Онлайн әлем: бала үйде, қиялы түзде

Oinet.kz 22-10-2020 1416

Сырқат. Карантин. Әлеуметтік қашықтық сақтау. Бұл ұғымның барлығы оффлайн режимде ғана. Виртуалды әлемнің кейпі басқаша. Жақын, жақын да болса алыс; Алыс, алыс та болса жақын еткен заман. Түркістандық 14 жасар қыз әлеуметтік желіде шымкенттік жігітпен танысқан. Онымен кездесу үшін үйінен шығып, Шымкентке қашып кеткен. Небәрі сегізінші сынып оқушысының ақпараттық кеңістіктегі тұлғасы шатпақ  ойдың шеңберінде қалдырды.

image.png

Елімізде мектептер  6 сәуірден бастап қашықтан білім беруге көшті. Daryn.online білім беру платформасында наурыз айына дейін 15  мың қолданушы болған. Карантин режимінде білім беру платформасы тұтас қазақстандық оқушылардың көмекші құралына айнала білді. Бірақ платформа бір күнде жасалмады, 2018 жылдан бастап контентін қалыптастырды. Сонша уақыт елеусіз болған дүниелерге сұраныс жоғарылады. 

Жасыратыны жоқ, перзенттеріне телефон таппай ата-аналар шарқ ұрды.  «Б/у», яғни ұсталған телефонның саудасы қызды. Расында, ол телефондардың ішінде қандай бағдарламалар, қандай мағлұматтар сақталғанына ешкім де бас қатырып жатпады. Смартфонға қойылған жалғыз талап  WhatsApp мессенджері орнатылса болғаны. Өткен оқу жылы онлайн жүйеде аяқталды. Жиналған тәжірибе мен жіберілген қателік ескеріліп, қыркүйекте жаңа оқу жылы өзгерістерге толы формада бастау алды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: «Қашықтан білім беруді қолдау мақсатында министрлік ұялы байланыс операторларымен бірлесіп,  мұғалімдерге, оқушылар мен студенттерге арналған «Білім» деген арнайы тарифті шығаруды пысықтады. Тарифтік жоспар қазақстандық бейнеконференция алаңдары мен Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған 600-ге жуық  ресурсты шексіз әрі тегін пайдалануға арналған», - деген еді. Қалтаға салмақ салмайтын бұл тарифте WhatsApp, ZOOM, Skype, Microsoft Teams секілді платформалар ақылы түрге негізделген болатын. Қалтаға салмақ салмай, «онлайн болудың» жолы көбейді.  Дегенмен онлайн оқу барысындағы аудиолар желіде көп тарады. Әуелі риясыз күліп алғаныңмен, артынан ой құрсауына кетесің. Не істеу керек?

Сақтықта қорлық жоқ

image.png

  Мектеп жасындағы балалар әлеуметтік тұлғасы қалыптасу барысында болғандықтан жаңа нәрселерге кеудесі ашық болады. Әрнәрсеге тамсанғыш баланы иіріп әкету де оңай. Суицид жасауға итермелейтін «Көк кит» ойынының тырнағына ілініп,  әлемде 100-ге жуық жасөспірім жантәсілім еткен. Алжирлік психиатр Усама Аз-Замури  ата-ана баламен ашық диалог орнатпаған жағдайда баланы, өзіне зиян келтіруге итермелеудің өте оңай екенін айтады. Бұл типтегі виртуалды ойындардың тамырына балта шаптық дегенмен, жыл құрғатпай жаңа есіммен дүниенің әр бұрышында тарап жатады. Бүгінде бұдан да қорқыныштысы ата-ананың онлайн әлемдегі баланың тұлғасына бей жай қарауы. Мектепте 30 жылдан аса тәжірибесі бар педагог Айсара Ортаеваның онлайн жүйедегі оқушы тұлғасын қалыптастыруға байланысты ойын білген болатынбыз: 

 «Пандемия әлем халықына оңай соққан жоқ. Онлайн оқу жүйесі енісімен, білім саласында жаңа бастамалар орын алды. Осыған дейінгі іс- тәжірибемде орнаған ерекше жағдаят болды. Дегенмен білім беруді мұрат еткен соң, міндетке жауапкершілікпен қараймыз. Ылғи телефон ұстауына тыйым салатын оқушылардың көп функциялы телефонға бейімделуі қиын, әрине. Өзім математика пәнінің мұғалімі болсам да, балаларға желілік этика , телефонды тиімді пайдалану секілді сауаттандырып отырамын. Бұл дағдыны қалыптастыруда ата-аналардың көмегіне зәруміз. Себебі, бала тағдырына бейжай қарауға болмайды. Бір реттік салғырт назардың өзі көп нәрсені өзгертеді».

Интернет – қоғам өмірінің маңызды бөлшегіне айналды. Ғаламтор, тіпті балаларға бағытталған қылмыстардың жиілеуіне көмекші қызметіне ие болғандай. Материалды дайындау барысында ресейлік «Ата-аналар» клубы ұсынған мектеп жасындағы баланың ғаламтор кеңістігінде қауіпсіздігін сақтау ережелерін атап өткенді жөн көрдік. Баланың жақсы және жаман әдеттер туралы танымында ашық длиалог құру аса маңызға ие. 

Әлеуметтік желідегі перзентіңіздің парақшасына тіркелгеннің еш сөкеттігі жоқ. Оның досы кім, қандай парақшалар қарайды, неге қызығады, оның достығының тізімінде күдік келтіретін кім бар екенін ескеріңіз. Парақшасына отбасы, өзі туралы ақпарат жариялауына тыйым салған жөн. Жеке деректі жариялау, балаңыздың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Тіпті өзіңіздің парақшаңызда балаңыздың болмысына қатысты мәлімет беруден сақ болыңыз. Балаңызбен апта соңында браузерлер арқылы не іздегенін, не тапқаны жөнінде сөйлесіңіз. Ол да белгілі деңгейде бала танымына әсер етеді. Спам хабарламаға жауап қатпауды, ортақ танысы жоқ адаммен тілдеспеуді ескерткен дұрыс. Жақсы құпия сөз қандай болатынын, оны ешкімге айтпау керегін бала жете түсінуі шарт. Балаңыздың әлеуметтік желіде нені жариялау, нені жарияламау қажеттігі жөніндегі пікірін ескеріңіз. Мысалы, тым жақсы жерге барғанын достарына мақтанғысы келетін шығар. Бірақ геолокацияны көрсету көптеген трагедияға алып келгенін жаңалықтардан бірге қарасаңыз болады. Танымал блогерлердің ашық деректері салдарынан үйі тоналуы, балаларының ұрлануы секілді факторлар жиі кездеседі. Сақтықта қорлық жоқ. 

Бос уақытты қалай игеруге болады?

Баланың сабақтан тыс уақыты вакуум. Ол вакуумға пайдалы мәліметтер енуіне мұрындық болу ата-ананың ықпалында. Балаға телефонды тиімді пайдаланып, нәтижелі жетістікке жетуге жол ашу үшін түрлі курстарға жазылуына көмек берсеңіз болады. Мектеп оқушыларының бағдарламаны онлайн игеруіне байланысты сын көп. Онлайн ресурс бағдарламадан тек іріктелген қажет мағлұматтарды алуға көмек береді. Білім беру орталықтарының онлайн режимде жұмыс істеуі – балалардың тез үйрену дағдысын қалыптастырады. Болашақта мұндай адам мамандық ауыстырудан еш қиналмайды. Мысалы,  Барбара Оакли славян тілдерінің маманы ретінде армия құрамында  қызмет атқарады. Кейіннен инженерия саласына бет бұрып, ЖОО профессоры дәрежесіне жетеді. Қазірде Барбара үйренуді үйрену онлайн курс платформасын жасаған. Өмір мен өзін өзгертуге ешқашан кеш еместігін реал оқиғасымен дәлелдеген маман онлайн оқу тиімді екенін айтады.

Баланың қиялы сия тимеген ақ парақтай. Шексіз әрі креативті ойлармен ақ параққа реңк беру үшін түрлі курстарға жаздыруға болады. Оқушының  онлайн курсқа қатысуы уақытты тиімді басқаруға дағдыландырады.  Шымкенттегі №80 мектеп-лицей оқушысы Ақбота Нұржанқызы қазірде Айжұлдыз Адайбекованың «DAMU 4» онлайн-марафонына қатысуда. Ақботаның айтуынша, марафон уақыт жоспарлауды дағдыға айналдыруына себеп болған. Жасөспірімдерде болатын комплекстерден арылу, тығырыққа мүмкіндік ретінде қарау, өзіңмен ішкі диалог құру секілді тұлғалық дамуға жетелейтін әдет қалыптастырған.

Сондай-ақ, тіл курстары, жылдам оқу дағдысын қалыптастыру, түрлі шығармашылық бағыттағы, интелектуалды дамуға жетелейтін зияткерлік курстарға  онлайн негізде қатысу да баланың тұлғалық дамуына оң эффект береді. 

P.S. Ұстаз, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова: «бала дүниетанымы –нәзік мәселе. Ата-ана мобильді болуы тиіс. Баламды мен тәрбиелемесем,  көше тәрбиелейді. Бала алмаған ақпарат – вакуум. Вакуум ешқашан бос тұрмайды. Оны сіз толтырмасаңыз, қоқыспен толуы ықтимал», – дейді. Үйдегі балаңыз онлайн режимде әлемнің кез келген нүктесімен байланыса алады. Перзентіңіздің санасын қоқыспен толтырғыңыз келмесе, ашық диалогтан тартынбаңыз!

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Жарысқазан деген не?
Өлмейтін Кощей
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу