Ашық сабақ. Жақсы сөз - көңіл кілті
Байқоңыр қаласы,№ 275 мектеп Кожагулова Г.
Сабақтың тақырыбы: Жақсы сөз – көңіл кілті
Сабақтың мақсаты: оқушыларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, еңбексүйгіштікке, өз халқының салт - дәстүрін үйрене отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға, адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата білуге үйрету.
Формасы: тәрбие сағаты
Көрнекілігі: тақырыпқа байланысты слайдтар тізбегі
Сабақтың өткізілу барысы:
Жоспар.
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім:
1. Әдепті бала – арлы бала
2. «Жақсы сөз – жанға қуат» көрініс
3. Поэзия минуты «Жақсы сөз жан семіртер»
4. «Жақсы мен жаман» туралы мақал - мәтелдер
5. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын
ІІІ. Қорытынды
Азамат: Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Айым: Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
Азамат: - Қадірлі ұстаздар, қымбатты оқушылар!
Айым: - Бүгінгі болатын 6 «А» сынып оқушыларының «Жақсы сөз – көңіл кілті» атты ашық тәрбие сағатына қош келіпсіздер!
Азамат: тәрбие сағатымыздың мақсаты: адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке, әдептілікке, еңбексүйгіштікке, адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата білуге баулу.
Айым: Тәрбие сағатымыздың бөлімдерімен таныс болыңыздар.
1. Әдепті бала – арлы бала
2.«Жақсы сөз – жанға қуат» көрініс
3. Поэзия минуты «Жақсы сөз жан семіртер»
4.«Жақсы мен жаман» туралы мақал - мәтелдер
5. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын
Азамат: Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім - білік, мәдениет, өнер бастауы. Сондықтан да сөзді шашпа - төк тегін дүние көріп, оңды - солды талғаусыз айта берсе, жұғымы, қадірі болмайды.
Айым: «Сөз қадірі – адамның өз қадірі, сөзі құнсыздың өзі құнсыз» деп айтқандай қалай да сөздің адамға жағымды немесе жағымсыз әсері орасан зор екені даусыз. Халқымыздың: «Жылы - жылы сөйлесең, жылан іннен шығады» деген тамаша мақалы жылы да жағымды сөйлеудің қаншалық керемет күшке ие екендігін аңғартады.
1. Азамат: Олай болса, « Әдепті бала – арлы бала» бөлімінен басталық.
- Тақтадағы суретке қараймыз, суретте не бейнеленген?
- Кімде қандай пікір бар? Өз ойларыңда айтуға болады.
Оқушылар пікірінен кейін:
- Арманның істеген ісі дұрыс па?
- Әдептілікке жата ма?
Айым: Демек, адам бойында жақсы - жаман қасиеттер болады екен. Бізге ақылдылықты, адалдықты, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті инабаттылықты, шыншылдықты ата - аналарымыз, ұстаздарымыз үйретеді екен.
Азамат:- Ал біз, осындай жақсы қасиеттерді ананың ақ сүтімен, бал тілінен бойымызға сіңіреміз. Жақсы бала осы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез, әдеттерден, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға тырысуымыз керек.
Айым:- Ал, балалар, тақтаға назар аударамыз. Әдепті бала қандай болады, әдепсіз бала қандай болатынын бақылаймыз.
Әдепті шыншыл
тәртіпті білімді
мейірімді
таза жүреді ұқыпты
тіл алмайды нашар оқиды
өтірікші еріншек
әдепсіз
Азамат:- Әдепті және әдепсіз бала туралы тақпақ айтатын оқушыларға сөз кезегін берейік.
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Сыйлы болмақ өзі де,
Үлкен болған кезінде.
Мені үлкендер әдепті деп мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал егер сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
- Қарсы алдынан кесіп өтпей көлденең,
Қашан да мен үлкендерге жол берем.
Абайсызда қалса біреу сүрініп,
Сол заматта сүйеніш боп қол берем.
Тілін алып кішінің де кәрінің,
Көңілінен шығып жүрмін бәрінің,
Ата - ананың айтқан сөзін тыңдауды,
Әдептілік белгісі деп таныдым.
Сыйластықты іздеген,
Әдеп сақтар ізгі өрен.
Сыпайылық белгісі,
Үлкендерге «сіз» деген.
Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.
Біз Отанның балдырған ұлдарымыз,
Әдептілік, батылдық ұранымыз.
Айым: - Әдептілік, тәрбиелілік - асыл қасиеттер. Адамдарды бір - бірінен осындай жақсы қасиеттері арқылы бағалайды.
Олай болса, ойымызды, бойымызды бір сергітіп алайық. Сыныбымыздағы ер балалардың орындауында би «Джабаокес»
Азамат: Адамға жақсы сөз айтып, жанына қуат беретін сөздің бір түрі бұл - сәлемдесу, сәлем беру. Сәлемдесу - кездескен адамдардың бір - бірінің амандығын біліп, қуанышқа бөленуі.
Айым: Бір - біріне аман - саулық тілеп, тілектестігін, ниеттестігін білдіру, әдептілік пен ізеттілік нышанын көрсету. Әрбір адам «қайырлы таң», «қайырлы күн», «қайырлы кеш» деген сөздерді амандасуға қосып, тәуліктің үш мезгілінде бір - бірімен ақжарқын амандасуы тиіс.
Азамат: Амандасқан адам қазақ салтында оң алақанын жүрегінің үстіне қойып, басын изейді. Не болмаса қол беріп амандасады. Ол «сізді шын жүректен құрметтеп, амандығыңызды тілеп, өзіңізге бас иемін» деген мағынаны білдіреді.
Олай болса, «Жақсы сөз - жанға қуат»тақырыбындағы шағын екі көріністі тамашалайық.
Көрініс №1
Телефон шырылдайды. (Телефонды Самалдың анасы алады)
Әсел:
- Самал үйде ме? Телефонға шақырып жіберіңізші. Телефонды анасы Самалға береді.
- Әй, Самал, математика пәнінен қандай тапсырма берді?
Самал: - Сәлем, Әсел! Халың қалай? Кешір мен де кеше сабаққа бара алмадым.
Әсел: - Неге?
Самал: - Кеше кішкене қызуым көтеріліп тұрған соң анам бір күнге үйде бол, қызуың түссін, сабақта ауырып қаларсың деді.
Әсел: - Жарайды онда, басқа қыздарға телефон соғып білермін.
Көрініс №2
Дүкенге бір қарт адам келе жатады. Жер тайғақ еді, ол кісі тайып жығылып қалады. Асхат пен Әлібек мектепке келе жатқан еді. Асхат Әлібекке сөмкесін беріп, қарт кісіні көтеріп тұрғызып жібереді. Ол рақмет айтып, кетіп қалады. Әлібек одан:
- Ана кісі сенің атаң ба?
- Жоқ, атам емес.
- Ағаң ба?
- Жоқ, ағам емес.
- Әлде әкең бе?
- Жоқ, әкем емес.
- Танисың ба?
- Жоқ танымаймын. Жәй бір адам ғой. Әлібек таңырқап қалады.
Мұғалім: 1 - көрініс бойынша не түсіндік? - Әсел қандай кемшілік жіберді? Осы екі баланың орнында өздерің болсаңдар не істер едіңдер?
2 - көріністен не түсіндіңдер? (балалар өз ойларын айтады). Әже не деді балаға?
Ой қозғау.
- Қандай кезде жақсы сөздерді қолданасыңдар?
- Жақсы сөз естігенде қандай сезімде боласыңдар?
- Жаман, дөрекі сөз естігенде қандай сезімде боласыңдар?
- Жақын адамдарыңа қандай жақсы сөздер айтқыларың келеді?
Айым: Жақсы сөз, жылы тілек әр адамның көңілін көтеріп, олардың жүрегіне жылу береді, көңіліне қуаныш сыйлайды. Жылы сөз адамдарды татуластырады, достастырады.
Жақсы сөздерді бір - біріне жиі айту нәтижесінде өзара сыйластық артады.
Азамат: «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді халқымыз. Жақсы сөз естісең, жаның жадырайды. Жақсы сөз ашу шақырмайды, жүрегіңді жылытады. Тек қана жақсылыққа жеткізеді, бақытқа кенелтеді, қуанышқа бөлейді. Жақсы сөз қуат береді, көңіл көтереді
Поэзия минуты «Жақсы сөз жан семіртер»
Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де,
Көңілді шүйгітер де өр күтерге.
Тұс - тұстан құлындатып, шұрқыратып,
Жібек жал сайгүлік ой өрбітер де.
Жақсы сөз – жан сусыны шөл қанатын,
Ой мен тән қуат алып толғанатын.
Шабытқа қайратпенен қомдататын
Қымқаптай саудыр - саудыр зор қанатын.
Жақсы сөз – жарым ырыс сағынатын,
Қиыннан қиюласып табылатын.
Қымбат ол, аяулы ол әулиедей,
Тек жүрек әміріне бағынатын.
Жақсы сөз айта алады Жақсы ғана,
Әр Жақсы – Алты Алашқа бақ сыбаға.
Жақсы сөз тыңдау үшін әр Жақсыға
Болудан арланбаймын атшы бала.
Жақсы сөз – көпшік қойып мақтау емес,
Әдептен, ұяттан да аттау емес.
Жылуын жүрегіңнің ақ жарылған
Шым бүркеп, ішке бүгіп сақтау емес.
Жақсы сөз – аққу сезім балапаны,
Ып - ыстық ізгі ұғымның алақаны.
Көңілден көлеңкені қуып шығар –
Нұр шашар шұғылалы дала таңы.
Жақсы сөз – сара көңіл аңғарғаны,
Сүйсініп, мейірленіп таңғалғаны.
Емдейді ол жұлынды да жүйкені де,
Жота, жон жадыратып бал бармағы.
Жақсы сөз із түсірсе зердеде ояу,
Қай - қашан көңілге бәз салмас қаяу.
Құлағын көп бұраймын зейілімнің,
Қалма деп парасаттан қара жаяу.
Бір топ қыздардың орындауында би «Рлои - поли» қабыл алыңыздар!
Айым:
Ой - жүйрік, тіл - шебер,
Танытса шындықты.
Мәнді ойды тілмен бер,
Сөзді тауып ұқыпты.
Азамат:
«Сіз», «біз»деген жылы сөз,
Жақсылықтың мейірі.
Бір - біріне болып көз,
Кең болсын адам пейілі.
«Жақсы мен жаман туралы» мақал білетін оқушыларға сөз кезегін берсек.
1. Жақсыдан тиер шапағат.
Жаманнан тиер кесапат.
2. Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
3. Жақсы – текшіл,
Жаман – кекшіл.
4. Жақсыға ерсең жетерсің мұратқа,
Жаманға ерсең қаларсың ұятқа.
5. Жақсының алтын басы еңкейсе,
Білімсіздің басы шалқаяды.
6. Жақсы сөз жан сүйіндірер,
Жаман сөз жан күйіндірер.
7. Жақсы адам елдің ырысы,
Жақсы сөз жанның тынысы.
8. Жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі.
9. Жақсының сөзі назалы, жаманның сөзі ызалы.
Азамат: Адамдардың бір – біріне жиі жақсы сөз айтуы, оларды жақындастырады, достастырады. Олардың бір – біріне деген сыйластығы артады. Ендеше сыйластығы мол, достыққа берік, ұйымшыл сынып екенімізді Анзура қалай жеткізер екен. Анзураны тыңдалық.
Анзура: Жұп жазбастан жүреміз.
Біздің сынып - мақтаулы
Өйткені біз сүйеміз
Дәйім тәртіп сақтауды
Біздің сынып – мақтаулы
Оқуда да алдамыз,
Біздің сынып өнерлі
Жақсы үйреніп алғанбыз
Талай би мен өлеңді
Біздің сынып - өнерлі
Еңбекке де қолы епті
Ынтымақты дос ыңғай
Біздің сынып әдепті
Біздің сынып осындай
Біздің сынып осындай.
Айым: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - деген екен халық. Шамамыз жеткенінше, қолымыздан келгенше адамдарға, айналаға жақсылық жасап, жақсы сөз айтып жүрейік. Өйткені жасаған жақсылық зая кетпейтінін, оның шарапаты өзіңе, жақын – туыстарыңа, тіпті еліңе тиетінін сендер жақсы білесіңдер. Алғысқа бөленіп, ризашылыққа кенелесіңдер.
Ән
Қорытынды.
«Жақсының сөзі назалы, жаманның сөзі ызалы» деген мақалдардың сипаттары тамаша бейнеленген. Абайлап сөйлеу - ақылдылық, инабаттылық белгісі. Өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін байқап, бағымдап сөйлеудің мәні зор. Алдын - ала ойланып алуды әдетке айналдыру жақсы қасиет саналады. Атақты академик, ғалым И. П. Павлов: «Адамдардың денсаулығын сақтауда әсіресе, жүрек - қан тамырларының сырқатына шалдықпауда айналадағы адамдар сөзінің әсері күшті» — деп анықтаған. «Жақсы сөз - жарым ырыс» дейді халқымыз. Жақсы сөз естісең, жаның жадырайды. Жақсы сөз ашу шақырмайды, жүрегіңді жылытады. Тек қана жақсылыққа жеткізеді, бақытқа кенелтеді, қуанышқа бөлейді.