Эссе: Ер есімі-ел есінде
Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, ҚР- ның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының , А. Фадеев атындағы әскери әдебиет мемлекетаралық сыйлығының лауреаты, өзіміздің жерлесіміз Әзілхан Нұршайықов туралы әңгімелегім келіп тұр. Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Ақбұзау аулында дүниеге келген. 1941 – 1945 жылдары қан майданда жүріп – ақ бір қолында қаруы, бір қолында қаламы қатар жүрген майдангер жазушы өзінің жауынгер жолдастарының ерен ерлігі туралы өлең, очерк, мақалалар жазып жүрді. Сол кездің өзінде республикалық басылымдарда жарияланып, жауынгер достарына рух берді. Туған өлкенің әдеби дамуына үлес қосқан, отызға жуық кітаптың авторы, көсемсөзші, аудармашы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың мол әдеби мұрасының қазіргі мектеп оқушыларын тәрбиелеуде тигізер пайдасы ұшан – теңіз. Ұлттық әдебиетті бағалай білу - осы өңірде туған ақын – жазушылардың еңбектерін оқып, насихаттаудан басталатынын мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде – ақ әдебиет пәнінің мұғалімі Әмина апайымыз көзімізді жеткізген болатын. Әмина апай 8 – 9 сыныпта оқып жүрген кезімізде жазда оқуға қосымша көптеген әдеби шығармалардың тізімін беретін . Бірде сол тізімнің ішінде Әзағаңның «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» атты кітаптары да болды. Ол кездерде ауылдық кітапханадан іздеген кітабыңды тауып оқуға мүмкіндік көп болатын. Әзілхан атамыз «Махаббат қызық мол жылдар» романы арқылы қазақ әдебиетінің тарихында махаббаттың жалауын мәңгі желбіреткен жазушы . Бұл романды 1970 жылы жазған. Кезінде қазақ жастарының қолынан түсірмей оқыған шығармаларының бірі болғаны рас. Жазушының осы шығармасы жайлы жазған өзінің естелігінде былай делінген: « Соғыс аяқталғаннан кейін ауылда қарайлайтын ешкім жоқ, бірден Алматыға келдім. Университетке оқуға қабылдандым. Бірінші курста оқып жүргенде қатты қиналдым. Оқуды тастап жұмыс істесем деген ойымды курстас қыздарға айттым. Бәрі қарсы болды. «Ағай, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Оқуды тастамаңыз» деп шуылдап кетті. Қыздардың көмегі зор болды. Университетті бітіргенше жұбымыз жазылған жоқ. Мен қыздардың адамгершілігі мен қамқорлығына , жан дүниелерінің тазалығына, арамыздағы достыққа деген ризашылығымнан осы романымды өмірге әкелдім »
1976 жылы «Жұлдыз» журналының тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 60 жылдығына байланысты мақала жазу керек болады. Әзілхан Нұршайықов ағамыз Баукеңмен 12 сағат әңгіме жүргізіп, баспаға 160 бет мақала алып барады. Баспаға керегін ғана алып, қалғанын қайтарып береді. Бұл мақала журнал бетіне жарияланған күннен бастап редакцияға оқырмандардан хаттар легі қардай борай бастайды. Ол туралы жазушы былай дейді: «Хаттар түрткі болды ма, Баукең туралы бір кітап жазу ойыма келе берді. Сәті түскен кезде Баукеңнің үйінде де, ауруханада да кездестім. Ақылдасып, ойымды айттым. Баукең қарсы болған жоқ. Сөйтіп романның атын «Ақиқат пен аңыз» деп атап, сол жылы жазып бітірдім» Жазушының осы роман – диалогі ол кісінің Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасуы, оның замандас, туыстарымен әңгімелесуі, мұрағат материалдарын, кітаптар оқу негізінде жазылған , ерекше бір көп ізденістер арқылы жарық көрген шығарма екені көрініп тұр. Тек қана деректі оқиғалардан шығарма жазып шығу жазушыға оңайға түспегені анық. Бұл романда жазушы даңқы аңызға айналған қазақтың батыр ұлы Бауыржан бейнесін ғана суреттеп қана қоймай, аспан тәңірісі Талғат Бигелдиновтың, фашизм ордасына алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың, өзіміздің жерлесіміз, Ұлан ауданының тумасы, мақтанышымыз, партизан Қасым Қайсеновтің де ерліктерін ерекше жазды. Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде бес рет қоршауды бұзып шығып, жауынгерлерімен аман – есен дивизиясына қосылған тұңғыш қазақ батальон командирі. Соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлының аты аңызға айналып, басқа ұлт өкілдеріне де ерліктің , батырлықтың үлгісі бола білді. Әзағаң өзінің «Ақиқат пен аңыз» романында Бауыржан Момышұлының алған бетінен қайтпайтын ержүрек қаһармандығын, сонымен бірге бүгінгі жастарға үлгі боларлық , бойында қазақы намыс ойнаған ерекше тұлға екенін көрсетті. Роман диалогте Бауыржан Момышұлы - жауынгер, командир, әскери жазушы ғана емес, ол спортшы, мерген, ақын, тәрбиеші ұстаз, бір сөзбен айтқанда жан – жақты білімді, өз отанын жанындай сүйген , елінің нағыз патриоты, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам екеніне көзіміз жетті.
Ақын шығармаларының ішінде маған ерекше ұнаған шығармасы деректі оқиғалардан тұратын, әскери тақырыпта жазылған «Ақиқат пен аңыз» роман- диалогі. Осы роман – сұхбаттың маған ұнағаны соншалық , мектепте оқып жүрген кезімде осы шығарма туралы рецензия жазып, қазақша жүргізілетін теле бағдарламаға жазып жібергенмін. Бір бағдарламада Әзілхан Нұршайықов ағамыз өзіне келіп түскен хаттарды оқып отырып, менің жазған рецензияма да өте жақсы баға беріп, маған болашақта үлкен шығармашылық табыс тілейтінін айтты. Оны естігенде Әмина апай да қуанған. Ол кезде «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетіне жиі – жиі шағын әңгіме, тақпақтар жіберіп тұрдық. Осы газет арқылы жазушыға сұрақтар қойып,сұрағымызға жауап алатынбыз. Германия соғысы және еңбек ардагерінің шығармашылық жолы, артына қалдырып кеткен құнды еңбектері мен үшін өте бағалы. Олай дейтінім, біріншіден Әзағаң менің жерлесім, екіншіден, әдебиетші болғаны болар. Негізі Семей жерінің қасиетті топырағында небір дүлдүл ақындар, батырлар, қаншама атақты адамдар дүниеге келген. Мен өзімнің осындай мықты адамдардың жерлесі болғанымды, жалпы қазақ болып туғанымды мақтан етемін. Әзағаң соғыс кезінде жауынгерлерге патриоттық рух беріп, жігерлендіретін жырлар да жазған. Ол 1942 жылы 18 жасында әскерге алынып, 1945 ж соғыстан аман – есен еліне оралған. Соғыс кезіндегі ерлігі үшін
«ІІІ дәрежелі Даңқ», «ІІ дірежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Батырлығы үшін», «Варшаваны азат еткендігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қызыл Армияның үздігі» белгісімен марапатталған.
Қазіргі күнде де өз тәрбие сағаттарымда қарттарға, ата – баба мұрасына құрмет көрсету тақырыбына көп тоқталамын. Сондағы менің мақсатым - осы ата – бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен тәрбиелік мәні зор әдептілік, тәртіптілік жайлы нақыл сөздерін, мақалдарын насихаттау. Осы орайда өз сыныбымда мен «Қарттар – тарих, қазына, ел қазығы», «Аталар сөзі – тәрбие көзі», «Әдеп – ұлттық тәрбиенің бастауы», «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» атты сынып сағаттарын өткіздім. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Отан үшін от кешкендер» тақырыбына тәрбие сағатын өткізуді жоспарлап отырмын. Мен әлі де өз тәрбие сағаттарымда Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін пайдалана беремін.
1. Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.
2. Отан үшін отқа түс – күймейсің.
3. Ана үшін аянба – ант ұрады.
4. Патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан - өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым – қатынасын білдіреді.
5. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып жұмыс істе.
Батырдың осы қанатты сөздері мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерінің молайып, патриоттық сезімдерінің оянуына үлкен әсер ететіні анық. Нағыз ер жігіт болып өсуге тәрбиелейді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған салтанатты жиында : « Бауыржан Момышұлы - өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға. Оның есімі ерлік пен өрліктің символы ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Осыдан жиырма жыл бұрын менің тікелей араласуыммен тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп, оған Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекеттігімізді нығайту үшін де батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екені сөзсіз », - деп көрсеткен болатын.
Сөзімді қорыта келе айтарым, Абайды бүкіл әлемге танытқан Мұхтар Әуезов болса, ал Бауыржан Момышұлын әлемге танытқан Әзағаңның артына қалдырып кеткен асыл мұраларынан сусындаған, ақылды да парасатты, батыр ұрпақтарымыз көп болсын!