Филология. Фразеологиялық тіркестерді тақырыптық-мағыналық топтарға бөлудің теориялық негіздері

Oinet.kz 08-09-2020 815

Мақала мазмұны қазақ тіл біліміндегі фразеологиялық тіркестерді тақырыптық-мағыналық топтарға бөлудің теориялық негіздерін қарастырады. Сонымен қатар тақырыптық-мағыналық топтарға бөлудегі әрбір ғалымның ұстанған принциптерінің ерекшеліктерін талдап көрсетеді.


Қазақ тіл білімінде фразеологиялық тіркестер түрлі аспектіде зерттелініп келеді. Соның ішінде этнолингвистикалық сипатын зерттеуде фразеологиялық тіркестерді тақырыптық-мағыналық топтарға бөліп қарастыру маңызды рөл атқарады. Сондықтан мақалада осы тілдік бірліктерді топтастырудың теориялық жағын қарастырған еңбектерге шолу жасалды. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде фразеологиялық тіркестерді зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектеріндегі тақырыптық-мағыналық топтарға бөлуде ұстанған принциптері де сөз болды. Мақаладағы негізгі ойлар тілді ұлт танымымен тығыз байланыста қарастыруды көздейді. Себебі фразеологиялық тіркестерді тақырыптық-мағыналық жағынан топтастыру, ең алдымен, олардың тілдік қолданыс аясын анықтайды, халықтың тілжасамдық ұзақ процесін, оның мәдени, рухани, әлеуметтікэкономикалық тұрмыс-тіршілігінің белгілі бір шамада елеулі деген аспектілерін көрсетеді.


Қазақ этнолингвистикасы зерттеу объектілерін өзара әрі іштей топтастыра зерттеу принципін қатал сақтауды талап етеді. Бұл жүйелілік принципі талабынан туындайтын әдіс-тәсілдердің біріне жатады. Ондай әдістәсіл – түркі тілдерін зерттеудегі ертеден келе жатқан дәстүр. Ә.Т.Қайдар этнолингвистикалық деректерді «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш үлкен салаға жіктеуді ұсынған. Олар іштей 30 үлкен (макро) топқа, ал олар өз ретінде 200-дей микротопқа бөлініп қарастырылады. Ғалым ана тіліміздің сөздік қорының мәйегі саналатын фразеологиялық тіркестердің басым көпшілігінің қай кәсіпке байланысты туындағанына және қазіргі уақыттағы білдіретін ұғымына қарай топтастырудың қажеттілігіне ерекше мән береді. Осыған сәйкес жылқыға қатысты фразеологиялық тіркестер «сатылы қатысты принцип» бойынша «Табиғат» макротобына енетін «жануарлар дүниесі» деген ірі тараудың «үй хайуандары», оның ішінде «төрт түлік мал» тобына кіретін «жылқы» микротобына жатады.


Сөздердің мағыналық сыбайластығы, жуықтығы оларды белгілі бір топқа басын құрап, белгілі бір жүйе ретінде талдауға мүмкіндік жасайды. Яғни, бір лексикалық мағынаны негіз етіп, лексика-семантикалық немесе тақырыптық топ құруға болады. Мысалы, төрт түлік мал атаулары, адамның жас мөлшеріне, төрт түлік малдың жас мөлшеріне байланысты атаулар т.б. М.М. Копыленконың «классификация по тематическим микросистемам показывает круг наиболее существенных в жизни данного народа понятий, по ассоциации с которыми формируется обозначение абстрактных образов, психологических, интеллектуальных, эмоциональных состояний, манеры поведения и проч» [1, 27] деген пікірі жоғарыдағы ойымызды толықтыра түсетіндей.


Фразеологиялық бірліктерді олардың семантикалық басымдықтары бойынша топтастыру қызығушылық туғызатыны күмәнсіз. Оларға мынадай фразеологиялық бірліктер топтарын жатқызуға болады: адамның алуан түрлі дене мүшелерін білдіретін сөздердің тіркесуі арқылы жасалатын соматикалық фразеологиялық


бірліктер – соматизмдер, қазақ фразеологизмдерінің ұлттық ерекшелігін белгілі бір дәрежедеанықтайтынзоонимдікфразеологиялық бірліктер, өсімдіктер дүниесінің ұғымдарымен байланысты фразеологиялық бірліктер т.б.


Тақырыптық принцип бойынша ұғымдарды, заттар мен тіршілік құбылыстарын есепке алу негізінде жіктелетін қазақ тілінің фразеологиялық тіркестері ірі топтарды құрайды. Бұл топтардың әрқайсысы өз кезегінде бірқатар топшаларға бөлінеді.


Төрт түлік малдың шыққан тектеріне, тұқымдарына, төлдеріне, адамның өмір тіршіліктеріне керекті күш-көліктеріне, сондай-ақ, малдың дене бітімдеріне, ен-таңбаларына, сымбат түрлеріне, мінез-құлықтарына және олардың еті мен сүтіне, жүні мен майына, терісіне т.б. байланысты айтылатын көптеген фразеологиялық тіркестер қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамының ішіндегі елеулі де күрделі саласы болып табылады. Бұл мәселеде тек «түйе» малына, соның ішінде «нарға» байланысты сөз орамдарының өзі тілімізде қаншама. Мысалы, асыл қылышты нар кескен десе, күштілікті, мықтылықты нар жолында жүк қалмас немесе нардай екен дейміз. Ерлік, қайсарлықты нар тәуекел, қымбат ұғымын ердің құны, нардың пұлы; қара нар, қалы кілем деп те атайды. Тіліміздің сөздік қорын молайтуда, нақтылап айтқанда, байытуда бұл топтағы толып жатқан фразеологиялық тіркестерді жинап, бір жүйеге келтіру – бүгінгі тіл білімі үшін де, ертеңгі болашағымыз – жастардың білік-танымы үшін де өте қажет болып саналады.


Ф.П. Филин көпшілік ғалымдардың мал шаруашылығы, омарташылық, аңшылыққа т.б. байланысты атауларды тақырыптық топ деп қарауын дұрыстамай, бұларды лексика-семантикалық топ деп қарайды да, «лексика-семантикалық топ деп екі не одан көп сөздердің мағынасына қарай топтастырылуын айтамыз» [2, 223] – деп анықтама береді. Сондай-ақ, кез келген лексика-семантикалық топ әйтеуір бір тақырыптық топтың құрамына еніп, соның бір элементі болады деген пікір білдіреді.


Жалпы сөздердің арасындағы мағыналық байланыстарды анықтауда тақырыптық топтар мен лексика-семантикалық топтарға бөлудің мәні зор. Тақырыптық топ сөздердің тек парадигмалық қатынасына негізделінбей, әрі парадигмалық, әрі денотаттардың арасындағы байланыстарға да сүйенеді. Яғни, тақырыптық топ көлемі парадигмалық қатардан да, лексикасемантикалық топтың көлемінен де кең болып келеді. Тақырыптық топтардағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасының сыбайластықтарына негізделмей, өздері атау болған заттар мен құбылыстарғанегізделетіндігіндеұмытпауымыз керек.


Дегенмен, бұл «Адам», «Қоғам», «Табиғат» макротоптық жүйесінің этнолингвистикалық зерттеулердегі мәнін, тақырыптық-мағыналық, лексика-семантикалық топтастырудың құрылымдық лингвистикадағы тиімділігін жоғары бағалай отырып, тілді ұлт танымымен тығыз байланыста қараған зерттеулерде сол ұғымның атауына не уәж болып тұр деген өзекті мәселе номинация теориясына сүйенуді қажет етеді. Оны пайдаланудың тиімді үлгісі қазақ тіл білімінде баршылық. Мысалы, Б.Қалиевтің, Ж.Манкееваның, Р.Шойбековтің т.б. зерттеулері бұған дәлел.


Өсімдік әлемінің ұлттық атауларын зерттеген Б.Қалиев бүгінде ғалымдардың атауға негіз болатын уәждеменің ортақ жүйесін төрт тақырыптық топқа (табиғат, адам, қоғам, таным) бөліп қарастыруды ұсынып отырғанын айта келе, номинацияның бұл принципін барлық тілдерге ортақ әмбебап деп тануға болатынын айтады [3, 53].


Қазақ тілінің зергерлік өнерінің лексикасын зерттеген ғалым Р.Шойбеков номинациялық принцип деп сөз бен аталатын объекті арасындағы экстралингвистикалық байланысты, былайша айтқанда, атаудың жалпылама уәждік белгілер негізінде қалыптасуын айтады [4, 114]. Ал жан-жақты зерттемей тұрып, атаулардың шығу себебін анықтау оңай бола бермейді.


Нақты айтқанда, номинация теориясында нысанды, оның қызметін сипаттайтын, атау үшін негіз бола алатын ерекшеліктерін, айрықша белгілерін, сапаларын, яғни тілдік емес те уәждерін анықтауға назар аударылады. Сонымен, қазіргі номинация теориясында зат атауының негізіне уәж болған сол заттың ерекше белгілері, қасиеттері мен сапалары алынады. Профессор Ж.Манкеева атау қызметі үш бөліктен тұратын қатынаспен сипатталатынын айтады: реалий – ұғым – атау [5, 249]. Осыған байланысты атау мен зат арасындағы тілдік емес факторларды жан-жақты зерттемей тұрып, атаулардың шығу себебін анықтау оңай еместігін айта келіп, тіл біліміндегі атаудың (номинацияның) екі дәрежесін атап көрсетеді:


бірінші дәрежелі немесе алғашқы атау (первичная номинация). Ол – атаудың аталушы заттың қасиеттерімен уәжделеді.

екінші дәрежелі немесе кейінгі атау (вторичная номинация). Онда сөздің семантикалық дамуы нәтижесінде өзін тудырған түбірмен мағыналық байланысы үзіледі.

Бірінші дәрежелі немесе алғашқы атаулар өте сирек құбылыс. Атауыш сөздер қоры негізінен екінші дәрежелі немесе кейінгі туынды атаулармен және кірме сөздермен толығады. Алғашқы атаулардың туындылығы көбіне этимологиялық және тарихи талдау арқылы анықталады. Ал екінші дәрежелі немесе кейінгі атаулар (номинация) морфологиялық құрамы және мағынасы жағынан туынды.


Екінші дәрежелі атаудың барлық түрінің негізінде ойлаудың ассоциативті сипаты жатады. Ол көбінесе бұрыннан бар, етене таныс нәрселермен ұқсатумен байланысты болады.


Тіл білімінде сөздің уәжділігінің үш түрі ажыратылады:


дыбыстық уәж;

морфологиялық уәж;

семантикалық уәж.

Ж.Манкеева атауға негіз болған экстралингвистикалық және этнолингвистикалық қағидаларды семантикалық уәж ретінде көрсетеді [5, 256].


Осыған сүйене отырып, халқымыздың тарихын, салт-санасымен байланысты қазақ тіліндегі жылқыға қатысты фразеологиялық тіркестердің номинациясын анықтаудағы өзекті бір арна – этнолингвистикалық қағида деп танимыз. Мысалы: ат жалын тартып мінді, ат құйрығын түйісті т.б. Мұндай семантикалық уәжді арқау етіп дамыған атаулардың түрі тілдегі ерекше құбылыс.


Фразеологиялық тіркестер – өте күрделі лингвистикалықтүзілімдер. Олардыңкүрделілігі құрылымдық типтерінің және синтаксистік модельдерінің көптігімен ғана емес, сонымен қатар тақырыптық та, семантикалық та көпқырлылығымен, алуан түрлі эмоционалды-экспрессивтік ой реңктерін көрсетудегі қабілетімен түсіндіріледі. Көптеген тілдердегі фразеологиялық бірліктерге осы ерекшеліктер тән болып келеді [6, 117].


Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тілінде тұтас тілдік байлықтың негізгі бөлігін және көркеммәнерлеп сөйлеу тәсілдері әлеуетінің ең белсенді әрі шоғырланған бөлігін құрайтын фразеологиялық тіркестердің типологиялық ерекшеліктерін зерделеу ғылыми-практикалық қызығушылық туғызатыны күмәнсіз. Сонымен қатар қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестер тек таза сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да сипатталады. Ол тақырыптық көпқырлылығымен, семантикалық және құрылымдық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Оларда халқымыздың өткен тарихи кезеңдері – оның әлеуметтік-экономикалық, материалдық және рухани мәдениетінің дамуы, ұлттық салтдәстүрлері, қоғамдық тіршілігінің, тұрмысының, әдет-ғұрыптары мен діни көзқарастарының және сыртқы дүниені қабылдауының және т.б. өзіндік ерекшеліктері тұтас көрініс тапқан.


Дегенмен қазіргі қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестердің жалпы жүйесі мен мазмұны, негізгі құрылымдық-тақырыптық және семантикалық топтары мен жіктелген түрлері жөнінде мәлімет болмайынша, осы аталмыш салада ойдағыдай зерттеу жүргізу қиындық туғызары анық.


Фразеологиялық тіркестердің кейбір жекелеген топтарына біршама ғылыми талдау лар жасалған. Қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерді топтастыру мәселесі С.Сәтенованың, Ш.Қарсыбекованың, Ш.Сейітованың зерттеу жұмыстарында қарастырылған.


С.Сәтенова «Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» атты ғылыми жұмысында тілдік бірліктерді тақырыптық топтарға жіктегенде, ең алдымен, тақырыптық топқа бөлуге негіз болатын тірек мүшені айқындау қажет екенін айтады. Сонымен қатар тірек мүшені айқындаудың екі шартын ұсынады: 1) жұп құрауы; 2) фразеологизмнің мағынасына тірек болуы. Осы екі шарт топтастыру кезінде негізге алынып отырған.


«Қазақ тіліндегі өсімдікке қатысты тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты» тақырыбын қарастырған Ш.Сейітова зерттеу жұмысында мынадай мақсаттарға сәйкес жинаған тілдік деректерін өзара топтастырып береді: 1) өсімдікке байланысты тұрақты тіркестердің тақырыптық өрісін белгілеу; 2) белгілі бір тақырыптық топқа жататын өсімдік атауларының кездесу жиілігін анықтау; 3) өсімдіктің тұрмыста қолданылуы мен қажеттілігіне қарай халықтың табиғатты қаншалықты дәрежеде танитындығын білу. Бұл жұмыс өсімдікке байланысты тұрақты тіркестерді ботаникалық тұрғыдан емес, этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу болғандықтан, оны тұқымына, өсетін жеріне, гүл шоғырына, жемісіне т.б. қарай емес, халық санасында жіктелген топтар бойынша топтастырған.


Сонымен қатар қазақ зергерлік өнерін зерттеген Р.Шойбеков тілдік деректерді топтастыруда тіл білімінде қолданылып келе жатқан әртүрлі кәсіпке, шаруашылыққа қатысты сөздерді белгілі бір тақырыптар төңірегінде топтастырып зерттеу принципін (предметнотематическая классификация) негізге ала отырып, зергерлік кәсібімен байланысты заттардың атқаратын қызметіне, қолданылу ерекшелігіне, олардың атауларының семантикалық жағынан бірыңғайлылығына, ортақтығына, яғни атаулардың белгілі бір ұғымдар мен түсініктерді білдіруге қатысына қарай жинастырылған материалды түрлі тақырыптар төңірегінде топтастыра отырып зерттеуді жөн санайды. Топтастырудың мұндай түрі сөз мағыналарын неғұрлым саралап көрсетуге септігін тигізеді, өйткені атау өзінің бір ғана мағынасында белгілі тақырыптық топқа енеді. Топтастырудың бұл түрі кәсіби лексикаға экстралингвистикалық сипаттама беруге, заттар мен құбылыстардың өздеріне тікелей бағытталған сөз топтарын анықтауға, лингвистикалық жалпы шолу жасауға, оның қазіргі кезеңдегі біртұтас жүйесін көрсетуге ыңғайлы әдістердің бірінен саналады [4, 114].

Ш.Қарсыбекованың «Қазақ тіліндегі мақалмәтелдерді топтастырудың этнолингвистикалық принциптері» деген ғылыми зерттеу жұмысы қазіргі қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастыру принциптерін анықтау арқылы олардың тіл жүйесіндегі алатын орнын белгілеу, мақалмәтелдердің қоғамда қалыптасуына негіз болған о бастағы факторлар мен әр алуан уәждерді анықтау, сонымен бірге мақал-мәтелдердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде сан, сапа жағынан ғана емес, мазмұн-мағынасына байланысты әртүрлі деңгей-дәрежеде қарастыруға арналған.


Қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерді тақырыптық-мағыналық жағынан топтастыру, ең алдымен, олардың тілдік қолданыс аясын анықтайды, халықтың тілжасамдық ұзақ процесін, оның мәдени, рухани, әлеуметтікэкономикалық тұрмыс-тіршілігінің белгілі бір шамада елеулі деген аспектілерін көрсетеді. Ә.Т.Қайдар фразеологиялық бірліктерді тақырыптық-мағыналық топтастыруды екі принцип бойынша жүргізуді ұсынады: 1) негізгі немесе орталық сөздердің, яғни басыңқы сыңарларының лексикалық мағынасын және 2) фразеологиялық бірліктердің жалпы мағынасын, яғни заттың, құбылыстың ұғымы берілетін мағыналардың ескерілуін қадағалайды. Фразеологиялық бірліктерді осы екіұдай принциптің негізінде топтастыру, бірінші жағдайда, фразеологиялық бірліктердің материалдық негізі, образдар мен ассоциативтік түсініктердің дереккөздері, ал екінші жағдайда, осы түсініктерді ауыстырудың нақты аспектілері, яғни көрсету жоспары айқындалуымен анықталады [6, 210]. Сонымен қатар ғалым қазақ тіліндегі фразеологиялық бірліктердің басым бөлігінің негізгі сыңарлары адамның дене мүшелерін, жануарлар атауларын, әртүрлі табиғи құбылыстарды және т.б. білдіретін ерекше сөздер тобы болып келетінін айтады.


Ойымызды тілдік бірліктерді тақырыптықмағыналық топтарға бөлудің теориялық негіздері қазақ тіл білімінде біршама зерттеліп, жолға қойылған деп қорытындылағымыз келеді. Сондықтан да фразеологиялық бірліктерді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуде осындай классификациялаудың жолдары олардың ұлттық болмыс пен төл мәдениетті тану мен танытуға байланысты тілде қалыптасқан жылқы малына байланысты фразеологиялық тіркестердің этнолингвистикалық сипатын ашуға септігін тигізетін анық.


Әдебиеттер


Копыленко М.М., Попова З.Д. Очерки по общей фразеологии. –Воронеж: Воронежский университет, 1972. – 123 с.

Филин Ф.П. Очерки по теории языкознания. – М.: Наука, 1982. – 430 с.

Калиев Б. Лексико-семантическая и морфологическая структура названий растений в казахском языке. – Алматы: Мектеп, 1996. – 168 с.

Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 191 б.

Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 272 б.

Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

Ашық сабақ. Математика. Әлімхан Ермеков өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Математика. Сәдуақас Боқаев өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу