Филология. Баяндама. Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы көркемдік шындық

Oinet.kz 09-09-2020 1775

Көрнекті қазақ жазушысы Ш.Мұртазаның басты туындыларының бірі «Қызыл жебе» – бес кітаптан тұратын роман-эпопея. Роман-эпопеяның жанрлық ерекшеліктері оның мынадай сипаттарынан байқалады: роман-эпопеяда а) саяси-әлеумет тік қайшылықтарға толы, сұрапыл өзгерістер мен төңкерістер орын алған бүкіл бір дәуірдің шындығы көркем жинақталған, ә) бүкіл бір дәуір бойы қоғамды, мемлекетті билеп-төстеген әлеуметтік күштердің үдерісі мен күресі бейнеленген, б) ұлт тағдырындағы, халық өміріндегі кезеңді құбылыстар мен тұрмыстық болмыс тығыз бірлікте суреттелген.

Роман-эпопеяның бас кейіпкері – ХХ ғасырдың басында Кеңестер Одағы бойынша басшы қызметте болған аса көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұлов. Роман-эпопеяда Тұрар Рысқұловтың бала кезінен өзі өмірін арнаған өкіметтің үкімімен өлім жазасына кесілгенге дейінгі өмірі мен қызметі толық қамтылады.

«Қызыл жебеде» Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі толық қамтылғанмен, оны өмірбаяндық шығарма деп қабылдауға болмайды. Өйткені роман-эпопеяда тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі арқылы халық бейнесі, тұтас бір елдің өмір-тарихы аясында бүкіл бір дәуірдің аса ірі саяси-әлеуметтік шындық оқиғалары көрініс тапқан. Сондықтан «Қызыл жебенің» негізгі қаһарманы – халық. «Қызыл жебеде» суреттелген шындық – халық өмірінің шындығы.

Айтылған пікірлер негізінде шығарманың тақырыбы туралы мынадай анықтама беруге болады: Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-эпопеясының негізгі тақырыбы – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының өмірінде болған саяси-әлеуметтік өзгерістер мен төңкерістер. Роман-эпопеяның негізгі идеясы – қазақ халқының саяси-әлеуметтік тәуелсіздігі.

Роман-эпопеяның бірінші кітабы – «Рысқұл». Екінші кітап – «Тұрар». Үшінші кітап – «Жұлдыз көпір». Төртінші кітап –

«Қыл көпір». Бесінші кітап – «Тамұқ». Бірінші кітапта («Рысқұл») патшаның отаршыл саясатының қазақ халқының басына түскен азабы мен мехнаты Рысқұл өмірінің шындықтары арқылы суреттеледі. Абақтыда екі тұтқын, екеуінің ортасында бір бала. Екі тұтқынның бірі – Шығыс-Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқыайдаров. Екіншісі – петерборлық Александр Бронников. Бала – Рысқұлдың ұлы Тұрар. Автор Рысқұлдың абақтыға түскенге дейінгі өмірінің шындықтарын үш тұтқынның өзара қатынасы негізінде баяндайды. Үш тұтқынның өзара қатынас құралы – сөз: Рысқұл – айтушы; Тұрар– Рысқұлдың айтқан сөзін орыс тіліне аударушы; Александр Бронников – тыңдаушы. Екінші кітапта («Тұрар») жазушы Тұрардың он бір жастағы мектеп оқушысы болып жүрген кезінен кәмелетке толып, Кеңестер өкіметін орнатушы қайраткер болып жүрген кезіне дейінгі өмірін заманның саяси-әлеуметтік ағымымен тығыз байланыста көрсетеді. Үшінші кітапта («Жұлдыз көпір») Тұрар Рысұловтың қатардағы мемлекет қайраткерінен Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің басшысына дейінгі өмір жолының саяси айтыс пен тартысқа, күреске толы қилы шындықтары суреттеледі. Төртінші кітапта («Қыл көпір») Тұрар Рысқұлов Мәскеуге шықыртылып, Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары (нарком) Сталиннің орынбасары, одан кейін Түркістан Совнаркомының төрағасы, Коминтерннің Монғолиядағы өкілі болды, Мәскеуге қайтып келіп, РСФСР Совнаркомының төрағасының орынбасары лауазымында қызмет етті, заманының саяси-әлеуметтік қайшылықтарын және сол қайшылықтардың зардабын мемлекеттік, саяси биліктің ең биігінде жүріп бастан өткерді. Бесінші кітапта («Тамұқ») Тұрар Рысқұловтың өмірінің ақырғы кезеңінің шындығы оның заманының, өз қолымен құрған өкіметтің көз көріп, құлақ естімеген сұмдығы мен зұлымдығы шегінде баяндалады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ еліндегі саясиәлеуметтік қайшылықтар роман-эпопеяда шынайы әрі көркем бейнеленген. Роман-эпопеяның негізгі тақырыбының аясында суреттелетін мынадай іргелі оқиғалар тобы бар: а) патша өкіметінің қазақ еліндегі отаршыл саясаты; ә) қазақ жерінде кеңес өкіметінің орнауы; б) елді ұжымдастыру; в) ел ішін жайлаған аштық; г) ел басына төнген сталиндік зұлмат. Осы оқиғалар тобы шегінде суреттелген шындық құбылыстардың әрқайсысына автордың берер бағасының тиісті мәні бар: жақсылық немесе жамандық; ізгілік немесе зұлымдық; әділет немесе қиянат. Романэпопеяда суреттелген саяси-әлеуметтік құбылыстардың тобында жеке тұлға немесе тұтас халық үшін тек қана жақсылық, ізгілік, әділеттілік ретінде бағаланған немесе бағалануға лайықты оқиға жоқ. Шығармада көрініс тапқан оқиғалар мен құбылыстарды көркемдік жинақтаудан дүниенің мынадай сыры аңғарылады: а) жақсылық әркез тұрмайды, жамандық әркез тозбайды; ә) ізгілік ұзақ болмайды, зұлымдық қуып қалмайды; б) әділетке адам қара терін немесе қызыл қанын төгіп жетеді, қиянат адамды өзі қуып жетеді. Шығарма мазмұнының тереңі автордың өзі суреттеп отырған өмір құбылыстарының және оларға берер бағасының осындай мәндері негізінде ашылады.

Бес кітап көлемінде суреттелетін өмір шындықтарының өзегінде үзілмей жалғасатын мынадай ойлардың желісі бар: а) қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы тағдыр-талайы туралы; ә) жеке тұлға болмысы туралы; б) қоғамдық сана сипаты туралы; в) мемлекеттік басқару жүйесі туралы. Роман-эпопеяның бес кітабының өзегінде үзілмей жалғасып жатқан осындай ойлар желісінде дараланатын мынадай бірнеше күрделі ұғымдар бар: а) қазақ халқының тарихи өткен дәуірдегі қайғы-қасіретке, азап-мехнатқа толы трагедиялық тағдыры туралы; ә) өмірі зая жеке тұлға туралы; б) қоғамдық сананың езілген, жаншылған қалпы туралы; в) тәуелсіз мемлекеті, тәуелсіз мемлекеттік басқару жүйесі жоқ елдің мүсәпір хәлі туралы. Осы ұғымдар тұтастығы негізінде автор ел-жұрттың бәріне бірдей қымбат ұлттық идеяны мынадай қырларынан көрсетеді: а) халықтың адал еңбегімен еркін, бейбіт өмір сүруіне қажетті жағдай жасау; ә) адам өмірін баянды ету жолында еңбектену; б) қоғамдық сананың жаңаруына, ұдайы жетілуіне жағдай жасау; в) мемлектеттің, мемлекеттік басқару жүйесінің тәуелсіздігіне жету.

Рысқұл бейнесі. Ш. Мұртазаның «Қызыл жебесіндегі» Рысқұл мен М. Әуезовтің «ҚарашҚараш оқиғасындағы» Бақтығұл бейнелерінің түпкі негізі бір. М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» Рысқұл өмірінің шындықтары негізінде жазылған. Солай бола тұра Ш. Мұртазаның Рысқұлы мен М. Әуезовтің Бақтығұлы бірін-бірі қайталамайды.

Жазушы Рысқұл бейнесін оның өмірі туралы тарихи деректерге, мәліметтерге сай жасайды. Рысқұлдың бұрынғы мекені Түлкібас еді. Ауылаймағы Дауылбай болысқа қарайтын. Өзі, ағасы Бердіқұл, ауыл-аймағы түгел Дауылбай болыстың алақынында немесе жұдырығында болуы шарт. Болыстың талабы осындай. Бірақ Бердіқұл мен Рысқұл болыстың айтқанына көнбеді, айдағанына жүрмеді, алақанына да, жұдырығына да сыймады. Тартыс осылай туды. Ақыры Бердіқұл болыс адамдарының қолынан мерт болды. Рысқұл ауыл-аймағымен болыстан, ояздан әділет іздеді, бірақ таппады. Болыс бой бермеді. Шарасы таусылған Рысқұл Дауылбай болысқа айтарын айтып кетеді: «Бердіқұлдың қанын төктің, қапыда қалдырдың. Мұныңды екі дүниеде кеше алмаспын, Дауылбай! Қанға қан... Ендігі қалған өмірім сенен кек алумен болсын!» (Бірінші кітап, 178-бет).

Рысқұл атына қарғып мініп, қолындағы қайың сойылмен болыстың ақ ордасының маңдай тұсын құлаштап бір салып өткенде, ақ орданың төрт бірдей уығы сынып түседі. Онымен де тоқтамай, ояздың екі солдатының қолындағы екі мылтықты ағызып шауып бара жатып ат үстінен жұлып алып кетеді. Осының бәрін үй ішінде іргеден көріп отырған ояз болысқа былай дейді: «Әй, көзсіз тентек. Ұнатамын осындайларды. Егер киргиздардың бәрі осындай келсе, сіз бен біздің халіміз мүшкіл болар еді, управитель мырза. Бірақ сіз бен біздің бағымызға, ол жалғыз» (Бірінші кітап, 179-бет).

Шығармада Рысқұлдың сөзінің саралығы, ісінің даралығы үлкен суреткерлік шеберлікпен көрсетіледі. Рысқұлдың қысқа айтқан сөзі мен бір сілтеген сойылы арқылы жазушы оның балмыс-бітімінің даралығын мынадай ерекшеліктері арқылы танытады: а) қиянатқа көнбейтін, қысастыққа төзбейтін берен мінезі; ә) алған бітінен қайтпайтын қайсар рухы; б) ақты ақ деп бағалар, қараны қара деп бағалар турашылдығы; в) әділет пен қиянаттың, ізгілік пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата білер парасат-пайымы.

Рысқұлдың болмыс-бітімінің даралығынан оның ірі қимылдың, үлкен істің адамы екені белгілі болады. Рысқұл жаратылысының осы ерекшеліктерін жазушы ояздың мінездемесімен толықтыра түседі де, оны «жалғыз», жеке, да ра тұлға деңгейіне дейін көтереді. Шығармада Дауылбайдың мінезі де осы тәсілмен дараланады. Ояз ішінен мынадай ой түйеді: «Империя үшін Дауылбайлар болғаны қандай бақыт! Шен үшін, өз қарабасының қамы үшін қаны бір туысын құрбандыққа шалып жібереді. Жоқ, Дауылбайды болыстықтан түсіруге болмайды» (Бірінші кітап, 179-бет).

Ояздың сөзінде үлкен шындық бар. Шен үшін, өз қарабасының қамы үшін қаны бір туысын құрбандыққа шалып жіберу – отаршыл ұлықтардың етегінен жем жеп жүрген Дауылбай болыс секілді басқа да атқамінерлерге тән мінез.

Ояздың сөзі Дауылбайды мінездеумен қатар оның өзінің болмыс-бітімін, империялық астамшылығын, отрашылдық озбыр пиғылын аңғартады. Ояз бен болыстың мақсаттары бір, өзара өрістес, қанаттас. Сондықтын Рысқұл сойылын болыстың зұлымдығына ғана емес, ояздың империялық астамшылығына, отаршылдық озбыр пиғылына да қарсы сілтейді.

Дауылбай болыстың зорлығынан Рысқұл ауыл-аймағымен атамекенінен тастап, Түлкібастан Шығыс-Талғарға ауып келеді, ШығысТалғар болысы Саймасайды паналайды. Рысқұл Түлкібастағы Дауылбай болыстан көрген әділетсіздігін Шығыс-Талғардағы Саймасай болыстан да көреді. Саймасай мұны ұрлыққа жұмсайды. Соңынан ұры деп соттатып, абақтыға жапқызады. Рысқұл абақтыны тесіп шығады, Саймасайды атып өлтіруге бекінеді. Бұл шақта оның әділеттілік туралы танымы тереңдеп, жетілген. Әділет пен қиянат, жақсы мен жаман, ізгілік пен зұлымдық туралы қалыптасқан пікірі анық, берік. Саймасай Рысқұлды өзінше бағалайды: «... жалғанның тәкаппары ғой. Оның басынан гөрі Талғардың басын ию оңай» (Бірінші кітап, 82бет). Жазушы Саймасайдың пікірі арқылы Рысқұлдың қасиетін тағы бір қырынан ашып, тұлғасын даралай түседі.

Роман-эпопеяда Рысқұлдың әділет іздеген күрескер рухы әр қырынан ашылады. Рысқұл бейнесі – күрделі, ойландыратын, ойға қалдыратын бейне. Рысқұл бейнесін пайымдаудан туатын ойдың мынадай екі саласы бар: а) же ке адамның әлеуметтік әділетсіздікке қарсы адам өлтіруге дейін баруы оның өзі мен айналасы үшін қауіпті; ә) жеке адамды әділетсіздікке қарсы адам өлтіруге мәжбүр ететін әлеуметтіксаяси ахуал қалыптастыру бүкіл халық, тұтас ел үшін қатерлі.

Жазушы Рысқұлдың а) портретін жасайды, ә) мінезін сипаттайды, б) күйіну және сүйіну халін суреттейді, в) сөйлеу даралығын ашады, г) іс-әрекет ірілігін көрсетеді, д) күрескерлік рухын танытады. Осы тәсілдер арқылы автор езілгендер мен жаншылғандардың, әділет іздегендердің бәріне ортақ хәлді, ортақ мұратты бір тұлғаның бойына жинақтап көрсетеді.

Тұрар бейнесі. Тұрар әкесінің басынан өткен қиыншылықтардың біразын өз көзімен көріп өсті. Алты жасында әкесімен бірге Алматы абақтысына қамалды. Әкесінің петерборлық орыс Александр Бронниковке өз өмір-тарихын баяндап айтқан әңгімелерін орыс тіліне аударып отырып, өзі де көп сырға қанығады, танымын байытады.

Тұрар бейнесі роман-эпопеяның үшінші кітабынан бастап мемлекеттік биліктің жоғары сатысындағы әлеуметтік, саяси қайшылықтар негізінде туған күрестер алаңында толысып, жетіледі. Мемлекет басындағы Ленин, Сталин секілді тарихи тұлғалармен пікір алмасу, саяси биліктің бар тармағын өз қолында ұстаған жеке тұлға мен мемлекеттік басқару аппараты алдында елдің жайы, ұлттың тағдыр-талайы, Шығыс халықтары туралы пікірлерін, көзқарастарын батыл қорғау Тұрардың мемлекет қайраткері ретінде қалыптасуы мен кемелденуінің биік белесін көрсетеді.

Тұрар өзімен пікірлес және бірге қызмет атарып жүрген адал азаматтардың басына саяси биліктің қатері төніп тұрғанда да оларды қорғаудан тартынбайды.

Мәскеу. Кремльдің үлкен мәжіліс залы. Саяси билік мүшелері түгел осында. Сталин кеңесті ашып, сөз бастап тұр. Тұрар Рысқұлов залға осы кезде кіреді: «Рұқсат па екен? – деді Рысқұлов табалдырықтан аттай беріп... Сталин едәуір үнсіз тұрып қалды. ...әлден кейін барып:

  • А-а, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет! – деді...

  • Төрге грузиннің князі отырып қалған екен, маған осы бір жер де жетер, – деп, Рысқұлов алға озыңқырап барып, бос орынға жайғасты».

Кеңесте «Сұлтан-Ғалиев ісі» қаралады. Сұлтан-Ғалиев Түркістанның біртұтастығы, Одақ құрамында біртұтас республика болып қалыптасуы туралы идеяны уағыздайды. Түркістанның біртұтастығы туралы идеяның әуелгі қолдаушысы мен қорғаушысы Тұрар Рысұлов еді. Ендігі жерде Сталин осы идеяны жат көріп, оны уағыздаушы Сұлтан-Ғалиевті дұшпан, халық жауы ретінде айыптады. Тұрар Рысқұловты Сұлтан-Ғалиевтің ықпалындағы адам деп бағалады. Сталиннің осы бағыттағы сөздеріне Тұрар Рысқұлов батыл тойтарыс береді: «СұлтанҒалиевтың айтқанына көніп, айдауына жүретін мен оның құлақкесті құлы емеспін. Сұлтан-Ғалиевтың жетегіне жүретін мен оның мұрнын тескен тайлағы емеспін. Сұлтан-Ғалиев мені арам іске айдап, азғырған да жоқ. Сондықтан Сталин қателеседі!»

Адамның мінез-құлқы, адамшылығы оның сөзі мен ісінің әділетке сәйкестігіне байланысты танылады. Тұрар Рысқұлов өз пікірінің, өз көзқарасының жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан да, Түркістан Республикасының мүддесі тұрғысынан да әділетті, игілікті екеніне сенеді. Сол сеніміне берік. Жалпымемлекеттік тұрғыдан да, Түркістан Республикасы халықтарының мүддесі тұрғысынан да әділетті, игілікті идеяға қарсы пікірді қате деп есептейді және өз ойын қандай қиын, қатерлі жағдайда да ашық айтады. Дәуірдің ең қатал, қатігез басшысының қателігін де бетіне айтады.

Жазушы Тұрар Рысқұловқа тән қасиеттерді мынадай екі сала бойынша жинақтайды: а) еркін де терең ойдың, рухани ұлы қасиеттің, қайтпас қайраттың адамы ретінде танытады; ә) мемлекет басқару ісіндегі мақсат пен міндетке, оларды іс жүзіне асырудың амалдары мен құралдарына, нәтижелеріне тура әрі әділетті баға беретін, өзі де әділеттен таймайтын аса көрнекті мемлекет қайраткері бейнесінде көрсетеді.

«Қызыл жебе» тарих шындығына негізделеді. Жазушы тарих шындығына өзінің шығармашылық мұраты, азаматтық көзқарасы тұрғысынан қарайды: а) тарихи деректерді көзінен тізіп баяндамайды, таңдап, талғап пайдаланады; ә) ойдан шығару арқылы роман-эпопеяның негізгі ой өзегін үзбей дамытады; б) әлеумет өміріндегі, жеке адам басындағы қилы жағдайлардың қисынын қиялдап табады.

«Қызыл жебе» – шын мен жалған, адал мен арам, жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің зардабын эпикалық кең құлашпен суреттеген роман-эпопея.

Ашық сабақ. Физика. Паскаль заңы
Ашық сабақ, Физика. «Қатты денелердегі қысым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу