Қазақ тіліндегі сөздердің байланысуы

Oinet.kz 14-09-2020 2285

Қазақ тіліндегі сөздердің байланысуының бес түрі бар: 1) қиысу;

2) матасу; 3) меңгеру; 4) қабысу; 5) жанасу.

 

Қиысу – сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы немесе жіктелу ретімен бастауыштық және баяндауыштық қатынаста жақ жағынан үйлесе байланысқан түрі. Мысалы, Мен оқимын (І ж.), сен оқисың (ІІ ж.), олар келеді (ІІІ ж.), біз дайындаламыз (І ж.).

 

Матасу – сөз бен сөздің ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғауы арқылы байланысуы. Мысалы, Алматтың үйі, ағаштың бұтағы, менің жолдасым, т.б.

 

Меңгеру – сөз бен сөздің барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан түрі. Мысалы, балаға мейірімді, үзілісті күту, тауда жолығу, мектептен келу, еңбекпен табу, т.б.

 

Қабысу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, тек орын тәртібі арқылы іргелес байланысқан түрі. Мысалы, кең бөлме, орындалған арман, тоғызыншы сынып, үйдегі қызық оқиға, т.б.

 

Жанасу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, кейде алшақ кейде іргелес тұрып байланысуы. Мысалы, телефон арқылы сөйлесу, үйге дейін бару, әдейі келу.

 

Сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен қарым-қатынасқа түскенде, бір жағынан, сол тіркеске тән лексика-грамматикалық мағына да пайда болады. Сөз тіркесіндегі грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің арасындағы үш қатынастан пайда болады. Олар: анықтауыштық қатынас, толықтауыштық қатынас және пысықтауыштық қатынас.

 

1. Анықтауыштық қатынас матаса, қабыса байланысқан есімді тіркестерге тән. Бесінші сынып, алтын сақина, менің інім, біздің қала, орындалған арман. Анықтауыштық қатынас басыңқы сөзден бағыныңқы сөзге қандай? қай? кімнің? ненің? қандай? қанша? нешенешінші? деген сұраулар қою арқылы анықталады.

 

Анықтауыштық қатынастағы лексика-грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің лексикалық ерекшеліктеріне сәйкес даралық, нақтылық сипат алады. Матасу байланысындағы сөз тіркесі мынадай лексика-грамматикалық мағыналарға ие. Менің киімім – затқа меншіктілік, Тілектің әпкесі – туыстық, үйдің терезесі – бүтіннің бөлшекке қатынасы.

 

Қабыса байланысқан сөз тіркестерінің беретін лексика-грамматикалық мағыналары: салқын жел – табиғи күй, ақ қар, көк шөп, қызыл гүл – заттың түсі, тәтті тамақ, ащы сорпа – тамақтың дәмі.

 

Бұл тіркестегі сөздердің бәрі сын есім болып, заттың әртүрлі сынын білдіруі олардың грамматикалық мағынасы болса, әр сөздің өзіне тән мағынасы лексикалық мағына болады. Сол лексикалық мағыналары арқылы бағыныңқы сөз басыңқы сөздің белгілерін, қасиеттерін даралайды, нақты сипат береді.

 

2. Толықтауыштық қатынас меңгеру байланысындағы есімді және етістікті тіркестерге тән. Басыңқы сөзден бағыныңқы сөзге кімге? неге? кімді? нені? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен? деген сұрау қою арқылы анықталады, бағыныңқы сыңары басыңқы сыңардың тура я жанама объектісін, я сол объектіге қатысын білдіріп тұрады. Мысалы, тазалықты сүю, ойларын білдіру, жиналысты басқару, сөзге жауап қату.

 

3. Пысықтауыштық қатынас меңгеру, қабысу және жанасу байланысындағы етістікті тіркестерге тән. Сұрақтары: қайда? қайдан? қашан? қайтіп? қалай? не мақсатпен? не үшін?

 

Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері мынадай лексика-грамматикалық мағынада жұмсалады: істің мезгілі, мекені, қимыл-сыны, мақсаты, себебі. Мысалы, оқу үшін келді, әдейі барды, жалтақтап қарау, биыл ашылмақшы, жалп етіп құлау.

 

Синтаксистік қатынастың түрлері

Байланысу түрлері

Сұрақтары

Мысалдар

Анықтауыштық қатынас

Матасу,

қабысу

Кімнің? Ненің?

Қандай? Қай? Қанша? Неше? Нешінші?

Адамның өмірі, екінші мамандық, уылжыған жүзім, шеткі үй.

Толықтауыштық қатынас

Меңгеру

Кімге? Неге?

Кімді? Нені?

Кімде? Неде?

Кімнен? Неден?

Кіммен? Немен?

Балаға мейірімді, жұмысты жандандыру, үзілісті күту, адамды сыйлау, ата-анасымен ақылдасу.

Пысықтауыштық қатынас

Меңгеру, қабысу,

жанасу

Қашан? Қайдан? Қайда? Қалай? Не үшін? Не себепті? Не мақсатпен?

Кештете келді, бүгін келді, былтыр ғана жеңіп ем, қасақана кешікті, оқу үшін келді, т.б.


Қазақ тілі: Тұрақты сөз тіркесі
Қазақ тілі: Сөйлем және оның түрлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу