Ғабиден Қожахмет. Түлектер болашаққа қанат қағып, оралар жылдардан соң мектебіне
Авторы: Ғабиден Қожахмет,
Қызылорда қаласы
Түлектер болашаққа қанат қағып, оралар жылдардан соң мектебіне
Түлектер қанат қақты
Үмітпен сенеді елі,
Арманы - жастығында.
Шат күлкі әуеледі
Тілектер тасқынында.
Құжатын қолға ұстады,
Мақсаты - сенімінде.
Шәкірттік болмыстары -
Ұстаздың көңілінде.
Сынақтан сүрінбеді,
Қала алды биігінде.
Балалық пейілдері -
Ананың мейірінде.
Бәрі де жарасады,
Мақтаныш - жүрегінде.
Бақытты болашағы -
Әкелер тілегінде.
Қиялы көз ілмеді,
Қимастық - жырларында.
Толқыған сезімдері -
Вальстің ырғағында.
Өмірдің жаңа күні
Ұшырды, самғасын да.
Қоштасты балалығы
Мектептің ауласында.
Арманға қадам басты,
Келешек тосқан бәрін.
Басып тұр ең алғашқы
Үлкендік баспалдағын.
Бірге ұшты достар бәрі,
Күтеді алғашқы сын.
Жауапты басқандары
Өмірдің әр басқышын.
Келешек көктемінен
Табады олар бағын.
Тілеп тұр мектебі де
Кірпіш боп қаланғанын.
Түлектер мектебіне оралады
Ұя сап жүректерге,
Қарайлап өткеніне.
Оралар түлектер де
Қайтадан мектебіне.
Армандар қаланды нық,
Көрінді ізі көкте.
Кешегі балаң жігіт -
Жауапты қызметте.
Жас емес олар қызба,
Істері сүйікті елге.
Кешегі балаң қыз да
Ту тіккен биіктерге.
Алаң еді ертеңіне,
Жүзге нұр жиылып тұр.
Міне, еткен еңбегіне
Әз - ұя сүйініп тұр.
Жаңалық біліседі,
Досқа үміт артады анық.
Дуылдап, күліседі,
Бір - бірін ортаға алып.
Ере алды көшке, міне,
Ұстазды ұмытпағын.
Түсірер естеріне
Шәкірттік қылықтарын.
Сүйсініп жұрт айта алар,
Білерсіз қоштағанын.
Қайтадан шырқайды олар
Баяғы достар әнін.