Филология. Реферат. Бауыржан Момышұлының «Курляндия майданы» романындағы портрет пен пейзаж
Рефератта Б.Момышұлының «Курляндия майданы» романындағы портрет пен пейзаж мәселесі қарастырылады. Шығармадағы порт ретті талдай отырып автор соғыс кезіндегі адамның сыртқы келбеті мен ішкі болмысының арасындағы ұқсастықтар мен психологиялық өзгерістердің кейіпкердің сырттайғы портретінен де танылатынын романнан нақты үзінділер келтіре отырып талдайды. Бұрын қазақ прозасында бейбіт өмірдегі адам портреттері бейнеленсе, Б.Момы шұлының аталған романында алғаш рет алапат соғыс кезіндегі адам бейнесін сомдауы да аталған еңбекте зерттеудің ерекшелігі ретінде көрсетілген. Сонымен қатар уақыт пен кеңістікке байланысты бей неленетін табиғат суреттерінің астарынан да адам мінезі мен оның көңілкүйінің өзгерістері аңғарылатыны мақалада салыстырмалы түр де дәлелденеді. Шағын зерттеу еңбекте отандық және шет елдік ға лымдардың портрет пен пейзажға қатысты ойпікірлері қоса қабат беріліп отырады.
«Курляндия майданы» романының беташары өзін өнер адамы санайтын, клуб бастығы боп қызмет жасайтын Құрмаштың сыртқы келбет-мүсінін статикалық портрет арқылы сипаттаудан басталады: «Құрмаш орта бойлы, толықша келген, күрең шашты, сары жігіт...» [1, 207]. Автор осы қысқа ғана сыртқы кескіндемені бере отырып, кейіпкердің одан арғы толыққанды болмысын бірқатар портреттік штрихтармен толықтырады. Оларды оқи отырып, Құрмаштың ішкі жан дүниесінің сипаты, яғни характерологиялық сипатын аңғарамыз: «табиғаты сауықшыл Құрмаш», « үлкендерді қолтықтап-қолпаштап алып, шешіндіріп орналастырып, кеш бітерде оларды киіндіріп, шығарып салады. Елпілдеп жүргендер кімнің көзіне түспейді. «Бұларға мен жақынмын» дегендей. Барлық кішіпейіл ізеттерін ол кіре берісте де, залда да, фойеде де, шығарда да жалпының көзін бақырайта қаратып қойып істей білетін», «үлкендердің ішінде де балық аулауды жақсы көретіндері болады. Демалыс сайын ол олармен бірге балық аулауға баратын», – деген жекелеген ситуациялы детальдар арқылы Құрмаштың жағымпаздық қылығын аша түседі [1, 208].
Шығармада сомдалған кейіпкер тұлғасының тұтастығын, даралығын, шынайылығын, сайып келгенде, көркемдігін қамтамасыз ететін құрамдас бөлік – портрет. А.Байтұрсынұлы еңбегінде көркем туындының баяндау жүйесіндегі «әуезе, әліптеу, байымдау» ұғымдарының ішінде әліптеу туралы: «...Тұлға түртұрпатын, кескінін, көркін айтып пернесін әліптеп сөйлейміз» [2, 16], – деп жазады. Баяндау жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылатын айтылмыш компоненттің шығарма мәтініндегі көркемдік қызметі туралы: «Кейіпкердің мінез-құлқын, характерін неғұрлым толық ашып көрсету үшін оның портретін мүсіндеудің үлкен мәні бар», – дейді З. Ахметов [3, 270]. Ал кейіпкерге психологиялық мінездеме берудің амал-тәсілі ретінде пішіндемеге жүктелер міндет арта түседі. Себебі, көркем шығарма құрылымындағы портреттің атқарар қызметі кейіпкердің сыртқы тұлғасын суреттеумен ғана шектелмейді, одан әлдеқайда ауқымдырақ.
Шығарманың өң бойында өзінің іс-әрекет, бар болмыс-бітімімен танылып отыратын негізгі кейіпкер – Бекболат Талғаров. Бекболаттың сыртқы болмыс-бітімін, кескін-келбетін тұщымды, оралымды етіп беруде нақты статикалық портреттік суреттеме жоқ, оны жазушы әртүрлі көркемдік құралдар арқылы жеткізеді.
Романда автор тікелей өз өмірінен өткен, көрген-түйген мол тәжірибесін Бекболаттың болмысына сыйдыра білген. Оған дәлел, «бет аузын түк басқан, аяз сорып түтігіп кеткен» Құрмашты орманда ашыққан бейшара халін көрген Бекболаттың: «Мен өз басым командир болсам да, аштық, тоқтықты солдаттармен бірге көрген адаммын. Үш-төрт аштықты басымнан өткізгенмін. Қарны ашқан адам да, шөлдеген адамдай түкірігін жұта береді. Жүрегің сазып, ішек-қарның шұрылдап, ішің тартынақтай бастайды. Түкірікті көп жұтқандықтан, аузыңнан дәм кете бастайды. Жағың қарысып, жүрегің шабан соға бастайды. Басың айналып, көзің қарауытып, аяқ-қолын шымырлап ұйыйды. Сол кезде жатсаң, қалғып кетіп, орныңнан тұрмай қалуың мүмкін. Әлсіреген жүрек денеңе қан жүгірте алмайды. Сол себепті ашыққан кезімізде аяңдап жүріп, отырып дем алып – ешуақытта жатпауға тырысатынбыз. Аш адамға ыстық та қас, суық та қас. Ыстық басыңды айналдырып, аяқ-қолыңды ұйытады, суық денеңді сорып, ішек-қарныңды мұздатады, аяқ-қолыңды дірілдетеді...» – деп жауынгер білуге тиіс ең қажетті тактиканы үйретеді. [1, 233] Аштықтан аман қалудың амал-айласын дәл осылай шынайы жеткізе білуі автордың осы жағдаятты өз басынан талай мәрте өткізгенінің айғағы.
«Адам ажарының жеке белгілеріне ғана тоқталу – әңгіменің, суреттің ағысын бұзбайтын, баяндау табиғатына жарасымды амал» [4, 86] – дейді Р. Бердібаев. Баяндау барысында жолай сипаттап өтетін кездейсоқ мәліметтер де образды нақтылай түседі. «Қуандария майданы» романында кездесетін ондай детальдардың кейбірі тек сыртқы келбетті толықтырса, енді бірі кейіпкердің ішкі жан дүниесінен, психологиялық күйінен хабар береді. Ал қайсыбірі автордың түпкі идеясымен тамырлас өзекті мақсатты айқындайтын маңызды компонент болып табылады. Бұл тұстардан да кейіпкердің бірқатар портреттік штрихтарын табуға болады. Шығармада бой көрсететін Бекболаттың қол астындағы әскери қызметкерлеріне қысқа статикалық портреттік суреттемелер беріледі: «Шляпин – ор та бойлы, толықша келген, күлімсіреген жасыл көзді, жирен жігіт.», «Штаб бастығы полковник Калунин, бұрын бас штабтың бір бөлімінде істеген, толықша мыртық, құсмұрын келген сары кісі. Мінезі ауыр, қаламы жүйрік. Өте әдепті.»,
«Дивизияның артиллерия командашысы семіп қалған қара қатпа, шүңгіл көз, дудар шаш, қалың қас, жағына пышақ жанығандай, өзін-өзі мықты ұстай білетін полковник Шеметов», старшина Әділгерей туралы: «Денесі аюдай, аяқ-қолы добалдай, жалпақ бет, салпақ ерін, кең маңдай, қыр мұрын, қою қас, шүңірейген көз, бура санды... әйтеуір барлығы олпы-солпы түрі қазақ жігіті өзінің білгенінше әскери әдепті сақтап, комдив алдында тұр» [1, 243]
Туынды мәтініндегі әрбір көркемдік компонент тура не жанама түрде кейіпкер бейнесінің сомдалуына септесетіні анық.
Пейзаж – ең алдымен, көркемдік әлемді визуалды түрде бейнелеудің басты тәсілі. «Көркем әдебиетте пейзаж қарапайым табиғат суреттемесі ретінде сирек қолданылады, көбінесе ол қаһарман ой-сезімдерін бейнелейді; адам толғаныстарының табиғат көріністерімен кереғарлығы не үндестігі тұрғысында салыстыру ішкі психологиялық үдерістерді толыққанды әрі бедерлі өрнектейді» [5, 20] – дейді В. Компанеец.
Сонымен қатар, пейзаж өз құрылымында уақыт пен кеңістік сияқты ауқымды көркемдік категорияларды қамтиды: образдың өмір сүру ортасын барша тарихимәдени, қоғамдық-әлеуметтік,географиялық, табиғи тұрғыда жан-жақты сипаттау баяндау лебіне дәлдік, шынайылық, көркемдік сипат дарытады әрі сол арқылы өнер туындысының идеялық-эстетикалық маңызын арттырады. Сонымен қоса, «Жазушы әдеби шығармада көркем ойлаудың ажары ретінде, жаны есебінде, образдық-метафоралық жүйенің арқауы сипатында табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады» [6, 266]. Қаламгер идеясына сәйкес кей жағдайда табиғат суреттері тікелей оқиға жүзеге асатын мекен-тұрақты сипаттауға бағытталса, баяндау жүйесі, кеңістік пен бейне арасындағы айқын қатынас пейзаждың көркемдік міндеті аясын кеңейте түседі. Көркем кеңістікті суретеу барысындағы қаламгерге тән көзқарас тарабының, көлемдік,орналасым сипатына қарай сан алуан кеңістік түрлерінің , түстер реңкінің жиынтығы арқылы бедерленетін бейне мен пейзаж, интерьер арасындағы байланыс қаһарманның рухани әлемінің қалып-күйінен де белгілі бір мәліметтер береді. Шығармашылық тұлға образын сомдауда пейзаждық суреттеулер өнер адамына тән ерекше әлемсезіну қабілетін, сол арқылы өзіндік танымдық қырларын айқындайды. «Адамның идеялық-адамгершілік позициясы дүниеге түрлі көзқарастармен, әлем жайлы өзге «шындықтармен» белсенді арақатынас жасау арқылы қалыптасады, – дейді А.Есин, Бөгде өмірлік құндылықтардың кейбірін өзіне сіңіре отырып немесе олармен қайшылықты пікір білдіру арқылы тұлға ақиқат өмірдегі «өзіндік» дербес адамгершілікфилософиялық бағдарын айқындайды.» [7, 26]. Айналасын ұдайы бақылай жүріп танымдық-ақпараттық қорын байыта түсетін, оларды шығармашылық шеберханасында өңдеу-көріктеу арқылы өзін-өзі танытатын талант иесі ізденімпаздық, әр құбылысқа өзінше қөзқарас білдіру қасиетімен өзгешеленеді. Ғылыми психологиялық зерттеулер интеллектуалды қабілет қырының дамуында ғы сыртқы орта әсерінің елеулі ықпалы туралы былайша тұжырым табады: « Сыртқы дүниені қабылдау нәтижесінде ішкі не психологиялық әлем өзгеріске ұшыраса, оны аутопластикалық үдеріс деп атайды» [8, 25]. Осыған байланысты туындадағы пейзаждық суреттемелердің көркемдік қызметін екі түрлі қарастыруға негіз бар. Біріншіден, пейзаж – шығармадағы сыртқы әлем көрінісі ретінде шығармашылық тұлғаның дамуына әсер етуші фактор. Айналадағы орта құбылыстары әсерінің эмоция арқылы психикаға енуі адам рухани мазмұнын түрліше сипатта өзгертіп отырады. Осылайша, әдеби шығармада аталмыш тұлғаға тән дүниеқабылдаудың әсершілдік қасиетін суреттеу кеңістік көріністерімен байланысты келеді. Сондай-ақ, сыртқы ортада орын алған көріністер , құбылыстар шығармашылық тұлға үшін көркемдік материал болып табылатыны да сөзсіз. Екіншіден, пейзаж шығармашылық тұлғаның ішкі психологиялық көңіл-күй ауанын жанама мегзеу түрінде бейнелеудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Себебі: «Көркем шығармада табиғат барша объективті болмысымен суреттелген күнде де, адам өмірінен алатын эстетикалық мәнімен бірлікте бейнеленеді. Кейіпкер психологиясында белең беретін сан қырлы эмоционалдық құбылыстар оны қоршаған әлемге көзқарасы, нақты бір кезең, сәттегі экспрессивті жан толқыныстары арқылы неғұрлым толымды өрнектелетіні дау тудырмаса керек» [8, 34]. «Курляндия майданында» суретелетін табиғат көрінісі, ол әрине ұрыс даласы, қан майдан. «Полк қатерлі қысылтаяң жағдайда. Қар қалың,сықырлаған аяз, түлей орман, жылы орманға бекінген жау...», «Түлей орман. Қалың қар. Курляндияның қысы оңбаған қыс. Қар астында, қар жамылған шалшық, тоңбайды.Қардың жұқа жерінде күмп етіп суға түсіп кетесің. Бір талшыбық оқтау еменді қылышымен отап алып, таяқ істеп, күдікті жерді алдынан шұқылап, дивизия командирі адъютанты екеуі жаяу келе жатыр. Олар орманнан шықты. Алда өркештене жатқан сүйір төбелер. Күн ашық. Қарға шағылысып тұр...Дивизия командирі адасып, алдыңғы шепке бір-ақ жетті. Қар үстінде жауынгерлер қалтырап жатыр. Төбеден жау пулеметтері оқта-текте оқ бүркеді. Миналар зуылдап, келіп түсіп, тарс етіп жарылады. Ақ қар үстінде көгенге тізген қозыдай сиректей қарауытып жауынгерлер жатыр. Дивизия командирі сирек атқылаудың астында тіп-тіке алдыңғы шепті аралап келеді.», [1, 249] – деп ұрыс алаңының қауіп-қатерлі жағдайы,жауынгерлердің кешкен машақаты, күн көрісі, алға жылжуға тосқауылдар қойылып, жауды алудағы қиындықтары мен мүмкіндіктерінің шектеулі екенін тікелей табиғат көрінісін беру арқылы хабардар етіледі. Шығарма соғыс тақырыбынжа жазылғандықтан, онда әскери терминдер міндетті түрде кездеседі, мына бір үзінді де әскери пейзаж үлгісін көре аламыз: « – Ал, енді мына жер жағдайына қаралық, – деді комдив картасын Шляпиннің алдына сырғытып, – Көріңіз, бұдан бес-алты километрдей жерде мына өзен ағып жатыр. Өзеннің ені он-он бес-ақ қадам, арнасының тереңдігі мен кеңдігіне көз салыңыз. Бұл рубежде табан тірестің дәл өзі басталады. Сондықтан екінші эшелонды соған жақындай бергенде ұрысқа өндіреміз. Тың күш бір жұлқынмен ұмтылып барып өзеннің ар жағындағы мына қырқаларға жетіп, бекініп үлгерсе, бүгінгі ұрыс нәтижесі нағыздалмақ». [1, 292]
Ұрыс майданындағы табиғат пейзажы өте нанымды өрнектеледі: « Ауа ыңырана ұлып, дабыл жаңғырығы қағылып, жер күңіреніп, тітіркене қопарылып, топырағы қара түтін мен жалынға бөленіп, аспанға қарақұрымданып құйындай ыршып, будақтанып бұрқылдап жатыр. Жанып жатқан танктер, қалбалақтап аласұрып сүріне жығылып жүгіріп жүрген адамдар, жалын бүркіп атқылап жатқан зеңбіректер қарақұрым арасында мұнарланып, сағымданып, іле-шала көзге түседі» [1, 299] Соғыс өтіп жатқан майдан даласының осынау суретін жайбарақат көзге елестетудің өзі мүмкін емес секілді. Жан алып жан беріскен айқас, жер де көк те ажал бүркіп тұрғандай денеңді шымырлатады, адамдар соның арасында өмір үшін жанталасып жүргендей. Соғыс табиғат аясында өтуде. Бірақ сол табиғатты адамдардың өздері астаң-кестең етіп, жаныштап тастаған секілді. Өртенген танктер мен зеңбіректер сол қырғын соғыстың ойраны болған жерді көз алдымызға әкеледі. Осынау қара жердің өзі тозаққа айналғандай ыңырана зорға шыдап жатқан майдан даласынан адамдар тірі қалуы мүмкін бе деген ой келеді. Бірақ бұл қыл қаламмен салынған көзге түсетіндей нақты сурет емес, ол біз тек санамызбен ғана көзімізге елестете алатын қимыл, әрекет үстіндегі жазушы сөзбен салған жанды сурет. Бірақ бірден ұмытыла қоймайтын, шығарманы оқыған әр адамға ой салатын әсерлі бейне.
Бауыржан Момышұлының соғыс суретін бейнелейтін әр бір пейзаждық сипаттамалары осынлайша тікелей өтіп жатқан оқиға желісімен байланыста, сол сюжеттік желілердің дамуымен сабақтасып жататын әсемдігімен, әсерлілігімен есте қалады.
Б. Момышұлы өз шығармалары арқылы қазақ прозасында бұрын көп кездесе бермейтін техникалық соғыстың адамзат баласына әкелген зұлмат қасіретін, оның табиғат пен адам баласына жасайтын зор кесапатын ашып көрсете алды. Қан майдандағы адамдар дың сыртқы келбеттерін, соның ішінде әр ұлттың бет-әлпеттері мен сыртқы тұрқындағы өзіндік ерекшеліктерді алғаш рет әр алуан қырынан барынша келістіре сомдап шықты. Сонымен қатар ажалмен бетпебет келгендегі адам бет-әлпеттеріндегі психологиялық өзгерістерді, олардың жан-дүниелеріндегі іштейгі толқыныстар мен сырт келбеттеріндегі құбылыстарды барынша көрегендікпен, асқан дәлдікпен шебер бейнелеп берді. Бұл оның аталған жанрдағы қазақ прозасына қосқан зор үлесі деп білеміз.
Әдебиеттер
Бауыржан Момышұлы. Романдар. – Алматы: Курляндия майданы, Ақ арыс, 2010.
Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2003.
Ахметов З. Портрет \ Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998.
Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы, 1979. – 240 б.
Компанеец В.В. Художественный психологизм в советской прозе (1920-е годы). – Л.: Наука, 1980.
Негимов С. Пейзаж \ Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998.
Есин А.Б.Психологизм русской классической литературы. – М: Просвещение, 1988.
Психоаналитические термины и понятия: Словарь. – М., 2000.