Ғабиден Қожахмет. Жас ұстазға тілек!
Жас ұстазға тілек!
Талабыңмен танып білген ілімді
Қолдандың да, ұстаз болдың бүгінгі.
Жүрегіңді білім-нұрға билетіп.
Жүрсің-дағы шәкіртке сыр үйретіп.
Жалқаулық пен еріншектік танытпай,
Жауһар білім іздетесің жалықпай.
Жетелетіп ізгілікке қадамын,
Жүрегіне білім құйдың баланың.
Келмесең де жасқа-дағы кемелді,
Еткен еңбек көпшілікке еленді.
Тек өзгелер қызығумен қарайды,
Бәйге-сында шаң қаптырдың талайды.
Өз ойыңмен ақыл-білім өлшеттің,
Шәкіртті де ізіңе ерген көрсеттің.
Біле білсек, ұға білсек жайыңды,
Көпке еңбегің қазірден-ақ жайылды.
"Жас - іске" деп, білім жолға сен келдің,
Жаңа заман бағдарын тез меңгердің.
Ғасырыңның құралы да шындығын
Саған ашты - қолыңда ойнап тұр бүгін.
Шындығында маманысың сен істің,
Қазірден-ақ тәжірибеңді бөлістің.
Сен бүгінгі жас ортаның өкілі,
Ізденуің - жемісіңнің кепілі.
Табыстарың табыспенен жалғасты,
Әр шәкіртің ғылымменен сырласты.
Сен оларға білім нұр боп ашылдың,
Ұстазысың алға апарар ғасырдың.
Талаптыға тағылады дүйім сын,
Дос сүйініп, дұшпандарың күйінсін.
Жая берсін қанат қағып өркенің,
Осы бақтың жығып алма желкенін!
Бағдарына айнала алған баланың,
Жас ұстазға үміт артты заманың.
Өзің жайлы берілетін баға көп,
Сен бүгінгі нағыз ұстаз - педагог!
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы