Қазақ тілі: Сөйлемнің айқандауыш және бірыңғай мүшесі. Жалпылауыш сөз

Oinet.kz 14-09-2020 1331

Сөйлемнің айқындауыш мүшесі сөйлем ішіндегі бір сөзді заттық жағынан айқындап, мағынасын ашып, түсіндіріп тұрады. Айқындауыштың екі түрі бар: 1) оңашаланған айқындауыш; 2) қосарлы айқындауыш.

 

Оңашаланған айқындауыш өзінен бұрын тұрған сөздің мағынасын нақтылайды. Оңашаланған айқындауыш өзі айқындайтын мүшесімен қызметтес, тұлғалас болады.

 

Айқындауыш сөйлемде екі жағынан да үтірмен, кейде айқындауыштар тізбегінде үтір болса, онда екі жағынан сызықшамен ажыратылады. Мысалы, Абай бұл сырдың шет жағасын досына, Ерболға ғана, сездірді. Құнанбайдың қасындағылар – Байсал, Қаратай, Сүйіндіктер – осы сөзге тоқтасты.

 

Қосарлы айқындауыш өзі айқындайтын мүшесіне қосалқы атау болады: Мысалы, Ер Қосай, Алпамыс батыр, Біржан сал, Баян сұлу, әнші Күләш, биші Шара, Құрманғазы күйші, Ақлима ана, т.б.

 

Кейбір қосарлы айқындауыштар өздерінің айқындайтын сөзінен, қос сөздер сияқты, дефис арқылы бөлінеді: жер-ана, әйел-ана, телефон-автомат, инженер-механик, пәтер-мұражай, ақын-сазгер, т.б.

 

Сөйлемдегі қызметі, тұлғасы, сұрақтары бірдей және бір ғана ортақ мүшемен байланысатын сөздер бірыңғай мүшелер деп аталады. Барлық сөйлем мүшелері бірыңғай мүше бола алады. Бірыңғай мүшелер жалғаулықсыз да, жалғаулықтар арқылы да байланысады. Мысалы, бірыңғай бастауыштар: Есіл бойында бүлдірген де, мойыл да, жидек те, қарақат та (не?) өседі.

 

Бірыңғай баяндауыштар: Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан оқушылар ән салады, би билейді және күй шертеді (не істейді?).

Бірыңғай толықтауыштар: Біз – Исатай мен Махамбетті, Амангелді мен Абайды (кімді?) пір тұтқан халықтың ұрпағымыз.

Бірыңғай анықтауыштар: Ораз ойыншы, әзілқой, қалжыңшыл, аса жайдары мінезді (қандай?) адам еді.

Бірыңғай пысықтауыштар: Тоқсанбай қарт немересінің күн иісі сіңген кекілінен емірене, құшырлана (қалай?) иіскеді.

 

Сөйлемде бірыңғай мүшені жинақтап, жалпылап, ортақ атауын білдіретін сөз немесе сөз тіркесі жалпылауыш мүше деп аталады.

 

Жалпылауыш сөздер кейде бірыңғай мүшелердің алдында немесе соңында тұрады. Жалпылауыш сөздер қызметінде жалпылау, сілтеу есімдіктері және жинақтық сан есім, кейде зат есім жұмсалады. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден бұрын тұрса, жалпылауыш сөзден кейін қос нүкте қойылады, ал жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден кейін орналасса, жалпылауыш сөздің алдынан сызықша қойылады. Мысалы, Көшек, Ержан, Земцов – үшеуі зеңбіректі жау бағытына қарай дайындап жатыр. Қалам, дәптер, қарындаш – бәрі оқушыға қажет құралдар. Қазақстандағы ірі өзендер мыналар: Ертіс, Есіл, Іле, Тобыл. Шешенге қажет басты қасиет: сөзге тапқырлық, ойға ұшқырлық, терең білімпаздық.

Қазақ тілі: Сөйлем және оның түрлері
Қазақ тілі: Оқшау сөздер және оның түрлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу