Тіл туралы мақал-мәтелдер
Адам көңілден азады, тілден жазады.
* * *
Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.
* * *
Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады.
* * *
Айтпас жерде тілің тарт.
* * *
Ана тілі – бәріміздің анамыз,
Өйткені ол – ұлтымыздың анасы.
* * *
Ана тілің алпыс тілге татиды.
* * *
Ақынның тілі қылыштан өткір.
* * *
Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады.
* * *
Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.
* * *
Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады.
* * *
Ашынған тілді болар,
Ашыққан ұры болар.
* * *
Ауызда жиек жоқ,
Тілде тиек жоқ.
* * *
Әдеп басы – тіл.
* * *
Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты.
* * *
Бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ.
* * *
Бал тамған тілден у да тамар.
* * *
Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.
* * *
Басқа пәле – тілден.
* * *
Жаман көлдің суы ащы, жаман қатынның тілі ащы.
* * *
Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа,
Ең алдымен өз тіліңді дұрыста.
* * *
Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.
* * *
Қазақтың ақылы – көзінде,
Қасиеті сөзінде.
* * *
Қотыр қолдан, пәле тілден жұғады.
* * *
Кісі қызыл тілден өледі,
Түлкі қызыл жүннен өледі.
* * *
Қылыш жарасы бітер,
Тіл жарасы бітпес.
* * *
Қызыл тіл – жанның мияты,
Абырой – ердің қуаты.
* * *
Мал басынан байланады,
Адам тілінен байланады.
* * *
Малға кедей – жарлы,
Тілге кедей – сорлы.
* * *
Ішімдегінің бәрі тілімде,
Тілімдегінің бәрі түрімде.
* * *
Өнер алды – қызыл тіл.
* * *
Өз тілің – бірлік үшін,
Өзге тіл – тірлік үшін.
* * *
Оқу алды – қызыл тіл,
Бірден соңғы мергеншіл.
* * *
От ауызды, орақ тілді шешен.
* * *
Піл көтермегенді, тіл көтереді.
* * *
Сөз – көмек, тіл – құрал.
* * *
Тәрбие тілден басталады.
* * *
Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт.
* * *
Тіземнен сүріндірсе сүріндірсін,
Тілімнен сүріндірмесін.
* * *
Тіл – қылыштан да өткір.
* * *
Тіл – тас жарады, тас жармаса да бас жарады.
* * *
Тілде тиек жоқ.
* * *
Тілсіз жерде тіршілік жоқ.
* * *
Тіл – тіршілік тірегі.
* * *
Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры,
Сыйынатын тәңірі.
* * *
Тіл сүйексіз болса да, өзі сүйектен өтеді.
* * *
Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ.
* * *
Тіл қоса алар жер мен көктің арасын,
Тіл айырар анасынан баласын.
* * *
Тіл – атадан қалған асыл мұра.
* * *
Тіл – асыл ойдың бұлағы.
* * *
Тілге әр күн мейрам.
* * *
Тіл – ел басқарудың құралы.
* * *
Тіл – буынсыз, ой – түпсіз.
* * *
Тіл – білім, тәрбие тұғыры.
* * *
Тіл – достықтың мерейі.
* * *
Тіл – елдігіміздің іргетасы.
* * *
Тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі.
* * *
Тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы.
* * *
Тілдің майын тамызып,
Сөздің балын ағызып,
Хас шешендер сөз айтар.
* * *
Тілді қорлау – халықты қорлау.
* * *
Тілі өлген ел – тірі өлген ел.
* * *
Тіл — өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем.
* * *
Тіл – сүйексіз, ақыл – түпсіз.
* * *
Тілі тәтті, көңілі қатты.
* * *
Тіл – тәуелсіздік тұғыры.
* * *
Тіл – татулық тірегі.
* * *
Тілге шешен, іске мешел.
* * *
Тіл – халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы.
* * *
Тілсіздің дауы арам,
Зекетсіздің малы арам.
* * *
Тіл ерді қабірге салады,
Нарды қазанға салады.
* * *
Тіл тікенді де алады.
* * *
Туған ел – тұғырың,
Туған тіл – қыдырың.
* * *
Ұлттың қуаты – тілінде.
* * *
Ұлттың өшуі тілдің өшуінен басталады.
* * *
Шешеннің тілі – шебердің бізі.
* * *
Шешеннің тілі ортақ,
Шебердің қолы ортақ.
* * *
Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті.