Сабақ жоспары: Буын және оның түрлері
Елшібек батыр атындағы мектеп-лицей
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі:
Ақжолова Ақмарал Қуандыққызы
1. Күні : 16, айы: наурыз , жылы: 2016
2.Сыныбы: 5 «Б»
3. Пән аты:Қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы: Буын, оның түрлері
Сабақтың мақсаты:
1.Білімділік: оқушылардың буын және оның түрлері туралы білімдерін кеңейту, жаттығу жұмыстары мен қосымша тапсырмалар арқылы бекіту.
2.Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
3.Дамытушылық: оқушылардың буын және оның түрлерін ажырата алу дағдыларын дамыту,деңгейлік тапсырмалар беру арқылы логикалық ойлау қабілеттерін және талдау дағдыларын қалыптастыру.
Сабақтың типі: жаңа сабақты түсіндіру .
Сабақтың түрі: жаңа технологияның элементтерін пайдалана отырып сабақ өту.
Сабақтың әдіс-тәсілі:бір-біріне түсіндіру, топтық жұмыс,постер қорғау,сұрақ-жауап, жаттығу, салыстыру.
Сабақтың көрнекілігі:АКТ,постер, түрлі-түсті стикерлер,тақырыпқа байланысты кесте үлестірмелер ,бағалау парақшалары және қосымша материалдар.
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті және математика.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
1.Оқушылармен сәлемдесу ;
2.Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру ;
3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару .
Жаңа сабаққа дайындық
1.Оқушыларға сабақтың тақырыбы мен мақсаты туралы хабарлау және жаңа тақырыпты түсіндіру:
Сөз бірнеше фонетикалық бөлікке жіктеледі. Балалар мектепке келді деген сөйлемде үш сөз бар. Осы сөйлемдегі сөздер естілуі жағынан ба-ла-лар мек-теп-ке кел-ді болып бірнеше шағын дыбыс тобына жіктеліп тұр. Осындай дыбыстық топқа жіктелген сөз ағымының шағын мүшесі БУЫН делінеді.
Сөздердің әрбір фонетикалық бөлшегі болған буын бір не бірнеше дыбыстан (фонемадан) құралады: Мысалы, қант, а-ла-мынсөздеріндегі буындарды алсақ, бірінші сөз бір буыннан, екінші сөз үш буыннан құрылып тұр.
Бірінші сөзде буын төрт дыбыстан, екінші сөздегі бірінші буын бір дыбыстан, екінші буын екі дыбыстан, үшінші буын үш дыбыстан құралған.
Демек, буын дегеніміз – Сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстардың тобынан жасалған фонетикалық бөлшек. Дауысты дыбыстың бір өзі буын бола алады. Дауыссыз дыбыстар жеке тұрып өздігінен буын құрай алмайды. Сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
Буын жеке дауыстыдан және дауысты мен дауыссыз дыбыстардың тіркесінен жасалатын болғандықтан, оның құрамы үнемі бір қалыпты болмайды.
Қазақ тілінде буынның үш түрі бар. Олар: 1)ашық буын, 2) тұйық буын, 3) бітеу буын.
1.Ашық буын. Жалғыз дауыстыдан құралған немесе дауыссыздан басталып дауыстыға аяқталатын буынды ашық буын деп атаймыз: а-ға, ба-ла, қа-ла, т.б. Ашық буынның ішндегі жалғыз дауыстыдан болған буынды жалаң буын дейміз: а-дам, а-та.
2. Тұйық буын. Дауыстыдан бастылып, дауыссызға аяқталған буынды тұйық буын деп атаймыз: ат, аз, ақ, өрт, ұл, ант, т.б.
3. Бітеу буын. Дауыссыздан басталып, дауыссызға аяқталған (дауысты дыбыс ортада келетін) буынды бітеу буын дейміз: тал, төрт, бар, жаз, кел, кең, қант, т.б.
Сөздік қорды құрайтын түбір сөздердің көбі тұйық және бітеу буынды болып келеді. Ашық буынның өз алдына сөз болуы өте сирек.
Жаңа сабаққа байланысты жаттығу жұмыстары:
1.Оқулықпен жұмыс
296-жаттығу .(ауызша)
* Мәтінді оқып, тарихи сөздерді тауып, оларды буынға бөліңдер. Әрбір буын қанша дыбыстан құралған және қайсысы буын құрайтын, қайсысы буын құрай алмайтын дыбыстар екенін айтыңдар.
300 –жаттығу .
• Мәтінді толық оқыңдар, екінші абзацтағы сөздерді буынға бөле отырып , көшіріп жазыңдар және ашық ,бітеу ,тұйық буындарды сызба түрінде ажыратыпкөрсетіңдер.
Келесі тапсырма:
Топтық жұмыс
1- топқа берілген тапсырма:
Постермен жұмыс
Берілген сөйлемдерді буынға бөліп жазыңдар және құрамындағы дауысты дыбыстарды тілдің, жақтың және еріннің қатысына қарай анықтаңдар.
Біздің заманымызда не көп, сан түрлі таң ғажайып мамандық көп.
( І. Есенберлин)
2- топқа берілген тапсырма:
Тақтамен жұмыс
Сөйлемді толық түсініп оқыңдар және қарамен жазылған сөзге дыбыстық талдау жасаңдар. Ауыл осы қонысқа кейін орналасқаннан бері қарай, ол бір күн дамыл танытқан емес.
( М.Әуезов)
3- топқа берілген тапсырма:
Дәптермен жұмыс
Берілген сөздерді буын жігімен дұрыс тасымалдап көрсетіңдер.
Ба-уыр, қо-ңыр,е-ке-уі-міз-ді, кү-рең, боз-тор-ғай, қа-ра-ғай, ба-ла-лар, кө-лік т.б
Топтық жұмыстарды бағалау.
Сабақты қорыту.
1.Буын дегеніміз не?
2.Буынның неше түрі бар?
3.Ашық буын қалай жасалады?
4.Тұйық буынның жасалу жолы қандай?
Үйге тапсырма:
1. Буын және буын түрлері туралы түсінік.
2. 301-305 –жаттығуларды талапқа сай орындау.