Бесік жыры: Әже әлдиі

Oinet.kz 07-09-2020 1658

Әлди, әлди, немерем,

Мен өзіңмен көгерем.

Жалықпаймын күн бойы,

Қызығыңа кенелем.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Ақ бесікті тербетіп,

Бір өзіңді жыр етіп,

Әжең тыным таппайды,

Өссін деп сен ержетіп.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Құшайын мен иісіңді,

Ақ жүзіңнен сүйкімді.

Тыныш үйде, бесікте,

Қанырып ал ұйқыңды.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Бейбіт өмір қыраны,

Солдат ағаң қырағы,

Шекараны күзетін,

Кірпік қақпай тұр әне,

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Астық жиған еңіске,

Әкең кетті егіске.

Күліп-ойнап жата ғой,

Тамағыңды сен іш те,

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Шешең қазір келеді,

Аймалайды, өбеді.

Мазаламай тыныш жат,

Шаруасы көп еді.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Сүйеу болар тірегім,

Соғып тұрған жүрегім,

Арналады өзіңе,

Бар арманым, тілегім.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!


Жеңіс күні мерекесіне арналған іс-шара сценарийі
Бесік жыры: Әлди бөпем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу