Ертегі. Қу түлкі
Жолбарыс бір түлкіні ұстап алады. Түлкі құйрығын бұлаңдатып, тұмсығын жоғары көтеріп: — Мені жей алмайсың! Мен осы орманға қожалық етуге келгенмін, – дейді. Жолбарыс түлкіге олай бір, былай бір қарап, сенбей: — Мүмкін емес, – дейді. — Сенбесең, менімен бірге орманға жүр. Ондағы барлық аңдардың менен қалай қорқатынын өз көзіңмен көр, – дейді Түлкі. — Жарайды, көрсек көрейік! – дейді Жолбарыс. Түлкі жолбарыстың алдына түсіп, аяқтарын паңдана басып жүріп отырады. Жолбарысты көрген аңдар мен құстар зәресі ұшып, тым-тырақай қашады, үңгір мен індеріне тығылады, құстар ұяларын тастай, аспанға ұшады. Сонда қу Түлкі тұмсығын онан сайын көтере түсіп: — Ал, енді көзің жеткен шығар! Менен қорықпайтын жан бар ма екен?–дейді. — Иә, сен шынында да айбарлы екенсің, – деп жолбарыс жайына кетіпті.