Филология: Концептуалдау жəне категориялау мəселелері когнитивтік құрылымдар негізі ретінде
Мақалада концептуалдау жəне категориялау мəселелерінің кейбір ерекшеліктері, əрі осы сұрақтармен байланысты когнитивтік бірлік жəне құрылым атаулары қарастырылды. Концептуалдау мəселесі адамның танымдық белсенділігінің аса маңызды қызметтері қатарына жатқызылды. Бұл үдеріс адам миына түсетін жалпы барлық мəліметтерді санаға сіңірте отырып, онда концептілер мен когнитивтік құрылымдардың түзілуін іске асырады, əрі міндетті түрде категориялау үдерісімен қатар жүреді де, нəтижесінде адам санасында нақты когнитивтік құрылымдар пайда болады. Авторлар осы үдерістердің бір-бірімен қарым-қатынаста болуы жəне бірін-бірі толықтыруы, олардың дифференциалдық белгісі ретінде санада түзілетін құрылымдар — когнитивтік құрылымдардың сипаты жайлы сөз қозғады.
Когнитивтік лингвистика ғылымының негізін құрушы ғалымдар қатарының белсенді тілші- маманы Е.С. Кубрякованың айтуынша: «Қоршаған шындық өмірді саналы түрде тану мен адам тəжірибесін категориялау тілмен байланысты болып келеді, өйткені адамның когнитивтік қызметі барысында алынған мазмұндық ақпарат тіл мен тілдік формаларда көрініс тауып, сөйлеу арқылы іске асады. Диалектикалық формадағы когнитивтік (танымдық) үдерістер тілмен тығыз байланысты, оның себебі тіл адамдардың қоғамдық тəжірибесі мен дүние туралы білімдерін бекітіп отырады. Ал біздің сана құрылымы туралы білгендеріміз тек қана тілге байланысты, тіл осы құрылымдар туралы хабарлауға жəне оларды кез келген табиғи тілде суреттеуге мүмкіндік береді» [1; 21]. Қазіргі тілтаным теориясы тұрғысынан кез келген ақпаратты кодтау мен құрылымдау жəне оның тілдік көрінісі когнитивизм, психология, логика, семиотика, этнолингвистика, мəдениеттану, тағы басқа ғылым салаларының аясында жан-жақты қарастырылғанымен, əр ғылым саласы бұл тілдік құбылысты өз шеңберінде ғана зерттеп, біржақты қорытынды жасайды. Осы орайда тілдік бірліктердің берілуіндегі көптеген ерекше белгілер назардан тыс қалатыны белгілі. Алайда адамның қыл есі, ойлау қабілеті, адамның ішкі жан дүниесінің тілдік бірліктердің көмегімен сыртқы дүниеде көрініс табуы немесе ойлау қабілетінің құрылымдары тек қана тіл арқылы жүзеге асатыны сөзсіз ақиқат. Сондықтан тілді адам миында, ой-санасында түзілетін когнитивтік құрылымдардың əрі көрінісі, əрі қолданыс құралы ретінде қарастыруға болады. Бұл дегеніміз — бізді қоршаған дүниені тану адам түйсігінде түзілетін концептуалдау үдерісіне əкеліп тірелтеді. Ал бұл үдерісті қарастыру тілдік бірліктердің құрылым ретінде жіктеліп, алғашында санадан, ойлау үдерісінен, кейін вербалданып, сөйлеу нəтижесі ретінде айтылым барысында, жан-жақты қолданыста айқын көрінеді. Сонымен, концептуалдану категориялану үдерісімен тығыз байланыста болып, бір-бірімен арақатынас негізінде тілдік бірліктердің семантикалық мағыналарын айқындайды.
Тілдік кеңістік аясында концептуалдау үдерісі кеңінен қолданылып, лексикалық жүйе бірліктеріне ерекше көрініс береді. Бұл үдеріс мəні концептуалдық бірлік арқылы білім құрылымын көрсете алады: «əрбір концептуалдаудың жеке бөлігі белгілі бір мəселені шешу үлгісін көрсетеді жəне оларға ойша пайымдау тетігі, қорытынды мəліметтер алу (инференция) мен басқа да логикалық операциялар ықпал етеді» [2; 93].
Концептуалдау үдерісі категориялау үдерісімен тығыз байланыста болады. Категориялау «ірі топтарға бірліктердің бірігуі, бір-біріне ұқсас немесе бір-біріне теңестірілген сипатқа» бағытталған [2; 93]. Категориялау кластар, топтар, топтамалар, көптік категориялар тəрізді классификациялық бірігулер тізбегімен аяқталады [2; 46]. Когнитивтік категорияны қарастыру барысында, бір жағынан, категорияның ара қатынас мəселесі тұрса, екіншіден, классификаторлардыңконцепт, фрейм, сценарий мəселелері тұрады. Өз кезегінде, категория абстракцияның жоғарғы дəрежесін көрсетеді.
Бұл жөнінде Н.Н. Болдырев былай пайымдайды: «Категориялардың негізін қалыптастыруда білімнің белгілі бір құрылымдары бар, жəне де бұл құрылымдарға қандай элементтер кіреді немесе олардың берілген категорияға жатқызылу мүмкіндіктері, олардың негізгі белгілері, басқа категориялармен қалай жəне қандай жағдайда байланысқаны, бұл категория үшін қандай үлгілер тəн, сондай-ақ не жатпайды жəне тағы басқа сұрақтар əркез өз маңыздылығын жоймайды» [3; 66]. Осы тұжырымға сəйкес категорияның негізінде прототиптік (түп, төркін) концепт жатады деуге болады. Ғалымның айтуынша, «категориялау дегеніміз — бір жағынан, нысандар мен құбылыстардың жəне олардың атауларының категорияларын білу болса, екінші жағынан, бұл үдерістің өзі оларға тəн атауларды иеленуі, қоса айтқанда, үдерістің өзінің нақты категориялардағы сол нысандарға жатқызылуы» [3; 67].
Сонымен, когнитивті категория қоршаған ортаны, əлемді танып, менталды игеру үдерісіндегі жоғарғы деңгейлі талдап қорытудың бірлігі деуге əбден болады. Бұл жерде ескере кететін жағдай — абстракция дəрежесі түрленуі мүмкін, себебі заттардың категорияларға жатқызылуы немесе бөлінуі жəне қоршаған ортаның құбылыстары көп жағдайларда əртүрлі деңгейде өтеді. Категория осылайша белгілі бір иерархияға (сатылыққа) бағынышты болады. Демек, категорияның тік жəне көлбеу аспектілері туралы қорытынды жасау қисынды болмақ. Категорияның тік аспектісі категория мүшелерін иерархиялық тəртіпке келтіруін дəлелдесе, көлбеу аспектісі абстракциялаудың бір деңгейін бөліп көрсетеді.
Кейінгі кездердегі ғалымдар (Э. Рош, Дж. Лакофф, Н.Н. Болдырев т.б.) категорияның төмендегідей деңгейлерін атап көрсетеді: а) базалық; ə) суперординатты; б) субординатты. Бұл жердегі соңғы екі термин иерархия қатынасындағы өзара байланысты айқындау үшін қолданылса, базалық деңгей көлбеу кесіндісінің біреуіне бекітіледі. Мысалы, базалық деңгейдегі «кітап» сөзі, суперординатты «оқулық», «оқу құралы», субординатты «басылым», «журнал», т.с. тілдік бірліктермен толықтырыла алады. Психологтардың пайымдауынша, қарапайым сана базалық деңгейде түзіліп, соның категорияларына сүйенеді жəне сыртқы дүние нысандары туралы арнайы теориялық білімді талап етпейді. Бұл деңгейдегі қабылдау мен категориялау гештальт түрінде іске асады, яғни белгілі бір мүшеге бөлінбейді. Жəне де осы деңгейдегі нысандар мен олардың концептілері терең ұғынбай-ақ қабылданып, құрамдық компоненттері туралы басқа мəліметті қажет етпейді.
Базалық деңгей пайдалану үшін ыңғайлы, түсіну үшін жеңіл категория мүшелерімен ұсынылады. Базалық деңгейдің абстракциялық дəрежесі категория мүшелерін меңгеруде күш салуды талап етпейді. Дəлел ретінде балалардың бірінші кезекте меңгеретін тілдік бірліктерін «ана», «əке», «бер», «ал», «жақсы», «бар», «жоқ», т.с. келтіруге болады. Базалық деңгейдің біздің əлем туралы біліміміздің ең көлемді бөлігін сипаттауын заңды құбылыс деп қарау керек. Дж.Лакофф базалық деңгейдің базалық категориялық сипатын келесі ерекшеліктер арқылы түсіндіреді:
қабылдау, толық қабылдау формасының типтік түріне арналған, баға беруші менталды бейне, жылдам идентификация;
іс-əрекеттің бірдей жүйесі тəрізді жалпы моторлық (қозғалыс) бағдарламаға негізделген қызметтер;
жиі қолданылатын, қысқа жəне контекстуалды бейтарап сөздерді таңдау арқылы көрінетін коммуникация (қарым-қатынас);
таным-білімнің ұйымдастырылуы (бұл деңгейде категория мүшелеріне тəн сипаттар көбірек сақталады) [4; 351].
Келтірілген пайымдауларды саралай отырып, орыс ғалымы Н.Н. Болдыревтың тұжырымдамаларымен санаспауға болмайтынын көреміз. Категориялау үдерісі үшін тек қана көрсетілген шараларды орындау маңызды емес екенін ғалым еңбегінен келтіре кеткіміз келеді. Бұлай дегеніміз: «Əлемді абстракцияның əртүрлі деңгейіндегі категорияға мүшелеу жəне олармен бірге белгілі бір нысандар мен құбылыстардың ара-қатынасын белгілеу — психологиялық маңызы бар орта деңгейді арнайы бөліп көрсету, яғни базалық деуге болады» [3; 87].
Дж.Лакоффтың айтуы бойынша: «Категориялау үдерісі когнитивті үлгілерді (модельдерді) белсендіру есебінен өтіп жатады. Бұл іс-əрекеттің қорытындысы категориялық жіктеулер болып табылатын когнитивті аппаратты құрайды» [5; 31].
Алғаш болып когнитивтік үлгілерді (модельдерді) Дж.Лакофф бөліп көрсеткен еді. Ол пропозиционалды, үлгілердің кестелік, метафоралық жəне метонимиялық модельдерін бөліпқарастырды [5; 31]. Пропозиционалды үлгілер когнитивті модель элементтерін сипаттай отырып, олардың арасындағы байланысты теңестіре элементтерді мүшелерге бөледі. Бұл жерде пропозиционалды модельдерді пайдалануда базалық деңгейдегі елестету механизмі іске аспайды. Осыған орай пропозиционалды модель адам білімінің құрылымына тəн екендігін көреміз. Метафоралық үлгілер пропозиционалдықтан, өту үдерісіне немесе бір саланың кестелік-бейнелі үлгісінің соған сəйкес басқа сала құрылымына тəн болып табылады. Метонимиялық үлгілер жоғарыда сипатталған бір немесе бірнеше үлгілердің бірі болып келетін, көрсетілген қызметті толықтыратын, бір-біріне қатысты бір элементті анықтайды, яғни Дж.Лакоффқа жүгінсек: «Белгілі бір когнитивті мақсат үшін барлық категорияларды алмастыра алатын бөлігі» [5; 34].
Категориялардың элементтері бір-бірімен əртүрлі қатынасқа түседі. Олар адамды қоршаған сырт дүниенің əртүрлі формадағы категориялануын көрсетеді. Категорияның, өз алдына, əртүрлі топтарға бөлінуінің қорытындысында пайда болған когнитивтік үлгілер күрделі кеңістік болып табылады. Бұл күрделілік əртүрлі конфигурациялармен (кескіндемелер, пішін үйлесімдерімен) байланысты. Бұлар, өз кезегінде, нысандардың алуан түрлілігін жəне күрделілігін өзара байланыстыра отырып, сол байланысты нығайтады. Категориялар қалыптасудағы өзіндік белгілерімен, атап айтқанда, суреттерімен, кестелерімен ерекшеленеді. Құрылым ретіндегі категорияларды базалық, классикалық, нəтижелік, бөлшектік, кластерлік деңгейлер деп сипаттауға болады. Бұл қатар объективті нақтылық кесіндісіне немесе сол нысандарды бейнелеудегі категориялардың құрылым кестесіне сəйкес өзгеруі мүмкін. Мұндағы базалық категориялар бастапқылар қатарына жатқызылып, күнделікті формада үйреншікті таным үдерісінде əлемнің категориялануын көрсетеді. Олардың негізгі қалыптасуында гештальттық құрылым болады. Мысалы, бүтіннің бөлікті беруінде базалық деңгей концептісі жатады: кез келген нысан жеке бір бөліктерден құралушы емес, бүтін болып қабылданады. Жəне де бөлшекті танып, білу қажеттігі бүтіннің қызметіне қатысты болады. Басқаша айтқанда, базалық категориялар табиғи қабылдауға сəйкес келеді жəне қоршаған орта нысандарын категориялауда оларға тəн белгілер ажыратылып көрсетілмейді.
Классикалық категориялар белгілердің ортақ жиынтығы тəрізді құрылады жəне ғылыми таным үдерісі кезінде бөлініп шығады. Əрбір келесі категория өзінен кейінгі барлық төмендегі категориялардың белгілерін қабылдап, иерархиялық құрылымның бөлшегі іспеттес болады. Классикалық категориялар арнайы, теориялық білімдерді рəсімдейді.
Категориялау үдерісі қоршаған ортаны үздіксіз бақылап, танып, қабылдау арқылы, бір жағынан, адам тілінің құрылымын түсінуге маңызды болып табылса, екінші жағынан, тілдік қызметті іске асырады. Яғни, тіл бірліктері адамға қоршаған дүние туралы мəлімет пен білім бере отыра, осы əлемнің бөлігі болып табылады жəне адам жадында категориялық түрде сақталды. Осыған сəйкес тіл категориалды құрылым болып табылады деуге əбден болады. Бұл жерде, ең алдымен, лексикалық категориялау мүмкіндіктерінің арта түсетінін айта кету керек, атап айтсақ, сөздердің лесикалық мағынасы бойынша анықталуы. Сонымен қатар лексикалық категориялау жалпы сырттан келетін мəліметтің сақталуы мен көрініс беру қызметін атқарады. Бұл заңдылық грамматикалық категориялауды əбден мұқият қарастыруда өте маңызды рөл атқарады. Лексикалық, грамматикалық категориялау мəселесіне қатысты О.Шпенглер грамматика жəне сөздік қор туралы былай дейді: «Біріншісі — жанмен, екіншісі — заттар мен олардың кеңістікте орналасуымен байланысты» [6; 857].
Сөйлеу, тілдесу үдерісінде лексикалық жəне грамматикалық категориялаудың өзара əсері болады. Себебі пікір алмасу кезінде ойдың берілуі жəне қалыптасуы сөздердің лексикалық жəне грамматикалық категориялануының өзара əсеріне, олардың жүйелік жəне жұмсалымдық белгілеріне негізделеді. Сөйлеу үдерісіндегі сөздерді пайдалану оларды функционалдық (жұмсалымдық) категориялау арқылы бірнеше негізгі қағидаттарға негізделеді. Бұлар:
а) актуалдау (жүйелі түрде іске асыру; сөздің бастапқы өзгеріссіз түріндегі, яғни, ойды қалыптастырудың негізінде сөздікте келтірілген сипаттарға сəйкес қолданылуы);
ə) қайта категориялау (басқа категория белгілерімен, басқа категория мен оның ара-қатынасы арқылы сөзді жəне өзге концептіні қайтадан ой елегінен өткізу);
б) поликатегориялау (бір мезгілде бірнеше концептуалдық сипаттарды немесе əртүрлі концептілер белгілерін іске асыру, яғни, сөздің екі түрлі категория арқылы ара-қатынасын белгілеу).
Тілдік категориялардың қалыптасу негізінде концептілердің мазмұны жəне құрылымы туралы жəне де осы категориялардың құрылысын ұйымдастыру қағидаттары туралы тілдік білімді толыққанды түсінудегі прототиптік семантиканы анықтаудың маңызы зор. Сонымен қатар прототиптік семантиканы анықтау ойды қалыптастырып, оны репрезентациялау үдерісіндегі тілдік жəне когнитивтік өзара əрекетестіктің əсер ету тетігі туралы ауқымды ұғыну мүмкіндігін береді.
Ғалым Р.А. Берндт когнитивтік факторлардың қолданылуына былай деп тұжырым жасайды: «Сөздегі семантикалық үдерістерді сараптау аясында когнитивтік факторлардың əсері зор. Когнитивтік лингвистиканың аппараты мен іске асыру түрлері сөз мағынасының өзгеру үдерісін сипаттауда қолданыс табады. Яғни, сөз мағынасының өзгертілуінде семантикалық жаңару болады, ол пікір алмасуда, нақтылауда, кескінді қолдануда көрініс табады. Ауыстыру жəне семантикалық өзгеріс іске асады» [7; 76]. Семантикалық өзгеріс таным үдерісінің барысын айқындайды, берілген лингвомəдени фактілердің ортақтығын, айналадағы нысандар мен үдерістерді игереді. Осылайша, сөздің семантикалық құрылымындағы жоғарыда көрсетілген үдерістердің ағымы ұлттық мəдениетке тəн нақтылық пен айқындылықтың куəсі ретінде табылады. Олар тілдік бірліктер арқылы көрініс береді.
Бұл жағдайларда прототиптік үлгілер құрылымдары салыстырмалы түрде алдыңғы қатарға шығып, əртүрлі тілдердегі семантикалық өзгерістер аясында концептуалданады. Жəне де мұндай салыстырулар сөздің семантикалық құрылымының мəдениеттану компоненттерінің айқындалуына мүмкіндік туғызады. Бұл тұрғыдан, тіл білімі ұлттық-мəдени ерекшеліктердің айқындалуын іске асыратын аппарат ұсынып, мəдениеттанымдық компоненттердің ерекшеліктері туралы мəліметтерді категориялау үдерісі арқылы салыстыру қорытындысында жəне түрлі тілдерді іске асыруда пайдалана алады. Бір мезгілде берілген бір нысан түрлі географиялық салада прототиптік белгілердің бөлінуіне жəне айналадағы ақиқатты меншіктеу бойынша тұрмыстық тəжірибеде қызмет ете алады. Ғаламның тілдік бейнесінде көрсетілген категорияны қайта қалпына келтіру, лексикалық бірлікке сəйкес семантикалық құрылымды талдау арқылы мүмкіндікке ие бола алады.
Категорияның өрістік құрылымы ортасында прототипі бар, айналасындағы мүшелерімен қоршалған өріс сияқты берілуі мүмкін. Өріс аясында өзегінен əртүрлі қашықтықта оның мүшелері орналасады. Қайсыбір категория ортақ прототиптен семантикалық өзгерісіне байланысты жақын немесе алшақ орналасуы мүмкін. Категорияның орталықтандырылуы туралы Дж. Лакофф өз еңбегінде былай дейді: «Орталық, орталыққа жақындары жəне шеткі категорияның мүшелері бір- бірімен тізбек сияқты байланысады» [5; 16]. Осы берілгендерге сəйкес категориялау үдерісінде категория мүшелерін таңдау, олардың сатылы реттілігі, ұйымдастырылуы жəне концептуалдануы жүргізіледі. Категориялық тізбектерге байланысты ол əр мəдениетте өз ерекшеліктеріне қарай белгіленеді де, осыған сəйкес жалпы білім өзінің басымдығына байланысты арнайы білімге ауыстырылады. Жəне бұл үдеріс туралы Дж. Лакофф былай дейді: «Бұдан басқа категориялық тізбектерінен, ғаламның идеалды үлгілерінен мифтер, сенімдер, тағы басқа туындауы мүмкін» [5; 16]. Категориялаудың ұлттық ерекшеліктері прототиптердің бөлінуімен байланысты. Категорияларды қалыптастыру негізінде оның мазмұнын анықтайтын концепттер жатады. Мысалы, əрбір ұлт үшін бір зат немесе нəрсе атауы менталдылық ерекшеліктеріне байланысты əртүрлі категориялармен сипатталады. Ұлттық мəдени қоғам тарапынан сол үдерісті танудың өзіне тəн ерекшеліктері болады. Осы мəселе төңірегінде ой қозғаған Г.А. Золотова былай деп пайымдайды: «Нақтылық тілдік формаларда жанама түрдегі бейне ғана емес, сол тілде сөйлеушілердің ұлттық-тілдік ұжымының санасында ұйымдастырылады» [8; 25]. Бұл күрделі, бір мағыналы емес, дайын кестеге келмейтін ұлттық ерекшеліктің өзара сипаты жəне ойлау мен когницияның əмбебаптығы болмақ. Мысалы, орыс халқы үшін үйден тысқары жер – улица, қазақ тілінде – дала, ағылшын тілінде – out – тыс, сырт.
Ақиқат дүние құбылыстарының тілдік бірліктер арқылы белгіленуі кез келген тілде белгілі бірқалыпты (стандартты) жағдаяттардың болуы мен стандартты тілдік үлгілерді қолдану жəне олардың берілу жолдарымен байланысты болады. Сондықтан да неғұрлым осы тілдік үлгілер жүйесі кең болса, соғұрлым тілдік бірлік формалар жүйесі де мол болып құрылады. Сөзжасам түрлері мен үлгілердің молдығы ақиқат дүние элементтерінің тілдік белгіленуін түрлі деңгейдегі амал-тəсілдер мен үлгілер арқылы жүзеге асырып, кең əлеуетті зор номинативтік қызмет атқарады.
Əдебиеттер тізімі
Кубрякова Е.С. Части речи с когнитивной точки зрения / Е.С. Кубрякова. — М.: Наука, 1997. — 289 с.
Кубрякова Е.С. Краткий словарь лингвистических терминов / Е. С. Кубрякова, В.З. Демьянков, Ю.Г. Панкрац, Л.Г. Лузина; под общ. ред. Е.С. Кубряковой. — М.: Филол. ф-т МГУ им. М.В. Ломоносова, 1996. — 245 с.
Болдырев Н.Н. Когнитивная семантика: курс лекций по английской филологии: учеб. пос. / Н.Н. Болдырев. — 3-е изд. — Тамбов, 2000. — 109 с.
Лакофф Дж. Лингвистические гештальты / Дж. Лакофф // Новое в зарубежной лингвистике. — 1981. — Вып. Х . — С. 350–368.
Лакофф Дж. Когнитивные аспекты языка / Дж. Лакофф // Новое в зарубежной лингвистике. — 1988. — Вып. ХХIII. — С. 12–51.
Шпенглер О. Закат Европы / О. Шпенглер. — М.: АСТ, 2000. — 1376 с.
Berndt R.A. History of Children's Spatial Semantik Categories: Cognitive versus Linguistic Determinants / R.A. Berndt. — Cambridge University Press, 1996. — P. 145–176.
Золотова Г.А. Коммуникативные аспекты русского синтаксиса / Г.А. Золотова. — М.: Эдиториал УРСС, 2001. — 368 с.