батыс Сібір генерал губернаторына баяндама хат жазып, онда: Ұлы жүз қазақтарына тиесілі Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу өзендері алқабындағы жайылымдар мен егіншілік учаскелерді найман руларының басып алғанын хабарлағаны туралы бұрын да айтылған еді.
Батыс Сібір генерал губернаторының нұсқауымен сібір казактарының шекара бастығы генерал майор Бишневский мен кеңесші Коченов Үлкен орданың приставы барон Врангельмен бірге аталған екі жүз қазақтарының өзара талаптарын бір жыл бойы анықтаған. Төреші комиссия «бұл жерлердің өздеріне тиесілі екендігіне наймандардың құқығы Аягөз және Көкпекті приказдарында бар жазбаша құжаттармен дәлелденген» деп анықтады. Бұл ара да округтер құрылған кезде осы приказдар берген және Лепсі, Басқан, Қаратал, Көксу өзендері бойындағы жерлер наймандарга бекітілген құжаттар айтылып отыр. Бұдан былайғы дауларды тию үшін бұл жерлер патша жарлығымен наймандарға бекітіліп берілген. Аягөз сыртқы округі 1831 жылы ашылды. Сонау 30 жылдардың аяғындағы мәліметтерде айтылатын Көкпекті қазақтарының 12 болысы 1844 жылы бір Көкпекті ішкі округіне біріктіріліп, оған Мұрын болыстары (мұрын тармағы) дейтіндер қосылатын болып ұйғарылды. Қапал ішкі округі 1854 жылы ашылды.
Аягөз округі мына шекара ішіндегі жерді қамтыды: оңтүстігінде Тарбағатай және Сауыр жоталары, оңтүстік шығысында Лепсі өзені мен Балқаштың оңтүстік шығыс жағалауы, солтүстігінде Шыңғыстаудың оңтүстік шығыс сілемдерінен одан әрі Зайсан ойпатының оңтүстік бөлігіне дейін, шығысында Сауыр жотасы мен Кендірлік өзені аңғарып қамтиды. батысында Шыңғыстаудан Аягөз өзенінің аңғарымен Балқаш көлінің солтүстік шығыс басына дейін.
Сонымен Аягөз округінің қазақтары наймандардың үш руына жатқан: қаракерей руынан Қаршын, Мұрын, Тума, Болатшы, Семізнайман (3кесте) аталары; Матай руынан екі ата Аталық, Қаптағай аталары; Садыр руы бар.
Аягөз округінің оңтүстік батыс шекарасы (Лепсі өзенінің бойында) Қапал округімен шектескен, ал оның солтүстік шығыс жағы Лепсі өзенінен Қаратал өзеніне дейінгі жер найман тайпасының Матай руының (3кесте) иелігі болған. Бұл Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтары арасында ерекше көп дау туған және жоғарыда айтылғанындай, сайып келгенде Орта жүздің көшпенді қауымдарына бекітіліп берілген жер болатын.
Аягөз округінің солтүстік жағы өзі аттас сыртқы округ болған Көкпекті наймандарының иелігі.
Көкпекті округінің шекарасы шығысында Зайсан көлінен басталып, Ертістің оң жағалауын, оның ішінде Нарыл, Бұқтарма өзендерінің төменгі ағысын да қамтыды. Осы арада шығыс шекарасы Сібір казак әскері жерінен Ертістің сол жағалауына бұрылып, Семей бекінісіне дейін барған. Округтің батыс шекарасы Семей бекінісі жанынан басталып, меридиан бойымен, оңтүстікке қарай Аягөз округінің шекарасына жеткен.
Көкпекті уезінің аумағында Ертіске құятын Шар, Қызылсу, Бұқтырма, Нарын сияқты суы мол өзендер мен олардың төңірегіндегі қазақ қауымдарын сумен және жайылымдармен қамтамасыз еткен неғұрлым тайыз сулы (Көкпекті, Жылансу, Былқылдақ) өзендері болды.
Жоғарыда айтылғанындай, Аягөз округінің Мұрын болыстары Көкпекті округіне қосылды. Басқа рулардың орналасуын 13 кестеден көруге болады.
Көкпекті уезіне берілген Найман қауымдарының көбі жайылымның жетіспеуі себепті казак әскері жерінде мекендеді, ол төменде келтіріліп отырған кестеден көрінеді (басқа тайпалар жөніндегі мәліметтерді келтірмейміз).
Сонымен, Сібір казак әскері жерінде, Бийск округі шебінде наймандардың екі руының мына аталары: Сарыжомарт деген ортақ ата біріктірген рулар тобына енген Бура руынан тарайтын Ақтас, Ақтағыс, Құрман, Жуатай, Дүрбеуіл, Құдайқұл, Алтыбай (Ергенекті найман, қараңыз: 3кесте); Кетбұғадан тарайтып Қолағұл, Жамап терістаңбалы, Төртқара (Терістаңбалы 3кесте) аталары қоныстанған.
Казак әскері мен Бийск округі жерінде көшіп жүрген барлық Көкпекті наймандары 352 шаңырақ, ал олардағы ерлер 784, әйелдер 668, барлығы 1449 адам болған.
Жайылымның көпшілік жері келімсек халықтың қоныстарына айналды және казак полктерінің пайдасына тартып алынған жайылымның жетіспеуі салдарынан Көкпекті наймандарының қаншалықты алысқа көшіп барғанын көшпелілердің сонау Бийск округі жеріне (Змеев, Колыван, Крутоберезов болыстары мен басқаларына дейін жеткенінің өзінен-ақ байқауға болады.
Бекмұрзин мәліметтеріндегі рулық таңбалардың келтірілуі біз үшін аса маңызды. Бұл мәліметтер бойынша 1 шаңыраққа келетін жан санының орташа мөлшерін есептеп шығаруға және оны көшпелі қауымдар тұрғындарының санын есептегенде пайдалануға болады, өйткені көптеген мәліметтерде көшпелілердің шаңырақ саны ғана беріледі. Егер жоғарыда келтірілген санақты негізге алсақ, бір шаңыраққа орта есеппен 45 жаннан келеді.
Ведомость бойынша 1866 жылы Көкпекті округінде 27 196 еркек пен 23 561 әйел, барлығы 50 757 адам болған. Егер оларға округтен тыс жерлерде көшіп жүргендер санын қоссақ, түрлі рулар мен аталарындағы наймандар саны 52 206 адам дейміз.
Нақ сол ведомоста 1860 жылы Аягөз деп аты өзгертілген Сергиополь округі бойынша да деректер келтірілген. Сергиополь округінде 44 664 қазақ (24 622 еркек және 20002 әйел) болған.
Қапал округінің солтүстік шығыс жағында орналасқан Матай руы туралы статистикалық мәліметтер жоқ. Бірақ жинақтап жасаған жазбалар бойынша, оларда 10 болыс, әр болыста 1000 қаралы шаңырақ болған. Егер 1 шаңырақта 45 жаппай бар деп алсақ, әр болыста шамамен 4 500 адам, ал 10 болыста Матай руынан 45000 адам болған. XIX ғасырдың аяғындағы санақ деректері бойынша, Қапал уезінде 127 774 қазақ тұрған. Сондықтан матайлардың біз есептеп шығарған санын уезд тұрғындарының жалпы санында ескеруге болады.
Облыстық басқару жүйесіне көшкен кезде (1891) наймандар Шығыс Қазақстанның негізгі халқы болған. Лепсі округінің негізгі халқы наймандар мен оның руларынан құралды: қаракерейлер 163 қауым, садырлар 49 қауым, Төртұл мен Матай 30 қауым болды.
Қаракерейлер Аягөз өзені мен оның көптеген салаларының (Айғыз, Балтақора, Қурайлы т. б.) Үржар, Қаракөл, Қусақ, Қатынсу, Егінсу өзендері мен басқаларының бойын және Балқаштың шығыс жағалауынан Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының баурайларына дейінгі кең даланы қыстаған.
Төртұл руы Жалаңаш, Теректі өзендері аралығында Қотыртас баурайында, Тоқты тауында, Алтыбай, Бұлақбай, Ескөл алқабында және уездің оңтүстік шығысындағы басқа да жерлерде көшіп жүрген.
Төртұл мен Матай рулары уездің шығыс шекарасында Қарақоға, Жантезен, Туматай, Ұзынағаш алқабында т. б. жерлерде қыстаған.
Басқа тайпалардан Аягөз бен Нарын бойында бірнеше қауым көшіп жүрген.
Уезде барлығы 156 107 қазақ болған.
Матай руы Қапал уезі шегінде: уездің солтүстік шығыс бөлігінде Сарқан өзені бойында, Сайынбұлақ тауында, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш өзендерінде, Үшкөл, Қасқалдақ деген және басқа көлдер төңірегінде көшіп жүрген.
Абақ керейлер мекендеген оңтүстік шығыс бөлігін (Сауыр тауын, Қобда, Қырын, Кендірлік өзендерінің аңғарын) қоспағанда, Зайсан уезінің бүкіл аумағын наймандардың қаракерей және төртұл руларының қыстаулары мен жайлаулары алып жатты.
Зайсан уезі Аягөз сыртқы округінің оңтүстік шығыс бөлігінен (Ертістің сол жағалауы, Зайсан ойпатының оңтүстік бөлігі мен Сауыр жотасы) және Семей ішкі округінің шығыс бөлігі жерінен (Ертістің оң жағалауы, Марқакөл көлі және Алтай бөктері) құрылды.
Төртүл руының Тоқан және Тоғыз деген екі атасы (3кесте) Қара Ертіс аңғарындағы даланы алып жатқан бір Қара Ертіс болысы болды. Бұл болыс 9 старшыннан құралды, олардың біреуі Қара Ертістің оң жағалауына, ал қалған сегізі осы өзеннің сол жағалауындағы далаға орналасқан еді. Төртұл руының оңтүстік шекарасы Зайсан бекетіне дейін жетіп, шығыс жағы Алтай жотасына ұласып жатқан. Төртұл руының қазақтары 7761 адамы бар 1373 шаруашылыққа біріккен. Олардың қыстаулары Қара Ертіс пен оның Қорған және Ақарал деген салаларының жағалауына, Қаратал, Сарыбұлақ өзендерінің аңғарына, Қарабұлақ, Жеменей, Зайсан алқабына, Кендірлік өзеніндегі Көкжота, Шеңгелді, Маңырақтау, Қабырғатал, Кеңарал деген жерлерге, Бозайғыр, Құмтөбе құмдарына орналасқан болатын. Жаздыгүні олар Күршім өзені мен Марқакөлге дейін көшіп барып жүрді.
Жердің қалған басым бөлігін қаракерейдің Байжігіт, Ақнайман, Қожамбет және Мұрын деген тармақтары иеленді. Қаракерейлер 15 болыс болып, 83 808 адамы бар 20 358 шаруашылыққа біріккен.
Уездің Марқакөл мен Қалжыр өзенінің Қара Ертіске дейінгі аңғарын қамтып жатқан шығыс бөлігі Қожамбет тармағының (3кесте) иелігіне қараған. Олар 5571 адамы бар 1327 шаруашылыққа біріккен. Қожамбеттер 8 старшын болып, Марқакөл төңірегіне, Қалжыр өзені мен оның салалары аңғарындағы Қарғын, Қураймалды, Жарқұдық, Қарашілік, Сарқұдық, Үштерек, Батпақ, Қаршыға деген жерлерге, Алқабек және Қарой өзендері бойына, қазіргі Горный төңірегіне орналасқан. Олардың жазғы жайылымдары Марқакөл маңындағы: Мыңбұлақ, Теректі, Сартау, Жиренбайтал, Қуыс, Бесқарағай, Көкбұқа, Зортабан, Жаңғыз Қарағай деген жерлерде болған. Ақнаймандар (3кесте) Қожамбеттерден батысқа таман Күршім өзені, Зайсан көлі және Қалғұты өзені аралығында қоныстанған. Олардың қыстаулары Теректібұлақ, Шитүбек, Тоқбура, жайлаулары Танаш, Қарлығаш, Күйік деген т. б. жерлерде болған. Ақнаймандар Майтерек болысына бірігіп, оған 6759 адамы бар 1423 шаруашылық енген.
Уезд аумағының батысында Аягөз өзенінен шығысында Қара Ертіс өзеніне дейінгі және солтүстігінде Көкпекті өзенінен оңтүстігінде Тарбағатай жотасына дейінгі жартысынан астам жерін Байжігіт тармағы (3кесте) қоныстанған.
Ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан аңыздарда Байжігіт тармағы өз арасынан Қабанбай батыр мен Дәулетбай батыр сияқты атақты адамдардың шығуы себепті наймандар арасында ең құрметті деп саналып келеді. Бұрынғы барлық салтанаттарда ең құрметті тағамның байжігіттер өкілдеріне тартылып келгені тегін емес.
Байжігіттер төмендегі жерлер мен солардағы болыстарды мекендеген: Тарбағатай жотасы мен Маңырақ тауы арасындағы беткейлері Шілікті болысына қараған. Ол халқы 6557 адам болатын 1531 шаруашылықты біріктірген. Қыстайтын жерлері: Қараөгіз, Шорғы, Манас, Болатсу, Қарашақ т. б. Жайлаулары негізінен Терісаққан өзені бойында (Қотанасы, Сартай, Малкөктем деген жерлерде), Тарбағатай тауында (Кеңадыр, Саңрақтас, Ақжалағы, Малкөктем т. б. жерлерде) орналасқан.
Терісайырық болысы Шілікті аңғарының бір бөлігін, Жетіарал өзеніне құятын Қандысу және Терісаққан өзендері аралығындағы даланы алып жатқан. Онда 4415 адамы бар 1033 шаруашылық болған.
Қыстайтын жерлері: Терісайырық, Болатсу, Кішкентай, Шаты, Бірғайлы, Маңырақ, Ақжар өзендері бойында, Жақсы Арғапаты, Жаман Арғапаты тауларында. Жазғы жайылымдары қыстауларына жақын 1520 шақырым жерге орналасқан.
Маңырақ тауы мен оның айналасындағы жерлерді алып жатқан Маңырақ болысы 5665 адамы бар 1263 шаруашылықты біріктірген. Аңызға қарағанда, осы таудың маңындағы жайлауға қора-қора қой әкелініп, маңыраған дауыстары үздіксіз естіле берген де, таудың аты содан шыққан. Қыстаулары Маңырақ баурайында (Қарақойын, Айтқанжол, Қойбас, Құршат, Құсту, Қызылқайың деген жерлерде) болған. Жазғы жайылымдары қыстауларынан алыс емес.
Зайсан уезінің солтүстігінде Ертіс, Көкпекті өзендерінің оңтүстігінде Тарбағатай жотасына дейінгі батыс бөлігі Қыржы мен Мұрын тармақтарының (3кесте) иелігіне қараған. Қыржы, Мұрын деген ру аттары рубасы әйелдерінің есімдерінен шыққан. Бұл матрилиндждер ертедегі матриархат дәуірінен қалған.
Қыржы тармағының саны аз болған да, Мұрыннан тараған Қыдыр атасының қауымдарымен бір Лаба болысына біріккен. Басқа бес болысты Мұрын ұрпақтары: Тоғас болысый Қыдыр, Мұрас аталары, Нарын болысын Назар атасы, Көкпекті болысын Құттымбет атасы, Қарабұға болысын Құттықадам және Базар болысын Жанай аталары (3кесте) мекендеген. Шежіре кестесінен көрініп отырғанындай, болыстарға түрлі таксономиялық жіктердегі туыстар біріккен.
Мұрын болыстарының қыстаулары: Ертіс және Көкпекті өзендері мен Қарғыба, Базар, Бұғал, Аңғыр, Жіңішке. Батпақ өзендері бойында, ал жайлауы көбінесе Тарбағатай, Мұрын, Сандықтас тауларында.
Мұрын руында 29 000 адамы бар 8000 шаруашылық, Қыржы руында 4600 адамы бар 1328 шаруашылық болған.
Наймандардың иеліктері одан әрі солтүстікке қарай, Оңтүстік Алтай жоталарын шығысында Марқакөл жағасын, Күршім және Нарын жоталарын, одан әрі Ертістен Қалба жотасына дейінгі жерді алып жатқан Өскемен уезінің шегіне дейін созылып, солтүстік батысында Үлбі мен Жайма өзендерге тіреледі.
Уездің 11 болысында 15 823 шаруашылыққа біріккен халқы бар 80 старшын болған. Оның ішінде 146 шаруашылық керейлер де, 68 шаруашылық уақтар. Шаруашылықтардың қалған басым көпшілігі найманның Бура Көкжарлы, Қаратай, Терістаңбалы және Матай руларының шаруашылықтары. Қаратай руының қауымдары (3кесте) Нарын, Бұқтырма өзендерінің бойын қоныстанып, бір Шыңғыстай болысына біріккен. Олармен іргелес Ертіс, Күршім, Жіңішке, Бөкен өзендерінің және одан әрі Қызылсу өзенінің бойында сегіз болыстан тұратын Кекжарлы (Зкесте) руының қауымдары мекендеген. Қалба тауының беткейлерін бір болысқа біріккен Матай, Терістаңбалы рулары, Қызылсу өзенінің бойында және одан шығысқа қарай шаруашылықтары екі болыс болған Бура руы (3кесте) мекендеген.
Ресей отаршылары Ертіс бойына қоныс тебе отырып, отарлау үрдісін одан әрі жүргізіп, Өскемен мен Зайсан уезі халқының әр жерге қоныс аудара беруіне көп жағынан мәжбүр етті. Олар отаршылар Бөкен, Күршім, Бұқтарма өзендері бойынан Ертіс шебінің «үзінділері» дейтінді жасады. Пайда болған мекендер (Бөкен, Батинск, Берел, Березовка, Катонқарағай, Солдатово т. б.) қазақ қауымдарынан жерді одан әрі тартып ала берді. Мұны Шыңғыстай болысы наймандарының мысалдарынан байқауға болады. Наймандар 200 жыл Бұқтырма өзенінің екі жағалауын, ал жаздыгүні Шабанбай (Бұқтырманың сол жағалауында) және Тарбағатай жайлауларын қоныстанып келген. 1867 жылдан бастап Бұқтырма өзенінің сол жағалауына орыс поселкелері құрыла бастады да, сол кезде 1830 шаруашылығы болған Қаратай руының қауымдарын қыстауларынан айырды. Шабанбай тауы Ұлы мәртебелі Кабинетінің иелігіндегі жерге көшті. Бірнеше жылдан кейін орыс қоныстанушылары Бұқтырма өзенінің оң жағалауына да ірге тебе бастады. Болыс қазақтарына Тарбағатай баурайынан жайылымның тар өңірі ғана қалдырылды. Осынша шектелген жерде малын да, өзін де асырауға мүмкіндігі болмаған қаратайлар әр жайда босын кетті: бір бөлігі бөлініп Бийск округінің 2ші Шуя болысына, Змеиногор уезінің шаруа селоларына, Қытай жағына кетіп қалды, ал қалғандары бір кезде өз иеліктерінде болған Шабанбай тауы мен Бұқтырма өзені бойынан учаскелер жалдап ала бастады. Шыңғыстай қазақтары түрлі учаскелерді жалға алғаны үшін 10 000 сом, земство алымы мен жеке міндеткерлікке 15 000 сом, барлығы 25 000 сом төледі. Қазақтардың қайыршылық жағдайы орыс шенеуліктерінің өзін де алаңдатты, өйткені көшпелілердің Қытайға, басқа да жерлерге көшіп кетуі мен жаппай кедейленуі қазынаға түсетін түсімді азайтатын еді. «Жүнімен қоса терісін де сыпырып алмау» принципін ұстанған орыс әкімшілігі ұзақ жылдарға созылған айтыс тартыстан немесе жай бастартулардан кейін Шабанбай мен Үкеп, Қалғұты, Жазатыр өзендері бойындағы бірнеше алапты қазақтардың пайдалануына қалдыруға, жал ақысын жойып, түтін салығын ғана алуға шешім қабылдады. Бірақ бұл көшпелілерді жайғастыруды шеше алмады. 1907 жылы Шыңғыстай болысы қазақтарының бір бөлігі Қарқаралы уезіне көшірілетін болып ұйғарылды. Семей облыстық басқармасы өз қаулысымен (1910 жылғы 10 сәуір) Шыңғыстай болысы шебіндегі Бұқтырма және Нарын өзендерінің бас жағынан қоныстану учаскелерін құру мүмкін емес деп тапты.
Қазақ қауымдарының XIX ғасырдың 60 жылдарынан XX ғасырдың басына дейін ауа бастағаны байқалады. Бақты әскер бастығының рапортында (2.11.1878) Қаратай руының екі болысы Алтайдан Қытай жеріне қашып көшкені жайында айтылған.
1901 жылдың ақпан айында Зайсан уезі Шілікті болысындағы Байжігіт руы қазақтарының 200 жылқысы мен 1300 қойы аштан қырылып, адамдары қайыршылық жағдайға ұшырады. 590 шаңырақ болатын Байжігіт старшындары өздерінің Қытайдың хэбейамбанынан 1901 жылдың 20 наурызынан 1қазанына дейін Қытай шегінде көшіп жүруін сұрап, оған рұқсат алды, әрине, ақы төлейтін еді.
Жетісу облысы әскери губернаторының Құлжа істері жөніндегі кеңесінің мәліметтері бойынша жасалған төмендегі кестеден Қытай шегіне көшіп кеткен кейбір қазақ руларын білуге болады,
1881 жылы Ресей мен Қытай арасында осы мемлекеттердің шекарасы белгіленген шартқа қол қойылғаннан кейін Құлжа өлкесі халқының бір бөлігін (қазақтар, ұйғырлар мен дүнгендерді) Ресей аймағына қоныстандыру туралы мәселе туды. Сол жылы орыс үкіметінің Құлжаны Қытайға беру жөніндегі өкілетті комиссары генерал майор Фриченің атына 9 болыс (Байжігіт, Қызай және Тәңірберді) өтініш жазып, өз болыстарындағы 1595 шаңырақтың көшіп баруы үшін Жетісудан жер бөлуді сұраған. Қазақтарды көшіру көптеген жылға созылды, бірақ Қытайға қараған жерде қалып қойғандары да көп болды.
Қалжыр болысы 1885 жылы Қытаймен шекара белгіленген кезде құрылған. Оған кірген Қожамбет руының 1003 шаңырағы мынадай бірнеше аталарға бөлінеді: Мысқал 286 шаңырақ, Атақозы 286 шаңырақ, Егізқара 235 шаңырақ, Жарболды166 шаңырақ (3кесте).
Болыста 3563 адам болған.
Бірақ Ресей мен Қытай арасындағы шартқа қол қойылғаннан кейін де бәзбаяғы себеппен жайылым мен шөптің жеткіліксіздігінен көшіп кету жалғаса берді. Мысалы, 1895 жылы Қытай жағына Қара Ертіс болысынан 107 шаңырақ көшіп кеткен.
Бура руының Өскемен уезінің солтүстік шығысындағы Қызылсу өзені аңғарына қоныстанғаны жоғарыда айтылды. Бұл рудың одан әрі Семей уезінің шегінде де: Шар өзенінің бас жағында, Көкпекті тауының солтүстік беткейінде, Шаған өзені бойында, Арқалық және Едірей тауларының Түндік өзеніне дейінгі төңірегінде қоныстары болған. Бұл жерлерде көшіп жүрген аталар рубасы Бураның 12 ұрпағы еді.
Наймандардың 215 шаңырағы Белағаш даласында, жекелеген топтары (терістаңбалылар) Көнөнер поселкесі мен Стекляный поселкесінің (ергенекті наймандар) жерінде де тұрған. Семей уезінің жерінде наймандардың барлығы 7194 шаруашылығы болған.
Қазақстанның шығысындағы ең солтүстікте тұрған наймандар Павлодар уезінің Чернояр және Григорьев поселкелері тұсындағы Ертістің сол жағалауын мекендеген наймандар еді. Оларда 2189 адамы бар 354 шаңырақ болған.
Наймандар қоныстанған екінші бір үлкен аймақ: Шу өзенінен солтүстігінде Сарысу өзеніне құятын Сарыкеңгір және Қаракеңгір өзендерінің бас жағы мен осы өзендердің аңғарынан Аймысық, Шадралы тауларына дейін созылып жатты.
Қазақ даласының орталық бөлігінің осы кеңістігінде наймандардың ең саны көп Бағаналы, Балталы деген екі руы көшіп жүрген.
XVIII ғасырдың аяғы XIX ғасырдың басында Есілдің арғы бетіндегі дала көптеген рулардың, соның ішінде оңтүстіктен, Сырдария жағалауынан келген наймандардың да жазғы жайлаулары болған. Олар саны көп Бағаналы, Балталы руларына бөлінген (3кесте).
Даланың оңтүстік бөлігі мен Сырдария бойын мекендеген Кіші жүз руларымен бағаналылар жайылым жер, қыстақтық мекендер үшін жиі жанжалдасқан.
XIX ғасырдың 30жылдарынан бастап Сырдарияның бүкіл дерлік оң жағалауы Қоқанның қолына түсіп, Найман, Арғын, Уақ тайпалары алыс солтүстікке ығыстырылып тасталған. 1842 жылы 500 шаңырақ бағаналылар Шу өзені мен Қаратау алқабынан Көкшетау округіне көшіп барып, приказға өздерін бодандыққа қабылдауын, сөйтіп өздерінен дербес болыс құруға, қыстау үшін жер бөлуге өтініш жасаған. Олар дербес болысқа бөлінген жоқ, ҚарабалаТөртқара Сарғалдақ болысына қосылды.
Қарқаралы, Ақмола, Құсмұрын, Баянауыл округтері мен басқа округтердегі Арғын, Қыпшақ, Керей тайпаларының көптеген рулары Кенесары Қасымовтың көтерілісіне белсене қатысты. Бағаналыларға келетін болсақ, бұл көтеріліске олардың Қарақоңыз өзені мен Сарысудың төменгі ағысында қыстап, жаздыгүні Есіл өзені бойына келіп жүрген азынаулақ қауымдары ғана қосылды.
Көтеріліс жеңіліске ұшыраған соң Есілдің арғы бетіндегі көп қазақпен қоса наймандар да оңтүстік пен шығысқа көшіп бара бастаған. Бағаналылар соғыста қаңырап қалған Ұлытау, Кішітау баурайларына қоныс тепті.
1859 жылға дейін бағаналылар Орынбор ведомствосына бағынып келген болатын, ал оңтүстік пен шығысқа қарай алыстап, одан барған сайын ұзай бергендіктен, сол жылы олар Сібір ведомствосына ауыстырылған еді. 1867-1868 жылдарда Сырдария және Ақмола облыстары құрылған кезде бағаналылар Сарысу өзені Саумалкөл мен Телікөл көлдеріне 150 шақырымнан астам жетпей, оңтүстікке қарай күрт бұрылатын Қоғалыжар деген алқабына дейін жеткен. Бағаналы және Балталы рулары Ақмола облысындағы Атбасар уезінің құрамына енді.
Сырдария облысы әскери губернаторының 1894 жылғы 25қазанда Түркістан генерал губернаторының атына жолдаған хатында былай делінген: «Ұлытаудың солтүстік беткейі мен Есіл маңы даласын (Арғын болыстары жерінде) бойлай отырып, бағаналылар ерте дегенде алпысыншы жылдарда оңтүстіктегі тамалардың, қыпшақтардың, каппастардың, бақтиярлардың көбі Шу маңы мен Сырдария маңындағы қырғыздардың басқа да руларының жайлайтын жерлерін өздеріне қыстау ете бастады».
Бағаналылар оңтүстікке қарай 26 жыл бойы бет алып, Ұлытаудың оңтүстік беткейіне, Сарысудың орта және төменгі ағысына, Мойынқұмға, Жетіқоңыр алқабына, Шу өзенінің оң жағалауы мен көлдер маңындағы жазираларға (оазистер) орын тепті. Сол жерлерден Сырдария бойының тоғайларына, сондай-ақ Қаратауға барды. Бағаналылар қыпшақтардың көлдер аймағын, тамалардан Жетіқоңыр алқабын тартып алғанға дейін Шу, Сырдария өңірі қазақтарынан көп қарсылық көрген жоқ.
Бағаналылардың 6000 шаңырағы солтүстік ендіктегі 44е пен 53е аралығын, яғни 200 000 шаршы шақырым жерге қоныстанды, соның 1/7 бөлігін ғана оңтүстік қазақтарына қайтарып беру қажет болып, бағаналылар соған қарсылық көрсетті. Ол былай тұрсын, қыс кезінде бағаналылардың 1000 шаңырағы Перовск уезінің, ал 500 шаңырағы Шымкент уезінің шегіне кетіп қалған. Бағаналылар Перовск мен Жүлекке жақын Телікөлтат алқабында тұрақты мекендейді.
Ерте көктемде бағаналылардың 5000 шаңырағы Есіл өңірі даласына кетіп, онда Арғын болыстарымен бірге көшіп жүреді. Қалған мың шаңырағы Атбасардан Сырдария өзеніне дейінгі жерде ұсақ топтар болып көшіп жүреді. Бағаналылар күзге қарай Есіл даласынан кетіп, қыстан шығу үшін Ұлытаудың солтүстік шығыс беткейлеріне орналасады, бір бөлігі (150ге дейін шаңырақ) одан әрі оңтүстікке қарай бет алып, Сарысудың төменті ағысы мен көлдер аймағына тоқтайды да, сол жердей кейбір қауымдар қыс кезінде Перовск мен Жүлек арасындағы Сырдария жағасының тоғайларына көшіп барады. Сөйтіп, оның екі жағалауына орнығып, тіпті Қызылқұмға дейін жетеді, ал кейбір қауымдар Шу өңірі даласын және Қаратаудың батыс баурайына жақын жерлерді қыстап қалады.
Сарысу өзеннің батыс жағына, оның Жезді, Қаракеңгір және Сарыкеңгір салаларына наймандардың басқа бір руы балталылар қоныстанды.
Бағаналы, Балталы руларының кейбір қауымдары осы рулардың негізгі көпшілігінен бөлініп, Есіл бойында: Тасөткел, Тассуат, Күркетал, Шолақсай, Жарқайың, Кебісқалған, Бұлақ т. б. жерлерде тұрған. Жаздыгүні Қарағайлыкөл, Ерденкөл, Жөнжиек көлдеріне, Қарамұрт, Қызылсу өзендеріне, Шолақталдық, Тоқпан (құдық) деген жерлерге, Қойтас өзеніне, т. б. барып жайлаған.
Егер біздің рулық схемаларымызға қарайтын болсақ, Қазақ даласының орталық бөлігіне Бағаналының мына тармақтары қоныстанған: Ақтаз (Бодай, Тіней, Сейіт аталары 3кесте), Қызылтаз (Байназар, Қожас аталары мен оның ұрпақтары Кебеке, Жұртшы, Қоқан, Жырық), Шегедік (Шоштан және Бесбала аталары), Шегелік (Сарғалдақ, Сары, Қарабала аталары). Балталы руынан Бегіс, Мардан (Қылыш, Таңатар аталары) тармақтары қоныстанған.
Осы рулардың арасында Терістаңбалы руының Төртқара тармағының азынаулақ топтары мекен еткен (3кесте: ТерістаңбалыТөртқара). Олар 700дей шаруашылық болған.
Атбасар уезінде бағаналылардың барлығы 7724, Балталы руының 142 шаруашылығы қоныстанған.