Ашық сабақ. Азаттық деген болашақ
Азаттық деген - болашақ
Азаттық деген не десең,
Арманы елдің жайдары.
Кеңеюі үшін керегең
Кеңескен баба ойлары.
Шайқас қып майдан алаңын
Ұлдарың жүрді үнемі.
Азаттық сол кез ананың
Тілеген аппақ тілегі.
Оята берер әр таң боп,
Азаттық - ұлттың жүрегі.
Ол елге бір кез қалқан боп
Қорғаған ердің білегі.
Азаттық десіп шырқар мың -
Естіліп солай тұр үні.
Ол ерлер мінген тұлпардың
Тұяғының ыстық дүбірі.
Санада жатқан сан жолы,
Өткеннің жоқ қой алысы.
Азаттық деген - ар жолы,
Қара көз қыздың намысы.
Азаттық жайлы сен де ұқтың,
Әлемге ол даңқын жаяды.
Кешегі ол өткен ерліктің
Бүгінгі нүкте, баяны.
Өткеннен алған тағылым
Азаттық деген - бүгінің.
Сәбиге берер тәлімің,
Сәбиге берер білімің.
Көтерер ертең желкенін
Бүгінгі сәби, бала шақ.
Азаттық деген - ертеңің,
Азаттық деген - болашақ.
Азаттық қымбат - соны ұқтың,
Ортақ ол жасқа, кәріге.
Әлемде әрбір халықтың
Азаттық қымбат бәріне.
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы