Филология. Реферат. Көне түрік әдеби жырларына мәтіндік талдау

Oinet.kz 09-09-2020 1011

Мақалада тасқа қашалып жазылған жазулар арқылы немесе архе­ ологиялық қазба жұмыстар нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер негізінде қалыптасқан ата­баба тарихының зерттелуі айтылады. Әлемнің түкпір­түкпірінен келіп, тастағы жазулардың құпиясын ашуға атсалысқан еуропалық, ресейлік ғалымдар аталып, соның ішінде ұлттық ғалымда­ рымыздың еңбектері басты назарға алынады. Мақала ерекшелігі ежел­ гі дәуір құндылықтарының тек қазақ ғылымы үшін ғана маңыздылығын айтып қоймай, саяси билік тарапынан да ұрпақ тәрбиесі үшін рөлі елбасы сөздерімен дәлелді келтірілген. Сонымен бірге елімізге И. Тасмағанбетов бастауымен көшірмесі әкелінген Күлтегін ескерткіші, Түркі академиясы­ ның көптеген еңбектері атала келіп, қазақ ғалымдарының ежелгі жыр мә­ тінін аудару барысындағы әртүрлі нұсқалары беріледі. Қазақ ақындары мен ғалымдарының тарапынан аударылған ежелгі жыр оқиғасы әртүрлі сипат алса да, айтар ойға келгенде негіз біреу болғандықтан мазмұндық тұрғыдан мағыналас келеді. Дегенмен, мысалы ақын Қ.Мырзалиев жыр оқиғасын қазақтың бүгінгі өлең үлгісімен жырласа, ғалымдар әңгіме тү­ рінде жалпы мағынасын аудару, жырға жоспар құру арқылы талдай тү­ сіндіре аудару, қазіргі қазақ тілінің нормасына келтіріп жазып аудару, тармаққа бөліп аудару сияқты түрлері болғаны айтылады.


Кез-келген халық өзінің тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін, өзінің этикалық тарихын білуге ерте кезден зер салатыны анық. Қазақ халқы да тамырын сонау түркі, ғұн, сақ тайпаларынан алады. «Өз алдына қазақ халқы құрылғанға дейінгі (XV ғ.) дәуірлерде бізді жалпы түріктер деп атаған. Көк тәңірге табынып, Көк Бөріден тарағандықтан, «Көк Түріктер» деп аталғанбыз. Бүгінде VІ-VІІІ ғасырларда дүние жүзінде түркілерден тараған қырықтан астам ұлт болса, солардың барлығын бір атаумен «түркілер» деп атаған. Сол кезде бабаларымыз Түркі қағанатын құрған. Олар: қазақ, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт, ноғай, әзірбайжан, түрікмен, саха, тоба, қарашай, құмық, алтай. Тек Анадолы түріктер ғана жалпы атауын сақтап қалды»[ 1, 1].


Түпкі ата-бабымыздың тарихын, жалпы өмір сүру дәстүрін білгеніміз тасқа қашалып жазылған жазулар арқылы немесе археологиялық қазба жұмыстары жүргізу барысында, табылған құнды жәдігерлеріміздің арқасында еді.


Әлемнің түп-түкпірінен келіп, тау-тастардағы жазылған құпия жазуларды ашуға Еуропалық ғалымдар Г. Клапрот, Г. Вамбери, Ж. Амадес, А. Беверидж, В. Томсен және орыс ғалымдары В.В. Бартольд, В.В. Радлов, Е.Э. Бертельс, А.Н. Кононов, Н. А. Баскаков, И.В. Стеблева тағы да басқалары атсалысты.


Азия елдері ішінде, Қытай, Жапония, Түркия, Әзірбайжан ғалымдары біраз мол деректермен қамтылса, ал Моңғолиядағы көне түрік ескерткіштер мен балбал тастарды зерттеуде 1960, 1969, 1970, 1975, 1976, 1977, 1978, 1983, 1984, 1986, 1987, 1988, 1989 жылдары ұйымдастырылған бұрыңғы Кеңес Одағы-Моңғолияның бірлескен экспедициясының үлесі де айтарлықтай болды. Бұл тұрғыда атап өтер болсақ, экспедиция кезінде, археологиялық, тарихи, эпиграфикалық қырынан сүбелі үлес қосқан ғалымдар : Е.И. Убрятова, Б. Базылхан, Н.Сэр-Оджав, С.Г. Кляшторный, Х. Лувсанбалдан, М. Шинэхүү, Ю.С. Худяков, В.Е. Войтов, В. В. Волков, В.А. Лившиц, Г.Сүхбаатар, Г. Мэнэс, С. Қаржаубай, Д. Баяр, Д. Цэвээндорж, Л. Болд, Ц. Баттулга әр қырынан кең көлемде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген еңбектер жариялаған.


1996-1998 жылдары көне түрік бітіктастары мен ескерткіштерінің мәтіндік жағынан қарастырған Моңғолия-Жапония бірлескен экспедициясы «Моңғолиядағы тарихи жазбалар мен ескерткіштер» атты жобаны жүзеге асырды. 2000-2001 жылдары моңғол археологы Д. Баярдың жетекшілігінде Білге қаған ескерткіш кешенінде Моңғолия-Түркия бірлескен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Осы қазбалар барысында көне түрік археологиясында сенсациялық жаңалықтар ашылды. Бұл Білге қағанның алтын тәжісі, күміс, асыл тастардан тұратын көмбесінен 2800 дана зат бұйымдардың табылуы еді.


«Орхон бітіктастары мен ескерткіштерін зерттеуге XIX ғасырдың 80 жылдардан бастап XXI ғасырға дейінгі кезенде Финляндия, Дания, Германия, бұрынғы Кеңес Одағы, Моңғолия, Венгрия, Польша, Жапония, Түркия, Қазақстан және т.б.елдердің ғалымдары ат салысып келеді» [ 2,13]. Қазақстанда түркітану саласына үлес қосқан зерттеуші ғалымдар: М. Әуезов, М. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібай, М. Жармұхамедұлы, Н. Келімбетовтер. Бұл зерттеуші ғалымдардың еңбектерін әрі қарай жалғастырған зерттеушілер А. Қыраубаева, М. Жолдасбеков, С. Қасқабасов, Ш. Ыбыраев, Ә. Дербісәлі, А. Егеубай, ал ежелгі мұраларымызды тілдік тұрғыдан қарастырып келе жатқан тілші-мамандарымыз С. Аманжолов, Ғ. Айдаров, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, М. Томанов, Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықов, А. Аманжолов т.б.


Сонымен бірге ғалым Қ. Ергөбек пен И. Тасмағамбетовтердің жолсапар очерктер мен тақырыпқа қатысты аса құнды материалдары әдебиетіміздің тарихын зерттеудегі келелі жетістіктер болып табылады. 1996 жылы Қазақстан Республикасының үкіметі аса мән беріп, сол кезде Премьер-Министердің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов пен қазақ ғалымдары Орхон өзенінің бойына арнайы барды.


2001 жылы И. Тасмағамбетовтың идеясымен Жапон фирмасында арнайы жасалған Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі Астана төріне әкеліп орналастырылды. Тарихи ескерткіштің ғылыми көшірмесінің әкелуіне байланысты «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Еуразия Ұлттық Университетінің қасынан байырғы түркі мұраларын зерттейтін эпиграфика зертханасы ашылды. 2002 жылдың алғашқы ширегінде түркі халықтарының 2400 ішінде қолдаған жазу үлгісін жинақтап «жазу тарихы музейі» жұмыс жасай бастады.


Моңғолия территориясында жатқан «Күлтегін» және «Тоныкөк» құлпытастарындағы түпнұсқаны қазақ ақыны Қадыр Мырзалиев, ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Құлмат Өміралиев, Ғұбайдолла Айдаровтар қазақшаға аударды. Мысалы, ақын Қ. Мырзалиевтің нұсқасынан үзінді келтірер болсақ:


Соноу бастан, о бастан Бір-біріне жарасқан Жаралғалы Қара Жер, Жаралғалы Көк Аспан Естеби мен Бумынның Адамзаттан бағы асқан. Төрт бұрышы дүниенің Соларменен санасқан. Бүкіл түркі әлемі Екеуіне қарасқан


Қол астына жиылып Қол астынан тарасқан. Апақ-сапақ, іңірде Олар салған дүбірден


Жырда Қаһан қырық жеті рет соғысқа шыққаны, Табғаштармен соғыс барысында жеңіске жеткендігі жақсы суреттеледі. Қазақтың батырлық дастандары «Алпамыс», «Қобыланды» «Ер Тарғын» жырларына ұқсас тұстары да бар.


Келесі кезекте назар аударатынымыз жырды әңгіме түрінде баяндайтын Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасы: «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласын басқаруға ата-бабам Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының елін, заңын ұстай білген, иелік еткен.


Төрт бұрыштың бәрі жау еді. Әскер жүргізіп, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт қылған. Бастығы жүгіндірген. Тізеліні бүктірген. Ілгері Қадырқан қойнауына дейін, кері Темір қақпаға дейін қондырған.


Екі арадағы қарусыз көк түркілерді осылай қоныстандырған Білгіш қаған еді. Бұйрықтары да білгір еді, өздері ер болған екен. Бектері және халқы түзу еді. Сол үшін елін сонша билеген екен. Елді ұстап, заңды жасаған. Өздері ажалдарынан қайтыс болған.


Жылап-сықтаған: әуелі күн шығыстан Бөклі шөлінің елі, табғаш, тибет, авар, үрім, қырық аз, үш құрықан, отыз татар, қытан, татабылар-сонша халық келіп, жылапсықтады. Осындай сыйлы қаған еді.


Бектерінің, халқының түзу еместігі үшін, табғаш халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгендігі үшін, інілі-ағалының дауласқанынан, бекті халықтың жауласқанынан түркі халқы елдігінен айрылды.


Қағандық қағанынан айрылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, сұлу қыздары күң болды. Түркі бектері түркі атын тастап, табғаш бектердің табғаш атын ұстап, табғаш қағанға бағынды. Елу жыл күш-жігерін жұмсады».


Зерттеуші Қ. Өміралиевтің жырға жоспар құру ақылы талдаған, қазіргі қазақ тілінің нормасына келтіріп жазылған «Күлтегін» ескерткішінің «үлкен жазуы» былай болып келеді: «Бумын қаған мен Істемі қаған баяны.


Бумын қаған мен Істемі қағанның інілері мен балаларының қаған болған баяны.

Түркі халқының табғач жұртына тәуелді болу баяны.

Табғач жұртына тәуелді болған түрік халқының өкінішті сөзі


Көк Теңрі, Түрк Ыдуқ Жер – суы не дегені баяны. Ілтеріс қағанның таққа отыруы мен Табғач қағанға түрк халқын қарсы көтеру баяны.


Ілтеріс қағанның жорықтары баяны

Қапаған қаған мен Білге шад құрған мемлекет баяны

Білге қағанның түрк жұртына арнау сөзі Білге қағанның таққа отыру баяны.


Білге қаған мен Күлтегін батырдың Көк Түрк мемлекетін күшейту жолында жүргізген жорықтары баяны.

Күлтегін батырдың ерлік жорықтары баяны. Күлтегіннің ерлігі жайлы Білге қағанның қаған әулетіне қарата айтқан сөзі.

Білге қағанның Күлтегін өлгенде айтқан бақыл сөзі.


Күлтегіннің асына жиналған жұрттың баяны. Күлтегіннің қашан және қанша жасында өлгені, басына Балбар тас, Бітіг тас ескерткіш қашан қойылғаны дерегі» – деп аяқталады. Сондай-ақ, «Білге Тоңуқуқ» жырын да, қазақ тілінің нормасына келтіріп 33 тармаққа бөліп жаза отырып, көне сөз атауларына квадрат жақша беру арқылы анықтама берген.


Сонымен бірге жыр жолдарындағы: «Жұқаны таптау – оңай, Жіңішкені үзу – оңай, – деген қолданыстардың мағыналық тұрғыдан қазақ мақалына ұқсастығы байқалатыны айтылады [3, 11; 110].


Жыр мазмұнынан адам баласы пайда болған күннен бері тайпа, руға бөлініп, әр қауымның өз елінің қоныстанған жері үшін жан алысып, жен беріскен қаһарман шайқастарда бел шешіп соғысқаны айқын аңғарылады. Сонымен қатар, мына жыр жолдарынан: «жау таңбасын тағынды» – әр елдің өз таңбасы болғандығы байқалады. Бұл адам санасына бүгінгі мемлекеттік рәміздердің ел бірлігін арнайы таңдалып, сомдалған бір белгінің астына жинақтайтын рухани мәні бар таңбалардың тарихи тұрғыдан бастапқы белгілері секілді елес береді.


Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан түркі тілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет» – деген болатын.


2010 жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында ғылыми орталық – Түркі академиясы құрылды. Осы уақытқа дейін Түркі академиясы дүние жүзінің 30-ға тарта ғылыми зерттеу институттары және түркологиялық орталықтарымен, 70-тен астам шетелдік белгілі түрколог ғалымдарымен байланыс орнатты.


2011 жылы «Қазіргі түркология» сериясымен 24 еңбек жарияланды. Түркі академиясы түркі әлеміне ортақ ғылыми кеңістікті қалыптастыру, ортақ рухани-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау мақсатында төрт тілде қазақ, орыс, ағылшын, түрік жүйелі түрде халықаралық «Алтаистика және түркология» журналын (тіркелуі: ISSN Халықаралық орталығы (ЮНЕСКО, Франция, Париж қ.) шығарады және Түркі академиясының ресми сайты (www.turkacadem. kz) іске қосылды.


Түркі академиясы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесінің) 2011 жылғы 20-21 қазан аралығында өткен І Саммитінің нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін түркі әлеміне ортақ


«Түркі өркениеті» атты халықаралық альма нах және түркі әлеміндегі кесек туындылардың «Асыл мұра» атты антологиясын жарыққа шығарды. Бұл басылымдар алғаш рет, 2012 жылы 23 тамызда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің ІІ Саммитінде мемлекет басшыларының назарына ұсынылды.[4, 4]


Әдебиеттер


Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. – Алматы, 1989. – 102 б.

Қаржаубай C. Орхон мұралары. – Астана: Күлтегін баспасы, 2003. – 392 б.

Мырза Әли Қ. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары. – Алматы, 2001. – 144 б.

www. Turkacademigi.kz

Түркі онимдерінің құрылымдық ерекшеліктері (Х-ХІV ғғ. тарихи ескерткіштер негізінде)
Филология. Реферат. Бауыржан Момышұлының «Курляндия майданы» романындағы портрет пен пейзаж
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу